
Алматы қаласында жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, патриоттық тәрбиені күшейту және полиция қызметіне қызығушылық қалыптастыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – мектептерде ашылған полиция бағытындағы «Жас сақшы» сыныптары. Бүгінде Алматы қаласының 14 жалпы білім беретін мектебінде арнайы сыныптар ашылып, онда 368 оқушы білім алуда. Жоба Білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Салтанат Әзірбек Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.
– Салтанат Қуанышбекқызы, бүгінде «Жас сақшы» жобасы қоғамда жиі айтылып жүр. Бұл бастама қандай мақсатпен қолға алынды?
– Негізгі мақсат – жастар арасында заңға құрметті, азаматтық жауапкершілікті және патриоттық сезімді қалыптастыру. Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің құқықтық сауатты болуы өте маңызды. Сондықтан біз мектеп қабырғасынан бастап балаларға тәртіптің, жауапкершіліктің маңызын түсіндіруге көңіл бөліп келеміз.
Қазір Алматы қаласының барлық аудандарында полиция бағытындағы сыныптар ашылды. Атап айтсақ, Алатау ауданындағы №185 мектеп-гимназиясында, Алмалы ауданындағы №34 мектепте, Әуезов ауданындағы №116 мектепте, Бостандық ауданындағы №70 және №224 мектептерде, Медеу ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы №28 мектепте, Түрксіб ауданындағы №49 және №211 мектептерде «Жас сақшы» сыныптары жұмыс істейді. Сонымен қатар Жетісу мен Наурызбай аудандарындағы бірнеше мектеп те осы жобаға қосылды.
– Бұл сыныптарға қандай оқушылар қабылданады?
– «Жас сақшы» сыныптарына негізінен 6-10 сынып аралығындағы оқушылар қабылданады. Қазір жобаға 368 оқушы қатысып жатыр. Балалардың қызығушылығы өте жоғары. Көпшілігі болашақта полиция қызметкері болуды армандайды. Бірақ біз тек мамандық таныстырумен шектелмейміз. Бұл жерде ең бастысы – баланың бойында тәртіп, жауапкершілік, Отанға деген құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастыру.
– Оқушылармен қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Жыл бойы тәрбиелік, құқықтық және патриоттық бағыттағы көптеген іс-шара өткізілді. Мысалы, «Ауғанның отты жылдары», «Батырлар жолы» атты ерлік сабақтары ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер арқылы балалар ел үшін қызмет етудің, батырлықтың маңызын түсінеді.
Сонымен қатар «Адал бол» тақырыбында ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесулер өтті. Ардагерлер өз тәжірибесімен бөлісіп, адалдық пен жауапкершілік жайында әңгімелесті. Бұл балаларға ерекше әсер қалдырады.
Құқықтық сауаттылықты арттыру үшін «Өзіңнен баста» атты тренинг-кездесулер ұйымдастырылды. Бұл жоба тек «Жас сақшы» сыныптарымен ғана шектелген жоқ. Алматы қаласы бойынша 151 мектептің оқушылары қатысты.
5-7 сынып оқушыларына құқықбұзушылықтың салдары арнайы бейнероликтер арқылы түсіндірілді. Ал жоғары сынып оқушыларына «Тәртіпті бол!» айдарымен дайындалған бейнесюжеттер көрсетіліп, дәрістер өткізілді. Мұның бәрі балаларға заңды құр сөзбен емес, нақты мысалдар арқылы түсіндіруге көмектеседі.
– Практикалық сабақтар да ұйымдастырылады екен. Осы бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?
– Иә, біз теориямен ғана шектелмейміз. Полиция департаментінің түрлі басқармаларының қызметкерлері арнайы практикалық сабақтар өткізеді. Жедел криминалистикалық басқарма, әкімшілік полиция басқармасы, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім қызметкерлері оқушылармен кездесіп, өз жұмыстарын таныстырады.
Мысалы, тек Жетісу ауданындағы №102 мектептің «Жас сақшы» сыныптарымен бір оқу жылы ішінде 8 практикалық сабақ өткізілді. Балалар криминалистикалық құралдарды көріп, қызметтік техникалармен танысты.
Жалпы «Құқық бұзушылықтың алдын алу», «Заң бәріне ортақ», «Қоғамдық тәртіп – мемлекеттің тұрақтылығы» тақырыптарында 253 сабақ ұйымдастырылды.
– Оқушылар полиция қызметімен жақынырақ таныса ма?
– Әрине. Біз кәсіби бағдар беру жұмыстарына ерекше көңіл бөлеміз. Барлық «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары аудандық полиция басқармаларына, саптық бөлімшелерге экскурсияға барады. «Полицейдің бір күні» жобасы аясында балалар полиция қызметкерлерінің бір күндік жұмысымен танысады.
Оларға қызметтік көліктер, арнайы құралдар көрсетіледі. Сонымен қатар кинологиялық қызметтің, арнайы жасақтардың жұмысы таныстырылады. Балаларға бұл өте қызық. Осындай кездесулерден кейін полиция қызметіне қызығушылық танытатын оқушылар саны көбейіп келеді.
– Жобаның нәтижесі байқала ма?
– Иә, нақты нәтиже бар. Біз оқушылардың тәртібі мен жауапкершілігінің артқанын байқап отырмыз. Балалар қоғамдық тәртіпке бейжай қарамайды, заң талаптарын жақсы түсіне бастайды. Сонымен қатар патриоттық көзқарас қалыптасып келеді.
«Жас сақшы» – тек полицияға дайындайтын жоба емес. Бұл – саналы, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған бастама. Сондықтан алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық