
Бүгін Алматыдағы Бас ботаникалық бақта инклюзия мен экологияға арналған InEco Fest 2026 отбасылық фестивалі өтті. Үшінші рет ұйымдастырылған шараға 4 мыңнан астам қатысушылар келді. «Қайнар көз» тақырыбындағы фестиваль аясында қатысушылар бір күн ішінде шеберлік сабақтарына, ғылыми тәжірибелерге, экскурсияларға, дәрістерге және шығармашылық шараларға атсалысты. Фестивальдің басты ерекшелігі — экология мен инклюзияның бір алаңда тоғысуы. Қатысушылар қалдықтарды сұрыптауды үйреніп, өсімдіктерді қайта отырғызды. Құстарға арналған жемсауыттар жасады.
Экологиялық квесттерге және ғылыми тәжірибелерге қатысты. Сонымен қатар инклюзивті қоғам, тұрақты қала, флористика, шығармашылық және білім беру бағыттарында 11 тақырыптық кеңістік жұмыс істеді. Фестивальге келген ерекше жандардың педагогі Тимофей Косенконың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың ортаға бейімделуіне және ұсақ моторикасының дамуына оң әсер етеді. Жасөспірімдер өсімдіктерді қайта отырғызып, түрлі бұйымдар жасап, шеберлік сабақтарына қатысқан.
Тимофей Косенко, «Мейірім-16» инклюзивті орталығының педагогі:
«Біз Ботаникалық баққа экофестивальге келдік. Инклюзивті орталықтан сегіз жасөспірім және төрт волонтер бірге келді. Балалар да іс-шараға қатысып, түрлі бұйымдар жасап, өсімдіктер отырғызып, шеберлік сабақтарына қатыссын деген мақсатпен келдік.
Мұндай іс-шаралардың балаларға пайдасы көп. Әсіресе ұсақ моториканы дамытуға жақсы әсер етеді. Өйткені балалар қолдарымен жұмыс істеп, өсімдіктерді қайта отырғызады, түрлі заттар жасайды. Бұл олардың қол қимылдарын және ұстау дағдыларын дамытуға көмектеседі»,-деді ол. Фестивальді ұйымдастырушылардың бірі – «Шеврон» компаниясы. Компания өкілі Айнұр Сағынбайқызы InEco Fest-тің үш жыл қатарынан серіктесі болып келе жатқанын атап өтті.

Айнұр Сағынбайқызы, «Шеврон» компаниясының өкілі:
«Шеврон» компаниясы Қазақстанда білім беру, табиғатты қорғау және қоғамдық ұйымдарды дамыту салаларына көптеген жылдар бойы қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі InEco Fest фестивалінің үш жыл қатарынан серіктесі болғанымызға өте қуаныштымыз. Өйткені бұл фестиваль біз үшін маңызды бірнеше бағытты біріктіреді. Олар – білім беру, табиғатты қорғау және бірлесіп жұмыс істеу. Әсіресе фестивальдің отбасылар мен балаларға бағытталғаны бізді қуантады. Осындай шаралар арқылы балалардың бойында табиғатты қорғауға деген қажетті әдеттер қалыптасады. Маңызды өзгерістерге қол жеткізу үшін мемлекет, ғылым, бизнес және қоғам болып бірігіп жұмыс істеуіміз керек.

Биылғы маңызды бағыттардың бірі — инклюзия мен экологияны ұштастыру. Осындай жобалар адамдарды біріктіріп, олардың тәжірибесі мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді». Фестиваль соңында қатысушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, MEZZO тобы, TWIANO егіз пианистері өнер көрсетті. Сондай-ақ JOLDA театры «Dancing Nature» қойылымын ұсынды. Олжас Әбдіхалық

Олжас Әбдіхалық
Суретті түсірген автор