jasqazaq.kz

Алматыда 380 мыңнан астам тұрғын спорттық шараларға қатысты

Бүгін, 12:05


Былтырдан бастап Алматыда «Sport – достық алаңы» жобасы іске қосылып, бүгінде қаланың барлық ауданында спорттық-бұқаралық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Тек бір жылдың ішінде қаласы бойынша 3 200-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оған 380 мыңнан астам адам қатысқан. Шаһардағы спорт мектептері мен тегін секциялар да балалар мен жастар үшін қолжетімді. Осы бағыттағы жұмыстар туралы Алматы қаласы Спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Кенжебай Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.

— Бекжан Нұрланұлы, қазір жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі өте өзекті. Алматы қаласында осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Бүгінде Алматы қаласында спортты дамыту тек жарыс өткізумен шектелмейді. Біз спортты жастар тәрбиесінің маңызды бөлігі ретінде қарастырамыз. Себебі спорт — денсаулық қана емес, ол тәртіп, жауапкершілік, командалық рух және патриоттық тәрбиенің құралы.
Соңғы жылдары Алматыда жастарды бұқаралық спортқа тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соның бірі — 2025 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан «Sport – достық алаңы» жобасы. Бұл жоба қаланың барлық ауданын қамтып отыр. Жоба аясында аула жарыстары, шағын турнирлер, жүгіру марафондары, футбол, волейбол, баскетбол жарыстары ұйымдастырылады.
Басты мақсат — жастарды спорт арқылы біріктіру. Өйткені спорт адамдар арасындағы достықты күшейтеді, өзара құрметті қалыптастырады. Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

— Қазіргі жастардың спортқа қызығушылығы қандай деңгейде?

— Қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұған өткізілетін іс-шаралардың саны да дәлел бола алады. Мысалы, тек 2025 жылдың өзінде Алматы қаласында 3 200-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді. Бұл шараларға 380 мыңнан астам адам қатысты. Қазір тұрғындар арасында жүгіру, футбол, велоспорт, фитнес сияқты бағыттарға қызығушылық жоғары. Әсіресе жастар белсенді қатысып жүр.
Біз үшін ең маңыздысы — спортты баршаға қолжетімді ету. Яғни тек кәсіби спортшылар емес, қарапайым тұрғындар да спортпен тұрақты айналысуы керек.

— Студент жастарға арналған жобалар туралы айтып өтсеңіз.

— Қазіргі таңда студент жастар арасында Студенттік лига жобасы өте белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде жобаға 35 жоғары оқу орны қатысуда.
Бұл жоба жастардың бір-бірімен араласуына, жаңа достық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар студенттердің денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазір жастардың көп уақыты телефон мен әлеуметтік желіде өтеді. Ал спорт оларды белсенді өмірге тартады. Университеттер арасындағы жарыстар жастардың қызығушылығын оятып, спортқа деген ынтасын арттырады.

— Балалар спорты бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Балалар спорты – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Себебі спортқа бала кезден баулу өте маңызды. Осы мақсатта «Balalar Football Ligasy» жобасы іске асырылып келеді. Қазіргі таңда бұл жобаға 7–15 жас аралығындағы 8 мыңнан астам бала қатысып жүр.
Бұл жоба арқылы балалар тек футбол ойнап қана қоймайды. Олар тәртіпке, жауапкершілікке, командалық жұмысқа үйренеді. Сонымен қатар спорт балаларды жаман әдеттен алшақ ұстайды.
Қаладағы спорт мектептері мен секцияларда балалар мен жасөспірімдер үшін қолжетімді жаттығу үдерістері ұйымдастырылған. Яғни ата-аналардың балаларын спортқа беруіне барлық мүмкіндік жасалып жатыр.

— Алматыда халықаралық жарыстардың өтуі қала тұрғындарына қалай әсер етеді?

— Халықаралық жарыстардың маңызы өте үлкен. Соңғы жылдары Алматыда Almaty Marathon, ATP 250 Almaty Open, WTT Contender секілді ірі жарыстар ұйымдастырылды.
Мұндай жарыстар қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырады. Әсіресе жастар үшін мотивация береді. Олар кәсіби спортшыларды көріп, өздері де спортпен айналысуға талпынады.
Мысалы, Almaty Marathon қазір үлкен қоғамдық қозғалысқа айналды. Оған тек спортшылар емес, қарапайым тұрғындар, жастар, студенттер, еріктілер де қатысады. Бұл қоғамдағы белсенділікті күшейтеді.

— Спорттың жастар тәрбиесіндегі рөлі қандай?

— Қазіргі қоғамда жастар тәрбиесі өте маңызды мәселе. Біз спортты құқықбұзушылықтың алдын алудың да тиімді жолы деп есептейміз.
Спортпен тұрақты айналысатын жасөспірімнің өмірге деген көзқарасы өзгереді. Ол уақытын пайдалы іске жұмсайды, тәртіпке үйренеді, өз мақсатына жетуге ұмтылады.
Сондықтан Алматы қаласы спорт басқармасы алдағы уақытта да жастардың спортқа қызығушылығын арттыру, қолжетімді спорт ортасын қалыптастыру және салауатты ұлт тәрбиелеуге бағытталған жобаларды жүйелі түрде жалғастыра береді.

Олжас Әбдіхалық

28 мамыр, 17:07
Алматы облысында төтенше жағдайларға қарсы қандай жұмыстар жүріп жатыр?
28 мамыр, 14:21
Туристический потециал Отырара: новый взгляд на древнее наследие
28 мамыр, 14:02
В Туркестанской области введены в эксплуатацию 29 «Комфортных школ»
28 мамыр, 14:00
Туркестанская область - лидер по краткосрочным экономическим показателям
28 мамыр, 13:59
Туркестан: Ведется строительство солнечной электростанции мощностью 300 МВТ
28 мамыр, 13:57
30 предприятий Туркестанской области приняли участие в выставке «ULTTYQ ÓNIM - 2026»
28 мамыр, 13:52
Туркестан: в Ордабасинском районе откроется завод по переработке костей крупного рогатого скота
26 мамыр, 16:59
Как формируется интерес студентов к чтению книг в Туркестане?
26 мамыр, 16:54
Эльмира Идрисова: Главная цель университета — подготовить учителей нового формата