jasqazaq.kz

Алматы облысында ірі су қоймалары жаңғыртылып, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы кешенді реконструкциядан өтеді

Бүгін, 19:10

Премьер-министр Олжас Бектеновтің гидротехникалық нысандардың жай-күйін бақылауда ұстау және трансшекаралық өзендердегі қауіптердің алдын алу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Ведомство басшысы өңірдегі ірі су шаруашылығы нысандарының жұмысымен және жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылым жобаларының барысымен танысты.

Іле ауданында министр сыйымдылығы 120 млн текше метрді құрайтын Күрті су қоймасының жұмысын көрді. Бұл нысан Іле және Жамбыл аудандарындағы 13,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Күрті су қоймасы бөгетін реконструкциялауға арналған жобалық құжат әзірленіп жатыр. Сонымен қатар секундына 309 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы Күрті су қоймасындағы Тасқұтан су көтергіш бөгетін реконструкциялауға арналған құжат та дайындалып жатыр.

Бұдан бөлек, Ислам даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобаның екінші траншы аясында 2027 жылы жалпы ұзындығы 62,3 шақырым болатын Күрті өзеніндегі оң жағалау және сол жағалау магистральдық каналдарын реконструкциялау жұмыстары басталады.

Одан кейін министр Еңбекшіқазақ ауданына барып, Шелек өзеніндегі Бартоғай су қоймасының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда нысанды реконструкциялауға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленуде. Жоба аясында су қоймасы бөгетін нығайту, су деңгейін тәулік бойы бақылау жүйесін енгізу, қақпаларды басқаруды автоматтандыру, жергілікті ескерту жүйесін орнату және жаңа инфрақұрылым салу көзделген.

Бартоғай су қоймасы Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Қарасай және Талғар аудандарындағы 66,3 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етеді. Нысанның жобалық сыйымдылығы — 320 млн текше метр.

Сапар барысында министр Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының жалпы ұзындығы 1,53 шақырым болатын учаскелерін қайта жаңғырту нәтижелерімен де танысты. Жоба аясында канал арнасы тұтас темірбетонмен қапталды. Соның нәтижесінде нысанның техникалық жай-күйі жақсарып, су өткізу қуаты артты, су шығыны азайды. Бұл өңірдегі 33,3 мың гектар суармалы жердің сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта ұзындығы 15,5 шақырым болатын канал учаскесін реконструкциялау жобасы толық әзірленді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 110 шақырым болатын учаскелерді реконструкциялауға арналған құжат дайындалып жатыр. Бұл жұмыстар Алматы облысының басты су арнасын толық бетондап, заманауи талаптарға сай жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Еңбекшіқазақ ауданында Нұржан Нұржігітов Балтабай суару алқабындағы жұмыстардың барысымен де танысты. Мұнда Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясындағы іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 94%-ы орындалған.

Өңірдегі су шаруашылығы нысандарын аралап шыққаннан кейін Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қызметкерлерімен кездесті. Министр сала мамандарын әлеуметтік қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтып, оларды келе жатқан Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады.

«Премьер-министр министрлікке гидротехникалық нысандардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстауды, сондай-ақ трансшекаралық өзендердегі су шығыны мен туындауы мүмкін қауіптер туралы мәліметтермен үздіксіз алмасуды ұйымдастыруды тапсырды. Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының нысандары Алматы облысының су шаруашылығы жүйесінің негізі. Сол себепті барлық жобаның сапалы әрі уақытылы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет. Министрлік суды тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту және өңірдегі елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл жұмыстардың орындалуын ерекше бақылауда ұстайды»,

— деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

03 шiлде, 16:01
Данияр Жүсіпов: «Шомылу маусымында қауіпсіздікке немқұрайды қарауға болмайды»
01 шiлде, 16:15
Номофобия балалар суицидіне түрткі болуы мүмкін
01 шiлде, 15:54
Рухани құндылықты сақтаудың жаңа кезеңі: Алматыда ұлттық мұра цифрлық форматқа көшірілу
01 шiлде, 13:32
ҚМГ мен Chevron геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды
01 шiлде, 8:54
Жаңа дәуір басталады: Мемлекет басшысы Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жасады
30 маусым, 13:16
Президент: Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы
30 маусым, 13:11
Президент: Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет
30 маусым, 12:51
Президент: Отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды
29 маусым, 14:39
Инвестиция: Капитал тартудан технологиялық серіктестікке дейін