Абайды әлі таппадым

18 тамыз 2017, 15:12

«Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Қазақстандық мәдениет еліміздің барлық азаматтары үшін патриоттықтың өзегі болуы қажет. Біз ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді әр алуандығын және айбындылығын сақтай отырып, оны қорғауымыз, мұрамызды түйірлеп жинастыруымыз керек».

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан

 

Театр – рухани азық, жаныңның тыныштығы. Өмір шындығын боямасыз, бұқпасыз көрсететін мәдени ошақ. Бүтін бір ғұмырды бір ғана қойылымға сыйдыратын киелі шаңырақ. Күнделікті күйбең тірліктен шаршаған кезіңізде театрға барыңыз! Өйткені, театр ғана сіздің жан сарайыңызға рухани ләззат сыйлай алады. Сахнадағы өмір сіздің де өміріңіздің бір тамырын дүп басуы мүмкін. Бүгінгі ашық әңгімеміз барлық қойылымның артында тұрған «басты кейіпкер» – нұсқаушы, бағдаршы – режиссер хақында болмақ. Әртіссіз режиссердің еңбегі жанбайды, ал режиссерсіз театр мен қойылымға қан жүгірмейді.
Жаз айы театр үшін кезекті демалыс маусымы. Ал Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың құрметті ақсақалы, Қазақстан Халық әртісі, белгілі режиссер Есмұхан Обаевты жұмыс кеңсесінен таптық. Есмұхан аға, әңгіме-сұхбатымыздың қандай тақырыпқа арналатынын сұрап жатыр. Біз сауалымызды арыдан бастадық.

Жас қазақ: Есмұхан аға, сұрағымызды туған ауылыңыздан бастасақ. Ауылыңызға жиі барып тұрасыз ба? Елдің жағдайы қалай? Сіздің бала кезіңіздегі Кегенмен қазіргі Кегеннің арасында қаншалықты алшақтық, қаншалық жақындық бар?

Есмұхан Обаев: Туған жер ұғымы әркімнің жүрегіндегі ата-ана деген ұғым сияқты. Адамның болмысы, бары да, ары да осы туған жер. Тыныштығы мен берекесі, елі мен халқы, жұрты әрдайым естен шықпайды. Жүрегіңнің түкпірінде мәңгілік сағыныш болып тұратын ыстық мекен. Ал кешегі мен бүгінгі Қазақстанды салыстырып, саралап қарайтын болсақ, Аллаға шүкіршілік айту қажет. Бүгінде әлем таныған, дүниежүзі мойындаған Қазақстанбыз. Әлі де өсіп, көркейіп, дамып жатырмыз. Ауылдың дамуы – бұл елдің, жердің дамуы. Жақында ғана ауыл жаққа барып, үлкен кісілердің басын жиып, ас беріп қайттым. Алдыңа қарасаң – ағаң жоқ, артыңа қарасаң – апаң жоқ. Бірақ солардан қалған үлгі-өнеге, молшылық, жақсылық, адамгершілік қасиеттің барлығы туған жердің топырағына сіңіп қалғандай. Әрдайым ыстық болып тұрады. Осылай сезімін арқалай келген кез келген азамат өз еліне, жұртына қолынан келгенше көмектесуі керек. Нағыз туған жерім деген жан болсаң, ауылыңа мешіт салып, көшесін түзеп, ағаш отырғыз. Міне, сонда ғана ауылдың ұлымын деп айта аласыз. Бұрынғы Кеген мен қазіргі Кеген ауылының айырмашылығы – жер мен көктей. Қазір ауыл да, аудан да дамыған. Оны бір сөзбен жеткізу қиын…

Жас қазақ: «Елге әрбір азамат еңбегін сіңіруі керек» – деп жатырсыз. Сіз, халық әртісісіз. Жоғары билікте қызмет еттіңіз: Мәдениет министрінің орынбасары, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында басшылық қызметте болдыңыз. Қолыңызда мүмкіндік көп болды, сонда өзіңіз туған ауылға не істедіңіз?

Есмұхан Обаев: Мен шама-шарқым келгенше ауылдың тақырыбын көтеріп, сахнадан ауыл мұңын мұңдауға, жоғын жоқтауға қызмет еткен адаммын. Патриотизм – туған жерін, қазақ халқын сүюмен ғана шектелмейді. Нағыз патриотизм – бүкіл отанды сүю. Елдің бір жағына шығысу. Қажетіне жарау. Кірпіш болып қалану. Кегенге таудай жақсылық жасамасам да, жалпы қазақ өнеріне шамам жеткенше жақсылық қылдым.
Бала кезімізде әкеміз бізді жаңбырдың астында сабаған кездері болған. «Үйде отырып тілеулерің дұрыс емес, жаңбыр жауып, егін жаңбыр мен қардың астында қалатын болды» – деп ұрсатын. Ерінбей еңбектенген адамның асы да адал болады. Тек қана адал ас табу емес, еліңе адал еңбек етіп, ар алдындағы адалдықты кеңінен түсін дейтін. Отансүйгіш, халық, бірлік үшін жұмыс істеу деген осы болар. Кішкентай болса да, пайдам тисін деген түйсік санадан сөнбеуі керек. Міне, осылай тәрбие алған адамбыз біз.

Жас қазақ: Қазір көптеген аудандарда өнер орталықтары бар. Ал сіз көп жыл Семей театрын көтердіңіз. Енді туған ауылыңыз – Райымбек ауданына барып, сонда театр ашып, халық өнерін өрістету ойыңызда жоқ па?

Есмұхан Обаев: Райымбек ауданында театр болған. Әлі де бар. Режиссері менен үлкен, апайымыз. Сол кісі кеткеннен кейін «Кеген» халық театрының хәлі нашарлап қалды. Әйтпесе, ауылдың өз театры, концерттік ұжымы, оркестрі, мектепте де театр бар. Осы жолғы сапарымда «Ораз Жандосов» атындағы музейді көріп риза болдым. Бұрын шағын көлемді болған мұражай, бүгінде ұлғайып, үлкен өлкетану, тарихи мұраға айналыпты. Кішкентай ғана «Кеген» деген ауылда республикалық емес, бүкілодақтық дәрежедегі осындай тарихи орындардың ашылғаны, тарихты зерттей бастағаны көңілге қуаныш ұялатты. Бұл тарихымызды мойындау. Мысалы, отанына сағынышпен оралған оралмандарымыз келгенде елінің, өз үйінің тарихын білуі шарт. Қандай салт-дәстүрі барын осы тарих арқылы тануы қажет. Талай қиындықты бастан өткерген қазақ бүгін неге ұсақталуы керек?! Балаларымыздың осындай бейбіт өмірді, егеменді елді көргеніне риза болып, шүкірлік айтамын!

Жас қазақ: Елбасы өз Жолдауында мәдени саясат тұжырымдамасын ұсынған болатын. Сіз мәдени саясатты қалай түсінесіз? «ХХІ ғасырда әр халық өзінің салт-дәстүрін сақтап қалуының өзі мәдени саясат» – дейді. Осы пікірге не айтар едіңіз?

Есмұхан Обаев: Біз мәдени саясатты сақтап келеміз. Салт-дәстүр біздің атам заманнан, қазақ «қазақ» болғалы бері келе жатыр. Әлі де жалғаса береді. Дегенмен, көптеген өзгешеліктер де орын алғаны жасырын емес. Жастарымыз ана тілінде сөйлеуге шорқақ. Қазақылықты ұмыт қалдырып жатқандаймыз. Өйткені қоғамда көп айтылса да, дұрыс насихатталмай жатыр. Барлығы заманауи өзгеріске бой алдырып келеді. Түбегейлі қазақ тілін, қазақ әдебиетін, бұған қоса, өзге жұртқа таралған нұсқасын білу – басты талап. Мысалы, біздің театрдағы әртістер орыс тілін білмейді. Тек қазақ тілінде оқиды, сөйлейді. Міне, кез келген орын дәл осылай өзінен бастауы тиіс. Сонда ғана тілімізді, ділімізді білетіндердің саны артады. Кейде сабақ барысында түсіндіру жеңілірек болғандықтан, орысша айтамын. Ал біздің студенттер «Ағай, қазақша айтыңызшы, мен түсінбедім» – дейді. Мысалы, Әзірбайжанға, Өзбекстанға барсаңыз, бір адам орыс тілінде сөйлемейді. Ал біз ол жағынан келгенде озық тұрмыз. Әсершіл, еліктегіш халықпыз.

Жас қазақ: «Қожанасыр тірі екен» деген қойылым бар осы драма театрында. «Қожанасыр» рөлін Бекжан Тұрыс жалғыз өзі сүйреп шығарды. Театрда қанша әртістеріңіз бар? Бекжан сияқты дара талант та бар. Осындай талантты әртістерге театр тарапынан жасалатын әлеуметтік жағдай, жалақы мәселесі қандай? Өзге әртістерден бөліп-жарып қарайсыздар ма?

Есмұхан Обаев: Мұнда марапаты бар әртіс көп. Қазіргі жастарды «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет», «Парасат» ордені, «Президент медалі», «Жастар», «Дарын» сыйлығына ұсынамыз. Осылардың барлығы еңбекті бағалағанымыз. Әртістің барлығы дара болуға тырысу керек. Өз заманының дарасы болғандар – Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұловтар. Бүгінгінің даралары – Дулыға Ақмолда, менің шәкіртім Еркебұлан Дайыровты да дара деуге толық негіз бар. Оқуды бітіргеніне 4 жыл болса да, театрдағы бүкіл репертуар соның мойнында. Еркебұлан театрда «Балуан Шолақты» ойнады. Қазір «Балуан Шолақ» көркем-тарихи киноға түсіп жатыр. Сол сияқты Бекжанның да өз жоспары бар. «Қожанасырды» өте жақсы алып шықты ол. «Шәкәрім», «Тәкежанды» да жоғарғы деңгейде ойнайды. Режиссерлер сол мүмкіндікті пайдаланып, барлық сай келетін рөлді ұсынуы керек. Ал жалақысына келер болсақ, барлығы келісімшарт бойынша. Кейбір әртіс бір жыл бойы жұмыс істеп алған жалақыны, кей актер бір ғана қойылымды ойнап алады, бұл театрда қалыпты жағдай. 17 жыл бойы осы театрда директор болып жұмыс істедім. Бір қазанның ішінде бәріміз бірге қайнап келеміз. Сол себепті де театрды, оның жанын түсінетін бізден артық адам жоқ. Әртістің өмірі мен сахнасы қысқа. Талмайтын қажыр-қайратты, нағыз еңбекті қажетсінеді. Дарындылар қойылым сайын дараланып тұрады. Кейбір биікті армандайтындар, алдына берілген рөлді ойнай алмай жатады. Жақынның өзін алыстатып жібереді. Ал рөлді бөлуде режиссердің сөзі көп жүреді. Сондықтан да өзім тандаймын.

Жас қазақ: «Абай» қойылымын қойдыңыз. Біз оқыған «Абай жолындағы», «Құнанбайдағы» Абай – азаматтың асылы. Ол – толық Абай еді. Ал сіз таңдаған басты кейіпкерлер рөлді толықтай алып шыға алды ма? Қойылымда әртіс таңдаудан қателескен жоқсыз ба?
Есмұхан Обаев: Қателесуім мүмкін. Бізде Абайды үш адам ойнады. Олар – Ерлан Біләл, Саят Мергенов, Азамат Сатыбалды. «Абай» қазақ халқына әр заманға орай үш рет қойылды. Бұрынғы Қалибек Қуанышбаев, Ыдырыс Ноғайбаев ағамның қойылымдарынан біздікі мүлде бөлек дүние. Эмоцияға жақындау, тым сезімтал, турасын айтатын, халықтың ішінде қарапайым болып жүретін Абай. Бұрынғы қойылымдарда бір ауыз сөзбен, ақылмен түсіндіріп отыратын ақылман Абайды айқын көрсеткен. Ыдырыс ағамдікі өр мінезді, қаталдау болды. Біздікі нәзік жанды. «Халқыма қалай түсіндірсем екен, жақсылыққа, ұлтжандылыққа бетін қалай бұрсам екен» – деген Абай біздікі. Кез келген әртіс өз рөлін кәсіби ойнап шығу үшін таңды таңға жалғап, шаршауды білмей дайындалуы қажет. Әртіс әртүрлі болады. Режиссермен ақылдаса отырып, дайындалатын және зерек актерлер бар. Бұл зерек деп отырғанымыз өз бетінше дайындалатындар. Оларға режиссердің қажеті жоқ. Өйткені, олар режиссерден биік. Мысалы, Смоктуновский Эфрендпен бірге жұмыс істеген. Мұндағы режиссер Эфренд «Кеша жақсы ойнадың» десе, ол «ойнай алмадым» – деп бұлқан-талқан болып, ашуланып шығып кетеді екен. Әрдайым режиссер мақтап тұрса да, ешқашан өз-өзіне көңілі толған емес. Кез келген театрда рөлдердің толыққанды шықпай қалатын кездері болады. Бізде бір ғана рөлді сомдап, бүкіл әлемді қырып-жойып тастағандай кеудесін керетін әртістеріміз өте көп. Ал өзінің ойнағанына өзі разы болмайтын, көңілі толмайтындар – нағыз әртістер. Өйткені олар өздерінің шама-шарқын, бұдан да жоғары деңгейде ойнай алатынына сенімді. Нағыз әртіс спектакльдің айтамын деген ойы мен режиссердің шешімін сабақтастырып алып кетеді.

Жас қазақ: Осы сіздердің ұжымда жүзі таныс, жасы алпыстан асқан және одан да жасамыс әртістер бар. Бірде-бір рет жарқ етіп бір рөлдің бағын ашқанын, не өзінің бағын жаққанын көрмейміз. Көптің ортасында әлі келе жатыр. Оларға рөл бұйырмай жүр ме? Әлде бойындағы таланттың көкжиегі сол ма?

Есмұхан Обаев: Жасы келген сайын әртіс ақылды, дарынды болады дегенге мен сенбеймін. Жасы өткен сайын, керісінше тоза бастайды. Басқа мамандығы болмағандықтан, осы жерден басқа қайда барады?! Тіпті 70-тен асып, осында жүріп, мәңгілік сапарға аттанғандар да жетерлік. Мұнда тек жоғары білімді бітіргендерді қабылдаймыз. Жыл сайын аттестация болады. «Біз 40 жыл бойы жұмыс істеп жатырмыз. Атақ берілмейді бізге, еленбей жатырмыз» – деп шулайтындар көп. Кейде сондай әртістерімізге қосымша эпизод ұсынсақ, ойнай алмай жатады. Кейде біз артынан қуып жүріп, рөл ойната алмайтын актерлер де болады. Көбі өз кәсібінің түбіне жете алмай жүреді. Бірі телеарнаға, бірі радиоға кетеді. Біреуі күйеу шығып кетсе, біреуі жар таба алмай: не өмірде, не өнерде бағы жанбай, қара тобырдың ортасында өмір кешіп жатады. Тіпті не кинода, не театрда бағы жанбай жүргендер қаншама?!
Кейде қойылым шығайын деп тұрған кезде жарамай қалуы да мүмкін. Қалибек Қуанышбаевтың өзі «Абайды» шығара алмадым» – деп қалпағын жерге ұрған болатын. Әуезов, Қуанышбаев, Тоқпанов үшеуі жабылып жүріп әзер шығарған. Осылайша, 1940 жылы «Абай» туды. Мысалы, пьесаны Мұхтар жазғанымен, оны жеткізетін әртіс. Қалибек болмағанда, бұл пьеса шықпай қалатын еді. «Абай» сахнаға келмес еді. Әуезов жазған-сызған еңбегін қолтығына қысып, театрың құрсын деп, кеткен болатын. «Абайды» жазып, өзі риза болмады. Талай сыйлықтың иегері атанды. Міне, әртісте осылай: драматург секілді, өз жұмысына өзі тоймауы керек. «Керемет, сұмдық ойнадым» – деп қалпағын көкке лақтыратындары дұрыс емес. Мысалы, Бекжан Тұрыс та сондай. «Ес-аға, осы рөлді ойнамай-ақ қояйыншы, түк шықпады, бас тартамын» – деп келетін. Ал мен «жоқ, шықты» – деп жұбатуға тырысам. Негізгі баға беруші, ол – халық. Бекжанның ойнаған қойылымдарына халық көп келеді.

Жас қазақ: Сіздер қоятын қойылымның авторлары – Дулат Исабеков, Нұрлан Оразалин, Төлен Әбдік сияқты санаулы қаламгерлер. Неге жас драматургтер жоқ? Драматургия мамандығын бітіріп жатқан қаншама жас бар, солар қайда? Неге жазбайды? Әлде жастардың туындысы үлкен кісілердің «көлеңкесінде» қалып қоя ма?

Есмұхан Обаев: Жас драматургтер бар. «Бақыт кілті», «Көмбе нанның дәмі» қойылымын осы жастарымыз жазған. Бұлар театрдың ішінде өсіп келе жатқан балалар. Мысалы, Қолғанат Мұрат деген студент бар. Еңбекқор. Драма бұлай жазылмайды десең, ертең басқаша жазып әкеледі. Беті қайтпайды. «Бақыт кілті» соның пьесасы.
Қазіргі жастар пьеса, қойылымның элементтерін біледі, құрылым мен байланысына қанық. Драматург боламын дейтін кез келген жас ыстық-суығына төзіп, толыққанды театрды түсінуі керек. Қиындығы көп болғандықтан, мұнда қалып жататындар сирек. Алғыр, айтқанынан қайтпайтын, еңбекқор адам ғана нәтиже шығарады. Халқына жемісін жегізеді. Өзі елдің қошеметіне бөленеді.

Жас қазақ: Бір сұхбатыңызда «Режиссер болсам деген арманым болмады. Асқар Тоқпанов өмірімнің кілтін ашты, бағыт-бағдар берді» – депсіз. Тоқпановқа жолықпағаныңызда театр деген әлемнен мүлде бейхабар болар ма едіңіз?
Есмұхан Обаев: Біздің кезімізде қарапайым қойшының балаларын әкеліп, қалада милицияның оқуын оқытатын. Консерваторияға түспегенімде осы оқуға түсіп, қазір полковник болып отырар едім. Тіпті болмағанда, ауылдағы ең мықты жүргізуші атанар едім. Жас кезімде машина жарыстың чемпионы болғам талай рет. Ал өнер жолына келуім шынымен бір ғанибет! Режиссердің ойлаған ойының, жасаймын деген жұмысының 10 пайызы жасалса, онда ол бақыт. Мысалы, Абайдың образын айтар болсам, әлі арманыма жете алмай жүрмін. Нағыз Абайды таппай жүрмін. Оны маған әртіс жеткізе алмай, композитор нотасын тауып бере алмай отыр. Барлығын жинап әкелгенде, қойылымның сәтті шығуының 20 пайызы ғана режиссердікі, қалғаны актерге байланысты. Режиссер деген көшпен бірге келіп, бірге кетеді. Қандай режиссер болсын, оның еңбегі әртіссіз нөлмен тең.

Сұхбаттасқан Жарас Кемелжан,
Салтанат Шырынхан

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады