Ағайынның мұңы, Нұрлы көштің жыры

05 тамыз 2016, 16:18

20160804_121859

Әуел бастағы ниет оң, пейіл таза еді. 2009 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында Красный Яр селосының іргесінде жатқан бос жерге Нұрлы көш ауылы тұңғыш қазығын қаққанда, жалпақ жұрт «елге ел қосылса құт» деп қуанып қалған болатын. Қазір осы Нұрлы көштің басынан уайымның бұлты тарқамай тұр. Алғаш ат басын тіреген ағайын жеті жыл бойы жаңа қонысқа бауыр басып, үйрене алмай жүр. Оның басты себебі, әлеуметтік-тұрмыстық қолайлы жағдай жасалмауы. 

Қазір Нұрлы көште 274 отбасы, шамамен 1400 адам тұрып жатыр. Мұнда 500-ге жуық бала бар. Оның 250 мектеп оқушысы да, қалған 250 мектепке жасы толмаған бүлдіршін. Сөз арасына шамамен деген былқылдақ болжамды қосуымыздың себебі бар. Өйткені, қазір бұл ауылда тұрақтылық жоқ. Бірі кетіп, бірі келіп сапырылысып жатыр. Сондықтан дәл айту қиын. Алдымен оқушылар жайы. Нұрлыкөштің 250 оқушысы көршілес Красный Яр селосының үш мектебінде білім алуда. Бастапқы жылдары осыншама оқушыны жалғыз автобус тасыған. Бір автобусқа қаншасы сияды дейсіз. Қалғаны екі шақырымдай жердегі селоға жаяу-жалпылап баратын. Көктем мен күзде ештеңе емес, қақаған қыста бастауыш сыныптың оқушысы кеңірдегінен келетін қасат қарды сызып, «білім қуып» бара жатқанын көргенде ата-аналарының көкірегі қарс айырылатын. Кейін тұрғындар облыстық әкімдікке шағымданған соң екінші автобус бөлінген. Бірақ, 250 балаға екі көлік те аздық етеді.
Жалпы көлік мәселесі жайында сөз сабақтаған соң тұтас айта кетелік. Нұрлы көштің адамдарында жалғыз-ақ №13 автобус қатынасы бағыты бар. Оның өзі қаланың бір қиырындағы «Көктем» мөлтек ауданына дейін ғана жүреді.

20160804_122210

Ең басты қиындық – тұрғын үй. Мұндағы баспаналар бес үлгі бойынша салынған. Асығыс салынғандықтан ба екен, әлде басқа бір себептері болды ма, тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Көптеген тұрғын үйлердің қабырғасы жарылған, төбелері түсіп кетудің аз-ақ алдында тұр. Қысты күні сыпайылап айтқанда, ит байласа тұрғысыз. Әуел баста 274 отбасы «Сарыарқа» ӘКК-мен келісім-шартқа отырған.
– Кейін бізді «Есіл» ӘКК көшірді. Өйткені, Сарыарқа тарап кеткен болатын. Одан тұрғын үй-коммуналдық кәсіпорнымен келісім жасайсыңдар деді. Бір қабатты 75 шаршы метрлік тұрғын үйдің сол кездегі құны 3 миллион 200 мың теңге болатын. Біз осы несиені өтеу үшін ай сайын 25-30 мың теңге көлемінде қаржы төлеп тұруымыз керек болды, – дейді бастамашыл топтың белсенді мүшесі Туғанбай Жырғау, – бірақ, көптеген тұрғындар мұндай қаражатты уақытылы тауып бере алмайтын болып шықты. Өйткені, келісім-шартта көрсетілгеніндей жұмыс тауып бере алмады. Қазір бізде қордаланып қалған әлеуметтік мәселе өте көп. Оның ең біріншісі білім ошағының 20160804_125700жоқтығы. Сондай-ақ, пошта байланысы, әлеуметтік-тұрмыстық үйі де жоқ. Нұрлы көш ауылын салғанда бастапқы жоба бойынша тұрмыстық қызмет көрсететін үй де, балалардың спорт алаңы да бар болатын. Бірақ, қаржы бөлінбеді ме, кім білсін салынбай қалды. Бұл ауылда монша да жоқ. Бізге берген үйлерінің жанында ас-су, отын-көмірімізді қоятын сарай, мал қоралары тәрізді қосалқы құрылыстар да салынбады. Ең бастысы, үйлердің құжаты жоқ. Қазір әуел баста осы үйлерді келісім-шартпен алған әлденеше қандастарымыз шет елге көшіп кеткен немесе жайлы жер іздеп өзге облыстарда жүр. Ал, олар өз үйлеріне пәтерші жіберіп отыр. Енді қараңыз, тұрғын үйдің құны өтеліп жатқан жоқ қой. Құны өтелмесе де, келісім-шарт жасасқан адам пәтерші жіберіп пайда тауып отыр.
Рас, Красный Яр селолық округінің әкімдігі қолдан келгенінше көмек-жәрдемін көрсетуде. Су, электр қуаты бар. Бір бағытта болса да автобус жүріп тұрады. Көшелердің тазалығына, абаттандырылуына ұдайы назар аударылады. Бірақ, жұмыссыздық дейтұғын мәселені шешуге қауметі жететін емес.
Қазір Нұрлы көш ауылының тұрғындары облыс әкімі Сергей Кулагиннің атына өтініш дайындап жатыр. Өз өтініштерінің соңында олар тәуелсіз комиссия құрып, сапасыз салынған үйлердің нақты құнын анықтауды талап етеді. Үйсіз жүрген, таяу және алыс шет елдерден көшіп келушілер орналасу үшін заңсыз тұрып жатқан тұрғындарды шығарып, тәртіпке келтірілсе дейді. Оның үстіне балалар бақшасын, білім ошағын, балалардың спорт алаңын салса, азын-аулақ мал бағып отырған ағайындардың жағдайын ойлап, шабындық және жайылымдық жер бөліп берсе, ұзын-ырғасы сегіз шақырым болатын жолға қатты жамылғы жабылса деген тілектері бар.
«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» демекші, ел жайын, жұрт қамын ойлаған жап-жақсы бағдарламаның жеткен жері осы болып тұр. Ендігі арада олқылықтың орнын толтырса, Отанына оралған ағайынның да көңілі орнына түсіп, қатарға қосылып кетер еді.20160804_124622
Енді осы мәселе бойынша Красный Яр селолық округінің әкімі Базарбай Әбуов не дейді. Назар аударып көрелік.
– Алдымен мектеп мәселесін айтайын. Нұрлы көш ауылының оқушыларын екі автобус төрт мезгіл тасымалдайды. Көлік мәселесінен қиындық жоқ. Небары 1,5 шақырым жердегі Красный Яр селосының №2 орта мектебі жартылай бос тұр. Бала бақша жайы былай. №2 балалар бақшасын салып бітірдік. 140 орындық бала бақшаны толтыра алмай отырмыз. Қазір мұнда 90 бала тәлім-тәрбие алады. Красный Яр селосында соңғы үлгімен салынған «Саяжай» атаулы монша бар. Оның ішінде орыс моншасы дейсіз бе, фин моншасы дейсіз бе, жаныңыз қалаған, тәніңіз жақтырған дүниенің бәрі бар. Нұрлы көште балалардың екі спорт алаңын салуды межелеп отырмыз.
Ал, енді ең басты мәселе тұрғын үйге оралатын болсақ, әуел баста бағдарлама аясында 1,5 миллиард теңге бөлініп, 138 тұрғын үй салынған болатын. Рас, тұрғын үйлерде кем-кетік болды. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко болып тұрған кезде қосымша 250 миллион теңге қаржы бөлініп, олқылықтың орны толтырылды. Алғашқы тартылған су құбырлары қысты күні қатып қалатын, үйлері суық болды. Қазір ондай келеңсіздіктер жоқ. Ауыл тұрғындарымен тілдескенде, ең суық күндері екі-үш шелек көмір жағатындықтарын айтады. Тұрғын үйдің құжаты алушы адам несиені толық өтегенде ғана толтырылады. Бірақ, 2009 жылдары бір шеті Америкадан, Түркия мен Моңғолиядан, Қытайдан көшіп келген оралмандардың қайсыбірі жерсінбей қайта көшіп кетті. Себептерін зерттеп көрдік. Оның өзі әртүрлі. Әркімнің отбасылық мәселелері, жұмыс жағдайы, балаларының өрісіне байланысты. Енді ол үйлерде пәтершілердің тұратыны рас. Қазір біз осы бағытта қыруар жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Әкім мырзаның айтуы осындай. Екі жақтың да пікірін тыңдап көрдік. Екеуінде де көңілге қонымды тұстары бар. Әзірге не мөлтек аудан, не өз алдына жеке елді мекен екендігі белгісіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді