Зиянды әдетпен күрес – бүкіл қоғамның міндеті

19 қазан 2023, 15:01
pixel-shot.com

pixel-shot.com

Айдананың жасы 30-да. Дүкенде сату бөлімінің менеджері болып еңбек еткен. Қазір жұмыссыз. Сұңғақ бойлы, ажарлы қыз биыл бесінші рет Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында емделіп жатыр. Кейде ата-анасы, кейде ағасы орталыққа әкеледі. Емделіп, үйіне оралғаннан кейін жұмысқа орналасады. Бірақ құрбыларымен кездесіп, ащы судың дәмін қайта татқаннан кейін, он күннен астам аузы құрғамайтын әдетіне қайта басады. Араққа арбалған қыздың өзі туралы айтқанда тілі күрмеледі.

«Алғаш мен 14 жасымда шампанның дәмін татып көрдім. Сол күні үйге қонақтар келген. Одан кейін аулада қыздарға ілесіп темекі шегіп, сыра ішуді үйрендім. Маған достарыммен жүріп, көңіл көтерген ұнайтын. Әкем қатал кісі еді. Би кешіне, достарыммен серуендеуге ешқашан жібермеді. Тіпті сыныптастарыммен сөйлесуге рұқсат бермеді. 15 жасымда колледжге оқуға түстім. Еркіндік ұнады. Өзімді темір торды талқандап, кісенді бұзып, бостандыққа шыққан адамдай барлық уақытымды көңіл көтеруге арнадым. Әкем қайтыс болды. Өзімнен кейін туған інім өмірден өтті. Анам қатты күйзеліске ұшырады. Сол кезде менде күнде ішетін әдет пайда болды. Анамның мүшкіл халін көріп, уайым-қайғыны ұұмыту үшін бір-екі шөлмек алып ішемін. Масайғаным өзіме байқалмайды. Үйде бауырларым ішкенімді біліп қояды. «Арақты тастаймын, аяғымнан тік тұрамын, күйеуге шығамын, жұмыс істеймін» деп мақсат қоямын. Бірақ арақ, сыраның иісі мұрныма келгенде қалай ішіп, қалай бірнеше күн сіміріп жүргенімді түсіндіре алмаймын», — деп Айдана шерін тарқатты.

Айдананың арманы әуе кемесінде бортсерік болу. Шет тіліне жүйрік қыз Алматыдағы әуе компаниясына барып, бағын да сынап көрді. Үш тілде мүдірмей сөйлейтін, сымбатты да көрікті қыз барлық байқаудан сүрінбепті. Өкінішке қарай, медициналық тексеру бауыр қызметінің бұзылуы салдарынан мойнында пайда болған дақтардың кесірінен бортсерік болу арманымен қоштасты. Бәрі де ішкілікке салынудың кесірі.

Біз Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының әйелдер бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Сүйіндіковке жолығып, ішкілікке салынудың себеп-салдары мен зардабы туралы сұрап-білдік.

— Адам арақ ішуді қойып кеткеннен кейін қайта ұрттап көрсе, өзін-өзі тоқтата алмаудың себебі неде?

— Бізге бірнеше күн тоқтаусыз арақ ішіп, ес-түссіз күйге түскенде әкеледі. Мұны «запой» деп атайды. Медицинада «бас тарту» немесе ішімдік ішуді тоқтатқан кезде абстинентті синдром пайда болады. Кенет ішуді тоқтатқаннан кейін маскүнемді келеңсіз, жағымсыз ауру мазалайды. Ондайда сандырақтап, көзіне түрлі елестер көрінеді. Науқастар өздерінің осындай күйге қалай түскенін түсіндіре алмайды. Біреулер тіпті мойындамайды. Теңселіп тұрып, «мен ішпедім, мас емеспін» деп бой бермейтін әйелдер де бар.
Маскүнемдіктің ерекшелігі сол — біздің науқастар өз бойындағы тәуелділікті мойындамайды. Оның дерті асқынып, үйде бала-шағасын, кейбірі ағайындарын мезі етіп, амалы таусылған соң туыстары бізге әкеледі.

— Адамның ішімдікке тәуелді болуы бала кезде көрген қорлық немесе отбасында оған мейірім көрмегенінен деп айтады. Жалпы ащы судың құлы болуға адамды не итермелейді?

— Балалық шақта алған психологиялық соққының салдарынан ішімдікке әуестеніп кетті деген пікірмен келіспеймін. Барлық ересек адамның өткен өмірінде қиындықтар болады. Бірақ олардың бәрі осы жолды таңдаған жоқ қой. Науқастарды естен танып ішуге тәуелді ететін бірнеше себеп бар. Біріншіден, оның қасында жүрген орта ықпалы етуі мүмкін немесе үгіт-насихаттың жетегінде жүріп, кейде еліктеп, адам өзінің қалай құмар болып қалғанын байқамайды. Тұқым қуалау да әсер етеді. Енді біреуі жиі көңіл көтеремін деп, шыңыраудың түбінен шыға алмай қалады. Осындай бірнеше себеп қосарлана келе адам өміріне балта шауып, денсаулығын құртып, отбасында беделінен, нәпақа табатын жұмысынан айырылады. Біздің орталықта алматылық бір науқас әйел 30 мәрте келіп емделді. Ол кісі бірнеше жылдан бері Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында динамикалық бақылауда тұр. Өкінішке қарай, емделгеннен кейін науқастардың әлеуметтік ортаға сіңіп кетуі екіталай. Жұмысқа орналасуы да қиыншылық тудырады. Күйзеліске түсіп, тығырықтан алып шығатын жігерінің болмауы, жақындарынан қолдау таппаған науқастар баяғы «достарын» табады, сол ескі әдетіне қайта оралады.

— Кейбіреулер қымбат алкоголь ішкен адам ешқашан маскүнем болмайды, тәуелді болып кетпейді дейді. Бұған қаншалықты сенуге болады?

— Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында кез-келген ауру туралы сюжет көрсетеді, мақалалар жарық көреді. Бірақ тұрғындар мұндай ақпаратқа мән бермейді. Өйткені бұл ақпараттың маған ешқандай қатысы жоқ деп ойлайды. Олар дәрігерлердің кеңесіне емес, наркология, психиатрия саласына қатысы жоқ адамның пікіріне құлақ түреді, әрі мұндай кеңестер жылдам тарайды. Ал спирт сусындарның бағасы қымбат болсын, арзан болсын, оны жиі-жиі ішкен сайын адам өзінің қалай тәуелді болып қалғанын аңғармай қалады. Сондықтан мен мүлдем ішпеуге кеңес беремін. Денім сау болсын десеңіз, ішімдікке жоламаған дұрыс.

— Алкогольді сусындардың денсаулыққа зиянына тағы бір тоқтала кетсеңіз, артығы болмас.

— Дәрігер ретінде айтамын — денсаулыққа арақ-шараптың зияны өте зор. Ішкен адамның бауыры, жүрегі, бүйрегі зақымданады. Психологиялық тәуелділік пайда болады. Ауру асқынып кеткенде адам сандырақтап, неше түрлі елеспен алысып, өзінің не істегенін есте сақтай алмайды. Отбасы күйрейді. Балаларынан айырылады. Одан кейін қайтсе де арақ ішу үшін қылмыстық әрекетке де баруы мүмкін.

Статистикаға сүйенсек, елімізде психикалық денсаулық орталықтарында 303 284 адам динамикалық бақылауда тұр. Олардың 200 мыңға жуығы (195299) — психикалық кеселге шалдыққандар. Ал 35,6 пайызы (107985) — есірткі заттары, алкогольді сусындарға тәуелді және наркологиялық есепке ілінгендер.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Қуаныш Алтынбековтің айтуынша, бізде тұрғындарға психикалық көмек, ем-дом тегін. Ел ішінде 20 психикалық денсаулық орталығы, қалалық емханаларда 77 алғашқы психикалық көмек көрсететін орталық, аудандық емханаларда 205 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді.

Қуаныш Алтынбеков, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:

«Республика тұрғындарын емдеу тегін және барлық психикалық денсаулық орталықтарында емделуші жайлы ақпарат-деректер құпия сақталады. 2017 жылы психикалық және мінез-құлықтарында ауытқуы бар адамдарға наркологиялық қызмет, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту, материалдық-техникалық және қаржылық ресурстарды оңтайландыру, кадр тапшылығын азайту мақсатында психиатриялық қызметте өзгерістер басталды. Бұрынғы наркологиялық және психикалық денсаулық орталықтарының қызметі бірікті.

Бүгінгі таңда оңтайландыру шарасының нәтижесі де бар. Шалғайдағы ауылдарда, аудандар мен қалалардағы емханаларда тұрғындарға алғашқы медициналық психологиялық көмек қолжетімді. Сонымен бірге осы саладағы өзекті мәселе медициналық кадрлармен қамту көрсеткіші 91,4 пайызға жетті, оның ішінде психиатр дәрігерлер – 84,7 пайыз».

Орталық басшысының айтуынша, республикалық және облыстық, қалалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасы ескірген. Медициналық ұйымдардың көпшілігі бұрынғы үй-жайлар мен ғимараттарда орналасқан. Ал Астана мен Алматыдағы орталықтың ғимараты заманауи үлгіде және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондықтан орталықтарды күрделі жөндеуден өткізу, қайта салу, жаңғырту кешенді жоспарлардың басты мақсаты болып тұр.
Келешекте Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың Павлодардағы филиалы, Маңғыстау облыстық ПДО жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

2018 жылы психиатрия саласында кадр тапшылығы шамамен 40 пайызды құраған. Бүгінде 15 пайыздан сәл асады. Әрі ағымдағы жылы ақылы негізде түскен резиденттер үшін 98 грант бөлінген. Ел бойынша психикалық денсаулық ұйымдарында 10 мыңнан астам төсек бар. Солардың 1884-і есірткі заттарына, алкогольді сусындарға тәуелді науқастарды мәжбүрлеп емдеуге арналған.
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас психиатры Қуаныш Алтынбеков психикалық денсаулық орталықтарының санын арттыру, медициналық-әлеуметтік оңалтуға арналған төсек санын көбейту, ауыл тұрғындарына амбулаториялық көмек көрсету сапасын арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Сонымен бірге республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың басшысы «психобелсенді заттарды бір рет пайдаланғаны анықталған адамдар туралы деректерді психикалық денсаулық орталықтарының ақпараттық жүйесіне енгізе отырып, консультациялық есепке алуды ұсынды.

«Мұндай динамикалық бақылаудан ерекшелігі – адамды жазалау емес, оған көмектесу және ол жайында құпиялылықты сақтай отырып, кеңес беру, ақпараттық көмек, үздіксіз психологиялық қолдау көрсету», — деп түсіндірді Қуаныш Алтынбеков.
Сондай-ақ Қуаныш Алтынбеков бүгінгі психоактивті затты қолдану фактісін және мас күйін анықтау үшін медициналық куәландыруды жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып жатқанын жеткізді.

Жазира Бегалы,
журналист

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді