jasqazaq.kz

Жанахмет Ағыбаев: Негізгі ұстанымымыз – халыққа жақын болу

14 маусым 2023, 12:03

Бүгінде елімізде бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту, тың жобалар дайындау, салалық журналистиканы өркендетіп, БАҚ қызметкерлеріне қолдау көрсету бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда Түркістан облысында жаңадан құрылып, алғашқы жетістіктеріне қол жеткізіп келе жатқан «Turkistan Media Holding» ЖШС, әрі «Turkistan» телеарнасының Бас директоры Жанахмет Жәнібекұлы Ағыбаевты сөзге тартып, көкейдегі сауалдарымызға жауап алдық.

– Жанахмет Жәнібекұлы, бүгінде «Turkistan» телеарнасының құрылғанына екі жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында өзіңіз басқаратын ұжым қандай белестерді бағындырып үлгерді?

– Иә, биылғы жылдың наурызында «Turkistan» телеарнасының құрылғанына екі жыл толды. О баста бізде бұл телеарнаны халықаралық деңгейге жеткіземіз деген ой болған. Бұл мақсаттан түбегейлі бас тарттық демесек те, қазір біз шын мәнінде аймақтық телеарнамыз. Дегенмен, қазіргі таңда республикалық телеарна болуға тырысып жатырмыз. Ал енді жетістіктерге тоқталар болсақ, біздің ұжым өткен жылы «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауына қатысып, «Ең үздік аймақтық телеарна» сыйлығын жеңіп алды. Бұл құрылғанына екі-ақ жыл болған ұжым үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Сонымен қатар, дәл қазір телеарналардың деңгейін аңғартатын бірден-бір көрсеткіш – адамдардың ресми сайтқа кіруі. Бұл тұрғыда да біз көптеген аймақтық телеарналардың алдына шықтық. Тағы бір айта кетерлігі – бүгінде біздің Ютуб-желісіндегі арнамызда 132 мыңнан астам жазылушы бар. Бұл да бірде-бір аймақтық телеарнада жоқ көрсеткіш. Тиісінше, өткен жылы жазылушы саны 100 мыңға жеткен кезде Ютуб-тың «күміс батырмасын» алдық. Ресми жетістіктеріміз осы. Ал жалпы жетістіктеріміздің ең бастысы – бұрындары біздің телеарнаны тұрғындар білмейтін болса, қазір барлық жерде танып жатады. Мысалы, қазір телеарнамыздың түсірілім тобы өңірдегі ауылдарды аралап, «Түркістан VIBE» деп аталатын бағдарлама түсіріп жүр. Сонда ауыл адамдары телеарнамыздың эмблемасын көріп, бірден «Түркістан телеарнасы келді» деп айтып жатады екен. Тіпті, бағдарлама жүргізушілерінің лақап есімдерін де жаттап алған көрінеді.
Бізді басқа телеарналардан ерекшелендіріп тұратын, мақтанышпен айтатын тағы бір жетістігіміз – эфирге шығатын жаңалық немесе бағдарламалардың 90 пайызға жуығы өзімізге тиесілі авторлық өнімдер. Айталық, 18 сағат хабар тарататын болсақ, соның 17 сағатында өз өнімдеріміз көрсетіледі. Бұл – бағалай білген адам үшін өте ауқымды жұмыс. Өйткені еліміздегі басқа республикалық телеарналар рейтингті түрлі телесериалдар арқылы жинайтынын көпшілік білетін шығар. Әрине, дайын телесериалдарды қомақты қаржыға сатып алып, рейтинг жинап отыра беруге де болады. Бірақ біз біріншіден – оның орнына мемлекетіміз бен өңіріміздің идеологиялық саясатын жүргізіп, отандастарымызды насихаттай отырып жұмыс істеп жатырмыз. Екіншіден, дайын өнімдерді қыруар қаржыға сатып ала салатын жағдайға жеткен жоқпыз деп ойлаймын. Мысалы, біз 2021 жылды 151 миллион теңгеге жуық шығынмен жапсақ, былтыр қарызымыздың бәрінен құтылып, табыспен түйіндедік. Тиісінше, еңбегі ерен қызметкерлерге сыйақы тағайындап, көлік, камера сынды ең қажетті заттарды сатып алдық. Қазір енді ешкімге жалтақтамай, өз қажеттіліктерімізді өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз.

– Қазіргі уақытта телеарна ұжымы нақты қандай бағыттар бойынша жұмыс істеп жатыр?

– Біздің негізгі ұстанымымыз – халыққа жақын болу. Халық телеарнаны қандай жағдайда көреді? Әрине, өздері туралы көбірек көрсеткенде. Біз өңірдегі іс-шаралар мен халықаралық жаңалықтарды қосып қойсақ, көрерменге қызық болмайды ғой. Сондықтан барынша халықтың арасына барып, кез келген еңбек адамын, үлгілі жанұяларды, ерекше кейіпкерлерді көбірек көрсетуді негізгі бағыт етіп алдық. Тиісінше, бұл ойымыз нәтиже беріп, ел арасындағы танымалдылығымыз бен абыройымыз күн санап артып келеді.

– Бүгінгі таңда телеарнада қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр? Жалпы қанша авторлық жоба бар?

– Қазір телеарнаның қоғамдағы барлық саланы қамтитын 41 бағдарламасы бар. Оның ішінде көпшіліктің көңілінен шығып жүрген «Turkistan24», «Tereze», «Жылы жүздесу», «Тұран төрінде», «Ақтаңгер», «Халық сөзі», «Нәзік әлем», «Билік пен бұқара», «Еңбек адамы», «Мерейлі отбасы», «Керемет келін», «Тайқазан» сынды жобаларды атап өтуге болады. Сосын біздің бір ерекшелігіміз – өңірдегі кез келген үлкенді-кішілі өндіріс орындарын тегін насихаттап жатырмыз. Соның арқасында кәсіпкерлердің де бізге деген көзқарасы ерекше болып отыр. «Басқалар ақша сұрайтын еді, сіздер тегін түсіреді екенсіздер» деп өздері де тәнті болып жатады. Бағалай білгенге бұл да бір жетістік деп ойлаймын. Ендігі бір мақсат – жуырда Астана, Алматы қалаларынан, содан кейін еліміздің Батыс, Шығыс, Солтүстік аймақтарынан тілшілер қосынын ашып, республикалық деңгейге көтерілу. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Оры орайда ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің де ерекше қолдауына ие болып отырғанымызды айта кеткен жөн. Министрлік міндетті түрде таралуы қажет телеарналар тізімін жасайды. Сол тізімге енсек, ел көлемінде ақпарат таратқалы отырмыз.

– Елімізде салалық журналистиканы дамытуға да көңіл бөлініп жатыр. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

– Негізі, кез келген БАҚ ұжымы салалық журналистиканы дамытуға көңіл бөледі. Бұл әлемдік практикада бар үрдіс. Дегенмен, біз аймақтық телеарна болғандықтан, әзірге ондай мүмкіндігіміз жоқ. Журналистеріміз тіпті сала бойынша маманданбақ түгілі, кейде режиссерлік тетікте де отыратын жағдайлар кездеседі. Бірақ мамандану үрдісі жүріп жатыр. Мысалы, экономика саласын жақсы білетіндерді экономикалық тақырыпқа, ауыл шаруашылығын меңгергендерді агро-өнеркәсіп саласындағы жұмыстарды көрсету мақсатында жіберіп, қызметкерлерді тақырып бойынша бөлуге тырысамыз.

– Жергілікті әкімдіктің аймақтық телеарнаға деген көзқарасы қалай? Қандай қолдауларға ие болып отырсыздар?

– Біз толықтай әкімдік тарапынан қолдау көріп отырған телеарнамыз. Тіпті, телеарнаның өзі сол әкімдіктің табандылығының арқасында өмірге келді деп айтуға болады. Кез келген мәселеде қолдау көрсетеді. Сондықтан, шыны керек, біз билікті беталды сынай бермейміз. Дегенмен, қоғамдағы кез келген проблеманы «айқайлатып» эфирге шығармасақ та, жергілікті билікпен біріге отырып шешілуіне үлес қосып жатырмыз деп сеніммен айта аламын. Бастысы – қалай болса да проблеманың шешілуі емес пе? Жалпы өңірді дамыту – әкімдік пен телеарнаның ортақ мүддесі.

– Бүгінгі БАҚ саласы мен қызметкерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді байқайсыз?

– Біздің толқын журналистика саласына өткен ғасырда келген. Ал қазір бұл сала қатты өзгерген. Бұрын санаулы ғана БАҚ болса, қазір кез келген адам оқиға орнынан ақпарат тарата алатын жағдайдға жетті. Әлеуметтік желілердің мүмкіншілігі өте мол. Дегенмен біз «солай болды екен» деп жайбарақат отырмай, бәсекеге қабілетті бола алуымыз қажет деп санаймын. Мысалы, бірер ай бұрын Сауран ауданында су тасқыны орын алғанда біздің телеарнаның қызметкерлері төтенше жағдай орнына блогерлерден бұрын барып, жағдайды дер кезінде баяндап отырды. Сол сияқты қазір адамдар көбіне жаңалықты телефоннан қарайтындықтан, біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз да өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Тиісінше, қазір біздің жаңалықтарымызды желілер арқылы айына шамамен 4,8 миллион адам қарайды екен. Бұл да бір жетістік деп ойлаймын.

Енді қызметкерлерге тоқталсақ. Жалпы, мен басында өңірде тәжірибесі толысқан журналистер көп болады деп ойлағанмын. Бірақ олай болмай шықты. Республикалық деңгейде жұмыс істеген қаншама адамды шақырғанмен, келмеді. Мүмкін біздің ұсынысымыз олардың ойымен сәйкес келмеген шығар. Сондықтан қазір біздің ұжым тәжірибе жағынан ақсап тұр. Басым бөлігі дипломын жақында ғана алған жастар. Дегенмен «адамға жүзуді үйрету үшін суға лақтырып жіберу керек» демекші, жастарға сенім артып, отқа да, суға да салып, пісіріп жатырмыз. Кемшіліктері көп болғанымен, көз алдымызда өсіп жатыр. Ешкімге шектеу қоймай, өз потециалдарын көрсетуге мүмкіндік береміз. Бір сөзбен айтқанда, біз қазір жас мамандарды шыңдап, бұдан да биік дәрежеге көтерілуіне ықпал ететін ұстахана болып отырмыз. Бұл тұрғыдан келгенде мен ешкімге ешқандай шектеу қоймаймын. Қайта олардың өсіп жатқанына қуанып, республикалық деңгейдегі әріптестерімнің жанына барып жұмыс істеймін десе, ақ батамды беруге дайынмын. Себебі, кез келген маман бір деңгейде тұрақтап қалмай, ары қарай өсуі қажет.

– Сіздің ойыңызша XXI ғасырдың журналистері қандай болуы қажет?

– Менің ойымша, кез келген ұжымда жүктеме бөлінісінде немесе үздіктерге сыйақы тағайындауда болсын, ең бірінші әділеттілік болуы қажет. Өйткені әділетсіздікті көрген адамның жұмысқа деген ынтасы да, ұжымға деген сенімі де жоғалады. Ал бұл екеуі болмаса, жұмыстың нәтижесі өте төмен болады. Екінші – тәртіп. Мысалы, өте талантты, бірақ тәртіпке бағынбай, еркін жүретін журналист ұжымды қысқа мерзімге ғана жетістікке жетелейді. Алайда тәртіп жоқ жердегі жұмыстың көрсеткіші тұрақсыз болады. Бұл бизнес немесе экономика салаларында да дәлелденген жағдай. Сосын жастардың таным көкжиегін кеңейту үшін өзге қалаларға, мүмкіндік болса, шет мемлекеттерге іссапарға жіберген дұрыс. Қазір біз бұл жоспарды да біртіндеп іске асырып келеміз.

– Әлемдік деңгейдегі тәжірибелерді қолданып жатырсыздар ма?

– Менің ойымша, «Turkistan» телеарнасы тәжірибелерді өте жиі қолданатын ұжым. Мәселен, қазір біздің қызметкерлер қандай да бір жерге барғанда алдымен эфир үшін емес, әлеуметтік желілеріміз үшін жедел ақпарат жөнелтеді. Содан кейін барып эфирге материал жинайды. Соның арқасында біз көптеген ақпарат көздерінен бұрын хабар тарата алатын деңгейге жеттік. Себебі, біздің негізгі миссиямыз – кез келген оқиға орнынан бірінші болып ақпарат беру. «Turkistan» телеарнасы тек эфир үшін емес, халық үшін қызмет етіп жатыр. Дегенмен, қазір біздің мүмкіншілігіміз сәл аздау. Күн сайынғы 18 сағаттық эфирді 24 журналистің жұмысымен толтыру қиындық тудырады. Сондықтан да кейбір креативті жобаларымызды іске асыруға келгенде кедергілер кездесіп жатады. Дегенмен алдағы уақытта республикалық телеарна дәрежесіне жетсек, ресурсымыз арта түседі деп үміттенемін.

– Ойдағы жобалар жүзеге аса берсін деп тілеймін! Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан облысы

07 мамыр, 19:59
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті
07 мамыр, 13:25
Айбек Дәдебай: Біздің ісіміз — Әділет! Жолымыз — Заң мен Тәртіп!
06 мамыр, 15:42
Қазақстанда ҰОС ардагерлерінің әрқайсысы 10 мың доллардан астам қаражат алды
06 мамыр, 13:48
Сарыагаш: Вопросы питьевой воды в Дербисеке находятся на постоянном контроле
06 мамыр, 13:46
Туркестан: Весенне-полевые работы идут полным ходом
06 мамыр, 8:59
Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды
05 мамыр, 14:11
Учащиеся Туркестанской области стали призерами чемпионата мира по робототехнике
05 мамыр, 14:09
Сотрудничество Туркестанской области с Узбекистаном выходит на новый уровень
03 мамыр, 14:00
Жайнагуль Толемисова: Новые школы в Туркестане - это шаг в будущее