Түркістан: Ауыз сумен қамтылған ауылдар артып келеді

18 қазан 2023, 15:53

Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба бастау алған еді. 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылатын жобаның басты мақсаты – базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Осы орайда, жоба аясында бірнеше әлеуметтік-экономикалық нәтиже күтілетіні белгілі болып, олардың қатарына қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыздық қолжетімділікті қамтамасыз ету де енгізілген болатын.  Ұлттық жобаға сәйкес, іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыз сумен толық қамтамасыз етуге (сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 16 мың км салу және реконструкциялау), қалаларда сарқынды суларды 100 пайыз тазартуға қол жеткізіледі, инженерлік желілердің тозуы (жылумен, сумен жабдықтау, су бұру) 55 пайыздан 47 пайызға дейін қысқарады.

Өз кезегінде, аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін Түркістан облысының әкімдігі тарапынан қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сөзімізді қуаттау үшін өңірдегі ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтейік.

Ең алдымен, биылғы жылдың басында облыстағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары күшейтіліп, жұмыс жоспары қатаң қадағалауға алынатын болған. Мұны облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды айтып, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, бірінші кезекте ауыз су мәселесі толық шешуді және салаға қатысты жобаларды жеделдетуді тапсырған болатын. Облыс басшысының айтуынша, ауыз су мәселесін шешуге арналған жобалар сапалы болып, жұмыс тиянақты атқарылуы тиіс. Алдымен жер асты суын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірленеді. 2025 жылы елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында өңір басшысы қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырған-тұғын.

Осы жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиев 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша өңірдегі 831 елді мекеннің 719-ы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.

Бұған дейін облыстағы жүзден астам елді мекен ауыз суға жарымай отырған.  Десе де, бұл түйткілді шешу бағытында біраз шаруа қолға алынып, атқарылып жатыр. Мәселен, биыл 57 ауыз су нысанының құрылысына бюджет есебінен 13,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішіндегі 43 нысан биыл аяқталуы тиіс. Қалған 14 нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі. Сөйтіп су құбыры жүргізілмеген 17 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 11 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылмақ.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 2015-2021 жылдары аралығында жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс көлемінде жалпы 267 елді мекендегі жер асты су қоры бекітілген. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, 22 елді мекендегі іздеу-барлау жұмыстарын бітіруге және 88 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын бастауға, сонымен бірге 15 шекара бөлімшесіндегі іздеу-барлау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініпті.

Ендігі кезекте біз атап өткен жоспардың қалай іске асырылып жатқанына ойысайық. Мәселен, сәуір айында ауыз суға зәру болып келген Сарыағаш ауданына қарасты, Дербісек елді мекенінде су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны мәлім болды. Ауыз судың азабын тартқан ауылдағы бұл жұмыс аяқталса, 15 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі екен. Одан бөлек, осы аудандағы Қабланбек ауылдық округіне қарасты Ақниет, Қанағат, Жонарық елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқын алған. Аталған құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 878 тұрғын үй, яғни үш елді мекеннің 7 мыңнан аса тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді деп көзделген. Демек биылдың өзінде жиырма екі мыңнан астам сарыағаштық сапалы ресурсты тұтынуға мүмкіндік алады деген сөз.

Сондай-ақ көктемнің орта тұсында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Жетісай ауданында да ауыз сумен қамтылған ауылдардың саны артатынын хабарлаған. Сол мәліметте Жетісайдағы қала, кент пен ауылдық округтерге қарасты 112 елді мекеннің 105-і ғана орталықтандырылғын ауыз су жүйесімен қамтылғаны, ол жерлерде 83 ауыз су ұңғысы мен 85 су мұнарасы, 24 су сақтағыш пен санитарлық қорғау аймақтары талапқа сай жұмыс істеп тұрғаны баяндалған.

Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы Жетісай қаласының ауыз су жүйелерін қайта құру үшін 272 млн 289 мың теңге, Жаңа ауыл ауылдық округінің Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атаконыс елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау жүйелерін салу үшін 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сонымен бірге ауыз сумен қамту мақсатында Қазыбек би ауылдық округіндегі екі жарым мыңнан астам тұрғыны бар Құрбан ата елді мекеніне 422 млн 778 мың теңге, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі Сейфуллин елді мекеніне 610 млн 613 мың теңге бөлінген еді. Одан бөлек, Сарқырама, Дархан, Тың, Алтынсарин, Жазықсай, Қызылқұм елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 136 млн 652 мың теңге, «Мембрана», «Омега» қондырғыларына және кәріз жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 52 млн 670 мың теңге бағытталған.

Биылғы көктемде Түркістанмен бірге түлеп жатқан Сауран ауданындағы Аша ауылына таза ауыз су берілді. Ол уақытқа дейін ашалықтар құдық суын ішіп келген екен. Ресми ақпаратқа сәйкес, жобаның жалпы құны 628,203 млн теңгені құрайды. Бұл қаржыға құбыр жүргізуден бөлек, тереңдігі 720 метрлік 2 су ұңғымасы қазылып, сыйымдылығы 200 текше метрді құрайтын екі су қоймасы салынған. Оған қоса, ауданға қарасты Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық және Шорнақ елді мекендеріне де жуырда таза ауыз су тартылмақ.

Сонымен қатар, көп уақыт өтпей жатып Бәйдібек ауданындағы Ақжар және Сарқырама елді мекендеріне де ауыз су берілді. Жалпы, бүгінгі таңда Бәйдібек ауданда 50 елді мекен болса, соның 44-іне орталықтандырылған ауыз су құбырлары жүргізіліп, біреуіне модулді су қондырғысы орнатылыпты.

Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқы түгел сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан облыс басшылары аталған саладағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, жуырда ғана жиын өтіп, Түркістан және Кентау қалаларын Мырғалымсай жер асты су кен орны арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде, өңір басшысы жауапты сала басшыларына Геология комитетімен бірлесіп, қысқа мерзімде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және проблемалық мәселелерді шешу жолдары жөнінде нақты ұсыныс әзірлеп, ұсынуды тапсырды және ауыз су тапшылығының алдын алуға қатысты тиісті жұмыстарға күш салуды жүктеді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, бүгінде өңірде барлығы 7 бірдей топтық және жергілікті су құбыры бар болса, 608 елді мекеннің басым бөлігі ауыз суды жер асты су көздерінен алады. Су құбыры жүргізілген 720 елді мекеннің 215-і ауыз суды кестемен тұтынады. Соның ішінде, облыстың оңтүстік аймақтарында ауыз су тапшы болып отыр. Оған жер асты сулары деңгейінің түсуі себеп болып жатқан көрінеді.

Елді мекендерге орталықтандырылған ауыз су жүйелерін тарту үшін ең бірінші су көздеріне іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Дәлірек айтсақ, уәкілетті органдар, яғни Геология комитеті мен «Оңтүстікқазжерқойнауы» департаменті тарапынан су қоры бекітіліп, жер асты су қорларының ауқымы нақтыланады. Дегенмен қазіргі уақытта эксплуатациялық ұңғымаларды бұрғылау кезінде жеткілікті көлемде су шықпай қалу жағдайлары да ара-тұра орын алып тұрады екен. Сондықтан аудандардағы орталықтандырылған ауыз су жүйелері жүргізілген кейбір елді мекендерге табиғи ресурс кестемен берілетін көрінеді.

Әкімдік өкілдерінің сөзіне сүйенсек, Түркістан және Кентау қалалары «Мырғалымсай жер асты сулары кен орнынан» тартылған магистральдық су құбыры арқылы қажетті ресурспен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл жерге екі жыл бұрын «Геотерм» ЖШС тарапынан барлау жұмыстары  жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілген. Сонымен бірге, Кентау қаласында «Қосқорған су қоймасының» ресурсын толықтырып, су деңгейін төмендету жүйесін салу жобасы аясында «Мырғалымсай жер асты су кен орны» аумағында қосымша тік дренажды 11 ұңғыма қазылыпты. Осылайша, аталған су қорынан жылына 40 млн текше метр су алу көзделген. Бұл тұрғыда, қажетті ауызсу 130 метр тереңдікке орнатылған 4 бірдей су сорғысы арқылы тартылады екен. Алдағы уақытта бұл қоймалардан Түркістан қаласын көгалдандыруға және жасыл желектерді суару үшін де су алу жоспарланып отырған көрінеді.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір бағыты – тұрғындарды толықтай сапалы ауызсумен қамту болғандықтан, Түркістан облысында да ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту басты бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Себебі бүгінде Түркістан өңіріндегі тұрғындарының 80 пайызы ауылда өмір сүріп жатыр. Осыған орай, биылғы жылдың басынан бері өңірдегі мүлдем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын сапалы ресурспен қамтамасыз етілді. Одан бөлек, тағы он елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылған. Сәйкесінше, қазір облыстағы 720 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілген болса, жыл соңына дейін 16 елді мекенде су жүйелері жүргізіліп, тұрғындар тіршілік көзіне қол жеткізеді деп жоспарланған.

Сөзімізді түйіндесек, қазіргі таңда өңірде халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын өңірдегі ауыз сумен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 622 болған. Ал 5 жылда бұл көрсеткіш 720-ға жетіп, сапалы сумен қамту деңгейі 86,4 пайызға дейін көтеріліп отыр. 2025 жылдың соңына дейін өңір халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі ойдағыдай орындалады деген сенімдеміз.

Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан облысы

 

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді