
Бүгін Атырау қаласында қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Бүтін бір отбасының өліміне күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот отырысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқып, қайғылы оқиғаға не себеп болғанын баяндады.
Прокурордың мәліметінше, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2022 жылы заңды түрде ажырасқан. Ерлі-зайыптылар арасындағы негізгі келіспеушілік ата-енемен бірге тұру мәселесінен туындаған.
Айыптау актісінде көрсетілгендей, 2022 жылы Ақбаян Мұқанғалиеваның анасы қызының күйеуінің ата-анасымен бірге тұрғанына қарсы болып, жас отбасының қаладан бөлек жалдамалы пәтер алып тұруын талап еткен. Алайда Сұлтан Сәрсемалиев өз ата-анасын тастап кете алмайтынын айтып, бұл ұсынысқа келіспеген. Осы жағдай ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдың ушығуына себеп болған.
Прокурордың айтуынша, жанжалдан кейін Ақбаян Мұқанғалиева ажырасуға арыз берген. Сол жылдың тамыз айында ол босанып, ата-анасы жалдап берген үйде балаларымен бірге тұрған. Ал 2022 жылдың 22 қарашасында ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасқан. Сот шешімімен балалар анасының тәрбиесінде қалған.
Кейін Сұлтан Сәрсемалиев отбасымен қайта бірге тұруға шешім қабылдап, 2023 жылдан бастап бұрынғы жұбайының қасына көшіп барған. Біраз уақыттан кейін, 2023 жылдың ақпан айында олар Мұнайшы ықшамауданынан үй жалдап, бірге тұрған.
Айыптау тарапының мәліметінше, 2024 жылдың 10 тамызында ерлі-зайыптылар төрт баласын ертіп, Ақбаянның ата-анасының үйіне қонаққа барған. Сол кезде Ақбаян Мұқанғалиева сырқаттанып қалып, жүкті кезінде оған күрделі ота жасалған. Операция ауыр өтіп, әйел 20 күн бойы комада жатқан.
Прокурордың айтуынша, дәл осы кезеңде қайын жұрты Сұлтан Сәрсемалиевті қалаға жіберсе, балаларды өз ата-анасының үйіне алып кетеді деп қауіптенген. Сол себепті олар Сұлтанның Ақбаянның жанына баруына қарсы болып, ауылда қалуын талап еткен. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, осы жағдай Сұлтан Сәрсемалиевтің қайын жұртына деген өшпенділігінің күшеюіне себеп болған.
Ақбаян Мұқанғалиева 2024 жылдың 10 қыркүйегінде ауруханадан шыққанымен, оның денсаулығында психологиялық қиындықтар пайда болған. Кейін Сұлтан Сәрсемалиев пен Наурыз Мұқанғалиев Ақбаянды емдету мақсатында Түркияға алып барған. Алайда шетелдегі ем нәтижесіз аяқталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, елге оралғаннан кейін Атырау маңындағы жалдамалы үйде Сұлтан Сәрсемалиев пен Наурыз Мұқанғалиевтің арасында жанжал туындаған. Сол кезде Сұлтан Наурыз Мұқанғалиевке пышақ жарақатын салған деген күдік бар. Кейін мәйітті үйдің маңына көмгені айтылды.
Айыптау актісінде күдіктінің қылмыстың ізін жасыру мақсатында үйдегі қан іздерін тазалағаны да көрсетілген. Сонымен қатар тергеу мәліметтері бойынша, Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтің атына 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Содан кейін ол ата-енесін өлтіруді жоспарлаған.
Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің 13 эпизоды бойынша айып тағылып отыр. Бүгінгі алдын ала сот тыңдауында ол істі алқабилер сотының қарауына беруден бас тартты.
JQ-Aqparat