
Шымкент қаласында мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған ауқымды әскери-далалық оқу жиыны ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған іс-шараның салтанатты жабылу рәсімі Ақтас оқу-жаттығу орталығы базасында өтті.
Әскери-патриоттық бағыттағы бұл жоба мегаполисте соңғы рет 2019 жылы өткізілген болатын. Биыл бастама қайта жаңғыртылып, оған 10-сынып оқушылары мен колледждердің бірінші курс студенттері қатысты. Нәтижесінде 6600-ден астам жас алғашқы әскери дайындықтан өтті.
Оқу жиыны барысында қатысушылар теориялық біліммен қатар, тактикалық іс-қимылдар, атыс дайындығы және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгерді. Оқу-жаттығу сабақтарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінің тәжірибелі нұсқаушылары жүргізді.
Жиынның жабылу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жобаның жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
— Бабалар аманатына адал болу – әрбір азаматтың парызы. Осындай оқу жиындары жас ұрпақтың елге деген жауапкершілігін арттырады. Қала әкімінің тапсырмасымен қолға алынған бұл бастама қазіргі таңда өзге өңірлерде жоқ. Сіздер — осы істің алғашқы қарлығаштарысыздар, — деді ол.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Отан қорғаушылар күні қарсаңында «Жас патриоттар» республикалық форумы өтетінін хабарлады.
Қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов айтуынша, оқу жиынын ұйымдастыруға қала әкімдігі тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып, жан-жақты қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, іс-шараны ұйымдастыруға білім беру саласымен қатар, қорғаныс істері департаменті, полиция, төтенше жағдайлар қызметі және медицина саласының мамандары жұмылдырылып, бірлескен жоғары нәтижелі жұмыс атқарылған.
Қатысушыларды тасымалдау, тамақтандыру және өзге де ұйымдастыру шығындары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды. Полигонда қауіпсіздік талаптары толық сақталып, қатысушылар үшін қажетті жағдай жасалды.
Жалпы, Шымкентте қайта жанданып отырған әскери-далалық оқу жиыны жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің тиімді тетігі ретінде өз маңызын айқындап отыр.