Сараш Қоңырбаева: Шетелден төленетін тиын-тебенге малданып, кейбір «қайраткерлер» әйелдерді қорғаған болады

25 қантар, 13:49

Бүгінде әйел теңдігі, әйел мәселесі қоғамдағы ең өзекті мәселеге айналды. Байқасақ, нәзік жандылар жаппай дамығысы келеді, өзгергісі келеді, өз жолын тапқысы келеді. Ал осы жолда түрлі кедергілерге тап болып, от басып жатқандары қаншама. Бүгінгі қазақ әйеліне не жетіспейді? Біздің қоғам әйел мәселесін қалай шешуде? Осы және өзге де маңызды мәселелер төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаевамен әңгіме-дүкен құрдық.

«Гендер» деп айғайлап қойып, басқа нәрселерді тықпалап жатқандар бар

Jas Qazaq: Сараш Сахиқызы, қазір қоғамда әйел рөліне қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Қандай мәселе болсын, барлығында нәзік жандылар белсенді. Тіпті әйел адам еркектен бір саты төмен емес, теңдей болу керек деген тенденция қалыптасты. Сіз осыған не дейсіз?

Сараш Қоңырбаева: Әрине, адамдар дамығысы келеді, жақсы жағына қарай өзгергісі келеді. Жақсы жетістікке ежткендер де өзгергісі келеді. Өзін-өзі таба алмай жүргендер де өзгергісі келеді. Кедейлер байығысы келеді, байлар тағы да бір мүмкіндіктерге қол жеткізгісі келеді. Бұл — заңдылық.

Жазушы Мұхтар Әуезов ең алғашқы мақаласын «Адамдық негізі – әйел» деп атап, әйел тақырыбына арнаған. Қоғамдағы қандай тақырып болсын, әйелдерден бастау алады десек, қателеспейміз.

Қоғамды жаңарту барысында дәстүрлі дәуірден кеңестік кезеңге көшкен кезде әйел теңсіздігі жайлы айтылды. Бұл кеңестік идеологияның басты бағыттарының бірі еді. Шындығында, көшпелі мәдениеттегі қазақ өмірінде ерлермен қатар атқа қонған батыр қыздары болған, қыз бен жігіт өнер сайысына қатар түскен. «Қыз бен жігіт айтысы», «Қыз қуу», «Алтыбақан», «Ақ сүйек» сияқты ойын-сауықта қатар жүргені теңсіздікті білдірмейді ғой. «Қыз – қонақ», «Ырыс алды – қыз», «Жұмақ ана табанының астында» деген түсініктегі елдің әйелі теңсіз болды деп айтуға болмайды. Кейде пікірлесу барысында білім алушылар да «әйелді шалға сатқаны», қалыңмал болғаны өтірік емес қой деп айтып жатады. Ал қазір қалыңмал тоқтап қалды ма, бар ғой. Жар таңдау еркіндігі өзіне берілген мына заманда шалға кетпей жатыр ма? Қай ата-ана қызына «екінші әйел бол» деп айта алады? Мұндай жағдайлар қазір де бар. Демек бұл — теңсіздік емес, өмір заңдылығы.

Қазір ата-ана өзінің функциясынан айрылып қалды. Қыз баланы «дұрыс жерге қондыру» деген функцияда іштей тілектес болып қана отырады. Өздігінен қызының бақытты болуы үшін жол іздеп, «қызымды қалай тұрмысқа берем, кіммен бақытты бола алады» деген перспективаны құратын ата-ана аз. Сондықтан отбасылық өмірге даярлау мәселесі мектептен қолға алынуы керек. Отбасынан, балабақшадан, мектеп пен жоғары оқу орнынан үздіксіз білім беруден қолға алынатын нәрсе. Бұл тек әйелдердің ғана мәселесі емес, еркектердің де мәселесі. Неге әйелдер туралы көбірек айтылады? Бізде ерлер тақырыбы минусқа кетіп бара жатыр. Гендерлік теңсіздік ерлер жағына ойысып барады. Қоғамның ең белсенді мүшелері әйелдер болғандықтан да олар жайлы айтылған ащы пікірлерді жиі естиміз.

Шын мәнісінде әйелдерге қатысты «Әйелдер, өздеріңді жақсы көріңдер», «нәзік болыңдар» немесе «мықты болыңдар» деген пікірлер айтылып жатса, ол көп адамға жақпай да қалады. Әйелдер неге жан жарасын ашып айтады, қоғамды неге өздері үн-түнсіз дұрыстай бермейді дейтін болар. Әйелдің жарасы – ол қоғамның жарасы. Біздің білім беру жүйесінде жыныстық тәрбие дұрыс берілмейді, оның көптеген факторлары бар.

«Гендер» деген ұғым жыныс арасына іріткі тудыратын идея емес, керісінше, бұл қоғамның дамуында әділетті ұстанымға негізделуі. Бірақ осы гендер түсінігінің артына жасырынып бас көтеретін радикалды феминизм, ЛГБТ, т.б. бар, қоғамның ішіндегі ең өзекті жарасы осы. Қоғамды осындай бірнеше түсінік аясында бөлгендіктен де бұл ұғымды теріс қабылдаушылар көп. Негізі гендер деген – қоғамдағы ер мен әйелге қатысты қарым-қатынастың дұрыс реттелуі. Ал ол жерде теріс бағытпен гендер деп айғайлап қойып, басқа нәрселерді тықпалап жатқандар бар. Мен үнемі айтып жүремін: бізге шетелден келетін түрлі қорлар бар ғой, солардан сақ болуымыз керек. Олардың төлейтін аз ғана тиын-тебеніне малданып, біздің кейбір қайраткерлер мен білімділер қоғамда әйелдерді қорғаған болып, ұлттық дүниетанымымызға келмейтін түсінікті жақтамақшы болады. Солардан да келетін қауіп бар бізде. Жалпы қоғамда әйел мен ер мәселесі тең қаралуы керек. Басқа қоғамды білмеймін, біздің қазақ қоғамында әйелдер белсенді. Әйелдер кәсіпті те жүргізіп жатыр, отбасы тәрбиесіне де белсенді әйелдер, өзін дамытқысы келіп жүргендер де әйелдер. Әйелдердің иығына салмақ көп түсіп кетті деп ойлаймын. Әйел мәселесі дейміз де, қоғамдағы ер адамның өз отбасындағы жетекші рөлде болуы маңызды екенін ұмытамыз.

Психолог-коучтар қалтасын қампайтуды ойлайды

Jas Qazaq: Соңғы кезде әлеуметтік желіде қаптап кеткен түрлі психологтар мен коучтар келін мен енені бір-біріне қарсы қойып, тіпті «қызыңа үй тірлігін үйретпе» деген ақыл айтатын болды. Неліктен мұндай үрдіс кеңінен етек жайды?

Сараш Қоңырбаева: Кәсіби психологтар туралы айтсақ, олардың кәсібилігі ғылымдағы теориялық мәселелерден артылмай жатыр. Ал кәсіби практик-психологтар аз. Сондықтан болар, практикалық психологияға қызығатындардың көбі шағын курстан өтіп, сертификат алады. Қызыл тілге салып, шетелдің психологиясын аударма жасап тықпалайды. «Қондырма» немесе аударма барлық уақытта сәтті бола бермейді, демек қабылданбайды. Қарапайым мысал: менің жасымдағы америкалық әйелдің киімін маған кигізіп қойса, жараспайды ғой. Сол сияқты дүние. «Қызыңызға үй тірлігін жасатпаңыз» деп пікір айтқан «ақылгөй» ханымның пікірін естідім. Бұл бір жағынан жанашырлықпен айтылған нәрсе. Тұрмыстың деңгейіне балаларымызды байлап қоймайықшы дегені болар. Бірақ ол қателесіп тұр. Ал расында білген мен білмеген бірдей емес. Не нәрсені көбірек білсең, соған дағдыланасың. Дағды дегеніміз – сіздің мәдениетіңіздің көрсеткіші. Ештеңені білмей тұрсаңыз, ең сорақысы сол.

Біз баламызға «сабағыңды жақсы оқы, ертең грантқа түсуге тырыс» деп мақсат қоямыз. Шын мәнісінде грант бақыттың кілті емес қой. Баланы өмірге даярлауымыз керек. ҰБТ балына емес, өмір талабына. Әлгі психолог (егер психолог болса) осындай ащы ойлары арқылы жұрт назарын өзіне аударуды ойлаған сияқты. Меніңше, бұл «фишкасы» дұрыс шықпай қалды. «Ұшқан құс, жүгірген аң тамақ үшін» дейді ғой, сол сияқты психолог-коучтардың да көздегені атағын шығару арқылы қалтасын қампайту болуы мүмкін.
«Мен еркек болмаймын, әйел боламын» дейтіндерден қорқамын

Jas Qazaq: Бүгінде өз дәстүріміз ұмыт болып, арабтың «мәһірі», шетелдің «гендер патиі» сынды дүниелері сіңе бастады. Бүйте берсек, рухани құндылықтарымыздан айырылып қалмаймыз ба?

Сараш Қоңырбаева: Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге көмек қолын созған көптеген ұйымдардан инвестиция құйыла бастады. Солармен бірге түрлі сенімдерге негізделген секталар келді. Секта дегеніміз дәстүрлі дін емес. Ал дін – ұлттық құндылықтарымыздың бір құрамы. Әбсаттар Дербісәлі қажы Бас мүфти болып тұрған кезде сол кісіден «Мұсылмандарымыз неге басқа дінге кетіп жатыр, сіздер неге осыны қадағаламайсыздар?» деп сұрағанымда, ол кісі: «Айналайын, мен солармен бір тізімде тұрмын», — деп жауап берді. «Мемлекет діннен бөлек» дегеннен кейін, азаматтың өзіндік таңдауына құқық пен еркіндік беріліп, елімізге неше түрлі діни ағымдар мен сенімдер ендеді. Біз қазір соның зардабын тартып келеміз. Қазақ қоғамында тек дәстүрлі дінге ғана қатысты «арабқұл», «уахабист», «дінкеш», «діндарлар», «тәңіршілдер», «атеистер» деген атаумен бірін мойындамайтын топтар шықты. Соңғы уақытта арабтандырудан да бөлек, тәңіршілдік деген ағым қатты белсенділік танытып барады. Ислам діні – әлем мойындаған діннің бірі. Ал енді «тәңіршілдік» деген ұлттың арасына іріткі салу үшін әдейі жасалынып жатқан арнайы жоба дегенді естігенде, шынымен қазақ қоғамының басы бірікпей «ұлттық мүдде», «ұлттық құндылық» деген асыл ұғымдар бізден алыстап кете ме деп қорқасың.

Қазақ қоғамында бұрын болмаған еді демесек, мәһірден де қорқудың қажеті жоқ. Әйелдің ерінен алатын неке қиылған күнінен естелік, жеке өзіне тиесілі сыйлық. Бұл әйелдердің қанағатын өлшеуге берілген тест секілді. Басы құралмай жатып үй, көлік, қымбат бағалы зат сұрап жатқандар бар. Үйі жоқ, күйі жоқ енді отбасылы болып жатқан жігіт оны қайдан алады? «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейді қазақ. Сондықтан қыз бала да кімге тұрмысқа шығып жатқанын біліп, ойланып сұрағаны дұрыс шығар. Сүйген адамын өмір бойы қарыздар етіп қою, қор сезіндірудің несі мұрат, несі бақыт?!

Өз басым орамал тартып жүрген қыз-келіншектерді кінәлаудан аулақпын. Жаулықты әйел тартпағанда кім тартады, еркек тартпайды ғой. Қап-қара хиджаб пен никапқа оранбай, өз мәдениетіміздегі жаулық пен кимешекті заман талабына сай жандандырып, сән әлеміне әкелер болса, біздің өз киімдеріміз де әсем ғой. Қазір осыны қолға алып жатқан сәнгерлер мен дизайнерлер баршылық, оған батыл қадам жасауды алдыңғы буын біз бастауымыз керек шығар.

Егер әр адамның діни сенімге құқығы болса, онда Ислам талаптарын ұстанып, орамал тартқан қыз-келіншектерден қорқуға еш негіз жоқ. Мен жынысына сай рөлдерден бас тартып, «мен әйел болмаймын, еркек боламын» немесе «мен еркек болмаймын, әйел боламын» дейтіндерден қорқамын. Иә, таңдау құқығы мен соған сай ерекшеліктері бар шығар, сонда да ұлымызды отбасының тірегі – ер-азамат, қызымызды болашақ ана болатындай тәрбиемен өсірген дұрыс деп санаймын.
Ал «гендер пати» – заман ағымымен келген нәрсе. Бірақ көзсіз еліктеп, сорақылыққа айналдырып алмасақ екен, көзсіз қайталаушылыққа кетіп қалмайық деген ой бар.

Осы қоғамдағы келеңсіздіктер мен тәрбиедегі олқылықтарды қалпына келтіруде не істей аламыз деп жиі ақылдасатын ұлт жанашырлары мен біраз ғалымдар жиналып, «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігін құрдық. Құрылғанына бір жыл болды. Осы уақыт аралығында біршама жұмыстар атқарылды. Жоспарымыз өте үлкен. Еліміз қателіктер мен кемшіліктерді түзеу және алдын алу бойынша біраз кезеңдерден тәжірибе жинақтап, ұлттық құндылықтарға негізделген өмір салтына келеді деген ойдамын.

«Әже» болғысы келмейтін әйелдер көбейді

Jas Qazaq: Тәжірибелі педагог ретінде бүгінгі ата-анаға не жетіспейді деп ойлайсыз? Қазіргі интернеттің дамыған заманында мұғалімдерге де қойылатын талап күшейді. Ұстаз жұмысына баға беретіндер де көбейіп кетті. Ата-ана бала тәрбиесінде не нәрсеге мән бергені дұрыс?

Сараш Қоңырбаева: Қазіргі ата-аналар мұғалімдердің тәуелсіз сарапшысына айналғаны рас. Видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып, өз бетінше «бұл дұрыс емес қой» деп пайымдап, шешім шығаратындар көбейді. Шындығында, барлық ата-ананың білім бағдарламасындағы талапты талқылауға, мұғалімнің еңбегін бағалауға білімі жете бере ме? «Мұғалім мәртебесі» туралы заң мен «Педагогтің кәсіби стандарты» шықса да, сол ата-аналар тарапынан айқай-шу арқылы қоғамдық пікір қалыптасып кетеді деген қорқыныш мектеп басшылары мен ұстаздар қауымын алаңдатып қойды. Шын мәнісінде ұстаздық ету — еріккеннің ермегі емес. Мектепке барып жұмыс істеу үшін кәсіби біліммен қатар, табиғи қабілет, өз мамандығына деген сүйіспеншілік, жауапкершілік сезім керек.

Қазіргі мұғалімдер баламен жұмыс істегеннен гөрі, ата-анамен тіл табысудан шаршайды. Рас, ата-ананың бәрі талапшыл. Өзінің бала тәрбиесінде жіберген қателігін мұғалімнің мүлтіксіз жөндеуін, өз баласының білімі мен тәрбиесінің мінсіз болуын мұғалімнің жауапкершілігіне ысырғысы келеді. Баланың бас ұстазы – ата-ана. Демек ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтеруіміз керек. Ата-ананың бала тәрбиесі туралы білімі, негізгі ұстанымдары болмаса қиын. Үйінде дұрыс тәртіп, жүйелі тәрбие алмаған бала мектепке келсе де дұрыс тәрбие ала алмайды. Сондықтан аналарды мұғалімдер тарапынан қолдау, олардың педагогикалық мәдениетін дамыту маңызды. Өйткені ол үйінде бала тәрбиелеп отыр.

Білім берудің жаңа бағыттары қандай? Не нәрсеге басымдық берген дұрыс? Қайтсек біз білімді мемлекет боламыз? Осыған орай баламызды қалай тәрбиелеуіміз керек деген ортақ мүддеге жұдырықтай жұмылу қажет.

Қазіргі отбасылар баланың сабаққа дайындалуы мен тәрбиесі жөнінде ақылы қызметке жүгінеді. Мұның дұрыс та, бұрыс та жағы көп. Бала ата-анадан алшақтап, үнемі түрлі адамдардың ықпалында жүреді. Біз «ата мектебі» мен «әже мектебі», «аға мектебі» мен «жеңге мектебі» деген ұлттық тәрбиесімізде дәстүрлі болған әлеуметтік институттарды жоғалтып алдық. Ол ол ма, қаншама бала әке тәрбиесін көрмей өсіп келе жатыр. Сорақы ма? Сорақы нәрсе. Бала ата мен әженің кім екенін білмейтін болса, болашақ өміріндегі олқылыққа әкеліп соғады. Демек ол балаға берілетін тәрбиенің арналары тарыла бастайды.

Қазір бізде «жас көріну» деген тенденция пайда болды. Мысалы, менің замандастарым мен қатарымдағылар қартайғысы келмейді. «Мені әже деп айтпа», «апа» деп айт» дейді. Әрине, жас көрінген жақсы. Бірақ жас көріну де бақыт әкеле бермейді. Уақытты мойындап, кейінгі ұрпақ алдында өз жасыңа сай мейіріміңді, даналығыңды көрсетер болсаңыз, бала-шағаңыз бен әулетіңіздің, тіпті қоғам алдында беделіңіз өспей ме?! Ақшаң жетпейтін жерге мейірімің мен ақылың жетсе жақсы емес пе?! Біздің көп ата-әжелер немерелеріне бұрынғы аталар мен әжелер әлеуметтік институты беретін құнды ұлттық дүниелерді бере алмай қалды. Демек бала тәрбиесінде ықпалды емес аталар мен әжелер отбасы тәрбиесіндегі өзіндік рөлінен айырылып қалды.

Осы орайда «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты осы оқу жылынан бастап, ата-аналарды педагогикалық қолдау идеясын қолға алып, мектептердегі ата-аналармен жұмысты жолға қойып жатыр. «Даналық мектебі» арқылы мектеп оқушыларына аталар мен әжелердің, ағалар мен жеңгелердің де тәрбие берудегі әлеуетін пайдалануға ғылыми-әдістемелік тұрғыдан көп күш салуда. Осындай қамқорлықты басшылыққа алса, мектептегі тәрбие жұмысы оң нәтижелер береді деген үміттемін.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді