Сәбира Көшқали: Еріктілердің қағидасы – қайырымдылық жасау

27 шiлде 2023, 15:10

Түркістан облысындағы еріктілердің еңбегі мен атқарып жүрген жұмыстарын қалай мақтаса да тұрарлық. Ерікті болуды жүрек қалауымен таңдаған жастардың игі ісі қашанда көпке үлгі.
Мәселен, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сәбира Көшқали Түркістан облысындағы волонтерлік ұйымды басқарып отыр. Атап айтсақ, Төле би ауданындағы жоғары «Мейір Бейс» колледжінің жанынан құрылған ұйымға жетекшілік етеді. Сұхбатымыздың негізгі желісі де ел ішінде ерікті болып жүрген ұйым мүшелерінің ізгілікті жұмысы жайында өрбіді.

– Сәбира Орынбасарқызы, сіз жоғары «Мейір-Бейс» колледжінде директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарасыз. Одан бөлек, қоғамдық жұмыс ретінде «Мейір-Бейс» волонтерлік ұйымына да жетекшілік етіп жүрсіз. Осы ұйым қашан құрылды? Әңгімемізді ұйым тарихын тарқатудан бастасақ.

– Өзіңіз айтып отырғандай, «Мейір-Бейс» еріктілер ұйымы 2016 жылдан бастап белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Колледж студенттерінің арасында ерікті болуға ұмтылатын, қайырымдылық жасауды жаны қалап тұратын жастардың басын қосатын орталықтың қажеттілігі туындады. Ақыры медициналық колледж басшылығының келісімін ала отырып, жеті жыл бұрын осы ұйымды құрып, белсенді жұмыс істеп келеміз.

– Түркістан облысындағы іргелі аудандардың бірі Төлеби ауданында басқа тағы қандай волонтерлік ұйымдар бар? Өзге волонтерлермен әріптестік байланыс орнатасыздар ма? Өйткені бәріңіздің де илегендеріңіз бір терінің пұшпағы ғой.

– Мұныңызбен әбден келісемін, өзі де біздің бәріміздің де көздеген мақсатымыз бір, мұратымыз да айқын, ол – елге қамқорлық жасау, қайырымдылық істерімізді көрсету. Осындай мақсатта құрылған бізден бөлек Төлеби ауданында екі волонтерлік ұйым бар. Олармен біз жастар орталығы арқылы жұмыс істейміз. Қандай да бір маңызды іс-шаралардың маңынан бірге табыламыз. Өйткені аудандағы еріктілер ұйымы болғандықта, ешқандай да бәсекелестік, талас-тартыс жоқ.

– Ұйымға мүше волонтер жастар қандай қамқорлық істерді жүзеге асырып келеді?

–Айтсақ, мақтанғандай болармыз, бірақ өзіңіз сұрап отырсыз ғой. Ұйымға мүше волонтер жастар, түрлі қамқорлық іс-шараларды өткізуде ештеңеден де тартынбайды, бар күшін салып ұйымдастыруда аянып қалған емес. Біздің еріктілер көбінесе жасы келген қарттардың үйіне барып, қолғабыс жасайды. Ауласын сыпырып тазалайды, қорасын реттестіреді, бақшасындағы қураған ағаштарын кеседі, түскен жапырақты жинастырады. Басқа да ауыр жұмыстарды атқаруға атсалысады. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, жасы тоқсаннан асқан қариялар бар, Ауған соғысының ардагерлеріне де көмек қолын созып, үйін жинастырып, ауласын реттестіріп береді. Қарты бар үйдің қазынасы бар деген қазақ. Ақсақалдарымыз бір үйдің, не болмаса бір әулеттің ғана емес, бүтіндей бір ауылдың, рулы елдің қазынасының қайнар көзі саналған. Қарт кісілердің үйлеріне барғанда еріктілер тек қана үй шаруасына көмектесіп қайтпайды, рухани байып, өнегелі әңгімелерін тыңдап әсерленіп қайтады. Біз осылайша еріктілік жұмыстарды атқара жүріп қарияларымызды қуантамыз.

— Жөн екен, волонтерлердің негізгі миссиясы да осы емес пе. Жергілікті аудандық және облыс әкімдігімен бірлесіп іс-шаралар өткізіп тұрасыздар ма? Әкімдіктің волонтерлік ұйымға қолдауы қалай?

– Жергілікті, яғни Төлеби ауданының әкімдігі волонтерларға үлкен көмектерін көрсетіп, әрқашанда біздің бастаған ісімізге қолдау көрсетуден тартынған емес. Атап айтқанда, рухани бағытта үлкен жұмыстарды бірлесіп атқаруда қолдау танытып отырады. Ерікті студенттерімізге күш-жігер сыйлап, алдағы уақытта үлкен игі жұмыстарды атқаруға да серпін береді.

– Ұйым жұмысын жандандыру мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асырылып келеді? Түрлі форум, басқосу жиындар өткізіле ме?

– Төлеби ауданы туристік аймақ саналған соң, волонтерлер біздің бет-бейнеміз. Сол себепті аудан, қала әкімімен және жастар орталығының ұжымымен түрлі кездесулер ұйымдастырылып, алдағы перспективалы жоспарлар талқыланып отырады. Келген әрбір туристің қаржысы – ауданымызды көркейтуге құйылған инвестиция. Сондықтан да еріктілер ауданымызды тамашалауға келушілерге қолынан келер көмегін көрсетуге әзір тұрады. Кездесулерде осындай мәселелер де талқыланып, түйткілді түйінді шешу жолдары айтылады. Ауданымызда экотуризмді дамыту мақсатында Төлеби аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп, туристік орындарға арнайы маршурттар ұйымдастырдық. Жылақ ата мен Шілтер әулие сынды киелі орындарға біздің еріктілер де барып тұрады. Тек өздері үшін емес, көргісі келетін туристерге де жол бастайды.

– Колледж студенттері волонтерлік қызметке қаншалықты үлес қосып жүр, олардың қызығушылығы жоғары ма?

– Иә, колледж студенттерінің ерікті ретінде халыққа қызмет көрсетіп, алғысын алу адамды жігерлендіріп, алға жетелейтіндігін өте жақсы ұғынған. Сондықтан да жыл сайын 1-курсқа қабылданған студенттер арасынан да волонтерлік ұйымға мүше болғысы келетіндердің қатары арта түседі.

– Өзіңіз қоғамдық жұмыс ретінде білдей бір еріктілер ұйымына жетекшілік етесіз. Волонтердің бойынан қандай қасиеттер табылуы керек?

– Гуманизм, абырой, отаншылдық, шыншылдық, жанашырлық бойынан табылуы тиіс еріктінің. Жалпы ерікті деген кім деп әркім өз-өзінен сұрақ қойып сұрауы керек. Өзіңіз де білесіз, волонтер деген латын сөзі, адам өзінің жүрек қалауымен қоғамдық жұмыстарды белсене атқаруды еріктілік деп түсінеміз. Еріктілер жеке жүріп те немесе топтасып та жұмыс істейді. Өзінің қарақан басын ойлап, дүние қумайды, атқарған әрбір шаруасына ақы да сұрамайды. Есесіне, ол үлкен сауапқа кенеледі.

– Енді колледж студенттерінің, яғни түркістандық жастардың жетістіктері туралы сұрасам. Білуімізше, «Мейір-Бейс» колледжінің студенттері спорттық сайыстардан да олжалы оралып жүр екен.

– Дұрыс айтасыз, мысалы, паражеңіл атлетикадан тірек-қимыл аппараты және көру органдары зақымдалған жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында біздің колледждің студенттері 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль иеленді. Осындай талантты спортшыларды өмірге әкелген ата-аналарын да колледж әкімшілігі алғыс хатпен марапаттап, қолдау көрсетіп отырады.


Сонымен қатар колледжде жыл сайын «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» секілді байқаулар ұйымдастырылып, болашақ медицина мамандарының арасындағы өнерпаздарды анықтаймыз. Биылғы оқу жылында жігіттеріміз әскери өмірдің темірдей қатал тәртібімен танысу, қаруды қолдану әдістерін үйренуге, түрлі әскери тактикалық сабақтарды өтуге, бейбітшілік өмірдің қадірін түсіну және жоғары патриоттық рух қалыптастыру мақсатында оқу-жаттығу жиынына қатысып келді. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Т.Жүргеновтың 125 жылдығына және «Тарих және этнология» ғылыми орталығының 10 жылдығына орай, ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобалар бойынша ғылыми конференциясына Жоғары «Мейір-Бейс» колледжінен төрт бірдей студентіміз қатысты. Өздерінің ғылыми мақалаларын сәтті қорғап жүлделі орыннан да көрінді. Атап айтсақ, 1 курс студенті Тұрсынбай Абдурахман 1 орынды иеленді. Сондай-ақ Қауымбек Әбдірахман, Сәуірбай Думан, Севин Әбдікәрімова ғылыми жобаларын жоғары деңгейде қорғап, арнайы сертификатпен марапатталды. Жыл сайын «Үздік маман иесі» деген тақырыпта өтетін сайысымызды да студенттер асыға күтеді. Мұның барлығы да оларды ынталандыру мақсатында жүзеге асырылады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Қуаныш Рахмет

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді