Қозы Көрпеш Жасаралұлы Қызылорда қаласы

03 наурыз 2017, 21:00

«Мен және ғаламтор»

Алгебрадан «агент», тарихтан «твиттер», физикадан «фейсбук» артық па?

Интернет иірімін ақтарып, кейде шаттанып, кейде «от қарып» қалатын сәттер жиі болады. Жалпы, біз осы ғаламторды қалай қолданып, яки зиянды ақпараттардан қайтіп қорғанып жүрміз? Шындығында бүгінде алапат қуатқа ие болған бұл құралдың құндылығы қай жерде? Кім не көреді, нені тыңдайды, нені оқиды?

Рас, батыстан берілетін ақпараттардың бұрмаланатыны анық. Әркім өз ыңғайына, өз ұпайына жұмыс істейтіні тағы белгілі. Осы ретте ғаламтортың ғаламат мүмкіндігі зор пайдасын тигізіп отырғаны сөзсіз. Жә, біз осы мәселені әлемдік деңгейде ойланбай-ақ, өзіміз қандай «тауар» тұтынып, одан иә ұтып, иә ұтылып жүрміз. Саралап, салмақтап көрейік.

Елестетіңіз. Оған көп қиялдың да қажеті жоқ. Мысалы, 10 сынып оқушысында ұялы телефон жоқ. Иығында сөмкесі, миығынан күліп, қоңырқай тірліктің басы-қасында жүр. Сабаққа барады, үйге келеді. Кітап оқиды, бір мезгіл доп теуіп, тынығып, қайта оқуға кетеді. Дәл осындай бейнені осыдан он шақты жыл бұрын еске түсірсеңіз, таңғалмауыңыз мүмкін. Қазіргідей қалтафон болмады. Тек тың жаңалықтың барлығын теледидардан тамашалап, сонымен ғана тыныстайтын. Есесіне ақпарат мың мәрте сұрыпталып, сақа журналистердің таразысына түсіп таратылатын. Әлеуметтік желі дегеніңіз атымен болмады. Әрі кетсе, агент. Оның өзі ілуде біреуінде ғана. Тек «мен» деген магнаттардың баласында болмаса, қарапайым шаруа отбасының ондайда шаруасы да жоқ еді. Бірақ ата-ана еш алаңдамайтын. Себебі «ұл-қызым не көріп жүр?» деген сұрақ қазіргідей «хит» сауал емес-тін. Дәл осы арадан аялдайық та, бүгінгінің бейнесіне оралайық.

Мейлі мойындаңыз, мойындамаңыз. Қазіргі күні ата-аналар балаларына ұлттық бірыңғай тестілеуге жақсылап дайындал дегеннен гөрі, жақсы телефон іздеп әлек. Тіпті, оныншы сыныптан бастап интернеті іркілмейтін қалтафонды іздеу бүгінде қалыптасқан «дәстүр» сыңайлы. Керек десеңіз, тестің сұрағынан гөрі, технологияның тілін білу маңыздырақ. Осыдан-ақ ғаламтордың «пайдасын» білу қиын емес. Алгебрадан «агент», биологиядан «Вконтакт», тарихтан «twіtter», физикадан «фейсбук» артық па? Заман ағымына ілесу керек дейсіз бе? Солай-ақ болсын. Ендеше кешегі «көк кит» жастарыңды қынадай қыра жаздаған жоқ па? Әсіредіншілдер әлеуметтік желіде емін-еркін болашағыңды байлап жүрген жоқ па? Қайтпек керек? Балаларға бақылау қалай жасаймыз? Бір ақпарат, бір тағдыр.

Тағы да сол ғаламтор. Дәрігерге қарала берсең, өзің де дәрігер боп кететінің секілді бұ мәселе де күйіп тұр. Соншалықты ыстығы сол, ізіңнен ерген ініңмен ғаламтор үшін ғайбаттасып қалатын сәттер де кездеседі. Телефонға телміріп тартымды туындыларды (электронды кітап, тарихи кинолар) көреді, оқиды дейсіз бе? Жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі

желіккен бейнежазбаларлар мен даңғыр-дұңғырды тамашалау қызықты һәм болашаққа қауіпті.

Балалардың жай-күйіне бас қатырып болдық. Енді ересектердің ессіз әрекетіне тоқталсақ. Шындығында, қару алып соғыс ашқаннан, қалам алып ақпараттық соғыс ашқан өте қиын. Кезінде Наполеон Бонапарт газеттен сескенсе, бүгінде ғаламтордан қорқамыз. Интернет желісінің елімізге келгеніне де аса көп бола қойған жоқ. Әйтсе де, аз уақытың ішінде миллиондаған жандардың «сүйіктісіне» айналып үлгерді. Ал оны тиімді қолдану мүлде басқа әңгіме. Әншілер ішкен-жегенін айтады, сайттар оны жарыса жазады (көшіріп жазу белең алып кетті), әйтеуір «әләулайлім таусылса, хәләулайлім тағы бар» дегеннің кері. Кейде бұл қаламгерлердің абыройына нұқсан келтіретін секілді көрінеді де тұрады. Несін жасырамыз, ғаламтордың шексіз мүмкіндігі бар. Іздену дегенді мүлдем ұмыттық. Құдай бере салған «Гугл аға» қысылғанда көмекшің. Ал «көмекшіңнің» қастық қылмайтынына кім кепіл? (Оған мысал ретінде видеоүндеулер арқылы Сирияға аттанған жастар айта аламыз.)

Сөз соңында елімізде көптеген әлеуметтік желілер мен сайттардың жұмысын қатаң бақылауға алса деген азғантай әрі маңызды бұйымтайым бар.

 

 

 

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді