
Бүгін 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр — Жеңіс күні және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығы қарсаңында әскери кафедраның 400-ден астам түлектері Отанға адалдық антын қабылдады. Салтанатты рәсім университеттің бас ғимаратының алдында өтті.
Әскери ант қабылдау рәсіміне ЕҰУ-ің Басқарма төрағасы — Ректоры Ерлан Сыдыков, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, түлектердің ата-аналары және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты шараны Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының бастығы, генерал-майор Еділ Оразов ашып беріп, өз сөзінде былай деді:
— ҚР Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 25 қарашада бекітілген №1647 бұйрығының 4-ші тарауына сәйкес еліміздің жоғары оқу орындарында әскери кафедралар түлектерімен әскери Ант қабылдау рәсімі биылғы жылдан бастап Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күні мерекелер қарсанында салтанатты түрде өткізілуге тиісті болып белгіленді. Бұл шешім өте терең символдық мәнге ие. Себебі әскери ант қабылдау, азаматтың толыққанды әскери қызыметкер ретіңде қару ұстап, мемлекет қауіпсіздігің қорғауға құқылы екенің білдіретін ресми рәсім.
Ұлы Даланы мекендеген ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өзінің халқының алдында елің, жерің, ошағын — бес қаруымен жаудан қорғауға ант еткен. Отаның болашақ ұрпаққа, мына сіз бен біздер үшің сақтап келген. Әскери ант қабылдау Отанына, халқына, соңғы демі таусылғанша адал болу, ал еліңе сын төнсе, мойымай көтеру, тіпті қажет болса жан қиюға да дайын болу деген сөз. Ант адалдық рухы. Халқымыз әрқашан анттан аттаған — ардан аттаған деп есептеген.
Қазіргі таңда әлемдегі жағдай жедел және сонымен бірге өте қатерлі түрде өзгеріп жатырғаны белгілі. Осындай айналамызда қалыптасқан күрделі заманда сүйікті Отанымыз — Қазақстанымызды қорғауға міңдетті түріңде дайын болу – міне осы қасиеттер жас қазақстандықтардың бойында ерекше болуға тиіс!
Әскери ант сарбаздар үшің ел алдындағы абыройлы борышты өтеудің бастамасы. Әскери ант жауынгерлердің бойында Отанға деген сүйіспеншілік, батырлық және жауапкершілік сезімдерің нығайтады. Қадамдарыныз құтты болсын!

Содан кейін ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев сөз алды:
— 2026 жылғы 2–6 мамыр аралығында Қазақстанның 80-нен астам жоғарғы оқу және жоғарғы оқудан кейінгі оқу орындарында 13 мыңға жуық студентері республика көлемінде алғаш рет ауқымды түрде әскери ант қабылдауда. Бұл — жастардың патриоттық рухын нығайтып, елге қызмет етуге дайын екендігінің айқын көрінісі.
Халқымызда: «Ер — елінің қорғаны» деген сөз бар. Бұл — жай ғана мақал емес, ғасырлардан жеткен аманат. Бүгін сол аманат сіздердің иықтарыңызға жүктеледі. Әскери ант — қағаз жүзіндегі сөз емес, бұл — елге, жерге, халыққа берілген серт. Оны жүрекпен қабылдайды, армен алып жүреді.
Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті — тек білім мен ғылымның ордасы ғана емес, елге қызмет ететін саналы, рухы биік жастарды тәрбиелейтін беделді оқу орындарының бірі. Биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған университет Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп, талай білікті маман мен Отанға адал азаматтарды қанаттандырды. Осындай беделді оқу орнында әскери ант қабылдау — сіздер үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Себебі елді қарумен ғана емес, біліммен, рухпен және патриоттық санамен де қорғайды.
Іс-шара барысында әскери кафедра студенттері отандық TAIMAS жауынгерлік машиналарын пайдалана отырып, барлау тобының тактикалық әрекеттерін көрсетті. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Құрмет қарауылы ротасының дефилесі көпшілік көңілінен шықты. ҚР ҚМ Арнайы операциялар күштеріне қарасты әскери бөлімнің жауынгерлері қоян-қолтық ұрыс элементтерін паш етті.
Іс-шараның патриоттық рухты қалыптастыруға, әскери дәстүрлерді нығайтуға және әскери кафедра студенттерінің даярлық деңгейін арттыруға бағытталғанын айта кету керек.

Әскери кафедрадағы оқуын аяқтағаннан кейін түлектерге «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі. Бұл азаматтық мамандықпен қатар қосымша (әскери) мамандық алуға және болашақта Қазақстан Республикасының күштік құрылымдарында мансап құруға мүмкіндік береді
Әбубәкір Смайылов,
әскери журналист