Мұрат ҚАБДЕНОВ: Қандай да бір заңсыз әрекет жазасыз қалмайды

24 қараша 2023, 16:17

Бүгінде қоғам дертіне айналған теріс әдет жетіп артылады. Солардың ішінде адамзат діни экстремизм, нашақорлық, алкоголь мен темекі және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп келеді. Осы ретте Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов мырзаны сөзге тартып, тәртіп сақшылары аталған мәселелерге қалай тосқауыл қойып жатқанын сұраған едік.

– Мұрат Талапұлы, бүгінгі сұхбатты нақты төрт бағыт бойынша жүргізсек деп мақсат еттік. Ендеше бірінші сауал діни экстремизмге қатысты болмақ. Түрлі теріс діни ағымдар мен ұйымдар қаптаған мына заманда осы бір мәселемен қандай күрес жүргізіп жатырсыздар?

– Діни экстремизммен күрес – баршамызға ортақ міндет. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ бірқатар халықаралық келісімшартты орындау мақсатында халықаралық террористік ұйымдардың облыс аумағында әрекет етуіне тыйым салынуда. Деструктивті діни ағым ұстанушылары бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеу барысында, тіпті жазасын өтеп шыққаннан кейін де бақылауға алынып, мекенжайлары бойынша қадағалау жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Сондай-ақ полицейлер бұл санаттағы тұлғалардың басқа да тыйым салынған экстремистік партияларға, қарсылық бағыттағы азаматтардың қатарына қосылуының алдын алу бойынша олардың жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттерін бақылауға алған. Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы атқарған жұмыстардың нәтижесінде, жыл басынан бері 13 экстремистік сипаттағы қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде облыс аумағында терроризмді насихаттау фактісі бойынша Тәжікстан азаматы ұсталып, қамауға алынды. Бұдан бөлек жыл басынан бері экстремистік сипаттағы 800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп, жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында діни әдебиеттерді рұқсатсыз, яғни заңсыз сату фактісін анықтады. Нақтырақ айтсам, облыс орталығы базарларының бірінде діни сипаттағы 13 дана кітапты рұқсатсыз сату дерегін айқындадық. Тәркіленген әдебиеттерді Түркістан қаласының Дін істері басқармасына сараптамаға жібердік. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармақшасымен «Қазақстан Республикасының Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу» жәйті тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылды.

Оған қоса терроризмге осал нысандарды тексеру жалғасуда. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес, террористік тұрғыдан осал насандар қатарына: аса маңызды мемлекеттік объектілер, стратегиялық, қауіпті өндірістік объектілер және денсаулық сақтау мен білім беру мекемелері, спорт мекемелері, теміржол вокзалдары, қоғамдық тамақтану объектілері, қонақүйлер, демалыс аймақтары және тағы да басқалар жатады. Полицейлер бұл нысандардың бейнебақылау және күзет, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жүйелеріне, бақылау-өткізу, профилактикалық оқу іс-шараларын ұйымдастыруға және т.б. талаптарға қатысты сәйкестігіне тексеру жүргізді. Оның ішінде жеке құрам оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарға алып, жоспарға сәйкес мектептерді қатаң бақылауға алған деп айта аламын.

– Өңірімізде теріс діни ағым мүшесі ретінде есеп алынған азаматтар көп пе? Олар қоғамның тыныштығына қауіп төндіруі мүмкін бе?

– Бүгінгі таңда облысымызда тізімдік есептегі деструктивтік діни ағым ұстанушыларының саны 1400-ден асты. Оның ішінде 895-і ерлер, 571–і әйелдер. Аталған тұлғалардың деструктивті және экстремистік идеологиядан бас тартуы үшін жедел мүмкіндіктер арқылы радикалды идеологияның беделін түсіретін ақпараттарын жеткізе отырып, түсіндірме шаралары жүргізілуде. Нәтижесінде 125 адам дәстүрлі дінге оралып, 152 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделген. Экстремистік материалдарды таратудың негізгі алаңдары – әлеуметтік желі, яғни Youtube, Instagram мен Facebook. Сондықтан мұндай теріс әрекеттерді болдырмау облыс полицейлерінің күн тәртібінен түскен емес.

– Ал адамдар арасындағы нашақорлық және заңсыз есірткі айналымы бойынша қандай шаралар қолға алынған?

– Елімізде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Аталған жоспардағы талаптарды іске асыру, облыс аумағында құқық қорғау органдары мен басқа да ведомстволардың басшылығынан құрылған Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы «Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы ведомствоаралық қызметті үйлестіру штабының» қадағалауымен іске асырылуда. Кешенді жоспардың мақсатты орындалуы тоқсан сайын аталмыш штабтың кезекті отырыстарында қаралады. Нақты тапсырмалар бойынша жұмыстар жасалып, профилактикалық шаралар жүйелі жолға қойылған десек болады. Оның ішінде жас буын өкілдері мен ата-аналарды қатыстыра отырып, түрлі деңгейдегі профилактикалық жұмыстар, дөңгелек үстелдер, жиындар мен басқосулар өткізіліп отырады. Жыл басынан бері 42 мыңға жуық оқушы мен студент, ата-аналар және жергілікті тұрғындар қатысқан 146 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығымен бірлесіп, есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу бойынша профилактикалық іс-шара өткізеді. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның басқа да облыстары мен әлемде логистика арқылы есірткі тасымалдаудың жолын кесу. Осы орайда Түркістан облысы бойынша «Қазпошта» филиалының ғимаратында полицейлер «Қазпошта» қауіпсіздік қызметкерлерімен бірге есірткі заттарын заңсыз тасымалдау мен жеткізудің алдын алу бойынша өзара іс-қимылды пысықтап отырады. Тәртіп сақшылары қызметтік иттің көмегімен жүк көліктерін, сондай-ақ жеткізілетін пошта мен сәлемдемелерде тыйым салынған заттарды тасымалдау үшін тексеру жүргізеді. Бұл өз кезегінде транзиттің алдын алуға және есірткі айналымына байланысты құқық бұзушылықтарды азайтуға көмектеспек.
Полиция қызметкерлерінің есірткі құралдарының таралуына тосқауыл қою, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресте атқарар жұмыстары мұнымен шектелмейді, сан алуан. Осы іс-шараны тиісті деңгейде атқару үшін, полицейлер «Балаларыңызды есірткіден қорғаңыз!» тақырыбында адамдар көп шоғырланатын орындарға барып, үнпарақтар іледі, жаднамалар таратады. Дүкендерді, тамақтану орындарын, қоғамдық орындар мен көше қиылыстарын да тыс қалдырмайды. Сонымен қатар есірткі қылмысының алдын алу мақсатында тұрғындармен жұмыс жүргізіп, есірткінің заңсыз айналымы, тасымалы, қандай да бір заңсыз әрекет жазасыз қалмайтындығын ескертеді. Акцияға қатысатын білім беру, денсаулық сақтау және басқа да қызығушылық білдірген мекемелердің өкілдерімен бірлесе отырып, студенттер мен оқушыларға есірткі қылмысының зардаптары және есірткі қолданудың зияндылығымен ақпараттандыру мақсатында ашық сабақтары өткізіліп, үнемі салауатты өмір салтын ұстанып жүруге үгіттейді.

Қазақстан Республикасы ІІМ жоспарына сәйкес, «Дәрмек», «Қарасора» атты жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын, фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ есірткі құралдарын заңсыз сақтауға, өткізуге және контрабандаға байланысты қылмыстардың жолын кесу. Сонымен қатар шара кезінде полицейлер, химия-фармацевтикалық, өнерәсіптік, медициналық мекемелердің құрамында есірткі құралдары және психотроптық заттары бар дәрі-дәрмектерін заңсыз айналымға түсіруіне жол бермеу, осындай құқық бұзушылықпен айналысатын тұлғаларды анықтау бағытында қарқынды қызметтер атқарды. Мұндай шаралар қатарына жақында ғана Түркістан облысының 5 жыл толуына орай әкімдіктің қолдауымен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырған спартакиаданы қоссаңыз болады. «Жастар есірткіге, синтетикалық есірткілерге және нашақорлыққа қарсы» ұранымен ұйымдастырылған жарыс кәмелетке толмаған жастар және облыс тұрғындары арасында өткізілген болатын. Үш күнге жалғасқан бұл іс-шарада облыс жастары спорттың волейбол, футбол, еркін күрес, қазақша күрес, дзюдо, суға жүзу, таэквандо, жүгіру және т.б түрлерінен бақ сынады.
Түркістандық тәртіп сақшылары бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарып, есірткісіз қоғамның қалыптасуы жолындағы іс-шараларды жалғастырады.

– Соңғы уақытта заңсыз есірткі саудасымен айналысқан қылмыскерлер де, тәркіленген тауарлар да көбейіп кеткен секілді. Бұл қоғамда есті кетіретін іспен айналысатындардың да көбейгенін білдіре ме?

– Қазіргі таңда, оңай ақша табу үшін заңға қайшы түрлі қылмыстарға баратын адамдар аз емес. Олармен күрес — полицияның ең бірінші міндеті. Соның ішінде, есірткі қылмыстарымен күрес маңызды талаптың бірі. Жыл басынан бері біздің жеке құраммен заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам түрлі есірткі заттары анықталып, тәркіленген. Бұл қылмыстық істерді жасаған күдіктілер көбіне есірткі егіп, аса ірі көлемде есірткі сақтаумен айналысқандар. Ал есірткі саудасымен айналысқан тұлғаларға қатысты тіркелген қылмыстар 2022 жылдың 10 айына қарағанда 22-ден 17-ге немесе 22,7 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш есірткі саудасымен айналысатын тұлғалардың азайғанын көрсетіп отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар барынша жоғары деңгейде атқарылып жатыр деп айта аламын.
– Білуімше, елімізде алкоголь мен темекі саудасына қатысты да шектеулер баршылық. Сол бір заң талаптарын өз аузыңыздан естісек?
– Түркістан облысы бойынша 2023 жылдың 10 айында Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі (21 жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін өткізу) көзделген шектеулердегі заңнама талаптарын бұзған 190 тұлғаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабының 3-бөлігімен (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) шара қабылданды. Алкоголь өнімдерін шектен тыс қолданатын 60 тұлға сот шешімімен мәжбүрлеп емдеуге орналастырылды.
Осы орайда заңда көрсетілген шектеулер мен жаза түрлерін айта кетсем. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабы бойынша (21 жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін өткізу) жас буынға алкоголь өнімдерін сатудың 47 (2022 жылы — 56) дерегі анықталған. Заңда көрсетілгендей, мұндай құқық бұзушылық үшін лицензияның қолданысын тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жазасы қолданылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 133-бабымен (18 жасқа толмаған адамдардың темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сатуы) 10 (2022 жылы — 15) әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл заңда жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 423-1-бабына қатысты (21 жасқа толмағандарға темекі және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату) 23 дерек (2022 жылы — 26) анықталып, тиісті шарасы көрілген. Мұнда жеке тұлғаларға — он бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді деп көрсетілген.
Ал Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы бойынша (Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салуды бұзу) жеке тұлғаларға 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –жеке тұлғаларға 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. Сонымен қатар жұмыс берушiнiң темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды бұл үшiн арнайы айқындалмаған орындарда тұтынатын адамдарға шаралар қолданбауы – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 60 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

– Ішімдік тұтынумен байланысты қандай қылмыстар орын алады?

– Өздеріңізге белгілі, көбіне отбасындағы ұрыс-керіс, көшедегі бұзақылық, басқа да қылмыс түрлері осы ішімдік ішудің салдарынан болып жатады. Сондықтан біздер «Ішімдіксіз қала, ауыл» деген секілді шараларды қолға алып, түрлі форумдар өткізіп келеміз. Полиция басшылары, учаскелік полиция инспекторлары ауыл ақсақалдарымен және жас буындармен кездесулер өткізіп, тәрбиелік мәні зор шаралар атқарудамыз. Соның нәтижесінде Төлеби, Келес және Ордабасы аудандарында ішімдіктен мүлдем бас тартқан, соңғы жылдары мүлдем қылмыс тіркелмеген ауылдар барын мақтанышпен айтамыз. Дегенмен бұл бағыттағы іс-шаралар үздіксіз жүргізіле бермек.

– Жоғарыда айтылған діни экстремизм, нашақорлық, алкоголь мен темекі біздің жастарды теріс жолға түсіріп жатқан жоқ па?

– Иә жастар арасында есірткі, оның ішінде синтетикалық есірткілердің таралуы республика аумағында, әсіресе еліміздің ірі қалаларында өршіп тұр. Бұл Президентіміз бен ішкі істер министрлігін де алаңдатуда. Осы індетпен күресу және оны түп тамырымен жою мақсатында, полицияның барлық күш-құралдары жұмылдырылуда. Түркістан облысында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, жыл басынан бері синтетикалық есірткілерге қатысты 10 дерек анықталып, жалпы 14 грамм синтетика есірткісі тәркіленген. Айта кетсек, анықталған деректерге қатысты жасөспірімдер анықталмаған.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық та қоғамның бір дерті болып келе жатыр. Осы бір қылмысқа қалай тосқауыл қоюға болады?

– Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасының шырқын бұзады, ерлі-зайыптылардың ажырасуына, ата-ана құқығынан айыруға, бала тәрбиесінің нашарлауына әсер етіп, қылмыс жасауына, суицидке баруына және басқа да теріс жағдайларға әкелуіне ықпал жасайды. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді «өтініш беру» сипатынан «анықтау» сипатына ауыстырды. Тиісінше, жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Тараптарды қайта татуластыру тетігі алынып тасталды. 1 шілдеден бастап сотта бір рет қана татуласуға мүмкіндік беріледі. Бұл психологиялық қысымнан зардап шеккендерге қатысты қатал әрекеттерді тоқтату үшін керек.

Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді. Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің шеңберінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік қамауға алу мерзімдері айқындалған. Сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылықтар бойынша 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар, 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру қылмысын жасауға байланысты жекелеген баптарға біліктілік белгісі енгізілді. Бұл белгі «Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» деп танылады. Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

– Зорлық-зомбылық деректерінің ашылуына біздің ұлттық менталитетіміз кері әсерін тигізбей ме?

– Негізінен көбіне тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбандары болып 18-39 жас аралығындағы әйелдер көмекке жүгінеді. Олар өмір бойы жолдасы тарапынан күш қолдану немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандығы туралы көмек сұрап келеді. Алайда арыз жазса да, оны қайта алып кететін сәттер жиі болады. Негізгі мәселе – әйелдер мен жасөспірім қыздар агрессордан немесе оның туыстарының іс-әрекеттерінен қорқып (немесе жұрттан ұят болады, үйдегіні сыртқа шығарма, бала босансаң басылар деген ұғыммен), өз құқықтарынан бас тартады және істі сотқа дейін жеткізбейді. Кейбір сәттерде күйеуімен татуласып үлгергендері, тіптен полиция жұмысына қарсылық білдіріп, жағдайды одан әрі қиындатып жатады. Мұндай кезде ол әйелдерге барынша психолог мамандарының қызметін көрсетуге ықпал етеміз. Олардың ісін қарауға әйел полицейлерді бекітеміз.

Жалпы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бүкіл ел бойынша «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізіп келеді. Негізгі мақсаты – халықты әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жауапкершілігін ескертуге, алдын алуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталған шаралармен таныстыру. Шара барысында біздің полицейлер арнайы қонақтар шақыртып, маңызды кездесулер де ұйымдастырады. Ата-аналармен тренинг жүргізіп, ерекше серпіліс сыйлайды. Іс-шараларға әжелер алқасының мүшелерін тартып, ақ жаулықты аналар жас қыздарға өмірлік тәжірибелерін сіңіреді. Отбасыда сыйластық барда, ешқандай зорлық-зомбылық болмайтынын жеткізеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы аясында ой-пікірлер айтылады. Түсіндірме жұмысы барысында ауыр қылмыстарға бейімділік танытпауға, отбасындағы туындаған кикілжіңдерге түсіністікпен қарап, ажырасуға, зорлық-зомбылыққа дейін жеткізетін мәжбүрлікке бармауға шақырылады. Әйелдерге әрдайым психологиялық және құқықтық көмек көрсетілетіні, арнайы қолғабыс ететін орындар қызмет ететіні жеткізіледі. Іс-шарада қонақтар мен оқушылардың бір-біріне деген қарым-қатынасы ашық болып, кері байланыс жасау мақсатында психологиялық-тренингтік ойындар ұйымдастырылады.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары әкімдік жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясымен бірлесіп, көпбалалы отбасылардың үйлеріне арнайы барып, «Отбасы күні» мерекесімен құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етеді.
Осы тұста отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған азаматтарды өз проблемаларын қорықпай, ашық түрде айтуға шақырамыз. Қандай да бір заңсыздықты, күш көрсету әрекеттерін басынан өткеріп немесе куәсі болса, бірден полицияға шағымдануға кеңес береміз. Ана мен баланы қолдау үшін құрылған арнайы мекемелер, дағдарыс орталықтарының көмегіне жүгінуге болатынын жеткіземіз.
Жалпы сіз бен біз қозғап отырған мәселелер қашан да қоғаммен бірге «өмір сүріп», күн тәртібінен түспейді. Тиісінше, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуді міндет қылған барлық полиция қызметкерлері мәселемен күресті бір сәтке де тоқтатпақ емес.

– Сұхбаттасқаныңызға, ашықтық танытқандарыңызға алғыс білдіремін!

Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан облысы

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді