
Президенттік жастар кадрлық резервіне Түркістан облысынан өткен жастардың басым көпшілігі түрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Солардың бірі — Мұрат Байсалов. Бүгінгі күнде ол Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы лауазымын атқарып келеді. Мұрат Сейілбекұлымен сұхбатымызда Президенттік жастар кадрлық резервінің артықшылықтары қамтылды.
– Оқырмандарымызға өзіңізді кеңірек таныстырып айтсаңыз. Туған жеріңіз, оқыған мектебіңіз жайында кеңірек тоқталсаңыз.
– Мен 1988 жылы қазіргі Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келдім. 2006 жылы Кентау қаласында орналасқан дарынды балаларға арналған «Дарын» аймақтық мектеп-интернатында орта білім алдым.
Содан кейін жоғары білімімді Алматы қаласында алдым. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының Мемлекеттік басқару бойынша дипломына ие болдым.
– Отбасында неше ағайындысыз, ата-анаңыз қай саланың маманы?
– Отбасымда 3 ағайындымыз, ең үлкені мен, өзімнен кейін 2 інім бар. Әрқайсысы өз саласындағы білікті мамандар. Ата-анам медицина саласында жемісті қызмет етті.
– Президенттік жастар кадрлық резервіне қалай өттіңіз? Құжат тапсырып, бағыңызды сынауға кім себепкер болды, әлде өзіңіз қаладыңыз ба?
– Президенттік жастар кадрлық резервінің бірінші іріктеуіне құжаттар қабылдау басталғанда мен тестілеуден өтуге дайын еместігімді сездім. Сол кезден бастап сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға бағытталған тестілерге ерекше басымдық беріп дайындала бастадым.
Екінші іріктеу басталғанда құжаттарымды тапсыруға себепкер болған көп жылдар бойы ақылын, ойын айтып жүрген менің әріптесім әрі досым болды.
Сонымен қатар, іріктеу алған білімім мен тәжірибемді бағалаудың бір көрсеткіші десем де қателеспеймін. Өзімнің ой-өремді, білім-білігімді сынап көрдім.
– Президенттік жастар кадрлық резервін жастардың мемлекетті нығайтып, ісін ілгері бастыруына серпін беретін жоба деп бағаланып жүр. Расымен де, іріктеуге өте көп жастар қатысып, соның ішінен 50 кадрдың іріктелуі оңайға соқпайтыны анық. Қалай өтті жалпы іріктеу кезеңдері?
– Мемлекет басшысы Резервті қалыптастыру идеясын, жас әрі талантты кәсіпқойларды ынталандыру және мемлекеттік қызмет жүйесін ілгерілету қажеттілігін өзінің сайлауалды бағдарламасында жария еткен болатын.
Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастырудың негізгі міндеті – еліміздің дамуы үшін өзгерістер енгізгісі келетін, ортақ мүдделерді басшылыққа алатын «жаңа формацияның көшбасшыларын» анықтау.
Бұл бастаманы іске асыру үшін 2019 жылы резервке алғашқы іріктеу ұйымдастырылып (бірінші іріктеуде 300 резервші), 2021 жылы жалғасын тапты (екінші іріктеуде 50). Екі іріктеудің нәтижесінде 350 үміткер резервке енгізіліп, қазіргі таңда 70 пайыздан астам резервшілер түрлі басшылық лауазымдарға тағайындалды.
Осы жылдың күзінде іріктеудің 3-ші кезеңін өткізу жоспарлануда.
Резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек, оның ішінде:
1) күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
2) ситуациялық тапсырмаларды шешу;
4) құзыреттерді бағалау;
5) сарапшылық комиссияда әңгімелесу;
Көрсетілген кезеңдерден сәтті өткен үміткерлердің кандидатуралары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралады.
– Сіз Департамент басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін түрлі сатыдан өттіңіз ғой. Мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек, қандай сипаттама бересіз?
– Кез келген мемлекеттік қызметші белгіленген әдеп нормаларын қатаң сақтауымен үлгі болуы керек. Әріптестеріне деген жеке басына қатысты кемсітушіліктерге жол бермеу сынды қасиеттерге ие болу керек деп есептеймін.
Соған қоса, мемлекеттік қызметші болып жатқан өзгерістерге сәйкес өзінің білімін жоғарлатып, қабілетін әрдайым дамытып отыру қажет.
Жасырын емес, осы лауазымға дейін мен орындаушы сатысында, орта буындағы басқарушы лауазымдарда көп жылдар қызмет еттім, әр кезеңнің өзінің үйренетін қасиеттері бар.
— Президентті жастар кадрлық резервіне өткеннен кейін сізге қандай лауазымды қызметтер ұсынылды?
– Бірқатар лауазымдар ұсынылған болатын. Бірақ өзімнің алға қойған мақсаттарым мен жоспарыма сәйкес, білімімді және тәжірибемді дамыту үшін өңірдегі лауазымдарға аса назар аудардым, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысының лауазымын ұсынғанда келісімімді бердім.
Орталықта көп жылдар бойы қызмет етіп, саясатты қалыптастыруда өз үлесімді қоса жүріп, енді сол саясатты, мемлекеттік қызметтегі реформаларды өңірлерде іске асыруда қызмет атқару орынды деп санадым.
– Мұндай жобаның өміршеңдігі тиімді деп айта аламыз ғой? Өйткені резервке өткен жастардың басым көпшілігі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып жүр емес пе?
— Әрине, айта аламыз. Белгіленген талаптарға сәйкес, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ мемлекеттік тілді орташа деңгейден төмен емес деңгейде (В1) білетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Осындай талаптар қойыла отырып, резервке өз ісінің нағыз мамандары іріктелініп өтеді. Осы себепті де өздері тізгіндеген лауазымдарды абыроймен атқарып келеді деген ойдамын.
– Резервке Түркістан облысынан өткен жерлестеріңізбен байланысып тұрасыз ба?
— Әрине, онсыз бола ма, үнемі байланыстамыз. Соған қоса, тек ғана Түркістан облысы емес, кез келген резевршімен сұрақтар туындағанда хабарласып, сол саланың білікті маманы ретінде пікірлермен алмасып тұрамыз, ыңғайлы уақытта кездесеміз.
– Бүгінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы лауазымын атқарып келесіз. Сіздіңше, басшының бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Қазіргі таңда қоғам мемлекеттік қызметшілерден кәсібилігімен қатар әдепті, ашықтықты, адалдықты, адамгершілік пен жоғары мәдениетті талап етеді.
Осыған байланысты, менің ойымша, басшы отан сүйгіштік, адалдық, әділдік, ашықтық, әдептілік және тұтынушыға назар аудару қасиеттері болу қажет деп санаймын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет
Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласы