
Дүйсенбіде «қара алтын» қайта қымбаттады. Brent маркалы майдың құны 0,76 пайызға өсіп, 77 долларға жетті. Бұған демалыс күндері Венада өткен OPeC+ жиынында алынған шешімнің ықпал еткені белгілі. Басқосуда мұнай министрлері күнделікті өндіріс көлемін тағы да 1,4 млн баррельге (40,46 млн «бөшке») қысқарту жөнінде уағдаласты. Бір ерекшелігі, көмірсутегіні азайту алдағы жылдың соңына дейінгі уақытты қамтиды. ал «тағы да» дейтініміз, биылғы мамырдан бастап жалпы квота мөлшерін 1,7 миллионға дейін шектеу енгізілген еді.
Мұнайға бай мемлекеттер қауымдастығы шеңберінде алынған қарарға Қазақстан да қосылды. Біздің үлес – тәулігіне 78 мың баррель (1 баррель – 259 литр). Квота әр елдегі өндіріс көлеміне қарай белгіленеді. Елімізде бұл көрсеткіш 2 миллионға жуықтайды. Тәулігіне 10 млн баррельден асып жығылатын Сауд Арабиясы немесе Ресейдегі деңгейден аздау. Дегенмен отандық мұнайшылар биыл қарқынды арттырып, 90,5 млн тонналық межені бағындырмақшы. Мұның 71 миллионы экспорт ретінде жөнелтілуі тиіс. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр 84 млн тонна қара май өндіріліп, оның 65 миллионға жуығы жер-жердегі тұтынушыға жіберілді. Энергетика министрлігі бұған уәж ретінде Қашаған кеніші мен Қарашығанақ газын өңдейтін терістік көршідегі Орынбор зауытында жүргізілген жоспарлы күрделі жөндеуді алға тартты.

Жаһандық геосаяси текетірестен туындаған нарықтағы тұрақсыздық OPEC+ елдерін осындай қадамға баруға мәжбүр етті. Өндіріс көлемін шектеу арқылы тиімді бағаны ұстап тұру Лениннің «Бір адым кейін, екі адым ілгері» дейтін қанатты сөзін ескере түсіреді. Венадағы кездесуден кейін арабтың Saudi Aramco компаниясының Азия, Еуропа және Америкаға жөнелтетін мұнайына жазғы бағаны қымбаттатуы осы пікірді растай түседі. Бұған қоса, АҚШ-тың қаржы нарығындағы ахуал да алаңдатпай қоймайды. Күні кеше дефолт табалдырығына жетіп қалып, мемлекеттік қарызын одан әрі еселей түскен әлемдегі ең бай ел тағы да қазыналық құнды қағазын сатуға мәжбүр. Сарапшылардың есебінше, Құрама Штаттардың қаржы министрлігі жыл соңына дейін құны 1,1 трлн долларлық облигация шығаруды жоспарлап отыр. Демек мемлекеттік қарыз көлемі қазіргі 31,4 трлн доллардан асып жығылады. Қысқа мерзімде осыншама ақшаның американ бюджетіне құюды көздегендердің өз есебі бар. Қыруар қаржы қор және шикізат нарығындағы бағаның төмендеуіне әсер етуі тиіс. Бірақ нақты тауар немесе өніммен қамтамасыз етілмегендіктен ірі компаниялардың пайдадан қағылуы, сондай-ақ төлем қабілетіне қауіп төндіруі де әбден мүмкін. Morgan Stanley инвестбанкінің болжамына сәйкес, ең ірі алпауыттарды қамтитын S&P 500 индексі жыл соңына қарай 9 пайызға құлдырайды.
Ғаламдық дағдарыс, климаттың өзгеруі, пандемия, орыс-украин қақтығысынан туындаған санкциялардан кейін біздің билік зор сынақтан өтті. Аяқтан шалған кедергі есеңгіретпесе де, абыржытқаны анық. Әсіресе, жылдар бойы қалыптасқан тауар қозғалысы мен жүк тасымалына қауіп төнді. Бұл аздай, Батыс пен Ресейдіңы ымырасыз текетіресі медиа кеңістігіне де ойысты. Гибридтік соғыс өршіп, ақпараттық шабуыл үдей түсті. Соның бір көрінісі ретінде Қазақ мұнайының басым бөлігін орыс жері арқылы тасымалдайтын КТК құбыр желісінде шыққан ақауды айтқан жөн. Сол кезде шетелдік БАҚ-тың айқайына қиқу қосқан осындағы «жалдамалы жазғыштар» жайсыз жаңалықты бөркін аспанға лақтырып, қуана хабарлады. Алайда аттан салғыштардың алақайы ұзаққа созылмады. Терминалдағы қондырғы жөнделді. Бір қызығы, жуырда осы құбыр желісімен мұнай жөнелту көлемі күрт көбейгені туралы ақпарат тарағанда әлгі блогерлер ләм-мим демеді.

Санкциядан алған сабақ қашанда баламалы бағыт қажеттігін қаперге салды. Бұған дейін де жазғанымыздай, теңіз жолдарынан жырақта жатқан Қазақ еліне өнімді тұтынушыға жеткізу, сөз жоқ, бірінші кезекте бас қатырар шаруа. Бұл ең алдымен көршімен тіл табысуды, көп айтылып жүрген көпвекторлық саясат жүргізуді талап етеді. Мемлекет басшысы бұл ретте атқарушы биліктің алдына «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий жобасын мықтап қолға алуды тапсырды. Ақтау айлағынан теңіз арқылы Әзірбайжанға, одан әрі Еуропаға тасымал басталып та кетті. Сәуір айында 100 мың тоннаға жуық «қара алтын» Баку-Тбилиси-Жейһан құбыр желісіне жеткізілді. Бауырлас Бакумен жасалған келісім бес жыл бойы 1,5 млн тонна мұнайды тасымалдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ақтау мен Батуми арасында алтын дария арнасын салу да қарастырылып жатыр.
Кейбір сарапшылардың бүйрегі көбірек бұрылатын «Орта дәлізге» ойысу солтүстік сүрлеуден мүлде бас тарту дегенді білдірмейді, әрине. Өйткені әлгі 1,5 млн тонна қара майды портта әуелі танкерге тиеп, содан кейін арғы жағалаудағы құбырға құю осы жолдың қазіргі шамасын көрсетеді. Дегенмен, біздіңше, болашақ мұнай тасымалында Қара теңіздегі «Түрік ағыны» мен Балтық Теңізіндегі «Солтүстік ағын» секілді әлемдік тәжірибені де ескеру керек. Сол кезде күретамырдың әлеуеті әлденеше есе артады. Бұған алдағы уақытта тоқтала жатармыз.
Әзірге қазақ нақылына салып, «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» көзқарас қажет. Ақорданың ұстанымы да осыған кеп саяды. Таяуда қырғыздың Шолпан Ата қаласында өткен Еуропалық одақ – Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінде Президент солтүстік бағыттың тиімді екеніне айрықша тоқталды. Реті кеп тұрғанда айта кетейік, дәстүрлі қуат көздерінен жаппай бас тартпақ болған кәрі құрлық мемлекеттері қазір энергетика саясатын қайта қарап жатыр. ҚасымЖомарт Тоқаев бүгінде елімізден кәрі құрлыққа «қара алтын» экспортының 80 пайызы осы КТК желісімен тасымалданатынын атап өтті. Қазақ елі Еуроодақтың ортақ мүддені ескере отырып, келешекте аталған стратегиялық маңызы зор осы құбырмен тұрақты әрі ұзақ мерзімді тасымалға қолдау көрсетеді деп есептейді. Сонымен қатар, орыс орманы арқылы өтетін «Дружба» құбыр желісімен 90 мың тонна шикі мұнай Германияға жөнелтілді. Келешекте оның қуатын 1,2 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Айтпақшы, осы аптада Астана халықаралық форумына жиналған ауызы дуалы саясаткерлер мен сарапшы қауым осы энергетика, соның ішінде, «қара алтын» тақырыбын да қозғайды. Ұтымды ұсыныс, пәтуалы пікірін ортаға тастап, келешекке көз тастайды. Жиында мамандар Ахмед Йаманидің (Сауд Арабиясының бұрынғы мұнай министрі) «Мұнай да, мұнай ғасыры да аяқталған жоқ» дейтін әйгілі сөзіне жүгініп жатса, таңқалмаңыз.

Срайыл Смайыл,
экономикалықшолушы