
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – тәуелсіз елдің рухани дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Дәл осы бағытта еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданында тіл саясатын жүзеге асыру ісі ерекше қарқын алған. Ауданда бизнес, медиа және білім беру салаларымен тығыз байланыс орнатылып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған түрлі жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сай рәсімделуі қадағаланып, жастар арасында тілге деген құрметті арттыру мақсатында байқаулар, семинарлар мен мәдени-танымдық кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Осы орайда мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбековпен сұхбаттасқан едік.
— Бижан Шерәліұлы, Мақтаарал ауданында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
— Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру – біздің ауданымыздағы маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда аудан көлемінде бизнес, медиа және білім беру салаларымен тығыз байланыс орнатылып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарындағы көрнекі ақпараттардың Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес рәсімделуі тұрақты бақылауға алынған. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп келеді.
— Жастар арасында мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттыру үшін қандай шаралар қолға алынуда?
— Жастар – ел болашағы. Сондықтан олардың мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастыруға ерекше мән береміз. Ауданымыздағы білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, тілдік байқаулар, семинарлар, ашық сабақтар және мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар жастардың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне, мемлекеттік тілде ресми құжат жүргізуге деген қызығушылығын арттырып отыр. Қазіргі таңда жастар арасында қазақ тілін жетік меңгеруге деген ынта айқын байқалады.
— Мемлекеттік тілді насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қандай?
— Ақпараттық насихат жұмыстары – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы маңызды құралдардың бірі. Біз жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Тілге қатысты бейнероликтер, мақалалар, арнайы жобалар халық арасында кеңінен насихатталуда. Бұл өз кезегінде қоғамдағы тіл мәдениетінің қалыптасуына оң әсерін тигізіп отыр.
— Ауданда тіл үйренуге ниетті тұрғындарға қандай қолдау көрсетіледі?
— Бүгінде мемлекеттік тілді оқуға қызығушылық танытқан тұрғындар саны артып келеді. Осыған байланысты аудан көлемінде тегін тіл курстары ұйымдастырылып жатыр. Курстарға әртүрлі сала мамандары белсенді қатысуда. Сонымен қатар белсенді қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар табысталып, ынталандыру шаралары жүзеге асырылуда. Мұның барлығы тұрғындардың тіл үйренуге деген ынтасын арттыруға бағытталған.
— Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы қандай деңгейде?
— Бұл бағытта да оң өзгерістер бар. Ауданымызда өзге ұлт жастарының қатысуымен «Ұлтым өзге болса да, жаным қазақ», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқаулар тұрақты өткізіліп келеді. Сонымен қатар үш тілді еркін меңгерген жастар арасында «Үздік тіл үйренуші» байқауы ұйымдастырылып, үздіктер марапатталады. Осындай іс-шаралар арқылы түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі артып, қоғамдық келісім мен бірлік нығая түсуде.
— Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар қалай жалғасады?
— Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Біз мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі рөлін күшейту арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың рухани санасын қалыптастыруға күш саламыз. Қазақ тілі – ұлттың жаны, елдігіміздің айғағы. Сондықтан оны дамыту әр азаматтың парызы деп білемін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық