jasqazaq.kz

Мәлік Дәулетов: Оқырманды ынталандыру газетті күшейтеді

27 маусым 2023, 16:10

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Жазарман қауымның жыл бойы атқарған еңбегі еленіп, сый-марапатқа кенеліп қана қоймай, есеп беретін күн. Осы орайда біз оңтүстік өңірдегі «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Жұмаханұлы Дәулетов мырзаға хабарласып, әңгіме-дүкен қүрдық. Сұхбатымыз аймақтық басылымның тыныс-тіршілігі, жергілікті журналистиканың жай-күйі төңірегінде өрбіді.

— Мәлік Жұмаханұлы, Түркістанның облыс орталығы болғанына бес жылдың жүзі толды. Аймақтың бас қаласы басылымының қазіргі ахуалы қандай?

— Иә, бес жылда біраз өзгерістер орын алды. Оның ең бастысы -газетіміздің жекешеленуі. «Түркістан» газеті қазақ және өзбек тілінде шығады. Тарихы 1930 жылдан бастау алатын басылым 2021 жылы аукцион арқылы сатылымға шығып, өз еншімізде қалды. Қазір «Түркістан медиа» ЖШС деп аталатын мекемеде «Түркістан», «Туркистон», «Сауран» газеттері жарық көріп жатыр.
Облыс орталығындағы басылымның жағдайы біреуден кейін, біреуден ілгері дегендей күйде. Жан-жағымыздағы әріптестерімізбен байланысып, бірқалыпты күй кешіп жатқан жағдайымыз бар. Өз күніңді өзің көретін заман болды ғой қазір. Баяғыдай алақаныңды жайып, «жоқ, жоқ» деп отыратын заман келмеске кетті. Істің көзін тауып, заман талабына сай әрекет етпесең, нарықтық заман еркелігіңді көтермейді. Оның үстіне газет іздеп, редакцияға табан тірейтін оқырманның қатары күн өткен сайын сиреп бара жатыр. Бұл бүгінгі күні барлық газеттердің басындағы жағдай дер едім. Сондықтан сұрағыңа бір ауыз сөзбен басылымның жағдайы аса мәз емес деп жауап берер едім.
Десе де, солай екен деп қол қусырып отырмай, заман талабына сай барынша жедел ақпараттар мен салиқалы сұхбаттар, сараптамалар жасап, оқырмандарға және әлеуметтік желіні пайдаланушыларға дер кезінде жеткізудеміз. Алайда қиыннан жол табудың оңай емес екені көпшілікке белгілі. Өңірдің ақпарат айдынында өз орнымыз бар деп есептеймін. Алдағыны уақыт көрсетеді.

— Редакцияда қанша қызметкер жұмыс істейді?

— Бүгінгі таңда серіктестік құрамында жиырмаға жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың дені — қаламгерлер. Оның сыртында тоқсан жылдық тарихы бар газетіміздің тұрақты оқырмандары мен бұрын басылымда қызмет еткен зейнеткер журналистердің де шығармаларын жиі жариялап отырамыз. Олардың ақыл-өсиеттеріне ден қоямыз. Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерін де тәжірибелік сынақтан өткізіп отырамыз. Олардың да арасында болашағынан үміт күттіретін талантты студенттер жетіліп келеді. Бірқатар журналистеріміз жаңа теледидар саласында бақтарын сынап көргісі келді. Әлбетте, олардың жолдарын байламадық. Қазір «Түркістан» телекомпаниясында жақсы жұмыс істеп жатқандары бар. Біз ол үшін өкінбейміз.
Қазіргі таңда «Түркістан Медиа» ЖШС журналистердің шыңдаудың қазандығына айналды деуге әбден болады. Өйткені бізде шыңдалған кадрларымыз облыс, өңірде ғана емес, республикалық БАҚ-да үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Жақында Дәурен Тілеухан деген журналисіміз Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанды.
Газет редакциясы сатылымға шығып, жекеге айналды ғой. Біраз әріптестер қаржының тапшылығына байланысты ұжымды қысқартты. Олай етуімізге де болар ма еді. Бірақ біз облыс орталығында отырған соң тек қана газет емес, ақпараттық портал да аштық. Әлеуметтік желіде арнайы парақшалар мен каналдар ашып, қосымша бейне түсірілімдер жасап осы ұжыммен қызмет етіп келе жатқан жайымыз бар. Осындай жаңа дәуірге, сұранысқа сай қалыптасу кезеңін басымыздан өткеріп келеміз.

— Дұрыс екен, аймақтың тыныс-тіршілігін жалпақ жұртқа жария етуде басылымның қосып жатқан үлесі қаншалықты деп ойлайсыз?

— Қырып-жойып жатырмыз деп ештеңе айта алмаймын. Әлгінде айтып өткенімдей, газет оқырмандарының қатары сиреп бара жатқан тұста бұрынғыша ақпарат беріп отырғанымыз жарамайтынын өзің де білесің. Қазір өңірдегі, әсіресе, қала аумағындағы әлеуметтік мәселелерді тақырыбымызға арқау етіп келеміз.
Қазіргі таңда «Түркістан» газеті бес мың данамен таралуда. «Сауран» аудандық газетінің оқырмандары да жыл санап көбейіп келеді. Алдыңғы білім министрінің мұғалім мәртебесіне байланысты олардың газетке жазылуын өздері таңдасын деген талабы бізге таяқ болып тиді. Өйткені еліміздегі барлық саяси оқиғаларға белсене араласып отырғандар да, соны өткізіп жатқандар да, халықтың көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауымының жергілікті басылымдарға жазылуына шектеу қою, менің ойымша еш қисынға келмейді.

— Салалық журналистиканың даму үдерісіне қандай баға бересіз, өзіңіздің редакцияда журналистер қай тақырыпқа төселген, тісі батпайтын салалар бар ма?

— Кезінде Оралхан Бөкей ағамыз қаншама жасты тәрбиеледі. Журналистердің бір салаға барынша бейімделгенін қалады. Шерхан Мұртаза ағамыз өңірлерден журналистерді таңдап алып, пәтер бергізіп, үлкен жазушыларды шыңдады. Қазіргі таңда биліктің журналистерге көзқарасы әрқилы. Жасыратыны жоқ, кейбір шенеуніктер журналистерден гөрі блогерлерді бағалайды. Арнайы оқу орнын бітірмегендіктен, блогер атын жамылған тырнақша ішіндегі ақпарат құралының өкілдері билікті бір жақты қаралауынан әкімқаралар аяғын тартады. Салиқалы журналистердің еңбегі осы сәтте көлеңкеде қалып қоюда. Қаламгерлерге қолдау өз дәрежесінде болса, журналистеріміздің алар асуы алда деп ойлаймын. Мен мұны айтып отырған себебім, менің қарамағымдағы журналистердің басым көпшілігі — жастар. Дені пәтер жағалап, көшіп жүр. Осы жай мені қатты қынжылтады.

— Журналистиканың қазанында қайнап, былайша айтқанда, «алтын арқалап, жантақ жеп» келе жатқаныңызға бірнеше жылдың жүзі болды. Аймақта бүгінгі күнде төртінші билік саналатын БАҚ-тың жай-күйі қандай?

— Өңірдегі БАҚ-тың жайын жаңа жоғарыда айтып өттім. Бұл барлық өңірдегі журналистерге қатысты жағдай болып отыр. Бүгінгі күні еліміздегі көптеген БАҚ-тың бағы биліктің қамқорлығына тәуелді десем қателеспеймін. Мемлекеттік тапсырыс бір күнде қысқартылатын жағдай туа қалса, сол күні бірінші баспа басылымдардан бастап тоқырауға ұшырайтыны көзге көрініп тұр. Сондықтан өзің сұрап отырған жай-күйіміздің қалі нешік екенін бағамдай бер. Тағы да айтарым, алдағы күндерден күтетін үмітіміз мол. Сондай-ақ «БАҚ туралы» жаңа заңнан да зор үміт күтеміз.

— Жазу – өнер, журналистиканы өнер емес, жанбағыс көзі, тіпті танымалдылыққа ұмтылатын трибуна деп түсінетіндер де жоқ емес. Есіктен енбей жатып эфир сұрайтындар да жетіп жатыр. Осыған нендей пікір айтасыз?

— Мен бұған дейін он жылға тарта мемлекеттік қызметте болдым. Соның ішінде баспасөз қызметінің жетекшілігінде еңбек еттім. Байқағаным, қазір барлық салада осындай мәселе бар. Бүгінгі жастардың ішінде еңбекпен өсу, тәжірибе жинау дегенмен бас қатырғысы келмейтіндері көптеп кездесе бастады. Оған өзіңнің сұрағың дәлел.
Кезінде журналистер өңірлерге шығып, шалғайдағы ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне белсене араласып, сатылап өсіп, танылып, тынымсыз тіршілік ішінде жүретін. Қазір жұмыс сұрап келген жас маман сенің қойған талабыңа келісе қоюы екіталай. Олар ең алдымен өзінің талабын алға тартады.
Осы орайда, елге еңбегі сіңген аға ұрпақ өкілдерін есте сақтау және еңбек жолдарын дәріптеу үшін олардың атындағы байқаулар ұйымдастыруды одан әрі дамыта түссек, құба-құп болар еді.

— Жергілікті журналистердің танымы, талғамы, өресі мен өрісі қалай, республикалық, облыстық конкурс, басқа да медиа іс шараларға қатысып тұра ма?

— Жергілікті журналистердің өресі республикалық деңгейдегі қаламгерлерден кем деп айта алмаймын. Себебі, қазіргі кездегі ақпараттық желілер арқылы кез-келген қаламгер өзінің таңдаған тақырыбы бойынша сабақ ала алады. Әрі мегаполистерде ұйымдастырылып жатқан байқаулар мен семинарларға, өңірлік жарыстарға баруына ешқайсысына тыйым салмаймын. Себебі, бұлар — біздің алтын қорымыз. Мәселен, Дәурен Тілеухан, Азамат Әлібек деген жігіттеріміз республикалық мүшайраларда топ жарып жүр. Жақында Байқоңырдан Түркістанға көшіп келген жас журналист Досхан Төлегеновтің да аяқ алысы жақсы. Өңірдегі барлық медиа іс-шараларға белсенді қатысып келеміз.

— Алда қабылданатын масс-медиа туралы заң мурналистердің статусын нығайтады деп ойлайсыз ба?

— Жаңадан қабылданатын «БАҚ туралы» заңнан күтер үмітіміз мол екенін жоғарыда айттым. Ол арқылы журналистердің қоғамдағы дәрежесі бекітіледі деп ойлаймыз. Осыған байланысты өңірімізде өткен талқылау жиындарға қатыстым. Өз ойымды айттым. Әсіресе, газеттің жағдайына қатысты ұсыныстарымызда да жеткіздік. Бұған дейін қаламызға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы келіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен болатын. Сол жерде де аймақтағы ахуалды айтып, бірқатар ұсыныстарымызды жеткізген едік. Сол жерде жауабын да алдық. Осындай қадамдарымызды қорыта келе, жаңа заңнан мол үміт күтіп отырмыз.
Көнекөз әріптес ағаларымыз бар. Сол кісілерден ертеректегі журналистер қауымының жағдайын естіп отырамыз. Сондай дәрежеге біз де жетсек дейміз.
Қазір барлығы да өз күнін өзі көруде. Сондықтан осы көште алға қарай адымдап қадам жасауға барынша әрекет етіп келеміз.

— Түркістан қаласы һәм облыс әкімдігімен бірлесіп қандай да іс-шаралар өткізесіздер ме?

— Түркістан қаласы мен облыс әкімдігімен мүмкіндігінше тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Оған ықпал етіп отырған облыс және қала әкімдерінің орынбасарлары — журналистиканың жай-күйін түсінетін жандар. Сондықтан да облыс орталығындағы басылымның беделін арттыру, оқырманға сапалы дүниелерді ұсыну жолында бірлесіп еңбек етіп келе жатқан жайымыз бар. Негізінен «Түркістан» қалалық газет болған соң, қала әкімдігіндегі әріптестерімізбен жиі байланыстамыз. Барлық мәдени, қоғамдық іс шараларға бізді қалдырмай, дер кезінде шақырып отырады.

— Газет пен оқырман арасындағы байланыс қалай? Жазылушыларды ынталандыру үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?

— Жазылушыларды ынталандыру жайларын барынша тиімді етіп, ұйымдастыруға өзіндік шаралар жасаудамыз. Белсенді оқырмандарымызбен байланыс орнатып, оларды ынталандыруға бағытталған түрлі шараларымыз бар. Бірақ ескеретін бір жәйт, зиялы қауым өкілдерінен басқалардың белсенділігі уақыт өткен сайын төмендеп барады. Себебі, халық өздеріне керекті ақпаратты ұялы телефон арқылы алады. Біздің саяси, экономикалық сараптамаларымыз ғана өтімді болып отыр. Өйткені, «Түркістан» газеті де, «Сауран» аудандық газеті де апталық басылымдар. Оның сыртында «Қазпоштаның» да газеттерді оқырмандарға кешіктіріп жеткізуі қолбайлау болып отыр. Мемлекет газетті оқырмандарға жеткізу жайын қолдаса деген ойдамыз.

— Мәлік Жұмаханұлы, уақыт бөліп берген салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Өзіңізге де, шығармашылық ұжымыңызға да бар салада сәттілік тілеймін. Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет
Түркістан қаласы

07 мамыр, 19:59
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті
07 мамыр, 13:25
Айбек Дәдебай: Біздің ісіміз — Әділет! Жолымыз — Заң мен Тәртіп!
06 мамыр, 15:42
Қазақстанда ҰОС ардагерлерінің әрқайсысы 10 мың доллардан астам қаражат алды
06 мамыр, 13:48
Сарыагаш: Вопросы питьевой воды в Дербисеке находятся на постоянном контроле
06 мамыр, 13:46
Туркестан: Весенне-полевые работы идут полным ходом
06 мамыр, 8:59
Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды
05 мамыр, 14:11
Учащиеся Туркестанской области стали призерами чемпионата мира по робототехнике
05 мамыр, 14:09
Сотрудничество Туркестанской области с Узбекистаном выходит на новый уровень
03 мамыр, 14:00
Жайнагуль Толемисова: Новые школы в Туркестане - это шаг в будущее