Мал шаруашылығы – өрісті сала

30 қыркүйек, 19:47


Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, бәсекелестікке төтеп беру мақсатында құрылған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісінде мал шаруашылығының алар орны ерекше. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да бұл мәселеден айналып өткен емес. Тіпті бұл саланы дамытып, ісін ілгері бастыру үшін бірқатар тапсырма да бергені белгілі. Ауыл шаруашылығы саласының ауқымы да әлеуеті де зор екенін айтып, мүмкіндіктердің тетігін толыққанды жүзеге асыра алмай отырғанымызды да атап өткен еді. Қазақстан келешекте Еуразия құрлығындағы аграрлық мемлекеттердің біріне айналуға серпін беру үшін ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы ет, сүт бағытындағы өнімдерді терең өңдеуге басымдық беру қажеттігін де атап өткен болатын.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алған ел ғана қуатты саналмақ. Сыртқа көз сатпай өз ішіміздегі өндірген өнім қажеттілікті өтеп, сұранысты қанағаттандыра алғанда ғана экономикалық тұрақтылық орнайды.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту оның ішінде мал шаруашылығын өрістету ісінде шалғайдағы елді мекендегі шаруа қожалық иелерінің де қосар үлесі қомақты. Сондай жанның бірі – Аслан Әшім. Алматы облысы, Кеген ауданының фермері мал шаруашылығын өрістетуде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау-көмектің шарапаты тигенін айтады. Jas qazaq.kz ақпарат агенттігіне пікір білдірген шаруашылық иесі бұл саланың маңызы зор екенін алға тартты. «Төрт түлікті өсіру ата-бабамыздан ұрпағына мирас болып келе жатқан кәсіп. Әкем Ережептің бауырлары да ақтылы қой өргізіп мал бақты. Әшім атамыздың да желісінен құлын үзілмей, тақымынан жүйрік босамай өткен екен. Сол баба жолын жалғап, «Екпін» шаруа қожалығын құрдық. Алғашында әкем жетекшілік еткен шаруашылықты бүгінгі күнде өзім жүргізіп отырмын. Жалпы біздің Кеген өңірі төрт түлік мал өсіруге, егіншілікпен шұғылдануға қолайлы аймақ. Жылдан-жылға мал басын көбейту мақсатында төмен пайызбен несие рәсімдеп шаруашылығымызды кеңейтуге күш салып отырмыз. Ет және жүн бағытындағы меринос тұқымды қой өсіріп, таулы аймақтың қатал ауа-райына төзімді жергілікті жылқы тұқымын көбейтуге басымдық береміз. Жалпы «мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деп атам қазақ тегін айтпаған. Жылқы малы мінсең көлік, ішсең сусын, жесең тағам дейміз. Қымыз өндірісімен де кәсіпті дөңгелетуге болады, себебі жыл сайын саумал, қымызға да сұраныс артып отыр», деген шаруа қожалық иесі кәсібін дамытып, ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді де жоспарлап отырғанын жеткізді.
Шаруа қожалық иесі Кеген, Райымбек аудандары Қытаймен, Қырғызстанмен шектесетіндіктен келешекте ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттау ісі жолға қойылса, мал өсірушілер үшін де мүмкіндіктер молаятынын айтады.
Соңғы жылдары елде игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмысы қарқынды жүргізіліп, ауыл шаруашылығы өнімін өндіремін деген жандардың сұранысына орай үлестіру механизмі де өзгерді. Бұрынғыдай латифундистердің мыңдаған гектар шұрайлы жерді иеленіп, игілікке жаратпауы шаруалардың да өрісін тарылтқан болатын. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыты саналатын мал шаруашылығын дамыту үшін ауқымды реформаларды жүйелі жүргізу қашанда маңызды.

Қуан Көшек

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?