Ұлжан ЕРКІНБЕК Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті

03 наурыз 2017, 21:00

Мен және ғаламтор

«Өзің қандай болсаң, өмірің де сондай болады»
(Қадыр Мырза Әлі)

Қазіргі жаһандану заманында тамырының тым тереңге бойлауымен, асқан ақылдың қойнауымен, күндізгі күлкі мен түнгі ұйқының тыныш болуын көксеген жұмыр бастының ойлауымен бүкіл ғаламды торлап келе жатқан «Ғаламтор» деген «басқарушымыз» шықты. Күн өткен сайын «шынайы болмыспен» қоса, сананы билеп келеді. Адамдар өзінің адамдық, бойындағы адалдық сынды қасиеттерінің тізгінін,  мейірім, иман, сенім, сүйіспеншілік, тіпті шынайы өмір сүруді шытынатып алған сияқтымыз, бәрі-бәрін осы «торға» шырматып тастағанбыз. Онымен күресем деп,өзіңнің қалай күрмеліп қалғаныңды білмей қаласың…

Кеңдігі емес, кемдігі өлшенетін осынау өлшеулі өмірде адамзаттың дегеніне көнбейтін, тырысқанымен ешқашан да сөнбейтін, есерлерді есті етіп жөндейтін, тек өлтіргің келмесе де өлетін, естеліктерді еншісіне көметін, бағалағанға алтыннан да қымбат, құны белгісіз, жұмбақ уақыт дейтін құндылық бар. Қадірін өткеннен кейін ұғынасың. Олай дейтін себебім, көзімізді ашқаннан желіге желімдей жабысып, ғаламтордың жаңалықтарымен танысып, қарбаласымен қабысып күйбең тіршілікте күнелтіп жүріп қадірлі дүниенің қадірін қашырып, өткеннен кейін өкініп   жатамыз. Өкіну былай тұрсын, адами асыл құндылықтарымызды да сол уақыттың еншісіне қоса құнсыз қып жіберіп жатырмыз. Жасаған әрбір іс-әрекетімізде жасандылық жаңғырып тұрады.

Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, барлық нәрсенің екі қыры мен сырына үңіле қарау керек. Бұл ғаламтордың да тек зиянын тере бермей, пайдалы жағын да айтқан дұрыс. Қазақ даласының темірқазығы Ыбырай Алтынсариннің сөзімен айтқанда, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызады», «өнер-білімі бар жұрттың» өнімді жұмыс істеуіне өз септігін тигізіп келеді.  Көптеген жеке кәсіпкерлердің жұмысын өрге домалатып, асығын алшысынан түсіріп жүрген, міне, осы ғаламтор. «Бір көрген таныс, екі көрген біліс» деп отыруды қажет етпейтін заман қазір. Алыстан-ақ сыйласып, қашықтыққа бағынбайтын достықтың да, мөлдір махаббаттың да куәсі болып жүрміз.  Сондай махаббатпен құрылған отбасының ханшайымдары желіде жарияланған түрлі тағамдар мен үй тұрмысына қажетті дүниелердің пайдалы кеңестерімен шаңырағын шайқалтпай, отбасының түтінін түтетіп отыр. Тағы бір айта кететін жайт, құдаласу жағдайы. Тектіліктің тұғыры бойында атойлап тұрған халқымыздың арасын бір-бірімен байланыстырып, тіпті туыстық қарым-қатынастың орнауына ықпал етіп жатыр.

Ал, ғылым мен білім жайына келер болсақ, қашықтықтан оқыту үрдісі қанатын кеңге салып жайылып келеді. Балаларының жайын күн сайын бақылап отыратын ата-ана енді мектепке қарай жүгірмейді, электронды журнал арқылы барлық жайттан хабардар болып, күтілетін нәтиже мен шығаратын қорытындыны жіті қадағалап отырады. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу»-дейді дана халқымыз. Осы бір орынды мақалдың орайы оңынан келіп тұрған заманда өмір сүріп жатырмыз. Өйткені оқушы оқимын десе, оқулығы, «ізденуші» табамын десе талабын талқан ететін емес, тастай мығым қылатын жағдай жасалған. Арнайы сайттардың арнасын дөп тапсаң, дәлел-дәйектемесімен жілік-жілігіне бөліп, сүйектерін щағып, шеміршегімен қоса сіңіріп, санаңа жеткізіп бермей тынбайтын мағлұматтар таба аласың. Көз көріп, құлақ естімейтіндей, айлап-жылдап әрең жететін жаңалықтар бәр секунд ішінде көзіңнің алдында, құлағыңның астында тұрады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тұжырымдап  айтар болсақ, ғаламтор – уақытты үнемдейтін таптырмас қолданыс аясы. Тек уақытты тиімді пайдалана алсаң болғаны.

P.S Мен ғаламторды мағыналы өмірін мәнді ету үшін қолданушылардың тобына жататынымды мойындаймын. Заман талабы, қоғамдық  көзқарастар мен өмір ағысы деген түсінік бар. Осы түсініктерді жоққа шығармайтындардың қатарынанмын десем де әбестік емес. Елдікті сақтау үшін ескі мұраларды жаңғыртып, жаңа өзгерістерді соның пайдасына жұмсасақ барлығы өз орнында болары хақ. Сөзімнің астары түсінікті деп ойлаймын. Ғаламторды қолданбайтын адам жоқ. Тарихына үңілсек, егеменді еліміздің тәуелсіздігімен құрдас ғаламтор қолданыссыз қалмайды. Өйткені ауқымы кең, ісіңді жүйелі, уақытыңды үнемді ететін «басқарушыға» қалай бағынамын десеңіз де өз құзырыңызда.

Жоғында табалап емес, барында бағалап өтейік…

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді