Лицензиясыз оқытқан мектептің аттестаты жарамды бола ма?

02 ақпан 2023, 12:30

Біреу емес, екеу емес, бақандай 56 мектептің лицензиясыз жұмыс істеуі нені білдіреді? Бақылаудың бостығы, қадағалаудағы қамсыздық, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық па бұған жол ашқан?

Лицензиясыз білім берген білім ошақтары туралы мәліметті оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратты.

Министрліктің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне қарайтын аумақтық департамент мамандары білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізген. Талдап саралау барысында осындай жөнсіздік анықталған. Лицензия алмай рұқсат құжатынсыз білім беруге кіріскен 56 мекеменің он алтысы жеке меншік білім ошағы екен. Балаға білім беру жолында заңсыздыққа барғандар Астана мен Алматыда, Атырау, БҚО, Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында жұмысын тоқтаусыз жүргізген.

«Бүгінгі таңда 11 мектеп білім беру қызметіне лицензия алды. Үш мектептің материалы соттың қарауында. 42 мектепке қатысты сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл тағайындау туралы қаулы шығарды. «Заңнамаға сәйкес, барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. Мектепте білім берумен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап қана беріледі. Лицензиясыз жұмыс істейтін мектептерге қатысты министрліктің аумақтық департаменттері әкімшілік іс қозғады. Бүгінгі таңда сот шешімімен 42 мектепке лицензиясыз білім беру қызметін жүргізгені үшін айыппұл салынды. Егер мектеп заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жұмысын тоқтатады», — деді оқу-ағарту министрлігінің білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

Білімді буын мемлекеттің келешегі дейміз. Ал сол елдің ертеңгі тұтқасын ұстайтын, ұстыны болар жас ұрпаққа білім беретін кей мекемелердің әрекеті әлгіндей. Рұқсат қағазын алмай-ақ мамыражай жұмысын жүргізеді.

Былтырғы жылдың маусым айында бұрынғы білім және ғылым министрлігін екіге бөліп, ғылым және жоғары білім министрлігі құрылып, ғылымға, жоғары білім беруге жауапты ведомство болды. Ал орта білім беру саласы оқу-ағарту министрлігі болып қайта құрылымдалды. Оқу-ағарту министрлігі осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт ұстазы Азмет Байтұрсынұлы негізін қалап, құрған сала. Сол атауы қайта оралған ведомство білім беруге жауапты болғанымен де мектептер жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде. Ондай болса, оқу-ағарту министрлігі қайтеді? Қолдан келер қайран сол, облыстар, республикалық маңызға ие қалалардың әкімдіктеріне, білім басқармаларының басшыларына мектептердегі құқық бұзушылықтың алдын алып, залалын жою үшін шара қолдану керектігін ескертіп ресми хат жолдаған. Жоғарыда сөз еткен 56 мектептің 11-не лицензия беріліпті.

«Естімеген елде көп» дейді Қазақстанның Еңбек Ері, білікті педагог, білгір басшы, ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова.

«Оқу-ағарту министрлігінің таратқан мәліметін мен де оқыдым. Жауапкершіліктің жоқтығынан болып отыр мұның бәрі. Жекеменшік мектептер ашып, бала оқытуға бел буғандар алдымен ақшаны, қаражатты ойламаса дейсің. Ал енді мемлекеттік мекеме саналатын білім ошақтарының кейбірі лицензиясыз жұмыс істеді дегені қабылдауға томпақ емес пе? Білім саласында елу жылдан аса уақыт еңбек еттік. Мектеп басшысы болдық. Мұндайды көру былай тұрсын, естіген де жоқпын, өз тәжірибемде кездескен емес. Жауапкершілік дегенді не үшін айттым? Бала зейінін ашу үшін оқып білім алу жолындағы жауапкершілікті сезінсе, ата-ана баласына білім берудегі жауапкершіліктің салмағын білсе, мұғалім алдындағы оқушының білім алуына жауапты екенін, басшылық ұжымының аманатын арқалап тұрғанын ұғынса, бассыздық бола бермейді. Жыл сайын білім беретін мектептер қатаң қадағалау, тексеру, бақылаудан өтпей ме? Мұның бәрі айналып келгенде білім сапасына да әсерін тигізбей қоймайды. Қатаң талап, қырағы қадағалау керек. Ал енді лицензиясыз білім берген мектепті тәмамдаған, осы жылы оқуды бітіретін түлектерге берілетін аттестат жарамды бола ма? Бұл да маңызды сұрақ. Мұны не үшін айтып отырмын. Аттестат алған түлектер де, 9-сыныпты тәмамдап куәлік ие болғандар да өзге сынып оқушылары шырылдап қалмауы керек. Лицензияның жоқтығына ата-ананың да, баланың да еш кінәсі жоқ. Осы мәселе оңынан шешіледі деп санаймын», — дейді Аягүл Миразова.

Қазақстанның Еңбек Ері атағын тұңғыш иеленген білікті маманның айтқаны қылаудай қоспасыз шындық. Расында да, әлгіндей мектеп басшылығы тексеруге келгендердің ұртын майлап, «жолын жасап» өткелден өтіп алғандар ар алдындағы жауапкершілікті сезінсе дейсің. Бақылаусыз бала оқытатын мекемеде сапалы білім беріледі дегенге сену де қиын.

Осы күнде орта білім беретін мектептердің дәреже-деңгейі, оқушылардың ой-өресі, білім биігі тест қорытындысымен де сараланады. Былтырғы жылы елімізде мектеп бітірген түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуден алған орташа бала 66 ұпай болды. Аз ба, көп пе? Оған лицензиясыз білім берген мектептердің әсері болды ма? Бұл — өз алдына өзегі бөлек тақырып. 2021 жылы ұлттық бірыңғай тест тапсырушылардың жиған орта балы 69,8-ге жеткен еді. Былтырғы жылдың көрсеткіші одан да төмен.

Қуаныш Рахмет

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді