

Фото: zhaikpress.kz
Климаттың өзгеруі, өндірістен ауаға тарайтын зиянды қалдықтың көбеюі, жаһандық жылыну адамзат алдына баламалы қуат көздерін игеру міндетін қойды. 1989 жылы алғаш рет айтылған «жасыл экономикаға көшу жоспары» бүгінде барлық мемлекеттер үшін өзекті де өміршең мәселе. Бұған Қазақстан да айрықша мән беріп келеді. Бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы көмір дәуірі келмеске кетіп бара жатқанын ескертіп, баламалы қуат көздерінің әлеуетін пайдалану бойынша Үкіметке нақты тапсырма берген. Осылайша, замануи технология мен тәжірибені, қомақты қаржыны талап ететін жобаларға жан-жақты қолдау көрсету энергетикалық һәм инвестициялық саясаттағы басым бағыттың бірі болып белгіленді.
Заман талабынан туындаған тиімді көзқарас өз жемісін беруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда Қытайға жасаған сапары аясында State Power Investment Corporation компаниясының басшысы Сияң Жимиңмен кездесті. Қытай компаниясы Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ірі жел электр стансасын салғысы келеді. Бұған қоса, инвестор елімізде жел электр стансасына қажет құрал-жабдық жасау жөнінде ниет білдірді. Жүздесуде «жасыл сутегі» өндірісі саласындағы ынтымақтастық, жаңғыртпалы қуат көзі (ЖЭК) бойынша жобаларды іске асыру жайы да сөз болды.
Қуаты дәл осындай жел электр стансасы осы облыстағы Мойынқұм ауданында да салынады. Инвестор – француздың «Total Eren» компаниясы. Мемлекет басшысының Францияға жасаған сапары кезінде құны 1,9 млрд долларды құрайтын осы жоба қатысты келісімге қол қойылған еді. Айта кеткен жөн, Жамбыл өңірінің табиғаты мен ауа-райы ЖЭК өндіруге аса қолайлы. Мұнда үзілмейтін жел екпініне қоса, күн инсоляциясы (шуақты күн райы) көрсеткіші 1500 -1600 кВт-сағатқа тең. Бұл Еуропаның көптеген елдеріндегі деңгейден жоғары. Бизнес жүргізуге де қолайлы. Облыс әкімдігі энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың БАҚ-қа берген дерегіне жүгінсек, ЖЭК өндіретін жалпы қуаты 437,8 МВт-қа пара-пар 18 электр стансасы жұмыс істейді. Бұлардың ішінде судың үлесі 24,4 МВт, жел – 162,15 МВт, ал 251,25 МВт күн энергиясына тиесілі.
«Жасыл сутегі» бойынша іргелі зерттеу жүргізген білікті ғалым Қайрат Көтербековтің пікірінше, еліміздің күнгейі мен батыс аймақтары жаңғыртпалы қуат көзін игеруде әлеуеті мол. Қолға алынған жобалар да осы тұжырымды растайды. Мәселен, Түркістан облысына қарасты Шәуілдір ауылы маңындағы 100 гектар аумақта қуаты 50 МВт-қа жететін күн электр стансасы салынып жатыр. Құрылыс аяқталғанда ұзындығы 8 шақырым болатын 100 мыңнан астам фотоэлектрлі тақта (панель) кәдімгі күн сәулесін электр қуатына айналдырады. Eni компаниясы аталған жобаға жергілікті Arm Wind жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тартты. Мұндағы инвестиция мөлшері — 12 млрд теңге.
Итальяндық алпауыт қомақты инвестиция құйып, басқа да ЖЭК стансаларын салып жатыр. Ақтөбе облысында компанияның қатысуымен жалпы қуаты МВт болатын «Бадамша-1» және «Бадамша-2» жел электр стансалары пайдалануға берілді. Әрбірі 13 жел турбинасы генераторынан тұратын стансалар 198 ГВт/с электр энергиясын өндіріп, жылына 172 мың тонна көмірқышқыл газының ауаға таралуына жол бермейді.
Осы айда жасыл энергия жүйесінде тағы бір ерекше жоба дүниеге келді. Астана халықаралық форумында Президенттің қатысуымен Eni компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» арасында Жаңаөзен қаласында гибридтік электр стансасын салуды көздейтін келісімге қол қойылды. Қазақстандағы тұңғыш жоба қуаты 50 МВт болатын күн, жел (77 МВт) және газ (120 МВт) электр стансаларын салуды көздейді. Гибридтік сипаты мынада: күн немесе жел қуаты жеткіліксіз болған жағдайда өндіріс ошағы газдың есебінен жұмысын тоқтатпайды.
Статистикаға сүйенсек, отандық жаңғыртпалы энергия өндірісі былтыр 2,4 МВт-қа артты. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 18,8 пайызға өсті деген сөз. Меже – 2050 жылға қарай ЖЭК үлесін 50 пайызға жеткізу. Еліміз осылайша жаңа технологияны пайдаланып, энергетикалық қауіпсіздіктің сенімді кепілі болып саналатын жасыл энергияны игеру бағытында қарышты қадам жасап жатыр.
Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы