![]()

Қорғаста бізді алып жүрген автобустың шопыры «осы жақтан құндыз тон ала кетіңіздер» деп жата-жабысты. Аса бір пысық болмаса, шілдеде кім тон сатып алсын? «Қап, ақшадан ұтар едіңіз», — деп таңдайын тақ еткізді. «Мында тонды 250 мың теңгеге сатып алып, Алматыға апарып 500-750 мың теңгеден саудалайды. Білесіз бе?».
Әрине, екі арада тауар тасып, үстіне ақша қосып өткізетін саудагер үшін тиімді екені рас. Дегенмен «Қорғастың» ол үшін құрылмағаны белгілі. Оған артылған жүк сіз бен біз ойлағаннан да салмақты. «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы (ЕЭА) жай ғана тауар асыратын бекет ұғымынан анағұрлым зор маңызға ие.
«Қорғас» ХХІ ғасырдағы Жібек жолы экономикалық белдеуінің дәл ортасында тұр. Трансшекаралық аймақтағы тұңғыш ынтымақтастық орталық Қытай-Қазақстан шекара маңындағы сауда-саттық һәм гуманитарлық қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді. Мұны ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым келтірген деректер дәлелдей түседі. «Қорғас» жұмыс істей бастағаннан бері қытай тарапы бұл араға 30 млрд юань (4 млрд доллар) инвестиция салды. Ал екі елдің арасындағы сауда айналымы былтыр 31 млрд долларға жетіп, өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 пайызды құрады. Былтыр «Қытай – Еуропа» бағытында 13 000 жүк пойызы қатынады», — деді ол. Әлемде жүк тасымалының 90 пайызы теңіз арқылы жүзеге асатынын ескергенде, құрғақ порттың әлеуетін арттыру арқылы транзиттен мол қаржы түсіріп, бюджеттің бүйірін толтыруға болады. Сондықтан да «Қорғастың» қазба байлыққа сеніп отыра бермей, басқа бағытта да табыс табуға мүмкіндік беретін бірегей жоба екенін мойындау керек.
2016 жылы ашылған «Қорғас» Қазақстан мен Қытайды жалғайтын Алтынкөл станциясынан 6 шақырым жерде, ел ішіндегі ең ұзын (8445 км) Батыс Еуропа-Батыс Қытай күре жолына жақын орналасқан.
2020 жылы коронавирус пандемиясы басталғанда, «Қорғастың» қақпасы тарс жабылған еді. Биыл сәуір айында ғана ашылды. Өзіміз көз жеткізгендей, қазір мұнда тіршілік қыз-қыз қайнайды. «Қорғас» есін жиып, күш алып келе жатыр.

Биылғы мамыр айында Үкімет қаулысымен «Қорғас» ШЫХО ЕЭА басқарушы компаниясы АҚ мемлекеттік акциялар пакеті республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілді. Міне, осы кезден бастап ол Жетісу облысы әкімдігінің иелігіне өтті. «Қорғас» бір есептен Қытаймен арадағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға бағытталғандықтан, облыс басшылығы көршімен қарым-қатынасты нығайтуға кірісті. Жаз бастала көлік, логистика және сауда-саттық мәселелері бойынша қытай тарапымен іскерлік кездесу ұйымдастырылды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу шеңберінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» ЕЭА басқарушы компания, «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» технопаркі және ҚХР ШЫХО арасында ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылды. Құжат шектеусіз логистикаға жол ашады. Сондай-ақ бұл кездесу Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономды аймағы мен Жетісу өңірінің арасындағы экономикалық қарым-қатынастың дамуына серпін беруі тиіс. Жетісу облысының Қытаймен арадағы шекарасы 563 шақырымды құрайтынын ескерсек, мұндай байланыстың керек екені дау тудырмайды. Оның үстіне Жетісу аумағынан Батыс Еуропа — Батыс Қытай трансқұрлықтық автомобиль дәлізі өтеді. Ол арқылы Қытайдан Еуропаға жүк 11 күнде жеткізіледі. «Қорғастағы» терминалда Қазақстан-Қытай шекарасында жүкті өңдеу, сақтау және әрмен қарай жөнелтумен байланысты қызметтер жүзеге асады. Бұл – иелігінде өзінің теміржол құрылымы мен станциясы, тауар сорттайтын орны бар жалғыз терминал. Сондықтан Орталық Азиядағы ең ірі құрғақ порт теңіздегі логистикалық хабтармен бәсекелесе алады. Осы тұрғыдан алғанда, «Қорғас» Жетісу өңірінің көлік-логистика саласын өрге сүйрейтін локомотив іспетті. Кезінде бұл жоба «Нұрлы жол» экономикалық саясаты мен «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы аясында жүзеге асты. «Қорғастың» аумағы 528 гектар, оның 343 гектары қытай, 185 гектары қазақ еліне тиесілі. Әу баста қабылданған ереже бойынша келушілерге 30 күндік визасыз режим ұсынылады. Бір ғана шарт – қай жақтан кірсе, сол жақтан шығуы керек. Оған қоса, салмағы 50 килодан, бағасы 1500 еуродан аспайтын жүкке баж салынбады. «Қорғас» көктемде қайта ашылғаннан кейін бажсыз алып өтуге болатын жүк 31 келі деп белгіленді. Қытай статистикасына сәйкес, биылғы мамыр айында «Қорғасқа» кіріп-шыққандардың жалпы саны 369 370 адам болды. Орта есеппен бір күнде 11 910 адам бас сұғады деген сөз. Алдағы уақытта келушілер ағымын жылына 10 пайызға арттырып, үш жылдың ішінде жылына екі жақтан да 10 млн адам кіріп шығатындай көрсеткішке жеткізу көзделіп отыр.

Тұтас алғанда, еліміздің көлік-логистика құрылымы дамудың жаңа сатысына көтерілді деуге болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдың Сиан қаласындағы құрғақ портында тағы бір ортақ логистикалық құрылыс жобасын бастау рәсімінде сөйлеген сөзінде былай деген болатын: «Соңғы 15 жылда еліміз осы салаға 35 млрд доллар қаржы құйды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығы құрылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істеп тұр. Каспий теңізінде заманауи инфрақұрылым салынды. Өткен жылы екі елдің арасында теміржол арқылы 23 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл – теңдессіз көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға көтеріліп, 7 млн тоннадан асты».
Ал Жетісу өңірінде 2030 жылға дейін 30 жобаны (570 млрд теңге) жүзеге асыру жоспарланған. Оның ең ірісі – «Қорғас» аумағында салынатын «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалдық технопаркі. Оған 1 гектар жер бөлініп отыр. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құрылыстың жыл соңына дейін басталатынын айтты. Қытай компаниясы осы жобаға 330 млрд теңге құймақшы. 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылатыны өз алдына.
Сондай-ақ мұнда ирригациялық құрал-жабдық өндірісі салынады. Көлік-логистика саласында үш жоба жүзеге асады. 57,3 млрд теңгеге жүк өткізетін көп функциялы терминал салынады. Оның жалпы қуаты 11 млн тонна немесе 630-700 мың контейнер деп белгіленді.
Қысқасы, жер жәннаты – Жетісуда басқа саланы айтпағанда, көлік-логистика бағытында жүзеге асатын жобалар ауқымды. Ақпан айында облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміз Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды дәліз және әлемдік маңызы бар көлік-транзит торабына айналғанын атап өткен еді. «Жетісу облысының транзит әлеуетін дамытуға әлеуеті зор. Облыс аумағында «Достық» және «Нұр жолы» халықаралық бекеттері, шекара маңында «Достық» және «Алтынкөл» теміржол станциялары бар, халықаралық транзит жолдары өтеді», — деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ ол Достық-Мойынты теміржол бөлігінде екінші тармақтың құрылысы дер кезінде басталғанын айтты. Өйткені қазір Қытай шектеуді алып тастағаннан кейін Еуропаға жүк тасымалы көбейе бастайды.
Наргүл Мырзахмет
Суреттерді түсірген автор