jasqazaq.kz

«Қазақша сөйлеу – тренд»: Созақта мемлекеттік тілдің мерейі үстем

Бүгін, 12:53

Түркістан облысы Созақ ауданында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мен қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ауданда қазақ тілін меңгеру деңгейі 99 пайызға жетіп, бұл өңірдің тілге деген айрықша құрметін аңғартады. Тұрғындарға арналған тегін мемлекеттік тіл, ағылшын және орыс тілі курстары тұрақты ұйымдастырылып, жүздеген азамат тіл үйренуге мүмкіндік алуда. Jas Qazaq тілшісі Созақ ауданындағы игі бастамалар жайында аудан әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Мерей Ниязәліұлымен сұхбаттасты.

– Мерей Ниязәліұлы, Созақ ауданында тіл саясаты қандай бағытта жүргізіліп келеді?

– Біздің бөлім мен бөлімге қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жұмыс атқарады. Негізгі мақсатымыз – мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру, оның қолданылу аясын кеңейту, сонымен қатар тұрғындардың ағылшын және орыс тілдерін меңгеруіне мүмкіндік жасау.


Тіл – ел бірлігінің тірегі, рухани тұтастығымыздың негізі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды біз тек жоспарлы шара ретінде емес, елдік мүдде тұрғысынан жүзеге асырып келеміз.

– Тұрғындарға тіл үйренуге қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

– Созақ ауданындағы тұрғындарға, мемлекеттік органдар қызметкерлеріне, білім беру мекемелерінің мамандарына, түрлі сала қызметкерлеріне арналған ақысыз мемлекеттік тіл, ағылшын және орыс тілі курстары тұрақты түрде ұйымдастырылған.
Орталықта тіл үйренушілерге қажетті материалдық-техникалық жағдай толық жасалған. Арнайы кабинеттер, оқу құралдары, әдістемелік әдебиеттер және заманауи оқыту тәсілдері қолданылады. Мемлекеттік қызметшілер де, жастар да, аға буын өкілдері де осы курстарға қатыса алады.
Курсты аяқтаған азаматтарға арнайы сертификаттар табысталады. Бұл – олардың алған білімін ресми түрде растайтын маңызды құжат.
2026 жылдың І жарты жылдығында 100 аудан тұрғыны мемлекеттік тілді меңгеруде, 120 тұрғын ағылшын тілін оқып жатыр, ал 60 азамат орыс тілін үйренуде. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының білімге, тіл үйренуге деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.

– Мемлекеттік тілді насихаттау бағытында қандай шаралар өтуде?

– Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту және маңызын кеңінен насихаттау мақсатында жыл бойы түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.
Өткен жылдың 12 айында 7 байқау, 2 акция, 4 дөңгелек үстел, Қазақстан халқы тілдері күніне арналған 1 салтанатты шара, 1 челлендж, 1 ұлттық диктант жазу жобасы және 1 жыл қорытындылау шарасы өткізілді.
Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында 4 байқау, 1 акция, 1 челлендж және 1 дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Бұл шараларға ауыл әкімдіктері, аудандық білім бөлімі, мектеп мұғалімдері мен оқушылар белсенді қатысады. Осы арқылы тіл саясаты тек мекеме шеңберінде емес, бүкіл аудан көлемінде жүзеге асып отыр.

– Тіл мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға көңіл бөліне ме?

– Әрине. Тіл мамандары түрлі семинарлар мен конференцияларға қатысып, тілдерді меңгертудің жаңа әдістері бойынша тәжірибе алмасады. Бұл олардың кәсіби деңгейін көтеріп, тұрғындарға сапалы білім беруіне мүмкіндік береді.
Қазіргі заманда тіл үйрету тәсілдері өзгеріп жатыр. Сондықтан біз мамандарымыздың заман талабына сай болуына ерекше назар аударамыз.

– Кәсіпкерлер мен мекемелерге қандай көмек көрсетіледі?

– Біз ресми тіркеу құжаттарын, іс-қағаздарын аудару, деректемелерді рәсімдеу, көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сай әзірлеу бойынша мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлерге тұрақты түрде көмек көрсетеміз.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның 4, 7, 21-баптарын орындау бағытында түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Сонымен қатар жарнама мәтіндерінің заң талаптарына сай орналасуы жөнінде де кәсіпкерлерге кеңес беріледі.
Ай сайын «Сауатты жарнама», «Сауатты жарнама – аудан көркі» тақырыптарында акциялар өткізіледі. Бұл шаралар ауданның көркін келтіріп қана қоймай, тіл мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Асхана, дәмханалардың мәзірін қазақ тілінде әзірлеу үшін «Тағам атаулары», «Сөздер. Тіркестер» атты арнайы жадынамалар дайындалып, кәсіп иелеріне таратылды.

– Ақпараттық насихат жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Аудандық «Созақ үні» газетінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, көрнекі ақпараттардағы қателердің алдын алу, қазақ тілін еркін меңгерген этнос өкілдері мен кәсібін мемлекеттік тілде жүргізіп отырған табысты кәсіпкерлер туралы мақалалар тұрақты жарияланып келеді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде «Қазақша сөйлеу – тренд» хэштегімен мотивациялық бейнероликтер жарияланады. Бұл әсіресе жастар арасында үлкен қолдау тауып отыр.

– Созақ ауданындағы тілдік ахуал қандай деңгейде?

– Созақ ауданы – қазақ тілін меңгеру көрсеткіші 99 пайызды құрайтын қазақ тілді орта. Бұл – өте жоғары нәтиже.
Біздің барлық жұмысымыз осы көрсеткішті төмендетпеуге, қайта одан әрі арттыруға бағытталған. Нәтижесінде халықтың, соның ішінде этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейі көтерілді. Қызмет көрсету, сауда, бизнес салаларында қазақ тілін қолдану айтарлықтай өсті.
Жастар арасында қазақ тілінде сөйлеу, қазақша контент көру және тұтыну белсенділігі артып келеді. Бұл – тіл саясатының нақты жемісі.

– Халықты ынталандыратын қандай жобалар бар?

– Мемлекеттік тілді насихаттау және сөздік қоры бай қазақ тілін дәріптеу мақсатында аудан көлемінде көптеген мазмұнды жобалар іске асуда. Олардың қатарында қазақ қаламгерлерінің мерейтойларына арналған «Абай оқулары», «Поэзия ақиығы – Мұқағали», «Ұлт мақтаныштары», «Жамбыл жырын оқимын», «Ахмет оқулары», «Алтынсарин оқулары», «Мен қазақша сөйлеймін!», «Қазақша сөйлеу – тренд» атты байқаулар, акциялар мен челлендждер бар.
Бұл шараларда жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталады. Мұндай қолдау халықтың қызығушылығын арттырады.
Жыл сайын Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінде тіл саясатының орындалуына үлес қосып жүрген тіл жанашырлары, этнос өкілдері, тіл мамандары арнайы алғыс хаттармен марапатталады. Бұл – тілге жанашыр азаматтарға деген құрметтің белгісі.
Алдағы мақсатымыз – Созақ ауданында мемлекеттік тілдің мерейін одан әрі үстем ету, көптілді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу және тіл мәдениетін қоғамның барлық саласына орнықтыру. Мемлекеттік тіл – ұлттың жаны. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 14:31
Реальный результат языковой политики в Созакском районе
Бүгін, 14:15
Туркестан: В Ордабасы запускаются новые инвестиционные проекты
Бүгін, 13:51
Туркестан: Вклад урановой компании в социально-экономическое развитие региона
23 сәуiр, 18:31
Қызылорда: Швейцариялық Harvest Agro тұқым өңдеу зауытының бірінші кезеңін бастады
23 сәуiр, 16:07
В Туркестанской области в рамках программы «Ауыл - ел бесігі» реализовано 1 570 проектов
23 сәуiр, 15:54
Как будут реализовываться новые инвестиционные проекты в Туркестанской области?
23 сәуiр, 15:48
Языковая политика в Туркестане приносит свои плоды
23 сәуiр, 15:42
Галымжан Орынов: В Туркестане система образования вступила в новый этап
22 сәуiр, 15:52
В Туркестанской области строится мегаферма на 50 тыс голов