
Президенттік жастар кадр резервіне өткен түркістандық талантты жастардың бірі — Ернар Мыңжанов. Біздің талапты жас кадрмен сұхбатымыз Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жайында өрбіді. Ернар Сейітұлы осынау жобаның өміршеңдігі қоғамның алға жылжуына серпін береді дейді.
– Ернар, өзіңізді сайтымыздың оқырмандарына кеңірек таныстырсаңыз. Қай ауылда өмірге келдіңіз, отбасында қанша ағайындысыз?
–Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Ленгір қаласында дүниеге келдім. Қарындасым бар, биыл 9-сыныпты бітіріп жатыр. Өзім ауылда туып-өскен соң, бәрібір оны сағынып, жиі барып тұруға тырысамын. Балаларымызды ата-әжелеріне жиі апарып тұрамыз. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген тамаша ән бар ғой. Біз кіндік қанымыз тамған ауылдан қанша шығандап ұзап кетсек те бір тылсым күш, сарытап сағыныш бауырына тартып тұрады.
– Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз? Қандай мамандықты таңдауды қаладыңыз?
– Бала кезде әр түрлі армандарым болған. Олар, әрине, өзгеріп отырады ғой. Негізі әкем секілді жеке кәсіппен айналысқым келді. Осы ретте кәсіби бағдарлаудың маңыздылығы туралы сөз етсем деймін. Жас бала өсе келе өзіне ұнайтын өмірлік кәсіби жол таңдаудың алдында тұрғанда, шет елдердегідей арнайы кәсіби бағдарлау жұмыстарын өткізіп отыру керек. Әдетте 9-шы сыныптарда жүргізіледі. Соның нәтижесінде жас бала өзінің болашақ кәсібі туралы ой құрады. Біздің қоғамға да осы түсінік қалыптасуы керек деп санаймын.
– Ата-анаңыз қай салада қызмет істеді, сіздің кәсіп иесі болуда яғни экономика саласын таңдауыңызға сол кісілердің септігі тиді ме?
– Анам – біраз жылдар медицина саласында қызмет еткен адам. Әкем мен ес танығалы жеке кәсіпкер болып жұмыс істеп келе жатыр. Мектепте математика пәні қызықтырған соң осы мамандықты таңдаған сияқтымын. Негізінен өзіме ұнайды, себебі, әсіресе қазір, бүкіл әлемде жаҺандану процесінің ықпалы қатты сезілгенде, ел экономикасындағы болып жатқан үдерістерді түсінесің. Қай бағытта дамыту қажет, нендей байлам, қандай тәуекел жасау қажеттігін ұғынасың.
– Жоғары оқу орнында оқыдыңыз. Қазақ-Британ техникалық университетін тәмамдаған соң «Болашақ» бағдарламасымен сырт жақта бір жыл оқып келдіңіз. «Болашақтың» грантын жеңіп алу қиын деп жатады, осы пікірге келісесіз бе?
– Мен өзімді сәттілікке жақын адаммын, өмірдегі несібемді Алла молынан берген жанмын деп сезінемін. Себебі мектеп қабырғасында тәлім берген оқытушыларымның кәсіби деңгейі жоғары болғандықтан, алтын медальмен бітіруге үлкен септігін тигізді. Төлеби аудандық арнайы дарынды балалар мектебінде директорлық қызметін атқарған Ләззат апаймыз бізге ерекше қамқорлық көрсеткенін атап өтпеуге болмайды. Соның арқасында сол уақыттағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі болған Қазақ-Британ техникалық университетіне грантқа түстім. Мұнда да сәттілік маған серік болып, көркем мінезді, әрі жақсы оқитын жастардың ортасына қосылдым. Бұл, өз кезегінде, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбритания еліндегі Манчестер университетіне мемлекет есебінен оқуға жолдама алуға мүмкіндік берді. Өткен күнге көз жүгіртіп отырсам, адамды қалыптастыратын оның ортасы екеніне шүбе келтірмеймін.
– Президенттік жастар кадр резервіне қалай қатыстыңыз, кімнің ұсынысы болды, әлде өзіңіздің таңдауыңыз ба?
– Конкурстың болатындығы туралы түрлі сайттардан оқып хабардар болып жүрдім. Конкурстың мақсаттары бойынша іріктелген азаматтарды ұлттық компанияларға басқарма төрағасы, облыс әкімі, министр лауазымдарына ұсынады деген соң, онша сеніңкіремей, конкурсқа қатысуға аса ұмтылмай жүрген едім. Бірақ бір күні Сәкен деген досыммен ойда жоқта жолығып, өзінің сол конкурсқа қатысатынын айтып, маған да құжаттарды тапсыруға кеңес берді. Көп құжат талап етілмеген соң, конкурстың соңғы күні құжаттарымды онлайн тапсырдым. Сәкен де, мен де өттім. Қазір ел экономикасына қызмет етемін, «бір кетігін тауып, қаланамын» деген жастарға түрлі алаңдар, конкурстар мүмкіндік беретіндігіне көзім жетті. «Ағасына арқа сүйейді, көкесінің көмегіне жүгінеді, ананың тіреуі мықты» деген қасаң қағиданы санадан сылып тастауымыз керек. Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген өлеңінде айтылғандай, білімді адам, білікті маман қашанда сұранысқа ие.
– Осы конкустың жай-жапсары туралы кеңірек айтып берсеңіз, іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды қиынға соқпады ма?
– Басында Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан аса адам қатысты дегенді естігенде, конкурстың соңғы кезеңіне дейін жетемін деген толық сенім болған жоқ. Өзіңіз ойлаңызшы, 10 мың адамның ішінен тек 300-ін ғана іріктеп өткізеді. Осыдан-ақ бұл доданың қаншалықты бәсі жоғары болғанын бағамдай беріңіз. Бірақ әр кезеңнен өткен сайын өзіме деген сенімділік арта берді. Бір қызығы, алыс қалалардағы көп достарым, таныстарым да тапсырған екен. Олар конкурстың кейінгі кезеңдеріне қатысуға Астанаға келіп, кездесіп жүрдік. Олармен кездескен сайын бұрынғы қызықтардан бөлек, конкурс нәтижелері мен мүмкіндіктерін талқылаумен болдық. Ұйымдастырушылар іріктеу процесін жоғары деңгейде өткізді. Мен үшін ол өте қызықты мезет ретінде жадымда жаңғырап тұрады дер едім.
– Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен замандастарыңызбен байланысып тұрасыз ба?
– Әрине! Конкурстың ең басты нәтижесі – оның әсерімен жаңа, озық ойлы таныстарым пайда болып, ал бұрын жай таныс болған азаматтармен етене араласа бастадық. Одан бөлек, Президенттік резервтегі азаматтар өздері жиі бірігіп түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады.
– Президенттің тапсырмасына сай жүзеге асырылып отырған бұл жобаның жас кадрларға берер мүмкіндігі қандай?
– Мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге ұмтылған жастарға жол ашады деп айтуға болатын шығар. Алайда ең басында одан бөлек квазимемлекеттік сектордағы басқармашылық мансап туралы да уәделер айтылған болатын. Сол межеге жетуге ұмтылған жастарға орасан мүмкіндік беріліп отыр. Тек өзіңнің біліктілігіңді дәлелдей біл.
– Ұлттық экономика министрлігіне қарасты мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры болып тағайындалдыңыз. Үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мемлекеттік активтерді басқару саясаты елімізде қалай жүргізіліп жатыр?
– Мен ол қызметте 2022 жылғы наурыз-мамыр айларында қызмет етіп, осы аз уақыттың ішінде Дүниежүзілік банктің тәуелсіз сарапшыларымен және Президент әкімшілігімен бірге Қазақстанның мемлекеттік активтерін басқарудағы реформалардың бағдарламасын әзірлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында мақұлдадық.
Одан кейін аталған реформаның сабақтастығын қамтамасыз ету үшін квазимемлекеттік сектордың ең үлкен бөлігі болып табылатын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-дағы өз жұмысыма оралып, «Самұрық-Қазынаның» келесі онжылдығына арналған даму стратегиясын әзірлеумен айналысып, осы жылдың 17 наурызында Үкімет қаулысымен бекіттік.
Реформаның нәтижелерін бірден сезіну мүмкін емес шығар. Алдағы уақыттарда нәтижелерін күтетін боламыз және соған жету үшін тиімді жұмыс атқаруға тырысамыз.
– Сізге ұлттық экономика министрлігінен басқа қандай жұмыс ұсынылды?
– Негізінен мемлекеттік сектордағы қызметтер ұсынылған. Бірақ көпшілігінен бас тарттым.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет,
Түркістан облысы