
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бұл форумның екі ел үшін тиімді әрі мазмұнды болғанын атап өтіп, алқалы жиынды ұйымдастыруға атсалысқан Түркия тарапына алғыс айтты.
Президент Қазақстанда түрік компанияларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды.
«Қазір елімізде түрік капиталы бар 3 800-ге жуық кәсіпорын табысты қызмет етіп жатыр. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылды. Инвестициялық көрсеткішті арттыру үшін өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету маңызды. Бүгінгі іс-шара бірлескен кәсіпорындар санын одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл ретте Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін тілге тиек етті.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі мемлекет. Былтыр еліміздегі ішкі жалпы өнім көлемі 6,5 пайызға өсіп, 300 миллиард доллардан асты. Бұл ішкі нарықтың тұрақтылығы мен зор әлеуетін көрсетеді. Біз осы үрдісті күшейте түсуге ниеттіміз. Бүгінде Қазақстан білімді, ғылымды және инновацияны дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндет. Өздеріңізге мәлім, наурыз айында елімізде жалпыхалықтық референдум өтті. Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Еліміздің бас құжаты инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Алайда шетелдік және отандық кәсіпкерлердің заңдарымызды бұзуға құқы жоқ. Конституцияға енгізілген «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша әр азамат заң алдында бірдей жауап береді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі ретінде атады
«Қазір осы салада ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр. «Бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды. Сондай-ақ шетелдік кәсіпкерлер Altyn Visa бағдарламасының игілігін қолдана алады. Бірегей визаның негізгі мақсаты – инвесторларға салық және көші-қон жеңілдіктерін ұсыну. Түрік кәсіпкерлерін осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамын. Елордамызда Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) белсенді жұмыс істеп жатқанын білесіздер. Бұл – инвесторлар мен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету үшін құрылған аймақтағы жетекші хаб. Орталық Ыстамбул, Лондон, Дубай және Нью-Йорк қаржы орталықтарының үздік тәжірибесін қолдана отырып, ағылшын құқығына сәйкес жұмыс істейді. Мұнда 90-ға жуық елдің 5 600-ден астам компаниясы тіркелген. Соның ішінде қаржы, сауда, құрылыс және басқа да салаларда жұмыс істейтін 73 түрік компаниясы бар. Бұдан бөлек, Астана қаржы орталығы мен «Борса Ыстанбұл» биржасының арасындағы серіктестік нығаюда. Қазақстан түрік бизнесімен байланысты кеңейте беруге мүдделі. Біздің білуімізше, Түркияда Президент Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен ұлттық экономикаға ауқымды инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылданатын болды. Лайықты кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдік пен артықшылықтар беріледі екен. Біз бұл бастаманы міндетті түрде сараптаймыз, қажетті тұстарын пайдалануға тырысамыз», – деді Президент.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi