

Соңғы жылдары біздің елімізде қоршаған ортаны қорғау бағытында біраз шаруа қолға алынды. Айталық, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл жобаның мақсаты — қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту. Жуырда ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жас Ұлан» республикалық бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымымен бірлесіп экологиялық челлендж бастады. Экочелленджге қатысушылар бірнеше тапсырманы орындауы керек. Оның ішінде қоқысты сұрыптау, сенбілікке қатысу, пластик пакеттен бас тарту шарттары бар. Экологияны қорғау ісінде осындай креативті тәсіл қолдану құрғақ насихаттан әлдеқайда тиімді. Экологияны жақсарту ісіне қалай үлес қосамыз? Осы сауалды біз Алматы тұрғындарына қойып көрдік.

Луиза Нағашыбаева, қала тұрғыны:
«Білуімше, соңғы жылдары елімізде экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Мәселен, өндіріс кәсіпорындарына жаңа стандарттар енгізілді. Жасыл қала және қалдықтарды қайта өңдеу бағдарламалары қабылданды. Сондай-ақ ірі қалаларда ауаны жақсарту және қоқысты кәдеге жарату қолға алынды.
Таза ауамен тыныстап, таза ортада өмір сүреміз десек, экологияны қорғауды әрбір адам өзінен бастауы керек деп санаймын. Ол үшін сенбіліктен қалмай, ағаш отырғызуға үлес қосуымыз керек. Соңғы кезде пластик пакеттен арылу керектігі жиі айтыла бастады. Бұл дұрыс. Себебі пластик жүздеген жылдар бойы шірімейді».

Нұрай Бақытжан, қала тұрғыны:
«Жер шары бәрімізге ортақ болғандықтан, экологиялық түйткілдер бәрімізге қатысты. Қоршаған ортаның тазалығына қолдау көрсете отырып, біз жаңа деңгейге өтуіміз керек. Мен өзімді қаланы қоқыстан құтқарып, табиғатына аса мән беретін жандардың қатарына қоса аламын. Саябақтарда, көпшілік жүретін қоғамдық орындарда қоқыс шашылып жатпаса екен деймін. Өзің тастамасаң, өзгелер де сондай мәдениет қалыптастырады. Әркім жүрген жерінде қоқысты жинап, сенбілікке белсенді қатысса да қоршаған ортаны қорғауға үлесін қосады. Әсіресе, табиғатқа шығып демалатындар судан босаған құтысын, ішкен тамағының қалдықтарын тастамай жинап кетсе, қандай жақсы!»

Дариға Машай, қала тұрғыны:
«Біздің халқымызда табиғат — туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты сезінуі тиіс. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, жастайынан балалардың санасына қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын түсіндіру керек. Отан отбасынан басталатынын, қоршаған ортаны таза ұстауды үйден үйрету керек деп есептеймін. Қоқысты кез келген жерге тастамау әркімнің де қолынан келеді ғой. Әсіресе, тауға, баққа барғанда қоқыс тастамай, демалған жеріңді жинап кету керек. Мәселен, Медеуге барғандардың әрқайсысы бір шөлмек қалдырса, бір жылдың ішінде тау болып үйіледі! Сонымен бірге қоқысты сұрыптауға көшуіміз керек. Сонда әр елді мекеннің айналасындағы қоқыс полигондарынан арылатын едік. Осыны мықтап қолға алуымыз қажет».

Ұлболсын Бегендікова, қала тұрғыны:
«Экологияны қорғау — өзекті тақырыптардың бірі. Елдегі әрбір тұрғын экологиялық сауаттылық пен мәдениеттен хабардар болса, артық етпейді. Халқымызда «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деген қанатты сөз бар. Болашақты ойлау, қоршаған ортаны қорғау туралы өсіп келе жатырған ұрпаққа ой салып, санасына жеткізу қажет. Мен балаларыма қоқысты кез келген жерге тастамауды, суды көп ағызбауды, ағаштарды суаруды, әдемі табиғатымызды аялап жүру сияқты қарапайым ережелерді үнемі үйретемін. Бұл да бір экологиялық мәселелердің шешіміне кішкентай да болса көмегін тигізеді деп сенемін. Әрқайсымыз пластик қапшықтың орнына экосөмке ұстап, пластик бөтелкені арнайы жәшікке тастасақ, жыл сайын көктемде тым құрығанда бір тал отырғызсақ, бұл да көмек. Табиғатты аялау, табиғатқа адал болу – бәріміздің міндетіміз екенін жадымыздан шығармауымыз керек».
Дайындаған
Аружан Бақытқалиқызы,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 2 курс студенті