Даналық пен даралық

09 тамыз 2019, 12:11

Алтыншы сөз

Ұлы Абай қазақтың көп мақалдарын сын тезіне алып отырады. Өйткені ол мақалдар қазақтың түзелуіне емес, керісінше жалқау, өмірге бейімсіз болуына жетелейді. Алтыншы қара сөзде Абай «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деген мақалды зерделейді. Бір қарағанда осы мақалдан ешқандай кемшілік таба алмайсың. Дұрыс секілді. Тіпті бөтен ой да миыңа кірмейді. Ал Абай осы мақалды егжей-тегжейлі түсіндіреді. Бастапқы ойың өзгеріп сала береді. «Бірлік» деген ұғым қазақ үшін «ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ» болса деген ұғымға жақын. Яғни Абай үшін «бірлік – ақылға, бірлік малға бірлік емес». Сонда не? Ұлы Абай бірлік деген сөзден қазақ қандай түйсік алу керектігін түсіндіреді. Яғни, бірлік малға сатылмауы керек. Ағайын бір-бірінен алмаса сол бірлік. Парақорлықтан сақтандырады ұлы Абай. Сонда «әркім несібесін құдайдан тілейді. Олай болмаса қазақ құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді» сонда, 12-б. Бұдан сақтанған жөн екенін меңзейді.
«Ырыс алды – тірлік» дегенді Абай басқаша түсінеді. Мұны пәлсапалық деңгейде қарастырады. Жанын қорғалаған, жаудан қашқан, еңбектенуден, қызмет етуден қашқан адам да тірлік бола ма? Еріншектікті бойға сіңдіріп алған адамның тірлігі өнбейді.
Осыларды талдай келе Абай «көкірегі, көңілі тірі болса» сол тірлік дейді. Абай ілімі басқаша. Адал еңбек, ерінбеу сені мүддеңе жеткізеді. Оны бір шумақ өлеңмен өрнектейді:
«Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас.
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас» сонда, 13-б.
Дәл осындай психологиядағы адамды қалай тірі деп айтуға болады? Бұл өлімнен де күшті. Сондықтан да әр адамның жүрегінде осындай кеселден арылу мақсаты тұруы керек. Сонда адам мұратына жетеді.
Көкірегі ояу, жүрегі ашық адам ұлы Абай сөзін ұғынса, өмір де өзгереді, қоғам да өзгереді. Бұл сөздер бүгінгі қазаққа да, жүрекке де қажетті, имандылыққа да қажетті ұғымдар.

Жетінші сөз

Адам жаны мен тәні болмыстың ішкі бірлігін көрсетеді. Бірақ қалай бала күнгі білмекке құмарлық пен өскендегі адам психологиясындағы өзгерістердің қазақ руханиятындағы орны қандай?! Міне, осы сауалдар Абай қара сөзінің жетінші ғақлиясының негізін құрайды.
Сонымен, ұлы Абай анадан туған баланың екі түрлі мінезіне назар аудартады. Бір бала «ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады». Ол баланың өмірі бұлыңғыр. Олар тән құмарлығының аясынан шыға алмайды. Демек, «өзі өспейді, қуат таппайды» сонда, 13-б. Екінші бала өзгеше. Ол білуге құмартады, бәрін байқап, бәрін көріп, бәрін ұстап, дәмін татып, қоршаған ортадағы құбылыстарға «ол немене?», «бұл немене?» деп немесе «ол неге өйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп бәрін білгісі, бәрін ұққысы келеді сонда, 13-б. бұл – жан құмарлығынан бастау алатын қасиет.
Қазақтың бойындағы екі мінезді салыстыра отырып, Абай философиялық тоқтамға келеді. Бізге керегі хайуан жаны емес, ештеңені ойламайтын, ештеңені ұқпайтын, тек тамақ қана оның көздегені, ал адам жаны өзгеше. Ол білім, ғылым жолы, еңбек жолы. Яғни «тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді» сонда, 14-б.
Бірақ балалық білмекке құмарлықты өмір трансформацияға ұшыратты. Сол кешегі білмекке құмарлық, өмір сынына шыдай алмай морт сынды. Абай: «жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық, жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң оған билетпедік» сонде, 14-б.
Осы тұста ұлы Абай психологиялық кескін-келбет жасайды. надандықты, қараңғылықты шенейді. Ашық айтады, ұлтына жаны ауырып айтады. Білімді жол – қазақ жолы, ұлт жолы, осыны ұғынғанда ғана ұлт түзеледі. Әрине, бұл бір күнде, бір жылда шешіле қояр нәрсе емес. Әйтеуір, бір күндердің күнінде жақсы заман келер, сол жолға дайын болу керек. Яғни Абай трагедиялық көңіл-күйді айта отырып, оптимистік ой көзбен толғанады. Осы ойды сегізінші қара сөзінен табамыз.

Сегізінші сөз

«Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?» сонда, 14-б. Абайдың озық ойлы ой толғамы қаншама уақыт өтсе де, сол мызғымас күйінде тұр. Кешегі заман мен бүгінгі заманды салыстырып көрейікші:
«Біреу – болыс, біреу – би». Олар не үшін сайланды, малын шашты. Өздері билікке келген соң олар ұлтын түзейтін тұлғаға айналуы керек. Ол үшін сөзі халыққа насихат түрінде жетуі қажет. Бірақ олар қоғамның шынжырлы бұғауын үзе алмайды. Қайта керісінше: «Ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығындап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба?» сонда, 14-б, – дейді.
Көрдіңіз бе, енді Абай айтқан осы кеселдер бүгінде бар ма, жоқ па? Қараңыз, сол кейіп қазақтың бойынан кетпепті. Парақор сот, кесепатты шенеунік, көбіне өз пайдасына аса алмайтын әкім қара аз ба? Суық қолды сұғанақтар жоқ па? Абай жазғандай «Мал болса, Құдай Тағаланы да паралап алса болады дейді» сонда, 15-б. Яғни мұндай адамдар құдайдан да, соттан да, заңнан да қорықпайды.
Абай көрегендігі, қоғам, өмір тамыршысы екенінің айғағы осы емес пе?!

Тоғызыншы сөз

Ақын ойы әр қара сөз сайын оның көңіл-күйін, алаңдаушылығын айқындай түседі. Бұдан қара сөздердің бір отырыста болмаса бірер айдың ішінде жазылмағанын көрсетеді. Бұл ойшыл ақынның сөз мәнерінен аңғарылып тұрады.
Тоғызыншы сөз «Осы мен – өзім қазақпын» деп басталады. Және баяғы грек ойшылдары сияқты өз-өзіне сұрақ қойып алып, соған жауап іздейді. Мәселен, ол «қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» деп сауал қойып алады да, соған қатысты ойларын тізбектейді, өрнектейді, кестелейді. Жауабы да өзін алаңдатқан мәселермен қиыннан қиысып, жапсарласып жатады. Ылғи екіұдай, екіұшты ой шырмауында қалады. Ақын, ойшыл ойынша «егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді» дейді сонда, 15-б. Ол үшін «көңілге тиянақ қыларлық» «үміт үзбестікке» «көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді» деп толғанады ол. Сондықтан шыдамның шегі болуы керек пе?
«Бұларды (халықты – У.Қ) жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ» сонда, 15-б.
Бұл – жан күйзелісі. Халқының күңгірт болмысы, тұманды болашағы жүрегін шоқтай қариды. Осы жолдан не құтқарады. Жауабын таппай қиналады. Сондықтан да өзін тірі өлікке балайды. Оны өзі де мойындайды. «Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты» сонда, 15-б. Не ызалана, не күле алмай, не қуанып кете алмай өзін-өзі таба алмай күңіренуі Абайдың «мыңмен жалғыз алысқан» кейпін көз алдыңа әкеледі. Дегенмен, ойшыл ақынды әлдебір сәуле жұбатқандай болады.
Иә, ол болашақ күннен үміт күтеді. Артында қалған күндерге емес «алдыңғы тілеуге» сенеді.
Өмір диалектикасы осы. Әркім өз болашағына үмітті. Халық та болашаққа сенеді. Абай дүдәмал көңілге осылай сенім отын жағып жылытады, ойлантады. Ұлылық қыры деген осы!

Оныншы сөз

Кез келген адам өзінен соң із қалғанын, ұрпақ қалғанын аңсайды. Сол үшін Құдайдан бала тілейді. Өмірдегі баланың орны, оның тәлім-тәрбиесі Абайды қатты толғандырады.
Сонымен, қазаққа бала не үшін керек? Абайша айтқанда, «өлсем орнымды бассын дейді, артымнан Құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді» сонда, 16-б.
Міне, осындай мақсат-мүдде қойған адамның не ойы бар, не ойланары бар? Абай баладан қашпайды. Бірақ өмірге әкелген соң әр ата-ана оның болашағына жауапты. Өзің ит өмір сүрсең, бала да сондай ит өмір сүруі керек пе? Баланы тек өз мүддең үшін ғана пайдалану – арсыздық. Өмірде жақсылық қылсаң сол адам да құранын оқиды. Өзің кәсіпке үйретпесең балаң қалай кәсіп істейді?
Абай айтады:
– Ахирет үшін бала тілеме;
– Қартайғанда асырасын деп ойлама;
– Малың болса, кім асырамайды.
Осы Абай айтқан сөздердің артық-кемі бар ма? Жоқ. Өйткені баланы өзің жақсы асырай білуің керек, оған білім беруің қажет. Жол көрсететіндей өзіңнің таза жолың болуы керек. Егер баланы масаттандырып, тентектікке үйретіп, ең арзан молдаға беріп, хат танытуды ғана мақсат етсең, «қу, сұм бол» деп үйретсең, ондай бала кім болып шығады? Ол елінің тұтқасы бола ала ма?
«Құдай Тағала саған мал табарлық қуат берді, ғылым берді» сонда, 17-б. Осы байлық, білімді қалай, қайда жұмсау керек? Арыңды сатып, абыройыңды сатып, тіленшілік жасау жақсылық жолы емес. Оны, яғни жиған-терген, тапқан малыңды «ғылым табуға жұмсау керек» деп ой түйеді Абай. Дүниенің кілті де, байлықтың жолы да – ғылымда. «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» сонда, 17-б.
Малды иттікпен тапқанымен оны адамшылықпен жұмсау керек. Сондай қазақ Абай көзіне түспеген. Сондықтан да бос өмірден сақтандырады. Дүние де, мал да , бала да ғылым үшін, білім үшін жұмсалуы керек. Осыларды қара сөзбен айтып қана қоймай өлеңдеріне де арқау етті. «Ғылым таппай мақтанба», «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан». Міне, Абай философиясы осы. Ол өз ұлтын, өз халқын ерекше сүйгендіктен жаны күйзеле жазады. Бұл өз халқын мұқату үшін емес, өз ұлтын түзету үшін жазылған ой-толғақтар.

Он бірінші сөз

Қоғам тазармай ел түзелмейді. Бұл – аксиома. Абай ілімі осы ұлт тазаруының екі жолын анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін екі нәрсені білу керек, екі нәрсені түзету керек. Оның біріншісі – ұрлық, екіншісі – ел ішін бұзар өсек пен өтірік. Түсінікті болу үшін Абай бабамыздың өзіне жүгінелік:
«…ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр» сонда, 17-б. Міне, көреген адамның шындығы осы. Жең ұшынан жалғасқан парақорлық формуласы осы. Осы күні коррупция деп аталады. Яғни адамның рухани азғындауын осы пиғылдан көреді. Және замана тамыршысы екенін мойындамай көр. Өйткені дөп басқан кесел қазақ қоғамында баяғыдан-ақ бар екен. Бұған бүгінгі ұрпақ та, билік те сабақ алуға тиісті.
Екінші бір кесел – бұзақылар. Тағы да ұлы ойшылға жүгінелік: «бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр».
Азғырма сөз ұлықтардың құлағына жылы естіледі. «Мен сені бүйтіп сүйеймін деп ананы жеп, мынаны жеп жүр» сонда, 18 -б. Ал қара халық не істемек? Ол да өз нәпақасын алып келеді. «Қай көп бергенге партиялас боламын деп» құдай жолынан шығып, қатын-баласын сатып жүр. Осы кеселден арылса ғана қазақ халқы түзелмек. Ұрыны тиюға болар, ал бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды? Абай концепциясының негізгі өмірді, қоғамды түзеуде жатыр. Әрине, ол оны жоюдың жолын рухани өзгерістерден, адамның ішкі жан дүниесінен іздейді. Эволюциялық өсу ісі – адамгершілікте. Осы себепті Абайдың қара сөздерін оқығанда бүгінгі заманмен үйлестікте қарауымыз керек. Үлы ойшыл ақын жазған қазақы кемшіліктер әлі де мен мұндалап тұр. Соны өз қасиетімізге қарай пайдаланып, жаңа заманның жаңа ұрпақтарын тәрбиелеуге пайдалану қажет. Абай ілімінің өміршеңдігі де осында.

Уәлихан Қалижанов,
ҰҒА академигі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз

Абай ілімі: Даналық пен даралық

Жалғасы бар

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады