jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Абай ілімі: Даналық пен даралық

06 тамыз 2019, 15:50
1023

Абай ілімі: Даналық пен даралық

Ұлы Абай ілімі қанша уақыт өтсе де, қандай қоғамдық формациялар өзгерсе де, өзінің ғасырдан-ғасырға жалғасатын даналық құндылығын жоймақ емес. Өйткені Абай өзінің алдындағы Шығыс пен Батыс, Еуропа ойшылдарының еңбектерін зерделеді. Өз уақытынан асып туған бірегей тұлға ретінде жинақталған ой жүйені ұлт кәдесіне жаратуды мақсат етті. Сондықтан да ол ғақлия яғни қара сөздерге өзін мазалап жүрген ой иірімдерін жинақтады. Бұл кейінгі ұрпаққа даналық, білімділік мәйегін ашты. Сан салалы ой тізбектері әдебиетшілерді, тілшілерді, философтарды, экономистерді, тарихшыларды, сондай-ақ саяси-қоғамдық қозғалыстар жетекшілерін, Алаш көсемдерін қызықтырды. Мұның құдіреті не? Бұл жансебіл көңілдің жүрек түбіндегі дабылы ма? Әрине, Абай сынды ақын қоршаған ортаға, қазақ өміріне бей-жай қарай алмайды. Ол қазақ даласының биігінен жан-жағына көз салады. Өркениетті, білімі мен ғылымы озған елдің тұрмысын зерделейді. Замананың көшіне сыймайды. Өз қазанында қайнаған қазақы тұрмыстың болымсыз, толымсыз жағдайы мазалайды, мазалап қана қоймайды, жүрегін сыздатады, сыздатты деу аздық етер, жанартаудай ашындырады, қапаландырады. Осы толғақ жанын қысады. Қайтпек керек? Яғни өз жанын жегідей жеген өмір шындығын, заман шындығын айтпақ керек. Ой қуалайды, кемерінен асып-жығылып жатқан жансебіл көңілдің шерін шығару қажет. Біраз жасқа келдік деп, алысып, жұлысып, айтысып, тартысып өткен күндердің не сабағы бар?! Ендеше, Абайдың қара сөзіне жүгінелік.

Уәлихан Қалижанов,
ҰҒА академигі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бірінші сөз:

«Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» 1. 6-б.
Иә, Шекспир «Быть или не быть?» деген. Ал А.Чернышевский «Что делать?» деген сұраққа жауап іздеді. Ал Абай ше? Ол да сан тарам ойларға берілді, бірін тапты, бірін жоғалтты, бірінен көңілі қалды. Бірақ жауап іздеу қашанда ешкімге оңай соқпаған. Абайға да… «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» адам мың ойланып, мың толғанды. Азапты ой шырмауықтай қысып, жан алқымға алды. Және оның жауабын іздеу Абай ілімінің орнығуына әкелді. Осылай «толық адам» концепті өмірге келді. Яғни жалғыз адам алысады, жол көрсетеді. Бірақ оны іліп алып дамытатын қоғам бар ма? Ақын күйзелісі осыны меңзейді. «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп запыран атты ақын баба.
«Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік» сонда, 6-б.
Сонда не істеу керек? Софылық жол керек пе? «…тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық!» (сонда, 6-б).
Бұл дана адамның жүрекжарды сөзі. Әлі де ескірмеген сөз. Қазақстан бүгін де Абай айтқан сан салалы сұрақтарға жауап іздеп келеді. Сондықтан да Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – 2. 1-б  деп жазды. Бұл – ұлы Абайдан бастау алған Елбасының бағдар жолы. Оны ұғатын жүрек, көретін көз керек.
Иә, Абай «өз сөзім өзімдікі» деп заманына болашағына сыр ақтарады. Соны аршып алып, ұлт мұратына жұмсау керек. Абай ілімі осылай дейді, Абай ілімі осыны меңзейді.

Екінші сөз

Өз ұлтыңды сүю оны құр асыра мақтауды қажет етпейді. Сондықтан да Абай қара сөздерін бұра тартып, «өз ұлтын жамандаған» деген әлдебір сөздер айтылып та, жазылып та жүр. бірақ ұлтқа жол сілтеу, қалай қарай жүру керектігін көрсету үшін адамның өз бойындағы кемшілігін түзеуі хақ. Сол себепті Абай ащы болса да алмас қылыштай ұлт кемшілігін кесіп түседі, қамшымен осып түседі. Жалған намыс жарға жығады. Өз мінін көре алмаған халықтың болашағы бұлыңғыр. «Жығылып жатып, сүрінгенге күлудің» кебі бұл. Арқадан қамыс әкетіп үйінің төбесін жабатын тәжіктігі дұрыс па, әлде осыны келемеж тұтып «шүлдіреген тәжік» деп миығынан күлген қазақтікі дұрыс па?
«Ноғай дегенше, ноқай десеңші» деп күлген қазақтікі дұрыс па, әлде солдат болып, «башалшік» (бакалейщик – У.Қ.) болып сауда жасаған ноғайдікі дұрыс па?!
«Орыс ойына келгенін қылады» деген… не айтса соған нанады» 1. 7-б деп сақ-сақ күлген дұрыс па, әлде ілімі мен білімін қатар өрбітіп, өзге ұлтты малайдай жұмсаған орыстікі дұрыс па?!
Абай осыны ой елегінен, өмір тезінен өткізеді. Содан ой түйеді. «Сарттың екпеген егіні жоқ, саудагердің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. …Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда» сонда, 7-б.
Иә, Абай шындықты жайып салды. «Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз» сонда, 7-б. Сонда кім кімге күледі? Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда? Осындай шындықты айтқан Абайға қалай мін тағуға болады? Ол тамыршыдай қазақтың өз кеселінің, өз ауруының мәнін ашып, өзі сақтандырып тұрған жоқ па? Ф.Тютчев «Умом Россию не понять» десе, М.Лермонтов «Прощай немытая Россия» деген. Ол үшін орыстар өз ұлтының ұлы ақындарын табалаған емес. «Пушкиннен анау артық, мынау артық» деп тепсінген емес. Пушкин орыстар үшін құдірет, ал қазақтың Абайды тепсінуі – қасірет!

Үшінші сөз

Абай – ұлттық паспортымыз ғана емес, ұлттық кодымыз. Ол – өз ұлтының озық ойлы данышпан тұлғасы. Ақындықтан бөлек, бірде ғаклия, бірде қара сөз деп айтылып жүрген дана сөздері, ұлттық философиялық ілімнің асыл бұлағы, қайнар көзі. Ол өз бойына тек қазақ халқының ғана емес шығыс пен батыстың, европаның озық ойынан синтезделген екшелген, сарапталған білімі.
Абай өз ұлтының мінін, кейбір табиғатын сынау арқылы ұлтты түзеудің жолын іздейді. Бәз біреулер Абай өз ұлтының, өз халқының мінін жұртқа жайған дегендей де пікір айтқанын білеміз. Бірақ шындығына келгенде, Абай өзі жинақтаған ілім-білімді халқын түзеу үшін, өзге елдердің қатарында болу үшін «не істеу керек?» деген сауалдарға жауап іздейді. Ұлы данышпанның 3-ші қара сөзіне аз ғана зер салып көрейікші.
«Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, өздерінің жалқау болатының себебі не?», сонда, 8-б – деп сұрақ қояды да соған жауап іздейді. Жоғарыда айтылған мысал әлі күнге сол күйінде тұр. Алысқа бармай-ақ өткен ғасырдағы репрессия жылдарын алайық. Бірін-бірі көрсеткен, домалақ арыздардың есебінен Алаш арыстары мен 80 мың интеллигенция өкілдері атылып кетті. Тіпті ашаршылық, колхоздастыру кезіндегі жайлардың да саяси ғана емес, экономикалық астарлы жағдаятын қайда қоямыз?! Кімнен жасырамыз? Тіпті ВКБ-ның ХVΙΙΙ съезінде Украинадан кейін көп қырылған қазақ халқы екені мойындалған болатын.
Мұның себеп-салдары неде? Абай бабамыз мұны былай түсіндіреді:
«Әрбір жалқау кісі – қорқақ, мақтанғыш келеді.
«Әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді, әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» сонда, 8-б. Міне, бұл бүкіл ұлтқа күл шашу емес, бұл ұлттың арасында осындай мінез-құлық бар екенін айта отырып, ұлтты тезге салу мақсаты тұр.
Оны қалай түзеуге болады? Ол үшін Абай малды көбейту қамын емес, егін, сауда, өнер, ғылым секілді нәрселерге ұмтылу қажеттігін ескертеді.
Міне, Алаш көсемдері, Ұлы Абай ілімінен нәр алған, оны ұлттық идеологиясының нысаны етіп алады. Сондықтан Алаш идеясы ұлы Абайдан басталғаны анық.
Абай жазады: «Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді» сонда, 9-б. Міне, осы қазақы кесел жойылып бітті ме? Жоқ.
Ұлы Абай үшінші қара сөзінде болыс болып сайланған адамдардың күнін қалай өткізетінін жіпке тізіп береді: «бірінші жыл бұлғаңдығымен өтеді. Екінші жыл кандидатпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жыл тағы болыс қаларға жол іздеумен күні өтеді» 9-б.
Абай болыс білімді адам болу тиіс деген ойды алға тартады. Орысша білім алған кісі болса, халыққа пайдалы болар еді деп ой түйеді. Өйткені ғибратты жол және адам бақыты еңбекте екенін түсіндіреді. «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» сонда, 9-б дейді данышпан бабамыз. Бұл бүгінгі күнің де басты бағыты екенін өмір көрсетіп отыр. Сондықтан да Абай ілімі ешқашан ескірмейді. Ол біздің әрбіріміздің жүрегімізде шамшырақ болып жануы тиіс.

Төртінші сөз

Өмірдің мәні Абай үшін бос өткен уақыт та, арзан күлкімен өтер жылдар да емес. Ойсыз, арсыз, мәнсіз күлкі мас адамның кейпін көз алдыңа әкеледі. Ғафилдік, яғни ойсыз өмір сүретін адамдардың бұл дүниеде де, ақыретте де жаны жай таппақ емес.
Ұқыптылық, әр нәрсені пайымдап, үйлестіріп, мың ойланып, мың толғанып шешетін адамның тірлігі оңды, өмірі мәнді. Демек ол адамның өмірі бақытты, соңы кенішті.
Уайым-қайғысыз өмір бола ма? Әрине, жоқ. «Жатқанға жан жуымас» деген осындай өмір тәжірбиесінен алынса керек. Сондықтан да Абай еңбек етуді, қарекет жасауды жөн деп біледі.
Біреуді табалап күлме. Оның қамсыз қаракетіне күйін, ызаланып күл. Жақсылықты танып күл. Одан рахат аласың, ғибрат аласың. Ғибратты адам салиқалы адам. Ол өз кемшілігін өзі түзей алады. бұл бос масаттауды тоқтатады, өтірік, бояма күлкіден сақтан. «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» сонда, 11-б. Абай қысқа ғана ғұмырды босқа, «жарамсыз қылықпен» құр өткізуге қарсы. Міне, осындай тығырықтан шығаратын жол бар ма? Абай ақын бар дейді. Ол үшін… «әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп» еңбек ету қажет. Сонда қара жер ииді, еңбегіңнің зейнетін көресің. Көз сүзіп, тіленіп өмір сүру ит өмірмен пара-пар. Міне, Абай жай ғана ой айтпайды. Ол өз заманының, болашақ дәуірінің жастарына тығырықтан шығатын жолды нұсқайды. Еңбек ету, өмірден өз орныңды табу – адамдық жол. Сонда берекелі өмір сүресің. Осы принцип кез келген қоғамның алдында тұрған міндеттерді айқындайды. Бүгінгі заманға жүгінелік. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев: «…Абайдың аты жаңаша асқақтап, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа биікке көтерілумен келеді.
…Бір кезде абзал ақынымыздың асыл мұрасының таптық идеология табанында тапталып қалмай, жаңа ұрпақтармен бірге жасайтын мәңгілік құбылысқа айналғанына қуандық.
…Абайды Абай қылған қилы тарихтың қырық қатпар шындығы қазіргі заманалық құбылыстармен тікелей жалғасып жатыр.
Абай …ғаламат тәуекелге бара алған ерекше парасат пен ерекше рух иесі.
…Халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге бастайтын жол сілтейді.
…Абай қазақтың суырып салма поэзиясын шын мәніндегі реалистік жазба поэзияға айналдырушы…
…Өміршілдік – Абай дүниетанымының ең терең және етене қабаттары еді.
…Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті.
…Абай армандары – тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар…»
Демек, Абай ілімі бүгін де қажет, ертең де қажет бола береді. Ілімі тозбайды, ілім оздырады.
Бесінші сөз
Өз ұлтының кем-кетігін түгендеу үшін өз халқыңның жақсы мен жаман әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін білу керек. Сондықтан да ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп мал таппақ болған әдеттен арылу қажет. Абай сондай ойсыз, жетесіздікке жетелейтін мақал-мәтелдерді ұлт үшін кесел деп біледі. Басқасын былай қойғанда «қарның ашса – қаралы үйге шап» деген сияқты мақалдың адам табиғатына жанаспайтынын сынайды. Яғни орынсыз жасалған мақалдарды перде етіп өмір сүруге болмайды. Мал табу үшін «ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен» сонда, 12-б.
Абай «тозақтан да қорықпайтын» осындай қазақы өмірден қорқады. Одан сақтандырады. Іздеген еліміз сол ма» деп күйінеді.
Ұлы ақын феодалдық-патриархалдық қазақ қоғамының жай-күйіне мазаланады. Ел не болып барады? Қайда бара жатыр? Осы ойлар ойшыл жүректі тілгілейді. Қолдан келер қайран болмаған соң оны зерттеп айығар жолды іздейді. «Әйтеуір бір жаңа заман келер, сол заманда қазақ қандай болуы кере»к деген ой көңіл күйігін сиямен сауыт алып, ақ қағазға түсіруге мәжбүрледі. Сол қазақ қандай өзгеріске түсті? Ойланарлық-ақ нәрсе. Етектегі басы төрге шыққан қазақтың бойында атам заманнан қалыптасқан жаман үрдістер әлі де көрініп тұр. Дүние үшін әке баласын, бала әкесін өлтіреді. Бір-бірін сотқа сүйреп жүрген ағайындылар, бірге туғандар аз ба? Сондықтан Абай ілімі ешқашан ескірмейді. Ұлт Абайды жатқа біліп, содан ғибрат алса ғана өркениетке жетпек. Абай ілімі – өркениет ілімі. Ұмытпайық!

Жалғасы: Даналық пен даралық

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...