Бас прокурор: 3 770 қылмыстық іс қозғалды

18 наурыз 2022, 12:28

Мәжілістің жалпы отырысына келген бас прокурор Берік Асылов депутаттардың сауалына жауап берді. Қаңтар қасіретінде қанша адам оққа ұшты, олардың тізімі неге жарияланбай отыр, тергеу барысы қалай өрістеуде? Осы тақылеттес сауалды жаңадан тағайындалған бас прокурор Берік Асыловқа қарша борады.

«Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға қаңтар оқиғасы себептерін егжей-тегжейлі тергеп, тексеруді тапсырды. Аталған фактілер бойынша барлығы 3770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі Ішкі істер министрлігінің өндірісінде. Олар: адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару-жарақ тонау», – деді бас прокурор.

Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеушілері мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға ұмтылу, ірі көлемде пара салу бойынша 15 істі тергеп жатқанын хабарлады.

Бұл істер бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов пен оның үш бірдей орынбасарына сот санкция салып қамауға алынғаны, бұдан бөлек ҰҚК-нің тағы екі лауазымды тұлғасына билігін асыра пайдалану күдігі бойынша қылмысқа тартылғанын жеткізді.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бас прокурорға депутаттар бірнеше қалаға барып қаңтар оқиғасына қатысты қамалғандардың туыстарымен, қорғаушыларымен, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесіп, зардап шеккен кәсіпкерлермен, жарақат алған әскерилермен кездескенін, өртенген ғимарат, техника, стратегиялық маңызы бар нысандарды аралағанын айтып, тергеу ісі ешқандай бүкпесіз, жасырып-жабусыз, ашық әрі әділ жүргізілуі керек екенін жеткізіп, депутаттық сауал жолдады.

Депутат мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған қадам айтылған қаңтар қасіретіне қатысты тергеу кезінде қару ұрлағандар, басты ұйымдастырушылар кімдер? Тергеу изоляторындағылардың қазіргі жайы қалай, арандатқан кімдер, арандатуға ілескендер анықталды ма? Күдіктілердің құқығы тапталып жатқан жоқ па? Ж.Әшімжан көптің көкейіндегі сауалдарға ашық, әділ жауап берілуі керек деді.

Бас прокурор қаңтар қасіретін ұйымдастырушылар бұл іске жоспарлы түрде дайындалғанын, еліміз отыз жылдың ішінде мұндай опасыздықпен алғаш рет бетпе-бет келгенін айтып, қылмыстың өрістеуін баяндады.

Жаңаөзен халқының бейбіт түрде митингке шығып, газ бағасын төмендетуді талап етуінен басталғанын, бастапқыда ешқандай саяси қадам болмағанын, әлеуметтік-экономикалық талап қойылғанын айтты. Жаңаөзенге барған Үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты көпшіліктің талабын орындап, келісімге келгенімен, еліміздің басқа өңірлеріндегі қалаларда халық толқып көшеге шыққанын, қатысушылардың жалпы саны екі күннің ішінде 50 мыңнан асып, бейбіт жиынның соңы аласапыранға ұласқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы шеруге шыққандарға үндеу жолдап, басу айтып, заңды сақтауға, арандатушыларға ермеуге шақырды. Алайда бейбіт халықты өз мақсатына пайдаланушы қылмыстық топ пен радикалды бағытты ұстанушы адамдар да білек түріне белсенді әрекетке көшті.

Берік Асылов ұйымдастырушылардың адамдарды жинауда уатцап пен телеграм желісін оңтайлы пайдалағанын, оларды тас, темірмен жарақтап, «Молотов коктейлін» де ұстатқанын айтты.
Ұйымдасқан топ тонаудан соң ізін суытып, дерегін қалдырмау мақсатында сауда нысандарын ғана емес, көп қабатты үйлердің бірінші қабатындағы пәтерлерді де өртегенін айтты. Алматыдағы Президент резиденциясына, қалалық әкімдік ғимаратына, полиция департаментіне, ҰҚК ғимаратына қару топ мақсатты түрде шабуылдағанын жеткізді. Алматы әуежайы сынды стратегиялық маңызды нысандарды басып алушылар қару дүкендерін қиратып кіріп тонап, теледидардан тікелей эфирге шығуды талап етіп, ол мақсаты орындалмаған соң телеарналар ғимаратын қиратып өртеді деді. Ұйымдастырушылар көше қозғалысын шектеп, көлік жүргізушілерді де мәжбүрлеп «тірі қалқан» жасағанын да атап өтті.

Бас прокурор Мемлекет басшысының құқық қорғау, арнайы органдарға қаңтар қасіретінің себептерін тереңдей тексеріп, тергеуді тапсырғанын, оқиға бойынша 3 770 қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Қуаныш Рахмет

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген