«Бапкер біліктілігін көтермей нәтиже болмайды»

09 желтоқсан 2022, 10:47

Ақжүрек Таңатаров – еркін күрестен жазғы Олимпиада ойындарының жүлдесін иеленген үшінші қазақ. Енді осыны тарқата түселік. 1996 жылы өткен Атланта жазғы Олимпиадасында (АҚШ) Мәулен Мамыров жеңіл салмақта қола жүлдегер атанды. 2000 жылы Сиднейде (Австралия) Ислам Байрамуков күміс медаль алды. Одан кейін араға бір мүшел мерзім салып Ақжүрек Таңатаров Лондон жазғы Олимпиадасында қола жүлде алды. Көзі қарақты оқырман 2004 жылы Афина жазғы Олимпиадасында күміс алған Геннадий Лалиевті, 2008 жылы Бейжің жазғы Олимпиадасында финалда сүрініп, күміспен күптелген Таймураз Тигиевті, қола медаль алған Марид Муталимовты неге есепке алмай отыр деуі мүмкін. Рас, бұлар біздің елдің атынан жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, жүлде алып берген шетелдік спортшылар. Еркін күресіміздің еңсесін көтереді деп сенген Тигиев пен Муталимов Ресейде, Лалиев Грузияда өмірге келген, сол елдің балуандары. Ақжүректі Мәулен мен Ислам ағаларынан кейін осынау биікке шыққан үшінші балуан атандыруымыздың астары осында жатыр.

Ақжүректің Лондон жазғы Олимпиадасында қола медаль алуы да, сол межеге жеткенге дейінгі спорттық ғұмыры аласапыранға толы. Тәуелсіз елдің ұланы өгейдің күйін кешіп жүріп, түрлі теперішті де, тепкіні де көрді. Өз елінде қағажу көрудің азабын бір кісідей тартқан. Ендігісін өзіне айтқыздық.

Бізге не жетпейді?

Jas qazaq: Ақжүрек, әлқиссаны балуандарымызға әлем чемпионатынан бұйырмай келе жатқан алтын медальдан бастасақ. Қазақ елінің үкілеген үмітінің бірі саналған Нұрқожа Қайпанов қайбір жылы жеңілістен кейінгі өкінішті сәтінде «Неден кемшілік кеткенін білмейміз, бірдеңе жетпей тұрғандай сезілді. Үйдің бетін көрмей жаттығу жиындарында жүрміз» деді. Не жетпейді біздің балуандарға? Неден қағажу көріп келе жатыр?

Ақжүрек Таңатаров: Сұрағыңыздың астарында нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Біздің балуандарға әлем чемпионатының алтыны, жазғы Олимпиада ойындарының алтын медалі неге бұйырмайды дегенді сұрап отырсыз ғой. Осы салада сан жылдар тер төгіп, әлі де спорттың бір пұшпағын илеп жүрген маман ретінде айтайын. Оқу-жаттығу жиындарын өткізе бергеннен, жарыстан жарысқа балуанды сала беруден дәреже-деңгей өседі деген түсініктен арылу керек. Мысалы, қараңыз, осы күнде Әзірбайжан балуандары әлемнің үздік бестігіне енетін деңгейге жетті. Қалай? Ертеректе әзірбайжандар осындай дәрежеге көтеріледі дегенге көңіл сенді ме? Олар өздерін шыңдау үшін, балуандарының біліктілігін арттыру мақсатында жаттығудан жаттығу өткізе берген жоқ. Шетелден білікті бапкер әкеліп, өздерін өсірді, кем тұсын бүтіндеді, деңгейін көтерді. Бізде балуандар шама-шарқы жеткенше, әлі келгенше күресіп жүр деп айта аламын. Әзірбайжанды неге тілге тиек етіп отырмыз? Олар өздерінің бапкерлерінің деңгейін біледі, парқын саралай келе, шетелден бапкер шақыртып, шәкірттерін шыңдау дұрыс жол деп түсінді және қателескен жоқ.

Өкінішке қарай, біздің елде бапкерлердің кейбірі «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғыс іспетті кертартпалыққа бой үйретіп алғандай. Деңгейінің төмен екенін мойындағысы келмейді, білмесе де «білемге» салып өлермендене ұмтылады. Бапкер біліктілігіне қатысты бір мысал айтайын.

Jas qazaq: Иә, айтыңыз.

Ақжүрек Таңатаров: Жамбыл облысының бокс мектебі елімізде өте тегеурінді саналады, оны білесіз. Кешегі Серік Қонақбаевтардан, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмаділов, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, жазғы Олимпиаданың қола жүлдегері Болат Ниязымбетов, Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев деп тізбеленіп кете береді. Жамбыл облыс әкімі қызметін атқарған жылдары Қанат Бозымбаев Әулиеатаның боксын одан сайын биіктету мақсатында Кубадан білікті бапкер әкелуге күш салды. Осыны жүзеге асырды да. Нәтижесі қалай болды, кубалық маманның алдын көрген жамбылдық жампоздар Қазақстан чемпионатының бірнеше салмағында жеңімпазы атанды. Көрсеткіш пе, көрсеткіш! Нәтиже ме, нәтиже! Амал жоқ, облыс әкімі қызметінен кеткеннен кейін бапкер де тұрақ тапқан жоқ, әйтпесе, талай шыңға шығаратын еді. Міне, мысал. Білікті бапкер шақыртып, содан кейін әр салмақта балуандарымызды шарболаттай қайрау үшін тегеурінді балуандарды серіктестікке шақырту керек.

Jas qazaq: Бәсеке демекші, кезінде өзіңіз белдескен салмақта бірнеше балуандар болды, олардың дені легионер еді.

Ақжүрек Таңатаров: Мен белдесуге түскен салмақта Абдулхакім Шәпиев, Леонид Спиридонов, Семён Семёнов сынды балуандар болды. Сіз айтпақшы, көпшілігі сырттан келген балуандар. Жаттығуда босаңдық таныттың ба, ірі жарыс алдындағы іріктеуде ұтылдың ба, әлемдік додаға шыға алмайсың, бәсекелестік тым жоғары. Қазір қалай, әр салмақта дәл біздің кезіміздегідей қарсыластық жоқ. Әділет Даулымбаев спорттық өлшеммен алғанда «жер ортасы жасына» келді, 34 жастан асты. Жас балуандарымыздың арасынан әлі де Әділетті ығыстыратын, Даулымбаевты жығатын жампоздың шықпауына қарап та еркін күресіміздің деңгейін саралауға болар деп пайымдаймын.

Жастарды өсіру үшін атқарар шаруа шаш-етектен. Спорт интернаттары, спорт мектептері, орталықтар бар. Міне, сол жердегі жеткіншектерге күресуді үйрететін бапкерлердің де деңгейін көтеру күн тәртібіндегі мәселе екенін осындай олқылықтар әйгілеп отыр. Спорт интернаттары арасындағы бәсекелестікті көтеру қажет. Алдымен білікті бапкерлерді тартып, өзімізден таба алмасақ, шеттен шақыртып, балғын балуандарды мектеп қабырғасынан шыңдалудың жолына салу қажет. Жағдай жасап, мүмкіндікті молынан тудыру керек. Содан кейін ел біріншілігі алдында интернаттардың арасында, спорттық мекеме, мектептің өз ішінде бәсекені күшейтіп, белдесуге салу керек. Осындай қайнаудан шыныққан бала шыңдалмағанда қайтеді? «Мына елден Олимпиада чемпионы шықпайды» деп кесіп айтуға болмайды. Қыс мезгілі дегенді білмейтін Аустралия 2002 жылы өткен Солт-Лейк-Сити қысқы Олимпиадасында шорт-тректен алтын медаль алған жоқ па! Мұның бәрі де өнімді еңбек пен тындырымды дайындықтың өтеуіне келетін олжа.

Тұлпар болар жүйрікті құлын күнінен баптағаны секілді, балаларды шыңдауды шыңға шығарған елдің спорты өркендейді. Мен күресті 31 жасымда доғардым. Өзімнің мысалымда айтайын, маған, яғни отыздағы балуанға күрестің қыр-сырын үйреткеннен пайда көп пе, әлде өсіп келе жатқан жеткіншекті шыңдап келешегіне үміт арту тиімді ме? Тоқетерін айтқанда, спортта асарын асап, жасарын жасап, «өрі бітіп, еңісі қалған» шақта шыңдау деген көңілге аса қонымды емес. Өйткені күресудің әліппесін тісқаққан балуан бала күнінде үйреніп алған, әдіс-тәсілді де меңгергендіктен қажеті шамалы. Жарыс болсын, оқу-жаттығу жиындарына барғанда байқаймыз, дамыған елдердің басым көпшілігі спортты өрістету дегенде жас ұрпақты шыңдау деп қабылдайды, сол бағытта жұмысын өрбітеді. Дағыстандық балғын балуандардың күрес өнерін көрсеңіз, көзіңіз тояды. Олар шоу жасайды кілем үстінде, әдіс-тәсілді кемеріне келтіре орындайды. Мұның барлығы да үйретуші, баулушы бапкердің дәреже-деңгейіне байланысты. Сондықтан да әр облыста жеткіншек балуандардың бәсекесін жандандырып, от беретін, дәрежесін өсіретін білікті бапкерлерді тарту керек дер едім.

Өтелмейтін өкініш

Jas qazaq: Арада он жылдан аса уақыт өтті. Дегенмен де кеудедегі жұдырықтай етке беріштей болып қатқан бір өкініш барын өзіңіз үнемі айтып жүрсіз. Ол өкініш – 2012 жылы Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарының жартылай финалдық белдесуіндегі әділетсіздік. Тура мағынасындағы қыршаңқы үндіс балуанын ұтқаныңызда Олимпиаданың алтын медаліне сынық сүйем жақын қалар еді.

Ақжүрек Таңатаров: Мұндай мүмкіндікті Алла маған бір-ақ рет берді ғой, мен соны уысымнан сусытып алғаныма ішім удай ашиды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына «барғызбасым» барғызбады, апарған жоқ. 22 жасқа толғам, нағыз бабымда жүрген балуан едім, артық салмақ қуу да аса қиындық тудырмайтын, күшімді де көп сарқымайтын едім. Басшылық та, бапкерлер де сырттан келгенді мықты санап, Қытайға алып барды. Одан кейінгі мүмкіндік осы Лондонда туды. Оның өзінде де талай «от пен судан» өтіп, «тар жол тайғақ кешуде» жігерімді жыққысы келетіндерге қасқайып қарсы тұрып, өзімнің мықтылығымды дәлелдеген соң ғана делегация құрамына қосты. Лондон жазғы Олимпиадасының жартылай финалдық белдесуі. Үндістандық Сушил Кумар иненің көзінен өткен айлакер, қу екен. Жанталасқа түскен, арпалыс кезінде төрешінің көзін ала беріп, құлағымнан қыршып алды. Иә, көгілдір экраннан дүйім жұрт, төрткүл дүние көріп отыр. Спорттың ережесіне мүлде қайшы қылық қой Кумардың әрекеті. Сондағы өкінішім, кілем шетінде отырған бапкерлерімнің қарсылық танытып, төрешіге ескерткенде бәрі басқаша өрбитін бе еді. Кумарды ұтып финалға шықсам, барымды салар ма еді алтын медаль үшін. Өзегімді сол өкініш өртейді.

Jas qazaq: Бұйырмағаны шығар, десе де елге құралақан келген жоқсыз, Таңатаровтың кеудесінде қола медаль жарқырады.

Ақжүрек Таңатаров: Әрине, тәубе дейміз, бірақ мен елімді Олимпиаданың алтын медалін олжалап, мерейін өсіруді көздеп бардым. Барымды салдым, іріктеу кезінде өзімнің тегеурінімді байқаттым. Тіпті армян балуанының қасында жүрген «жансыздары» белдесуді сатсаң деп саудаға да тартқысы келді. Мемлекеттің мүддесі, елімнің намысы үшін сын сәтінде тұрып саудаласпайтынымды айттым. Үндіс балуаны төрешілердің аузын майлап қойса керек, мені қараулықпен жықпаса әлі келмейтінін түсініп, осындай лас әрекетке барды. Сонда бапкерлерім челлендж жасап, қарсылық танытқанда, шіркін-ай, басқаша өрбитін бе еді. Қола медаль үшін белдесуге басында шыққым келген жоқ, көңілім қалды мынадай әділетсіздіктен. Бірақ ашуымды ақылға жеңдіріп, қалың елім өзімнен жүлде күтіп отырған соң, барымды салуға бел будым.

Jas qazaq: Қола медаль үшін белдесуде дағыстандық балуан, Түркия елінің атынан Лондон Олимпиадасына қатысқан Рамазан Шахинды ұттыңыз.

Ақжүрек Таңатаров: Менің жолымды бөгеп, орныма басқа балуанды апарған Бейжің жазғы Олимпиадасында Рамазан Шахин алтын медаль алған оғлан еді. Бірақ Лондон жазғы Олимпиадасының алдындағы бір кездесуде Шахинді ұтқанмын, сондықтан аса бір қорқыныш, күмән болған жоқ. Өзімнің әдісіме салып, бірінші айналымда мүмкіндік бердім, қарсыласым ұпайын алды. Одан кейінгі екінші, үшінші айналымда сілелетіп жүріп жеңдім де, қола жүлдегер атандым. Бірақ алтын медальдің парқы бөлек қой қашанда. Әйтсе де, бұған да шүкіршілік деймін. Лондон жазғы Олимпиадасынан кейін жарақатымды емдеп, бірнеше жыл үзіліс болды. Мен өзімнің салмағыма түсу үшін өте көп салмақ тастайтын едім. Мысалы, 80 келіден жарысқа дейін 66 келіге түсу оңай емес, оны спортта жүрген, осы саланы жетік білетін адамдар жақсы біледі. Жарақатымды емдеп, бірнеше жыл үзілістен кейін 2017 жылы Азия біріншілігінде алтын медаль еншіме жазылды. Содан кейін көп өтпей әлем чемпионатында қола медаль бұйырды. Алла менің пешенеме Олимпиаданың қоласын, Азияның алтын медалін, әлем біріншілігінің қола жүлдесін жазған екен, тәубе етемін.

Бейжіңге неге жол түспеді?

Jas qazaq: Ақжүрек, енді өзіңіз спортта қысастықты көрудей-ақ көрдіңіз. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына баратын мүмкіндік те болды. Өйткені сол жылдары ұлттық құрамада 66 келіде Таңатаровтың тегеурініне төтеп беретін балуандар некен-саяқ еді. Сырттан әкелген легионерлердің өзін жыққаныңызбен де жолыңыз болмады.

Ақжүрек Таңатаров: 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының қарсаңында 66 келіде төртжылдық додасына қай балуанды апарамыз деген сауал бапкерлердің «бас ауруына» айналды десем, өтірік болмас. Украиналық Олимпиада чемпиондары ағайынды Белоглазовтардың турнирі өтті Калининград қаласында. Сол жарысқа аттанарда бапкерлер 66 келіде қай балуанның жұлдызы жанады, Бейжің Олимпиадасына қосамыз деген бәтуаға тоқтады. Бардық, қарсыластарым – Ресейден әкелген легионерлер Леонид Спиридонов, Абдулхаким Шәпиев. Үшеуміздің арамыздан мықтыны анықтау үшін бапкерлер белдесуге салды. Спиридоновты Шәпиев жеңді, ал мен Шәпиевті ұттым, кезек Леонид Спиридоновқа келгенде ол күресуден бас тартты. Демек, жол менікі, Бейжіңге алаңсыз дайындалуым керек еді. Амал қанша, Леонид Спиридоновты алып барды. Ол қола жүлде үшін күресте үндістандық балуанға есе жіберіп, құралақан қайтты.
Спорт – өте күрделі, қиындығы көп өзекті өріс. Бұған тәуекел етіп, бел буып келдің бе, отына да күйесің, суығына да төзесің. Күніне үш мезгіл жаттығу жасау – қалыпты құбылыс. Жылдың он екі айы бар болса, соның он айын сыртта өткізесің: оқу-жаттығу жиындары, түрлі жарыстар, чемпионаттар бар. Спортшы да адам, темір емес, жүрегіне салмақ түседі, қажиды, шаршайды. Осындай өткелектен өтіп, талас пен тартыстың арасында жүріп, қиянатты көргенде барлығын сап тыйған кезім де болды. 2008 жылы «күресті доғардым» деп өзімді-өзім қаңтардым. 22 жастағы спортшыға оңай шешім емес. Сонда мені бала күнімде күреске қолымен жетелеп, кілемге шығарған әкем қатты ренжіді. «Ер мінезді азамат өсірдім деп жүргенде, ездігіңді көрсетпе, сен Олимпиаданың медалін алуға тиіссің. Мейлі, жолыңда қандай қиындық, кедергі, аяқтан шалу орын алса да сынбауың керек. Сол межеге жетуің үшін мен ештеңеден аянбаймын» деп қамшылағанда қайта ширықтым. Өйткені әкем мен анам бар тапқанын менің жолыма жұмсап, қолдан келер жағдайдың барлығын жасады. Осының бәрін көріп өскендіктен әкемнің аманатын қайтадан арқаладым. 2009 жылы спортқа қайта оралып, жаттығуға кірістім. Ел чемпионатында олжа салып, қарсыластарымның бәрін жықтым. Сол жылы әлем чемпионаты Данияда өтуі тиіс еді. Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған спортшы қырсық шалып жарақаттанып қалмаса, әлем біріншілігінің дуына баруы тиіс, жол сонікі. Біз де аянбай тер төгіп, жаттығуда барымызды сала әзірлік өткізіп, әне-міне жол жүреміз деп қамданып отырғанда менің салмағымда Ресейден әкелген Леонид Спиридонов баратын болды деді де, сол балуанға үміт артты.

Jas qazaq: Спорттағы әділетсіздікті көрдіңіз, келешекте бапкер ретінде сіздің де шәкірттеріңізді жолын қасақана кесіп, қиянат жасайтын болса, қайтесіз.

Ақжүрек Таңатаров: Төбелесуге дейін барамын, өйткені менің шәкіртім күйіп кетпеуі керек. Баланың рухы сынбауы керек. Күшік кезінен таланған деген сөз бар, сондықтан да әділетсіздікке бала күнінен ұрынса, көңілі суып кетуі мүмкін спорттан.

Көптеген бапкерлерді еңбектенуге тым еріншек деп санаймын. Балуан болатын баланы жеткіншек шағынан жетектеп жүріп жеткізуге аз күш кетпейді. Одан да сырттан легионер тартып, «дайын асқа тік қасық болу» оңайырақ. Дайын балуанды әкеліп, еншісіне жазып алып, марапатқа кенелуге кім қызықпайды. Жылтыраққа, жеңіл дүниеге тым әсіреқызығушылығымыз оянып кетеді ғой. Бапкерлер өзінің біліктілігін арттырып, жетілдіріп отырғанда ғана ісінің нәтижесін көреді.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді