
Бүгін, 15 мамыр – халықаралық отбасы күніне орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен №119-ші орта мектептің базасында отбасылық психологияға арналған танымдық семинар өтті.
Іс-шараның басты мақсаты отбасы институтын нығайту және ата-аналар мен балалар арасындағы өзара түсіністікті одан әрі қарай дамыту болып табылды. Оған ата-аналар, ұстаздар, психолог мамандармен қатар Астана қаласы Байқоңыр ауданы прокурорының орынбасары Мұхтар Өсерхан мен сол аудандық прокуратураның аға прокуроры Әйгерім Әбдіғали қатысты.

Семинар басталмас бұрын көпшілік назарына Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендинаның бейнеүндеуі ұсынылды. Ол өз сөзінде бала тәрбиесінде ата-ананың өте маңызды роль атқаратынына тоқатала келе, жас ұрпақты бағбандай баптауда ұстаздар қауымына да жүктелер міндеттің зор екенін түсінікті тілмен әдемі жеткізді.
Содан кейін сөз алған Байқоңыр ауданы прокурорының орынбасары Мұхтар Өсерхан өкінішке орай қазіргі ата-аналардың дені тұрмыс, жұмыс қамымен жүріп, бала тәрбиесіне мойын бұруға мұршалары жоқ деді. Отбасының материалдық тұрғыдан мұқтаждық көрмеу керек екендігін түсінуге болады, бірақ соның салдарынан біздің өскелең ұрпақты көше, смартфон, интернет және әлеуметтік желілер тәрбиелеп жатыр. Кеше ғана Астанада қайғылы оқиға орын алды — көшеден жүгіріп өтпек болған оқушыны жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік қағып кетті. Кейін баланың телефонын тескерген уақытта мәселенің мән-жайы анықталды. Соңғы кезде оқушылардың арасында қауіпті ойын пайда болыпты: бір — бірін сөзбен қайрап, зымыраған көлікті алдын кесіп өтуге айдап салады екен. Сондықтан ауық-ауық балаларыңыздың телефонын тексеріп, оның өмірінде не болып жатқанынан хабардар болыңыздар, мүмкіндігінше тонның ішкі бауындай араласып, сырын тыңдауға уақыт табыңыздар дегенді айтты.

Астана қаласы әкімдігінің «Психологиялық қолдау орталығы» басшысы Гүлмира Қапанова жиналғандарға өзі басқаратын мекеменің міндеттері туралы баяндап берді. «Біздің миссиямыз — балаларға, жасөспірімдерге, ата-аналарға және педагогтарға өмірлік қиындықтарды еңсеруге көмектесу, ішкі тірек табуға бағыт беру және әрқайсысының өзін қауіпсіз әрі үйлесімді сезінуіне жағдай жасау», -деп сөзін түйіндей келе орталықтың есігі әрдайым айқара ашық екендігін айтты.
Семинар барысында отбасындағы психологиялық ахуал, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, сенімді қарым-қатынас орнату мәселелері, сондай-ақ қазіргі заманғы отбасының өзекті проблемалары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, тәжірибелі психологтар мен мамандар дәріс оқып, практикалық ұсыныстарымен бөлісті.
Кездесу аясында «Тоғыз тағдыр» сериалы көрсетілді. Ондағы кейіпкерлер ойдан шығарылса да оқиғалар өмірден алған шынайы және біздің анйламызда болып жатқан жәйттер. Фильмде кәсіби актерлер емес кәдімгі мектеп оқушылары мен прокуратура қызметкерлері ойнайды. Одан кейін сериалға қатысушылар жиналғандармен бірге ата-аналарды, жас отбасылар мен жастарды алаңдататын өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер қоғамдағы отбасылық құндылықтарды дамытуға және ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін болады.
Абзал Ибрагим,
Астана
Суреттерді түсірген автор