
Түркістан облысы Арыс қаласында білім беру саласын жаңғырту бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары қарқын алды. Қалада «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық екі жаңа мектеп салынса, оның бірі бүгінде 500-ге жуық оқушыны қабылдап үлгерді. Сонымен қатар 2025 жылы ауыл мектептеріне химия, биология, физика және робототехника бағытындағы 6 жаңа модификацияланған кабинет беріліп, 2026 жылы тағы 15 заманауи кабинетпен жабдықтау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қала бойынша 12 987 оқушы түрлі үйірмелермен қамтылған. Ал жазғы сауықтыру шаралары аясында биыл 15 125 бала демалыс лагерлерінде тынықты. Сонымен қатар Арыс қаласында «KitapLike», «Lesson Study», «Intellectum», «matatalab» секілді жаңа білім беру жобалары мен пилоттық бағдарламалар кезең-кезеңімен енгізілуде. Осы орайда Jas Qazaq тілшісі Түркістан облысы білім басқармасына қарасты Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбековпен білім саласындағы жаңа бастамалар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында сұхбаттасты.

— Әшімхан Тілеуханұлы, Арыс қаласында мектеп инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
— Қазіргі таңда Арыс қаласының білім беру жүйесін дамыту аясында мектеп инфрақұрылымын жаңарту мәселесі тұрақты бақылауда тұр. Соңғы жылдары осы бағытта нақты жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Мәселен, 2025 жылы «Тараз» тұрғын ауданында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Бүгінде бұл білім ордасында 500-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Сонымен қатар «Отырар» тұрғын ауданында да 600 орындық жаңа мектептің құрылысы толық аяқталды. Аталған мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен С.Адамбеков атындағы жалпы білім беретін мектеп «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы аясында толық жаңғыртылды. Мектеп Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттарына сәйкес заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, тірек мектеп ретінде жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жобаның басты мақсаты – ауыл мектептерінің әлеуетін арттырып, озық тәжірибелерді өзге білім беру ұйымдарына тарату.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы ауыл мектептеріне химия, биология, физика және робототехника бағытындағы 6 жаңа модификацияланған кабинет алынды. Ал биыл тағы 15 заманауи кабинетпен жабдықтау жоспарланып отыр.
Балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуы – біздің басты міндетіміздің бірі. Қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Барлық мектептерде Face ID жүйесі, турникеттер, дабыл батырмалары мен бейнебақылау құрылғылары орнатылған. Олардың барлығы жедел басқару орталығына толықтай қосылған.
Сонымен қатар бірқатар білім беру ұйымдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия мен Ә.Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 8 мектеп пен 6 балабақшада жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда қажетті сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық білім басқармасына ұсынылды.
— «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында оқушылардың шығармашылық дамуына қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
— Мемлекет басшысы балалардың жан-жақты дамуына ерекше назар аударып келеді. Осыған сәйкес Арыс қаласында да балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Қалада бүгінде екі қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның бірі – Ж.Байгуттиева атындағы өнер мектебі. Қазіргі таңда онда 230 бала білім алады. Сонымен қатар облыстық білім басқармасына қарасты «Жас туристер, техниктер, натуралистер» стансасында 234 оқушы қамтылған. Бұл мекемелердегі балалар халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Жалпы Арыс қаласы бойынша үйірмелерге тартылған оқушылар саны 12 987-ге жетеді. Мектептерде өнер, музыка, хореография, қолөнер, театр, дебат, ғылыми жоба және робототехника бағытындағы үйірмелер тұрақты жұмыс істейді.
Сонымен қатар балалардың қабілетін дамыту мақсатында түрлі шығармашылық байқаулар, фестивальдер мен танымдық жобалар ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар әр баланың қызығушылығы мен қабілетін ашуға мүмкіндік береді.
— Жазғы сауықтыру шаралары қалай ұйымдастырылуда?
— Осы бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізіледі. 2025 жылы жазғы сауықтыру шараларымен жалпы 15 125 бала қамтылды. Оның ішінде Түркістан облысы Кентау қаласындағы Қарнақ ауылында орналасқан «Urker» лагерінде 1000 бала демалды. Ал мектеп жанындағы жазғы лагерлерде 13 771 оқушы тынықты.
Сонымен қатар оқушылар республикалық және облыстық сауықтыру орталықтарына да жіберілді. Атап айтқанда, Ақмола облысы Көкшетаудағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 9 оқушы демалды. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 оқушы арнайы лагерьлерге жолдама алды. Сондай-ақ Төлеби ауданындағы «Тау барысы», «Эдельвейс» және «Алатау» оқу-сауықтыру орталықтарында ондаған бала демалып қайтты.
— Оқушылардың білімге қызығушылығын арттыру үшін қандай жаңа әдістер енгізіліп жатыр?
— Бүгінде білім сапасын арттыру үшін заманауи педагогикалық технологияларға басымдық беріліп отыр. Мектептерде жобалық және зерттеушілік оқыту, STEM білім беру, цифрлық платформаларды пайдалану, геймификация және саралап оқыту тәсілдері белсенді енгізілуде.
Сонымен қатар бірнеше маңызды білім беру жобалары жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «KitapLike», «KitapTalkylike», «Зейін» оқырман клубы жобалары Ж.Ташенов, С.Ерубаев және С.Қожанов атындағы мектептерде іске асырылуда. Бұл жобалардың басты мақсаты – балалардың гаджетке тәуелділігін азайтып, кітап оқуға қызығушылығын арттыру. Қазіргі таңда аталған жобаға 2-11 сыныптар арасынан 9 мыңға жуық оқушы қатысып отыр.
«Бала және мәдениет» жобасы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Қаныш және ғылыми майдан», «Жұмабек және жер майдан» атты балалар оқулары байқауы өткізілді. Қорытынды кезеңге 12 мектептен 144 оқушы қатысып, жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен және арнайы марапаттармен наградталды.
— Робототехника және ғылыми жобалар бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Қазіргі заман талабы – технологиялық сауаттылық. Осы бағытта «Intellectum» және «matatalab» роботтар жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жобалар балалардың жаратылыстану-математикалық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Жоба бүгінгі таңда В.Комаров, С.Нұрмағанбетов атындағы мектептерде, №372 білім мекемесінде, «Зиянұр» жекеменшік мектебінде және үш мектепке дейінгі ұйым базасында енгізілген. Алдағы уақытта бұл жобаларды өзге білім беру ұйымдарына да кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз.
«Lesson Study» жобасы педагогтердің кәсіби тәжірибесін жетілдіруге бағытталған маңызды әдістемелік алаңға айналды. Қазіргі таңда Арыс және Ә.Жангелдин атындағы мектептер тірек мектептер ретінде белгіленіп, оларға серіктес мектептер бекітілді. Мұнда мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, оқыту сапасын арттыру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуде. 2026 жылы бұл жобаға тағы төрт мектеп қосылады.
Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарда екі пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Ассистент ата-ана» жобасы «Балапан» балабақшасында енгізіліп, ата-аналардың бала тәрбиесіне белсенді араласуына мүмкіндік беруде. Ал «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» жобасы «Алтын тұмар» балабақшасында іске асырылуда. Бұл жоба балалардың түрлі мамандықтарға қызығушылығын ерте жастан қалыптастыруға бағытталған.
Аталған пилоттық жобалар бойынша облыстық тәжірибелік семинар өткізіліп, Түркістан облысындағы өзге аудандардың мамандары тәжірибе алмасты. Жобалардың тиімді нәтижесіне байланысты оларды облыстың басқа аудандарына енгізу жоспарланып отыр.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық