![]()

Алматы облысы — әуелден қоныстануға қолайлы өңір. Өйткені мұнда мал және ауыл шаруашылығына қоса, көлік-логистика мен өндірісті өркендетуге барлық жағдай бар. Айта кету керек, осы көлік-логистика мен өндіріс саласында қолға алынған бірнеше ірі жобаның аяқ алысы жаман емес. Олардың қай-қайсысы да өңірдің экономикалық һәм әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосып отыр. Бұған Jas Qazaq тілшісі Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырған баспасөз сапарында көз жеткізіп қайтты.
«Жетіген» — Еуропаға бағыт
Біз алдымен бас сұққан «Жетіген» көлік-логистика орталығы (КЛО) Еуропа, Түркия, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Қытай, Орталық Азия мен Таяу Шығысқа дейінгі контейнер тасымалы жолында орналасқан. Аталмыш жобаның Алматы облысы үшін маңызы зор. Осы арадан жүкті «Достық» станциясына дейін апарып, әрмен қарай Орал, Батыс Қазақстан, Шығыс Еуропа, Кавказ елдерінің порттарына жеткізуге болады.
Алматы облысы бүгінде жүз шақты мемлекетпен сауда-саттық қарым-қатынасын орнатқан. Өткен жылы сауда айналымы 3,3 млрд долларды құраса, оның ішінде 307 млн доллар экспорт, 2,9 млрд доллар импорттың үлесінде. Өткен жылы теміржолдағы жүк тасымалы 5,5 млн тоннадан асты (17,5 млрд теңге). Енді «Жетіген» КЛО осы көрсеткішті еселеуге үлес қоспақ.

«Жетіген» КЛО аумағы – 51,2 гектар, Бүгінгі күні 20 гектары игерілген. Теміржолдың жалпы ұзындығы 13 шақырым деп белгіленген. Нысанның техникалық директоры Әнуар Мұсаевтың айтуынша, оның 6 шақырымы іске қосылған. Логистикалық орталықтың 100 мың ЖФЭ (20 фут контейнер эквиваленті) өңдеуге қауқары жетеді. Сондай-ақ 8 мың ЖФЭ контейнерді сақтауға болады. Терминалдың бір артықшылығы – 7 күн бойы 24 сағат, яғни үздіксіз жұмыс істеуі. Алғашқы кезеңде 100-ден аса адам жұмыспен қамтылып, олардың 95 пайызы Жетіген кенті мен Қонаев қаласынан тартылады.
2024 жылға қарай 10 гектар жерде индустриалдық аймақ ашу көзделіп отыр. Онда минералдық тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өндірісі жолға қойылады. КЛО-ны дамыту мақсатында жүк түсіретін қоймадан бөлек, жүкті тиеп-сақтайтын еуро стандарттарға сай қойма салынады.
2027 жылға қарай көлік-логистика орталығы толығымен іске қосылады.
Сублимация немесе жеміс-жидек экспорты
Өңірдегі тағы бір тартымды нысан – жеміс-жидекті сақтап, мұздатып, сублимациялайтын «Fruit Art» ЖШС. Кәсіпорын иелігінде 15 мың тоннаға дейінгі өнім сақтайтын жеміс қоймасы бар. Жоспары — жылына 25 мың тоннаға дейін жеміс-жидек шикізатын өңдеу. Орташа есеппен, бұл шикізат түріне қарай жылына 1200 тонна дайын сублимацияланған өнім шығару дегенді білдіреді.

Кәсіпорын жұмысы 50/50 стандартымен жүзеге асырылады. Автоматты құрылғының жанында өнімдерді тазартатын, бақылайтын жұмыс күші бәрібір керек. Аталмыш өндіріс орнының бас маманы Константин Чепкелев жұмыс процесіне тоқталып өтті: «Жеміс-жидектер ең алдымен -30градус температурадағы камераларға, содан кейін барып сублимациялау құрылғысына жіберіледі. Сублимациялау процесі 20-60 минутқа созылады. Бұл процесте жеміс-жидектің сөлі шығып, құрғатылады. Бірақ табиғи құрамы сақталады. Сублимцияланған жемістер арнайы қоймада сақталып, кейін экспортқа жөнелтіледі».
Өндіріс ошағындағы тағы бір қоймада алма сұрыпталып, қораптарға салынады. Әрмен қарай мұздатқыш қоймада сақталып, сатуға дайын тұрады. Мұндағы басты ерекшелік — арнайы құрылғы алманы сорты мен көлеміне қарай бөліп, тіпті құрамындағы өзгеріске дейін анықтайды. Осы нысанның жанынан жеміс-жидек өсіретін жылыжайдың құрылысы басталыпты. Кешен толығымен іске қосылса, маусымдық жиын-терін кезінде 250-ге тарта адамды жұмыспен қамтиды.
Автоматтандырылған зауыт іске қосылады
Біз бас сұққан тағы бір кәсіпорын — Іле ауданының «Байсерке» кентінде орналасқан «Шин-Лайн» компаниясы. Мұнда балмұздақ өнімін шығаратын зауыттың жанынан 100 пайыз автоматтандырылған зауыт салынып жатыр екен.

«Шин-Лайн» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Докин зауыттың құрылысымен таныстырып, компанияның алдағы жоспарын айтып берді. «Сіздер көріп тұрған жаңа ғимарат толығымен автоматты түрде жұмыс істейтін болады. Мұндағы жұмыстың барлығын арнайы құрылғылар жүзеге асырады. Сағатына 180 палет балмұздақты тиеп береді. Қоймадағы ауа температурасы -27 градус болғандықтан, бұл жерде адам күшін пайдаланбаймыз. Автоматтық жүйе бағдарлама арқылы басқарылып, қоймадағы өнім сатылу көлеміне қарай реттеледі. Бұл ең өтімді деген балмұздақ бірінші тасымалданады дегенді білдіреді. Дегенмен автоматты жүйеге көшу жұмыскер санына әсер етпейді. Зауыт толығымен аяқталғаннан кейін 200 орынға дейін жұмыс орны ашылады», — деді компания өкілі.
Ауыз су, газ, жол және 4 индустриалдық аймақ
Қай өңірде де жұртты коммуналдық инфрақұрылым (су, жарық, газ), қолжетімді баспана және әлеуметтік нысандардың жеткілікті болуы толғандырады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында белгіленген міндеттер Алматы облысында тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Жаңа облыстағы ауқымды жобаларға өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі барысында баяндап берді.

Қолжетімді баспана. Облыс әкімінің дерегінше, 37,6 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл 811 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, оның 316 мың шаршы метрі пайдалануға берілген. Былтырғы мен биылғы жылды қоса алғанда, пәтер кезегінде тұрған 2 589 адам қоныс тойын тойлапты.
Ал жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл «Алатау жастары» өңірлік бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлінеді.
Ауыз су, газ, жол. Облыста таза ауыз сумен қамту көрсеткіші — 92,7 пайыз. Өңір басшысының айтуынша, биыл ауыз сумен қамту жобасын іске асыру үшін 27,8 млрд теңге бөлінеді. Жыл соңына қарай сапалы ауыз суға қол жеткізу деңгейі 93,5 пайызға жетеді (384-тен 359).
Облыстың 5 ауданы (Райымбек, Кеген, Іле, Жамбыл, Талғар) мен Қонаев қаласында су арналарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде айналымнан шыққан 57 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі.
Сондай-ақ газдандыру жұмыстары да қарқынды. 147 елді мекен толығымен газдандырылды. Тағы 1 млн 11 мың тұрғынның көгілдір отынға қосылу мүмкіндігі бар. Жылдың аяғына дейін 9 елді мекенге газ тартылады.
Жол мәселесіне келсек, өткен жылы 731 шақырым жол жөнделді. Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд теңге бөлінген. Оның 36,8 млрд теңгесі – жергілікті бюджеттен. Осы орайда Марат Сұлтанғазиев ағымдағы жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 91 пайызды құрағанын (2022 ж. – 90%) атап өтті.
«Осы мәселені агломерация аймағындағы саяжай массивтерінің тұрғындары да үнемі көтеруде. Бүгінде 674 саяжайларда 183 мың адам тұрады. Өткен жылдан бастап біз бұл шаруамен жүйелі түрде айналыса бастадық. Елді мекендердің бас жоспарларына түзетулер жасалуда, оларға 270 саяжай алқабын қосу жөнінде жұмыстар жүргізілуде», — деді облыс әкімі.

Әлеуметтік сала. Облыс халқының үштен бірі немесе 478 мыңы – мектеп жасына дейінгі балалар мен оқушылар. Жыл сайын оқушылар саны 13-14 мыңға артып отыр. Соған орай, жылына кем дегенде 13 мектеп салу қажет. Облыстағы өткір мәселенің бірі — үш ауысымды мектептер. Оларды азайту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін 68 200 орындық 63 мектеп салынады. 50 мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша «Қазақстан Халқына» қорынан қолдау көрсетіледі.
Білім беру сапасын жақсарту мақсатында «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп 5 мыңнан астам мұғалімнің біліктілігін арттыру жұмыстары басталған.
Денсаулық сақтау. Өңір басшысы халықтың денсаулығын сақтау деңгейін арттыру бойынша шаралар жалғасатынын жеткізді. Соңғы бес жылда медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету 79 пайыздан 91 пайызға көтерілді. Өткен жылы 4 медициналық нысан салынды. Биыл 3,2 млрд теңгеге 6 нысанның құрылысы жүргізілуде (2 емхана, 2 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП). «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында алдағы уақытта 38 нысан салу жоспарланған. Медициналық мамандардың қатарын көбейті мақсатында облыс әкімінің грантымен 38 студент білім алып жүр. 147 дәрігер резидентурада. Ағымдағы жылы 51 резидент оқуын аяқтап, облыс мекемелеріне жұмысқа келеді деп күтілуде.
Мәдениет саласы. Өткен жылы 2 мәдениет үйі салынды. Биыл Бесағаш ауылында мәдениет үйі және 10 кітапхана ашылды, Райымбек ауданында мұрағат ғимаратының құрылысы аяқталды. Жалпы облыс көлемінде жыл соңына дейін қосымша 8 мәдениет үйі іске қосылады.
Спорт саласында өткен жылы облыста 3 спорт ұйымы ашылды, 8 спорт кешені салынып жатыр.
Тұрғындардың табысын арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Алматы облысында халықтың табысын арттыруға айрықша басымдық беріледі. Бүгінде облыста 34,4 мың жұмыссыз тіркелген. Осы мәселені шешу үшін облыста Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы қабылданған. Басты мақсаты – тұрақты жұмыс орындарын құру. Жаңа жұмыс орындарын ашуға құрылып жатқан 4 индустриалдық аймақ септігін тигізуі тиіс («Қайрат», «Береке», «Шелек», «Қазбек бек»). Мұнда 130-ға жуық кәсіпорын іске қосылғанда 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл индустриялық аймақтар тербелмелі миграцияны шешуге де ықпал етеді. Сонымен қатар, өткен жылдың өзінде экономиканың түрлі салаларында 37 мыңнан астам жұмыс орындары ашылып, «Наурыз Агро», «Прима Құс» фабрикалары, құрылыс материалдарын өндіретін Алюгал зауыты, Шелек дәлізінде екі жел электр станциясы және «Sintez-KZ медициналық холдингі» сияқты ірі инвестициялық жобалар енгізілді.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде 3,9 трлн теңгеге 231 жоба бар, бұл 30 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Былырдан бері шетелдік және отандық инвесторлармен 40-тан астам іскерлік кездесулер өткізіліп, 50 меморандум мен келісімдерге қол қойылыпты.
Биылғы жылдың маңызды оқиғасы — «G-4 City» аумағында 30 мың гектар жерде ел ішіндегі ең ірі арнайы экономикалық аймақтың құрылуы. Жобаны толық іске асырған жағдайда 3,7 трлн теңге инвестиция, 3,2 трлн салық түсімді және 34 мың жұмыс орнын ашылуы тиіс.
Сөз соңында Марат Сұлтанғазиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Мақпал Ноғайбаева,
Алматы облысы
Суреттерді түсірген автор