«Алдымда тау тұр. Оған мен, сөз жоқ, жетемін»

04 қараша 2022, 12:08

СӨЗ ҚҰДІРЕТІ

Баукең амандық-есендік білген соң, үйреншікті әдетімен:
– Қандай жаңалығың бар? – деді.
– Бүгінгі жаңалығым ерекше, аға.
– Айт, тыңдайын ерекше жаңалығыңды.
– Ертеңгілік мезгіл. Радио құлағын бұрап қалған едім, москвалық ғалым он екінші ғасырда өмір сүрген жапон ақындарының өлеңдеріне шолуын аяқтайын деп қалған екен. Басынан тыңдамағаныма қатты өкіндім.
Ол кездегі жапон ақындарының өлеңдерінің ерекшелігі үш-ақ жолдан тұрады екен, әрі ұйқасына онша көңіл бөлмейтіндей көрінді. Алайда ойлары таңғаларлықтай терең.
– Құр тамсанғанша несімен терең екенін түсіндірсеңші.
– Бір өлеңінің кейіпкері: «Алдымда тау тұр. Мен оған, сөз жоқ, жетемін. Мені жол алып барады», – депті. Бұдан сіз не ұқтыңыз?
– Біздің ата-бабамыз өте сезімтал, саналы болған. Табиғатпен достасып, сыйласа, сырласа білген. Ол кісілердің көрегендігі, ойшылдығы қиын есептің күрделі шешімін еске салғандай. Сен айтқан үш жол өлеңнен көрініп тұрған тауға жетуге дем берер әрекеттің құдірет күшіне тең келетін құдірет күш жоқ деп ұқтым.
– Жалпы ойыңыз дұрыс.
– Сен өзің ол өлең мән-мазмұнын қалай түсіндің?
– «Алдымда тау тұр. Оған мен, сөз жоқ, жетемін. Жол мені тауға апарады» дегендегі кейіпкердің тауы – арман, жолы – еңбек. Үш жол өлеңде әркімді арманына тек еңбек ғана жеткізеді деген ой айтылған.
– Дұрыс. Енді екінші өлең туралы түсінігіңді айт.
– Кейіпкердің: «Мен шектен тыс қайғылымын. Тауға барып, тікенді өсімдіктің гүлдеп тұрғанын көріп, қайғымды ұмыттым» дегенінде «тікенді ағаш құрлы жоқпын ба? Мен адам емеспін бе?» деген ойға беріліп, қайраттанғанын аңғардым.
– Сөз құдіреті деген осы. Қайғылы жанды қайраттандырудың бұдан басқа амалы бар ма? Әй, жоқ-ау. Қазақтың «болған іске болаттай бол» дегені жай жұбату ғана секілді.

«КИЕЛІ АДАМДЫ САҚТАЙ БІЛСЕК»

– Біздің үлкен кемшілігіміз – ғасырлар бойы шынжыр бауы үзілмей келе жатқан рухани байлығымыз орталанып, материалдық байлыққа деген қызығушылығымыз артып барады. Бұл мені шошындырады. Рухани жан-дүниесі кедей, материалдық жағдайы жақсылардың қуанышы уақытша. Бұл – шындық. Керісінше, біз рухани, адамгершілік жолымен молшылыққа жетсек, қуанышымыз түпкілікті болар еді деп ойлаймын.
– Тұжырымыңыз дұрыс, аға.
– Рухани демекші, қариялардың аузынан: «Жирен қасқа – киелі айғыр. Одан көп жылқы өрбіді. Оны күтіп, сақтауымыз керек», – деген сөзді естігем. Малда болған кие адамда болмайды дейсің бе? Сол киелі мал секілді киелі адамды да сақтай білсек, жақсы жағдайға жетер едік.
– Ойыңыз терең, аға.

«ОП-ОҢАЙ КӨЗ ЖЕТКІЗЕСІҢ»

– Шерхан екеуміздің ауылдас екенімізді білетін шығарсың?
– Білемін.
– Ауылдас дегеннің бір ерекшелігі бар. Оны біз айтқымыз, білгіміз келмесе де, ауа райы, желдің, жердің, жолдың, табиғаттың жағдайы айтып, білдіріп тұрады. Сен қайткен күнде де сан рет жүрген жолмен жүресің, сан мәрте демалған ауамен демаласың. Олар байқалмаса да, көзге көрінбесе де, тынысыңның бір бөлшегі екені анық.
Мойындауымыз керек, біз көп нәрсеге мән бермейміз. Ауа райы, жел – көзімізге көрінбейтін материя.

Мұны ауылдас деген сөзге байланысты айтып отырмын. Туған, өскен топырағына, ішкен суына, жұтқан ауасына, ертелі-кеш ескен жел, соққан дауыл-боранына тартпайтын бірде-бір перзент жоқ. Маған сенбесең, зертте, салыстыр. Әр ауылдың, аймақтың адамдарының мінезі бір-біріне ұқсас.
Бұған Шерхан екеуіміздің жаратылысымызға зер салсаң, оп-оңай көз жеткізесің.
…Шерхан аға көз алдыма келді. Жастармен түрлі бас қосуларда қос қолын алға жая сермеп:
– Әй, қарақтарым, үйленіңдер, жер алып, үй салыңдар. Қанша үй салсаңдар да қазақтың жері жетеді. Аз санымызды көбейтіңдер, – деген сөзді ылғи айтып жүретін. Жастарға бұлай деу дағдысына айналып кеткен-ау, сірә…

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТОПЫРАҒЫ

– Іссапардан қашан оралдың?
– Кеше оралдым.
– Қай елді мекенде болдың?
– Жамбыл облысы Шу ауданындағы Бірлік үстем ауылына барғанымда Жапар Изембаев деген қариямен кездестім. Ол кісімен кездесуіме Тұрсын аға көмектесті.
– Жасы менен жиырма жастай үлкен, – деді Тұрсын аға. – Біраз жыл жақсы араласып-құраластым. Жапар қария шаруашылықтың әртүрлі саласына жетекшілік етті, соңғы кезде колхоз басқарма төрағасының орынбасары болып істеді. Оның бір ерекшелігі – туысқаншыл, екінші ерекшелігі – абырой-беделі бар, өзінен жасы үлкендерге азды-көпті сөзін өткізіп, ықпалын жүргізе алады. Ол кісінің ауданымыздың азаматы Қожақан Жасбариев әкесіне ат шаптырып, ас бергенде, кемінде 400 адам жиналған мейрамхана дастарқанына жұрт есінде қалатын бата бергені әлі есімде.

…Мен Жапар қариямен сөйлескім келіп, түс қиыса үйіне бардым. Төртпақ келген орта бойлы, толық денелі, ер мұрынды, ақсары өңді қарапайым кісі екен. Сөзді қысқа да нұсқа сөйлегенді ұнататын тәрізді. Әңгімесін тыңдай келе тірі шежіре, тірі тарихқа кез болғаныма көзім жетіп, үйіне қонып қалдым. Ол кісінің мына айтқанын ұмыта алар емеспін.
– Соғысқа қатысқан туыс інім орыс қызға үйленіп, елге оралды, балалы-шағалы болды. Ағайынның көмегімен үй салып алды. Ауылымызда жақсы-ақ өмір сүріп жатқан еді, бір күні көшемін деді.
– Қайда?
– Москваның ар жағындағы келініңіздің қыстағына.
– Қой, інім, ақылға кел. Туған жеріңді тастап қайда барасың? «Жалғыздың үні шықпас» дегенді естіген шығарсың?
Ол бізді тыңдамай, келіннің тілін алып көшіп кетті. Арада біраз жыл өткенде қайтыс болды деп естідік. Енді мен жат жерде інім жалғызсырамасын деген оймен туған жерінің топырағын алып барып, қабіріне қосуды ойладым. Осы мақсатпен жолға шықтым.
Купелес кәріс кемпір Москвада тұратын қызына бара жатыр екен. Менің сапарымның сырын білген соң шыр-пыр болып:
– Бармаңыз, 82 жаста екенсіз, жол жүру ауыр, өліп қалуыңыз мүмкін. Сіз барғаныңызбен туыс ініңізді тірілте алмайсыз. Өзіңізді, өз отбасыңызды ойлаңыз. Келесі стансадан түсіп қалып, кері қайтыңыз, – деді үгіттеп.
– Жоқ, мен кері қайтпаймын. Қайтсем де інімнің қабіріне туған жерінің топырағын апарып қосамын. Ол менің туысқандық борышым, – деп ол кісімен келіспедім.
– Сізге ескертем, жүрегіңіз шаршаған жүрек. Аяқ астынан қан қысымыңыз көтеріліп кетсе қайтесіз? Ең құрығанда қасыңызда көмектесер серігіңіз де жоқ.
– Нартәуекел.
– Абай болыңыз, сәттілік тілеймін. – Кемпір Москвадағы қызының телефон нөмерін жазып берді. – Барысымен аман-есендігіңізді білдіріп телефон соғыңыз. Айтпақшы, ол туыс ініңіздің қанша баласы бар?
– Екі қызы, бір ұлы бар.
Кәріс кемпірге рақмет. Маған қатты жаны ашыды. Межелі жеріме жетісімен қыстақ поштасынан аман-есен жеткенімді, туыс інімнің отбасы жақсы қарсы алғанын мәлімдегенімде:
– Қуаныштымын. Бәріне менен рақмет айтқын, – деді.
– Сізге айтар жаңалығым осы. Жапар қарияның 82 жасында сонша жерге жалғыз сапар шегіп, туыс інісінің қабіріне туған жерінің топырағын апаруы маған керемет әсер етті, – дегенімде:
– Бұл біз үшін дағдылы жағдай, – деді Баукең салқынқандылық танытып.
Жер бетінде туысқаншыл халқымыздай халық аз.

«ҰЗАҚ ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?»

– Сұрағыңды қойғын.
– Жақсы қартаю туралы қандай ойдасыз?
– Жақсы қартаю – ақыл-есіңе, өскен ортаңа, алған тәрбиеңе, біліміңе, не істеп, не қойғаныңа тікелей байланысты. Ауылдағы үлкен кісілер егде тартқаннан кейін малға қарап, немерелерінің жанында болып, оларды тәрбиелейді. «Өйтіңдер, бүйтіңдер» деп ақылын айтады. Негізінен қарттар – тәрбиешілер.
Имаш атам тоқсан жас жасапты. Ауылдастарымның айтуынша, әулие дерліктей таза кісі болыпты. Жүнжіп, алжымапты.

Өмірден байқағаным әркім әртүрлі қартаяды. Күтімі, қадір-қасиеті жоқ, сүйкімсіз де қарттар болады. Олар жас кезінен ел-жұртқа жат мінез көрсетіп, берекесіз күн кешкендер.
Мен әскерден босап, зейнетке шыққаннан кейін «Ұзақ жасаудың психологиялық негізі» деген тақырып төңірегіндегі кітаптарды көп оқыдым. Өзімді-өзім күту ережелерімен шұғылдандым.
– Сіздіңше, ұзақ жасаудың басты сыры неде?
– Ғылымда ұзақ жасауға кедергі келтірер мәселенің үш себебі анықталған. Бірінші себеп, темекі тарту, арақ ішу. Екінші, ең негізгі себеп – психологиялық ортаның әсері. Қарттарды жұрт шын ықыласымен құрметтесе, жақсы сөз айтып, хал-жағдайын біліп тұрса, олар ұзақ жасайды, ондай құрмет жоқ жерде шөл далада қурап, сидиған қурайға ұқсап, аз жасайды. Қуанарлық жағдай, біздің шығыс дәстүрі – қарттарды қатты қадірлеген.
Жалпы ұзақ жасау, жақсы өмір сүру, көбінесе адамның көңіл күйіне, ниетіне де байланысты. Жақсы адам атанып, ешкімге жамандық ойламаса, айналасына қолқабысын тигізіп, тіпті қолқабысын тигізбеген күнде де арын, жанын таза ұстаса, дүниеқоңыздыққа салынбай, өсек тасымай, арамзаның жетегіне ермей, инабатты, ибалы, тәрбиелі жан атанса, ондай адамның беті нұрлана құлпырып, ұзақ жасайды. Керісінше, қара ниетті, бәлеқор, жалақорлардың өңі сұрланып, көздері шүңірейіп, екі иығы салбырап. сұр тышқандай сүмірейіп, ерте жан тәсілім етеді.
Бала-шаға, немере, шөберелер, жалпы айналасындағылар кезекпе-кезек иіліп, «ассалаумағалейкум» десіп сәлемдессе, қарттар қуанып қалады. Біреу-міреу сәлем бермей, қасынан үнсіз өтіп кетсе, еңселері түсіп, көңілсіз күйге енеді. Сондықтан үлкен кісіге бас иіп, сәлем берудің маңызы үлкен.
Кавказ халқы мейлі жиналыста, не қонақта отырсын, жасы үлкен кісі ішке енсе, бәрі орындарынан тік тұрады. Олардың әдеті сондай. Кавказдық қарттардың көп жасайтын бір себебі осы. Екінші себебі, таулы өлке, таза ауа, оттегі көп, су мол.
Жапон елінде де қарттарға деген құрмет ерекше. Жасы кішілер үлкен кісілердің айтқандарын тыңдайды, сыйлайды.
– Құрметке көңілдері көтеріледі ғой.
– Иә, бәрі көңілге байланысты. Көңіл күйің жақсы болса, ауырмайсың. Мен өзім біраз жылдан бері соғыс «сыйлаған» дертке берілмей келем. Өлсем де, халқыма сүйкімді болып өлсем деймін. Сүйкімді боп қартайып, сүйкімді боп өлгенге не жетсін?! Жалпы мүмкіндігінше ақылыңнан адаспай кеткенің жақсы. Бұл – барлық қарттың тілегі. Бәрі қор етпей, күннің жылысында алса, ел-жұртым қиналмаса екен дейді.
Иманды қарт өлейін деп жатса да, ел-жұртының қамын ойлайды. Шынында аязды не жауын-шашынды күні өлсе, адамдарға қосымша салмақ түседі ғой. Сондықтан күн жылыда өлсем, ешкім әбіржіп, налымаса екен дейді. Имансыз қарттар ештеңе ойламайды. Олар «қай уақытта өлсем де бәрібір» дейтіндер.

«САТҚЫНДЫҚТАН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ»

– Адам баласының ой өрісі әбден дамыған кезде өтірік, өсек тиыла ма?
– Адам баласы ой өрісінің дамуы әртүрлі жағдайға байланысты. Өмірді түсініп, оны ұзарту, берекеттендіру, ұрпаққа қуаныш, бақыт сыйлау жолында қазақтың ғана емес, барлық халықтың қамын ойлайтын адамдар пайда болса, біз жақсылықты аңсап, назарға аларлық сөздерді сөйлей бастаймыз. Адам баласының емес, дүние жүзі тіршілігінің мүддесі үшін жақсы нәрселерге ұмтыламыз.
Егер әркім тек өз баламды, туысқанымды жарылқаймын, атағымды шығарамын деп тыраштанса, өтірік пен өсек, қулық пен сұмдық, арсыздық, қасындағыға қастық ойлаушылық бұрынғыдан мың есе өседі. Онда жақсылық жылап жерге кіріп, әзәзілдік ай мен күндей жарқырап күліп тұрады.
– Әзәзілдікке жол бермеу үшін не істеген жөн?
– Әзәзілдікке жол бермеу үшін тіршілік дүниесі жақсы болу керек. Тіршілік дүниесі жақсы болмай адам өмірі жақсы болмайды. Бір-бірін сыйлай білген, бір-біріне жаны аши алған адамдардың ой өрісі күннен-күнге, жылдан-жылға дамып, шаттық шамын жағып ғана қоймай, адамгершіліктің шаңырағын биіктетеді.
– Шаттық шамын жағуға не кедергі?
– Сатқындық кедергі.
– Сатқындықты кешіруге бола ма?
– Сатқындықты кім кешіре алады? Оны кәсіп еткендер ғана кешіруі мүмкін. Өйткені олар бірін-бірі түсінеді. Сатқындықтың мағынасы – біреудің өмірін жоғалту. Өмірі жоғалған адам қалай кешірім жасайды? Ол күрделі мәселе.
Сатқындық деген сөз өте масқара сөз. Егер абайсызда сөйлеп отырып білместікпен, әбестікпен біреудің істеймін деген ісін айтып қойсаң, оны кешіруге болады.
– Сіздіңше, сатқындықтың өлшемі бар ма?
– Оны өлшейтін әзірше ешқандай өлшем жоқ. Сатқындықты метрмен, не таразымен өлшеу мүмкін емес. Оның өлшемі тек өмірді ластаумен, өшірумен аяқталады. Сондықтан кез келген сатқындық – қатерлі.
– Ол індеттен құтылуға бола ма?
– Қазақта «шынымен жыласаң, соқыр көзден жас шығады» деген мақал бар. Ол жан-дүниең таза болсын деген мағынада айтылған. Сатқындықтан құтылудың жалғыз жолы – жаның да, арың да таза болуы керек.

«ЖАСТАРЫМЫЗ МІНЕЗДІ БОЛСА»

– Бүгінгі жастарға қандай тілек айтар едіңіз?
– Кәдімгі нағыз жақсы адамдардың да қателігі болатынын біз ескермейміз. Олар адаспайды, жаңылыспайды деген ойға беріліп көп қателесеміз. Себебі адам-пенде жаңылыспай тұрмайды.
Ол дүниеге келгенше періште еді, дүниеге келгеннен кейін мына ғажайып әлемге таңғалды, өсе келе өзі де айналасын таңғалдырды. Біреулерден жақсы нәрсені, біреулерден жаман нәрсені көріп, пендеге айналды. Не бір киелі жандарды, не бір дарақыларды кездестіріп, ес жиған соң: «Мен өмірге келдім. Қазір тірі жүрген кезімде халқыма қандай жақсылық істедім, істей алдым?» деген сұраққа жауап іздесе, ел алдындағы жауапкершілігін сезіне түсер еді.
Бұл бір. Екінші, кез келген жас салыстырды деп ренжімесін, ит жуынды ішіп-ақ өзін асырайды. Иесі жақсы болса, оған жақсы тамақ береді.
Иесі жаман болса, ол қалған-құтқан бірдеңені қорек етеді.
Ит адамға адал жолдас. Хайуан болса да оның иесіне берілгендігі, қамқорлығы ерекше.
Біз адамбыз. Өмірге не бердік? Тірлігіміз иттің тірлігіндей емес, сөйлей, ойлай аламыз. Халқымызға қамқорлық жасай алдық па? Осы мәселеге жастарымыз ерекше көңіл бөлсе деген ниеттемін. Оларға адамгершіліктің тегін сақтау – адам болудың ең басты шарты. Адам болуға ұмтылсаңдар әрдайым жүздерің жарық, сөздерің мағыналы, жан дүниелерің рухани бай болады дегім келеді…
Мен қарапайым көптің бірімін. Өскен ортамнан тәрбие алмасам, көп олжадан құр қалған бейшара біреумін. Ата-бабамның қанына біткен, етінен өткен, сүйегінен орын тапқан халқымның салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, керемет аңыз-әңгімелері бойымда бар ма деген сұраққа да жауап іздесе, кешегі Тоныкөк, Білге қаған, Асан қайғы, Майқы би, Абай бабаларым есіме түскен сайын ойға шомып, жастарымыз мінезді болса екен деймін. Таласым жоқ, олардың білетіні көп шығар, сол білімі мінезге айналса, ол мінез әдетімізбен ажырамастай түйінделсе, шіркін, деген де тілегім бар…

Мамытбек Қалдыбай,
Халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты,
бауыржантанушы

30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды