
Қазақстанның күріш өңдеу нарығында үздік үштікке кіретін «Абзал және К» кәсіпорны цифрландыруға негізделген агроөнеркәсіп саласының жаңа кезеңін бастады. Қазіргі таңда компания күнделікті электр станциясы арқылы энергиямен қамтамасыз етіліп, «Green Rice Complex» жобасын жүзеге асыруда. Заманауи зертхана күріш сапасын 60 секунд ішінде автоматты түрде анықтап, қандай да бір кем-кетігі бар және сынған дәндерді дәл анықтайды.
Былтыр Қызылорда облысы әкімінің бизнес өкілдерімен бірлесіп көршілес Қытайға жасаған іссапары аясында өңірдегі компания қытайлық серіктеспен келіссөз жүргізіп, құны 1 млрд теңгені құрайтын толық автоматтандырылған күріш өңдеу зауытын іске қосқан болатын.

Нәтижесінде өндірістік қуаттылық 2,5 есеге ұлғайып, күрішті өңдеу барысында пайда болатын қалдық көлемі 4 пайызға дейін қысқарды. Зауыт сағатына 12 тонна күріш өңдейді және толық цифрлық басқару жүйесі мен қалдықсыз технологияға негізделген. Жүзеге асырылып жатқан «Green Rice Complex» жобасы энергияны үнемдеу мен экологиялық тұрақтылыққа негізделген.
– Серіктестік өз өнімдерін экспортқа және еліміздің өзге өңірлеріне шығарады. Тұтынушылардың тарапынан түскен сұранысқа сай жұмыс істейді. Мәселен, тұрақты тұтынушыларымыз «Янтарь» және «Лидер» сорттарына қызығушылық танытады. Сондай-ақ біз қазір өнімдерді күнбағыс майымен өңдеуге мән беріп отырмыз. Бұл палау тағамын дайындағанда күріштің шашыраңқы болып пісуіне септігін тигізеді. Өндіріс орны заманауи талаптарға сай толық сай келеді. Мамандар автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Сондай-ақ компания жаңа сорттарды тәжірибеден өткізіп жатыр, – серіктестіктің сауда және логистика жөніндегі орынбасары Айгүл Қосмұратова.
Жалпы, компанияның жаңа өндірістік жобасы цифрландыру мен инновациялық технологияларды тиімді енгізудің жарқын үлгісі. Бұл өз кезегінде отандық өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетін күшейтуге оң ықпал ететіні сөзсіз.
А.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Қызылорда облысы