
Түркістан облысындағы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде мерзімді баспасөздің тыныс-тіршілігін қарымды журналист Абай Балажаннан артық білетін жан жоқ, сірә. Айтпақшы, жуырда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Абай Балажан Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері атанды. Jas qazaq тілшісіне отандық журналистиканы өркендетуге сүбелі үлес қосып жүрген аға буын өкілі, 2014 жылдан бері «Оңтүстік Қазақстан» республикалық газетін басқарып отырған әріптесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Абай аға, алдымен жеңісіңіз құтты болсын, қаламыңыз мұқалмасын деп тілейміз! Журналистиканың қазанында қайнап «алтын арқалап, жантақ жеп» келе жатқаныңызға 40 жыл болыпты. Естуімізше, сізді алғаш жұмысқа келгенде редакцияға тілші ретінде емес, корректорлыққа қабылдапты.
–Мен ҚазМУ-дің филология факультетін бітіргенмін. Бір жыл Отырар аудандық газетінде істеген соң Шымкентке қоныс аударып, осы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жұмыс сұрап келдім. Корректордың орны бос екен, «кіре берейін, кейін ауысып алармын» деп шештім. Содан бақандай бес жыл бойы корректор болып жұмыс істедім. Аппаратта орын босамайды, босаса, «дипломың журналистің дипломы емес» деген жауап естимін. Гидротехниктер мен инженерлерден, пединститут бітіргендерден кейін, әйтеуір, ілдебайлап іліндім. Сол кездегі жауапты хатшы, кейін бас редактор болған Кәрім Үкібаев күш салмағанда ілінбеуім де мүмкін еді, кім білсін.
— Түркістан облыс орталығы болғанына 5 жылдың жүзі толды, аймақтың өзіңіз басқаратын бас басылымының қазіргі ахуалы қандай?
– Жасыратын не бар, қазір жалғыз Түркістан облысының бас басылымының ғана емес, бүкіл қазақ газеттерінің жағдайы мүшкіл халде. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алмай тұрған кешегі «орыс билеген заманның» өзінде қазақ газеттері дәл қазіргідей тираж жоғалтпаған. Барлық қазақ газеттері сияқты біздің де таралымымыз кеміп жатыр. Оның үлкен-үлкен екі себебі болып тұр. Айт десең, айтайын.
– Айтыңыз.
– Бірінші себебі, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінгеннен кейін оқырмандарымыз да екіге бөлінді. Бұрын облыс бөлінбей тұрғанда Шымкент қаласында он мыңдай оқырманымыз болатын. Қазір үшінші мегаполисте үш мыңнан сәл-ақ асатын оқырманымыз бар.
Екінші, біздің замандастарымызда «мен өзіме қажет ақпаратты интернеттен-ақ оқып аламын» деген түсінік пайда болды. Өкініштісі, олар газеттің ақпарат таратудың көзі ғана емес, бұрыннан қалыптасқан рухани тәрбиеші, идеологиялық құрал екенін түсінбейді. «Бұқаралық ақпарат құралдары» деген анықтамасына қарап газеттен ақпарат оқимын деп ойлайды. Газеттен бүгінде ешкім де ақпарат оқымайды. Себебі газеттегі ақпарат шығамын дегенше ескіріп кетеді. Газеттен адам рухани, танымдық, сараптамалық, басқа да дүниелер оқиды. Ал мұндай дүниелер түсінген жанға кез келген ақпараттан да маңызды. Он жерден «қазір ақпарат заманы» дегенімізбен, ұлтты ұйыққа батып кетуден ақпарат емес, руханият құтқарады. Адамдар осыны түсінген күні қазақ газеттерінің тиражы күрт көтеріледі деп сенемін.

– Айтқаныңыз келсін! Енді бүгінгі газет тірлігін сөз етейік. Өзіңіз басқаратын редакцияда қанша қызметкер жұмыс істейді? Шымкенттен қоныс аудару кезінде үй-жай мәселесімен келмей қалған кадрлар болды ма, болса, олардың орнын қалай толтырдыңыздар?
– Өзімді, шығармашылық қызметкерлерді, техникалық қызметкерлерді, бәрін қосқанда – 33 адамбыз. Бұрын 53 қызметкер жұмыс істейтін. «Түркістанға көшесіңдер» деген әңгіме шыққанда-ақ біраз адамымыз Шымкенттегі басқа редакцияларға қызмет ауыстырып кетті. Алайда әлі Түркістанға көшкен жоқпыз. Көшкен күні тағы біразы бармай қалады. Ол үшін мамандарға ренжудің қажеті жоқ. Түркістанға ешкім отбасымен бара алмайды, барса салт барады. Себебі, Түркістанда оларға берілейін деп тұрған пәтер жоқ. Пәтер берген күннің өзінде де біреуінің әйелі, біреуінің күйеуі Шымкентте жұмыс істейді. Түркістанда оларға кім жұмыс тауып береді? Бізде тілшінің қолына тиетін жалақының көлемі 135 мың теңгенің төңірегінде, бөлім меңгерушісі 190 мыңдай алады. Түркістанға барған соң журналистердің бұл жалақысы екіге бөлінеді. Жартысын Шымкенттегі отбасына жіберсе, жартысына Түркістанда жүріп өзі тамақтанады, қоғамдық көлікке мінеді. Сонда жоғарыдағы жалақыға журналист жан баға ала ма?
Жасыратын ешнәрсесі жоқ, кетіп қалған кадрлардың орнын толтыру оңай болмай тұр. Мынадай жалақыға журфакта оқитын студенттердің өздері жұмысқа келмейді. Олар ресторан-кафелерде, тойханаларда сабақтан кейін даяшы болып жұмыс істеп-ақ бұдан екі есе жоғары табыс табады. Енді біразы газетке журналист болып орналасқаннан гөрі телеарналарға диктор болып жұмысқа тұрғанды дұрыс көреді.
– Түркістан облыстық әкімдігіне қарайтын басылымның бас редакторысыз, аймақтың тыныс-тіршілігін жалпақ жұртқа жария етуде басылымның қосып жатқан үлесі қаншалықты?
–Жаңағы мен айтқан құрам аймақтың тыныс-тіршілігін елге таныстыруда қолдан келгенше жұмыс істеп жатыр. Газетке жарияланған дүниелерімізді жұртқа оқыту үшін бүгінгі технологияның потенциалын да барынша пайдаланудамыз.
– Салалық журналистиканың даму үдерісіне қандай баға бересіз, өзіңіздің редакцияда қай тақырыпқа төселген, тісі батпайтын салалар бар ма?
– Бізде журналистер ежелден әр салаға бейімделген. Бір бөлім экономика тақырыбын қаузаса, бір бөлім саясатты, бір бөлім руханиятты, бір бөлім құқық тақырыбын, тағы бір бөлім әлеуметтік саладан жазады. Иә, журналистерді бөлімнен бөлімге ауыстырып отырамыз. Біреу бір саланы игере алмағанмен, екінші сала оның оң жамбасына келуі мүмкін.
– Жазу – өнер, журналистиканы өнер деп емес, жанбағыс көзі, тіпті танымалдылыққа ұмтылатын трибуна деп түсінетіндер де жоқ емес. Есіктен енбей жатып эфир сұрайтындар да жоқ емес. Осыған нендей пікір айтасыз?
– Маған олар журналистиканы жерлеуге арнайы алдырылған адамдар сияқты болып елестейді. Басқа ешнәрсе де айта алмаймын.
– Жергілікті журналистердің танымы мен талғамы, өресі мен өрісі қалай, республикалық, облыстық конкурс, басқа да медиа іс-шараларға қатысып тұра ма?
– Біздің әріптестердің кейбіреулерінде «провинцияларда екінші сортты журналистер тұрады» деген қате түсінік бар. Бұл — түбегейлі қате пікір. Сіз ер мұғалімдердің азайып бара жатқандығын, мұның өзі жасөспірімдер тәрбиесіне орасан зор зардабын тигізіп жатқандығын, бұл проблеманы шешудің жалғыз жолы мұғалімдердің жалақысын көтеріп, жағдайын жасау болып табылатынын, бір сөзбен айтқанда, мұғалімнің мәртебе-беделін көтермей болмайтындығын, осылай еткенде ғана ер азаматтарды мұғалімдікке қызықтыруға болатынын Қазақстанда алғаш көтерген кім деп ойлайсыз. Жауабын өзім-ақ айтайын – «Оңтүстік Қазақстан» газеті, оның сол кездегі тілшісі — Жәмила Мамырәлі.
Қазақстанда жайылым проблемасын бірінші көтерген басылым да – «Оңтүстік Қазақстан» газеті, оның қызметкері — Аман Жайымбетов.
Біздің сөзімізбен таласатындар болса, газет тігінділерін ақтарып, айтылған жайтты салыстырып көруге болады. Жалпы, жергілікті басылымдарда бұдан өзге де көптеген проблемалар көтеріледі. Жергілікті газеттерде істейтін журналистердің таным-талғамы, өре-өрісі төмен болса, мұндай елдік мәселелерді көтере алмайды ғой. Ал түрлі іс-шараларға мүмкіндігінше қатысамыз.
– Алдағы уақытта қабылданатын масс-медиа туралы заң жобасы журналистердің статусын нығайтады деп ойлайсыз ба?
– Журналистердің мәртебесі туралы педагогтардың мәртебесі сияқты арнайы заң керек деп есептеймін. Өзіңіз ойлаңыз, журналист не бюджет қызметкеріне жатпайды, не мәдениет саласы қызметкерінің санатына кірмейді. Мемлекеттік басылымдарда істесе де не мемлекеттік қызметші болып есептелмейді. Ешқандай мәртебесі болмағандықтан не үйдің кезегіне тұра алмайды, не курорт-санаторийлерге тегін жолдама ала алмайды, не басқалардың айлығы көтерілгенде мұның айлығы көтерілмей, тапжылмай тұра береді. Журналист – мемлекеттік идеологияның жауынгері. Жауынгерге осындай көзқарас бола ма екен? Меніңше, журналистің мәртебесі туралы арнайы заң шығару керек, ондай болмаған жағдайда бірде-бір кәсіптің мәртебесін көтеретін заң болмау керек. Барлық мамандық иелерінің құқығы бірдей қорғалуы керек.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет
Фото: Аkorda.kz