Жалғас Толғанбай: «Қожаға ұқсап өлімімді күттім»

16 ақпан 2018, 16:12

«Күртешеден қорыққан баламын»

Мен ауылдың қара домалақ, аңғал баласы болдым. Әкем ат ұстады. Жылқыларды жаюға үнемі мені ертіп алатын. Бір күні көкпар тартатын атты суытып, байлап қойған. Өріске жіберетін кезде мені жұмсады. Үй артындағы жардың арғы бетіндегі қырқаға айдап өткізуім керек. Әкемнің айтқаны – заң. Қай жақа дейін жеткіз десе, сонда апаруың керек. Айтқанын екі етпеймін. Үстімде қалың күртешем (күмпиіп тұратын балон киім) бар. Жалғыз жүрсең, қай-қайдағыны ойлайсың. Үлкендер жезтырнақ, жалмауыз кемпір туралы қорқынышты әңгімені көп айтатын. Қараңғы түнде, далада жалғыз жүргенде қайдағы-жайдағы елестемеуші ме еді. Содан атты жібердім де, екі жотаның ортасындағы жалғыз аяқ жолмен үйге қайттым. Төмен түсіп келе жатсам, жанымда бірдеңе ысылдайды. Жалмауыз кемпір шығар деп ойладым. Әдетте арықтан өте алмаушы едім, қорыққанда қалай секіргенім есімде жоқ. Ал ысылдаған нәрсе артымнан қалмай әлі келе жатыр. Бойымды қорқыныш билегені соншалық, ақ тер-көк тер болып қаштым. «Біткен жерім осы шығар» деп ойладым. Бір жағынан әлгі ысылдаққа жеткізбей келе жатқаныма қуанып қоямын!
Әкем күтіп тұр екен. Сүріне-қабына құшақтай алдым. Не болғанын түсіндіре алар емеспін. Артыма қайта-қайта қарай беремін. Ештеңе жоқ. Ысылдап, артымнан қалмай келе жатқан қорқынышты дауысты естігенім айдан анық. Сөйтсем, балон күртешем үйкелген сайын ысылдайды екен ғой!

Алма салаттың әлегі

Бірде әке-шешем екі-үш күнге туыстарымыздың үйіне қонаққа кететін болды. Ержет деген немере ағам екеумізді «үйге бас-көз болыңдар» деп қалдырды. Ержет екеуміздің арамыз бір жас қана. Соның өзінде үлкендігін жасайтын. Қарауылға қалған біз тамағымызды жасап, жұмысымызды тиянақты істеп жүрдік.
Келесі күні бақтың ішінде отырған едік, ағам қызық ұсыныс тастады: «Жалғас, алмадан салат жасап жейікші». Көз алдыма бірден теледидарда көрсететін дәмді салат елестеді. Содан алма теріп әкелдік те, үлкен керсенге турадық. Ержет «Алманың өзі тәтті. Оған шекер қосқанымыз жарамас. Кел, одан да тұз салайық» деді. Мән-жайына бара бермейтін мен қарсылық білдірмей, бірден келістім. Өйткені өз қолымызбен жасайтын тағамды жегім келіп тұр. Ал оның қызығы кешке басталды. Ашкөздікпен әлгі салатты көп жеп қойғанымыз соншалық, түні бойы жүрегіміз айныды. Кезек-кезек сыртқа жүгіреміз. Бұл да бала кезден қалған әрі ащы, әрі тәтті естелік екен.

Сәлерке ішіп «шөлімді қандырдым»

Бірде көрші достарыммен ойнап жүргенмін. Ол кезде әр үйде екі жүз литрлік бөшкеде сәлерка (солярка) тұратын. Таныс жағдай. Ауылдағылар сәлерканы қажетіне жарату үшін осылай құйып қояды. Бір досым шіләңгімен құя алмай жатыр екен. Әкемнен көргенімді жасай қояйын деген ой келді. «Әкел, қалай құятынын көрсетейін» деп сұйық отынды сора бастадым. Ішіме қатты тартқаным соншалық, жұтып қойдым. Қасымдағы данышпан достарым «Ойбай, мұны жұтуға болмайды. Енді ішегіңді ірітіп жіберетін болды. Өлесің» демесі бар ма! Әлгілердің сөзін естігенде зәрем зар түбіне жетті.
Балалық қой, соны уайымдағаным соншалық, ойым онға, санам санға бөлінді. Ақыры өлімге өзімді іштей дайындадым. Үйге келіп, түпкі бөлмеге теледидар қосып, Қожаға ұқсап өлімімді күтіп жаттым. Мектептен анам келді. «Балам, үйден сәлеркенің иісі шығып жатыр ғой. Не төктіңдер?» деп сұрады. Шешеме шынымды айттым. «Ажалмен» алысып жатқан соң ба, қорқыныштан жылап жібердім. Анам күліп алды да кешке дейін тек қана сүт ішкізді. «Өлмейсің, қорықпа» деп басымнан сипап, жұбатып қояды. Сонда білдім достарымның алдағанын. Әлгі «шөлімді» қандырған сәлеркенің иісі үш-төрт күн үстімнен кетпей жүргені есімде қалыпты.

Әй, Еспембет!

Театрда ең алғаш «Көбейді» ойнадым. Жас кезім. Бірінші қойылым өте сәтті шықты. Келесі жолы да осы деңгейде ойнайтыныма сенімді болдым. Билердің сахнасы бар болатын. Тура сол жеріне келгенде, масқара басып сөзімді ұмытып қалмаймын ба. Би-шешендердің бәрі отыр. «Еспембет» екеуміз бір-бірімізбен сөз таластырып жатырмыз. Кезек маған келді. «Уа, Еспембет!» дедім дауысымды көтеріп. Ары қарай сөз жоқ. Тағы да бар дауысыммен «Уа, Еспембет» деймін. Айтатыным ойыма оралар емес. Болмаған соң, баяу үнмен «Әййй, Еспембет!» дедім. Жаныңдағы серіктесіңнің мықты болғаны жақсы екен. Қиын сәтте тығырықтан алып шығады. Билердің бірі болып отырған Болат Әбділманов ағам сөзімді жалғап кетті. Бөкең «билік» айтып жатқанда ұмытқаным есіме сап ете қалды. «Тоқта Еспембет» – дедім де, қойылымды жалғадым. Сол жылдар есіме түссе, әлі күнге дейін күлемін…

Салтанат Шырынхан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?