jasqazaq.kz

Жалған ақпаратты кім таратады?

27 наурыз 2023, 16:42

Наурыз мерекесінің қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Доктринада көрсетілген басты мақсаттың бірі — еліміздегі ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Құжатта жазылғандай, «Мобильді Интернеттің дамуының арқасында әлеуметтік желілер ел халқының кем дегенде жартысы, негізінен жастар үшін негізгі ақпарат көзіне айналды (2021 жылғы әлеуметтанушылық зерттеулер респонденттердің 45,2 пайызы әлеуметтік медиадан ақпарат алуды таңдайтынын көрсетті). Медиа кеңістікте түрлі манипуляторлық технологияларды пайдалана отырып, арандатушы және беделін түсіруші контентті тарату қаупі азаматтардың, әсіресе, кәмелетке толмағандардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді».

Бұл бағытта ең алдымен әлеуметтік желіде үсті-үстіне жарияланып жатқан жалған ақпаратқа қарсы тынбай күрес жүргізу қажет. Фейк жаңалықтар дәстүрлі БАҚ-та емес, негізінен әлеуметтік желіде таратылады.

Өткен аптада ел болып Наурызды тойлап жатқанда Тәжікстанда болған зілзаланың дүмпуі оңтүстік өңірде сезілді. Сол-ақ екен, әлеуметтік желіде «жер сілкінісі қайталанады» деген ақпарат тарады. Өзін Мырзакенттегі әскери бөлім қызметкерімін деп таныстырған ер адам зілзаланың күшті болатынын ескертіп, «құжаттарды жинастырып, ұйықтамау керек» деп онсыз да әбігерге түскен тұрғындардың зәресін ұшырды. Туған-туыс, тамыр-таныс бір-біріне жеткізіп, әлгі хабар құрғақ қамысқа тиген оттай қаулай жөнелді.

Бір тәуірі, бізде соңғы жылдары жалған ақпараттың жолын кесу жағынан біраз тәжірибе жинақталған. Бұл жолы да Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) әлгі хабардың жалған екендігі жөнінде мәлімдеме жасады. Жарты сағат өтпей-ақ жалған ақпарат таратқан Мақтаарал аудандық Шекара басқармасының келісімшарт бойынша қызметкерінің көпшіліктен кешірім сұраған аудиосы жарияланды. Қатты қорқып қалғанын айтқан ол тек туыстарына ғана ескертпек болдым деп ақталды. Мұнысы, «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері, әрине. Ол сабаздың кешірім сұраумен құтылмағаны анық. Өйткені жалған ақпарат таратушы заң бойынша тиісті жазасын алады.

Шымкентте де дәл сондай «ескерту» тарап, қалалық ТЖД дереу зілзаланың қайталануы туралы хабардың шындыққа жанаспайтынын, тек ресми ақпаратқа сену керек екенін мәлімдеді. Әйтсе де, бір ауыз сөз қала тұрғындарының қан қысымын көтеріп тастады.

Екеуінде де жалған ақпаратты желдей естіріп, елді дүрліктірген қарапайым тұрғындар. Фейктің сенімді көрінуінің бір себебі де сол. Өйткені таныс адам алдамайды деген түсінік бар. Мамандардың зерттеуінше, фейк-ньюске деген сенім дос-жаран мен тамыр-танысқа қалтқысыз сенуден басталады.

Жұрт имандай сенетін тағы бір топ – блогерлер қауымы. «Табынушысы» көп блогер оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланады. Оған мысал да жеткілікті.

Мәселен, наурыздың басында Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті Е.Н. деген блогердің неше түрлі сыбыс таратып, қаржы жинап жатқанын хабарлады. Блогер екі адамның суға кеткенін жазып, жұрттан ақша жинауға кірісіпті. Артынша «ТЖД менің кешегі бейнежазбамдағы екі адамның суға батқанын жоққа шығарды. Құдайға шүкір» деп бұлт етті блогер. Сол арада жинап үлгерген 2 885 655,24 теңгенің зардап шеккендерге азық-түлік алуға, үйін жөндеуге жұмсалатынын да жалпақ жұртқа жеткізіп бақты. Амал нешік, қалай ақталса да, «пойыз кетіп қалды». Көпшіліктің көкейінде «шынымен адам шығыны болды ма, құзырлы мекеме жасырып қалмады ма» деген сауал қалды.

Сондай-ақ Қытаймен шекарада жүк көліктері кезекте тұрып қалса, фейк таратушылар құлшынып іске кіріседі. Өткенде әлеуметтік желіде «27 ақпаннан бастап жаңа заңға сәйкес, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің аймақтық бөлімшелерінің қызметкерлері Еуро-5 және Еуро-6 экологиялық сертификаты бар жүк көліктерін ғана өткізеді» деген хабар тарады. Фейк авторлары сертификатты Қазақстанда алу мүмкін емес деп сендіріп бақты.
Ал шындығында мұндай сертификат ешқашан талап етілмеген (талап етілмейді де). Қазақстан заңнамасында Еуро-5 стандартымен хадықаралық тасымалға отандық және шетелдік автокөліктерді өткізуді шектеу қарастырылмаған. Тиісінше, Қытаймен шекарада ондай құжатты ешкім сұрамайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дер кезінде түсініктеме бергеннен кейін жалған ақпараттың жолы кесілді.

Жаңалықты бұрмалау, жалған ақпарат тарату — бұрыннан бар құбылыс. Әйтсе де, әлеуметтік желі үстемдік еткен дәуірде бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Вашингтондағы Pew Research Center талдау орталығы жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, америкалықтар жалған ақпараттың таралуын нәсілшілдік пен лаңкестіктен де қауіпті санайды.

«Жалған ақпараттан қандай қауіп — өтті, кетті» дейтіндер де табылар. Бірақ фейк-ньюс адамның наным-сеніміне, санасына ықпал ететін құрал екені әлдеқашан дәлелденген. Оқырманның басым бөлігі ел ішінде болып жатқан саяси, экономикалық, мәдени және тағы басқа маңызды жаңалықтарды оқуға құштар емес. Қоғамда резонанс тудыратын оқиғаларға көбірек көңіл аударады. Фейк таратушылар осыны пайдаланып қалуға тырысады. Қандай да бір оқиғаны әсірелеп, бұрмалап, сенсация жасайды. Мәселен, жуырда ірі супермаркеттерде кімнің қанша кило ет сатып алатынын бақылайтын камера орнатылады деген хабарлама тарады. Онда рұқсат етілген нормадан артық ет өнімін сатып алуға оқталса, супермаркеттің есіктері тарс жабылып, құқық бұзушыны шығармайды делінген. Осындай ақылға сыймайтын ақпаратты әшкерелеу мақсатында ашылған STOPfake.kz бұл бейнежазбаның Walmart желісінің супермаркетінде түсірілгенін, камералардың адамды емес, сөредегі тауарды бақылау үшін қойылғанын анықтап, түсініктеме берді.
Осы секілді жалған ақпараттың таралуына жол беру үшін бір сәттік эмоцияға берілудің өзі жеткілікті. Сондықтан фейк жаңалықтан қорғанудың бір ғана тәсілі бар. Ақпаратты әрмен қарай таратпас бұрын, дұрыс-бұрысына көз жеткізуге ерінбеу керек. Әйтпесе, Джонатан Свифт айтқандай, «Жалған сөз желдей ұшқанда, ақиқат аңсаңдап соңында барадының» кері келеді.

Наргүл Мырзахмет

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата