Үндістандағы үрейлі жылдар

05 сәуiр 2019, 15:20

Қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі – Қытай жерінен бас сауғалап Тибет асқан қаралы көш. Яғни ХХ ғасырда Алтайдан ауып, Тибет асқан. Үндістанға қоныстанып, одан ары түбі бір түркі жеріне тұрақтаған қандастардың көш жолындағы көрген азабы мен тартқан бейнеті қазақ тарихынан ойып орын алары анық. Бас-аяғы ширек ғасырға созылған, бірнеше мың шақырым азапты жолда қуғын-сүргінді басынан кешкен, «Құранды» бірінші болып қазақша сөйлеткен Халифа Алтайдың көз жасымен жазылған «Алтайдан ауған ел» деп аталатын кітабы – мәңгілік тарихымыздың бір бөлшегі.

Дүниеден өтсе де, көркем дүниесі мұра болып қалған ақсақалдың осы еңбегінен үзінді жариялағанды жөн көрдік. Мұнда қаралы көштің Үндістанға кіргеннен кейінгі көрген азабы баяндалады. Қазақтың басынан кешкен қаралы күндерін бүгінгі жас ұрпақ ұмытпауы тиіс.

ыңхайдан шыққанда 5 мыңнан астам едік. Шамамен 1000 үй, 3039 адам, 1500 қару, 2000 түйе, 5000 жылқы, 1000 сиыр, 8000 қой өткізілді (Бұндағы мал саны мөлшермен айтылған).
Осылайша Үндістан топырағына кірдік. Көп шаршағандықтан, демалуға мұқтаж едік. Көп жылдар бойы арып-ашып көшіп, түпкілікті мекен боларлық жер іздеген мақсатымыз орындалған сияқты. Қорқыныш сейілді. Бірақ іс мұнымен біткен жоқ.Үндістанға кірісімен, босқындарды басқару ұйымын құр керек болды. Ұйымның басқармасы 19 адамнан тұрды.
Ұйым бастығы болып Елісхан мен Ғұсман Зайыпұлы сайланды. Басқарма мүшелері 15 адамнан тұратын болды. Бір мүфти, 1 қази ұйым мүшелігіне сайланды. Үндістандықтар қандай да бір басшы қызметкерлерді патша, көмекшілерін уәзір деп атайды екен.
Бізді Үндістан әскері Кашмир облысының Ладах аймағына алып келді. Тізімімізді ресми түрде тіркеді. Әскерлердің қарамағындағы 3-ке бөлінген топ Каргіл шаһарынан өтіп Гималай тауының әлемге мәшһүр Зұлжила асуынан астық. Көштің кейінгі топтары осы асуда қарлы боранға ұшырап, малдарынан айырылып, жандарын зорға құтқарды.

Кашмир өлкесі

Кашмир Үндістанның жеке аймағы екен. Қалаға келгенде нан көзімізге оттай басылды. Бірақ ақша құрғыр бізде қайдан болсын. Нан жемегелі бір жылдан асқандықтан, нанға аңсарымыз ауа берді. Ақыры бір нанға бір қойдан бердік те нан алып жедік. Сонымен бірге ине-жіп, сабын секілді ұсақ-түйек заттарға да қой беріп, өзімізше сауда-саттық жасаған болдық. Қаланың аты Лех деп аталады. Үндістанның солтүстік жағында Гималай тауының қойнауына орналасқан. Негізінен халқының көпшілігі мұсылмандар. Түр-түстері де, киім-кешек, әдет-ғұрыптары да ұқсамайтын жат ел, жат жердеміз.
Біздерді Лех қаласынан Гималайдың аңғарындағы екінші қала Кәргіл дейтін қалаға апарды. Жолда 8 күн жүрдік. Мұз жастанып, қар төсенген Гималай тауы тым асқақ, паң қарайды. Аспан тіреген мұзарт шыңдарының да түсі суық. Табиғаттың бір мықтысы менмін дегендей меңіреулене мелшиіп, сес көрсетеді.
Қилы-қилы күндер басымыздан өтіп жатыр. Ең жақсысы Шыңхай мен Тибеттегідей соғыс, қарулы қақтығыстар жоқ, тыныштық. Бірақ әлі жаяу-жалпы шұбырудамыз. Кашмир ханы Харисин Маһаража мұсылмандарды онша ұнатпайтын адам екен. Онымен қоймай, тибеттер біздің үстімізден арыз-шағым айтып, әбден жамандаған көрінеді. Сондықтан Харисин оң қабақ таныта қоймады. Босқындарды бұл қалаға да тоқтатпай, Гималайдың атақты асуы Зұлжила арқылы тағы бір қалаға апармақ болды. Асудан тек ашық күндері ғана асуға болады, ал қар жауып, боран соқса, жарық дүниемен қоштасудан басқа амал жоқ екен.
Зұлжила өте қиын асу. Тудың бетін қашап салған жалғыз аяқ қия жол бар. Астымыз шүңірейген шыңырау зындан сияқты, сай табаны көрінбейді. Төмен қарасаң, басың айналып, көзің бұлдырайды. Жоғары қарасаң, сірескен мұз бен қарға оранып бұлт бүркенген ақ бас шыңдар кеудесін кере түседі. Осы асу бетіндегі тар жол қияметтің қыл көпірі секілді. Жазатайым аяғың тайып кетсе, онда тіршіліктен күдеріңді үзе бер. Сонау төмендегі тұңғиық оппа шыңырау жұтып қояды.
Бейшара босқындарды осы асу арқылы алып жүрді. Ұбап-шұбап ақырын ілбіп келеміз. Имандарымызды айтып, бір жаратқанға сыйынғаннан басқа қолымыздан келері жоқ. Өлгеніміз жоқ, өлгеннен басқаның бәрін де көріп келеміз. Адам ит жанды деген осы да. Маңдайға жазылған сергелдең бір бітпей-ақ қойды, бәріңе де төзіп келеміз. Біреулер түйесін жетектеп, біреулер сиырын, біреулер қойын айдап келеді. Күн түнеріп, суыта бастады. Алдыңғы лек асудан аман-есен асып, Сонамарк деген жерге қондық. Түстен кейін қар жауып, арт жақтағылар асудан ас алмай қалды. Бұлт тұмшалап, боран ұйтқыған асу өткел бермеді. Көп адамдардың аяқ-қолдары үсіді. Тіпті шөккен түйе, жатқан қойларды қар басып қалды. Адамнан да, малдан да шығын болды.

Мұзапар-Абат қаласы

Харисин Маһаражаның бұйрығымен босқындарды әдейі қиыр да қысталаң жолмен жүргізген. Бұл қысастық болса да, қолымыздан келер ештеңе жоқ еді. Үздік-создық үш бөлек асудан асып, бірнеше күн жол жүріп, 1941 жылдың күзінде Мұзапар-Абат қаласына зорға жеттік.
Мұзапар Абат қаласының айналасын қалың қарағайлы тау қоршаған. Қала онша үлкен емес, шағын. Қаланың жанынан үлкен өзен ағады. Ортада темір көпір бар. Қала өзеннің арғы жағында. Біз өзеннің бергі бетінде қияға шатыр тігіп отырдық. Бір жағымыз тау, бір жағымыз өзен. Оның үстіне біздің лагерьді әскер қоршаған. Жері де тар, тауы тіп-тік. Қысқасы, тыпыр етуге мүмкін емес. Кейбіреулерінің жарым-жартылай киіз үйі болса, кейбіреулерінде шатыр. Баспанасыздар да жеткілікті.
Осы қалада балаларды жинап алып оқыта бастадық. Алдымен арабша оқып, құранмен танысты. Сонымен қатар жергілікті халықтың да тілін үйрене бастады.
Жері тар болғандықтан, малға жайылым жоқ. Әрі қия бетке жайылу да қиын. Жаңбырлы күндері арықтаған ат-түйелердің құлап өлгендері де бар. Жерсінбегендіктен ірі қара мал азайып қалды.
Өкімет босқындарға ұн, күріш, шай мен май, қант берді. Ет жеп, қымыз ішіп үйренген біздер мұны місе тұтпадық. Қара нан, етсіз күріш жегендіктен, бір-ақ айда екі жағымызға пышақ жанығандай әбден жүдедік. Қалаға баруға рұқсат жоқ, бір нәрсе сатып алуға да болмайды. Жолды күндіз-түні әскер күзетеді. Сондай-ақ қар да жоқ, аяз да жоқ, қоңыр салқын. Үнемі нөсерлетіп жаңбыр жауып, мазамыз әбден кетті. Толассыз жауған жаңбырға үйренбеген адамдарға бұл да қиын тиді.
Жаңбыр тамшылары шатырлардың бәрінен өтіп кетті. Көрпе-жастық, киім-кешек түгел көгеріп, иістеніп шіри бастады. Ел әртүрлі ауруға шалдығып, көбі-ақ сырқатқа ұшырады. Ұзақ жауған жаңбырдың әсері ме, әлде ішіп-жеген тамақтан ба, ешкім жаппай аурудың сырын ұқпады. Кейбіреулері селкілдеп безгекпен ауырса, ес-түсінен айырылып жынданғандар да бар. Біреулерінің көзі басы ісіп, құса берсе, өн бойына жара қаптап немесе ауыздары ауырып, тістері шіріп кеткендер қаншама. Аяқ-қолдары топ болып, көлкілдеп жүре алмай қалғандар да көп. Күркілдеп жөтеліп, қан түкіріп, не іштерінен қан кеткендер де баршылық. Ауа райының қолайсыздығынан болар осылай неше түрлі ауру қаптап, адамдар өле бастады. Халықты қайғы жайлады, еңсеміз көтерілмей-ақ қойды. Дәрігерлердің көмегі де шамалы еді. Осындай қиын-қыстау кезең туған жерімізді еріксіз көз алдымызға әкеліп, жанарымызды жасқа толтырды. Әлде бір уыс топырағына табанымыз тиіп, бір жұтым суын ішсек, жазылып кетер ме едік, кім білсін?!

Пәнжаб өлкесіне өту

Елісхан бір күні түнде қасына Мардан, Сәдей, Ахметқали қатарлы бірнеше адамды ертіп, Исламханның үйіне жетеді. Оған «Бізді аймақтың басшысына жолықтырыңыз!» – деп өтініш айтады. Исламхан бұл кісілердің тілегін қабыл алады. Сөйтіп, ол кісінің көмегімен Әбит-Әбат қаласының уәлиі ағылшындық азамат сэр Фрейзер деген адамға жолығады, арыз-армандарын айтады. Пәнжабқа көшуге көмектесуін өтінеді. Сэр Фрейзер мырза қолынан келген жәрдем-көмегін аямайтындығын айтып қайтарады.
Арада бірнеше күн өткенде көшуге рұқсат етілді. Бұл кезде көктем болып, күн ыси бастаған. Өлім көп, әр күн сайын он шақты адам өліп отырады. Көп адамдарды оба жалмап кетті. Өлген адамдарды қалалық зиратқа жерлеуге рұқсат етілмегендіктен, шатырлардың арасына жерлей бердік. Бүкіл ауылдың іші бейітке толып кетті. Күні бойы қабір қазып, қайтыс болған адамдарды жерлеу де оңайға түспеді.
Алдымен, Исламхан отырған шағын қала Ғари Хабиболлаға өгіз арбамен жеттік. Екі ара жақын. жиырма-отыз шақырымдай ғана болатын. Исламхан бүкіл елді бір күн қонақ етіп, тамақ берді. Заты қырғыз Махмұтбек дейтін адам – Пәнжаб өкіметінің өкілі келіп, біздерді өткізіп алды.
Босқындарды алып кетуге арнайы машиналар келді. Машинаны бұрын көрмеген халық таңырқай қарайды. Ат-түйелері бар бір бөлек ел өз беттерінше көшті де, Ахметқали молда бастаған біраз адам бір машинаға отырдық. Орманның ішін аралап өтетін жыландай иреңдеген қара жолмен зулап келеміз. Көп уақыт өтпей Мансера қаласына келдік. Бұл қаланың тұрғындарының көпшілігі мұсылмандар болу керек, біздерді жылы шыраймен көшеде тізіліп тұрып қарсы алды. Мойнымызға гүлдестелерін кигізіп, көшелерді бір айналдырды. Жеміс, тамақ, сусындарын да беріп жатыр. Мұсылманшылдық көрсеткендеріне қатты разы болдық.
Мұсылмандарды ұйымдастырып, бізді жақсы қарсы алуға мүмкіндік жасаған адамның бірі – Әбит-Әбат қаласының бастығы Жалалиддин Ханбаһадур. Өз алдымызға бір топ болып жүрген елу шақты машина Әбит-Әбат, Һерипұр қалаларынан өтіп, Таксла деген жерге келдік. Мұнан кейі Тәрнаваға жеттік. Тәрнава – шағын ауыл, бірақ суы тұнық, ауасы таза жер болғандықтан, босқындарға осы жерді лайық көріпті. Көштің басын осы араға тіредік, алайда адам өлімі әлі тоқтаған жоқ. Бұл 1942 жылдың мамыры еді.
Ат-түйемен көшкендер үш күнде келді. Оларға да жол бойындағы қалалардың мұсылмандары ықылас-ілтипат көрсетіпті. Науқастарды дәрігерлер қарап, дәрі беріп, қамқорлық жасапты.
Пәнжаб өлкесінде жағдайымыз жаман болмады. Ерекше көңіл бөлініп, көмек көрсетілді. Алайда жолшыбай талай адамның дәм-тұзы таусылды. Төсек тартып жатпағанымыз болмаса, адамдардың көбі-ақ ауру.
Таксла – он сегіз шақырым жердегі теміржол стансасы. Осындай бір кезде Американың көмегімен салынған жақсы емхана бар екен. Науқас адамдардың көбін ауруханаға жатқызып емдей бастады. Жеген ас, ішкен су тексеріліп босқындарға айрықша назар аударылды.

Тәрнавадағы жағдай

Күн қатты ыстық. Әуе айналып жерге түседі. Күн сайын жиырма шақты адам өледі. Бұл жағдай бізге өте ауыр тиді. Жергілікті халық күнде келіп халімізді біледі, өлгендерді жерлеседі, бірақ өлімді тоқтату қиын болды.
Өкімет те жақсы қарап, ас-сумен қамтамасыз етіп тұрды. Газет арқылы хабарланған алыс аймақтардан да мұсылман уәкілдер келіп хал-жағдайымызбен танысып тұрды. Шақырайған күн ми қайнатады, күндіз-түні шипылдап терлейміз. Ең салқын деген күн 400-тен төмен түспейді. Ішке асымыз айғыз-айғыз тер болып ағады. Кейде ыстық жел қызыл жалын болып соғады. Жатқан шатырымыз қызып-ысып кетеді. Түнде ұйқы жоқ. Бірдеңе жамылсаң, терлеп-тепшіп, тұншығып өле жаздайсың. Жамылмасаң, шіркей талап маза бермейді. Әсіресе балалар шырқырап ұйықтай алмай сілелері қатады. Бұл да бізге үлкен дерт болды. Ыстықтан адамдардың өң-жүздері сарғайып, денелеріне қып-қызыл бөрткен қаптап кетті, біртіндеп сірескен жараға айналды. Мынау жарық дүние жалғаннан күдерімізді үзе бастадық. Осылайша қырылып бітерміз деген уайымға салындық. Әлде бір салқын жерге барсақ, жанымыз қалар ма еді? Сөйтіп жүргенде жанымызға бір сары шатыр келіп қонды. Христиан дініне кірген жалақ қаққан бір сары татар екен. Әйелі еуропалық және Сүлеймен деген қырғыз қызметкері бар. Ақсақалдарды шатырына шақырып, шәй беріп, қазақша христиан кітабын тарқата бастады. Ақсақалдарға:
– Сіздер шатырына бармаңыздар, кітабын да алмаңыздар – деп үгіттедім. Олар мақұл көріп бармайтын болды. Қайысбай балуан деген ақсақал оның қызметкері Сүлейменді азғырып алып, Кәстай деген қызға үйлендіріп қойды. Сондықтан мақсаты іске аспай, жолдасынан айырылған ол бір түнде көшіп кетіпті.
Бір күні Тәрнаваға ағылшынның Үндістандағы бас өкілі сэр Лорд Халифакс дейтін адам келді. Халық оны Вайсрай деп атайды екен. Бұл кісінің алды-артын жүзге жуық машина қоршап үлкен қолпаш, құрмет көрсетіп әкелді. Қасында көптеген лауазымды адамдар бар, үлкен сән-салтанатпен келді. Тегін келмеген шығар деген үмітте болдық. Вайсрай босқындарды жинап қандай мақсатпен келгендігін айтты. Әр қалаға таратып, үй-жай салып орналастыратынын және жергілікті елдің құқығын бермек екен.
Біз жақтан Елісхан сөйлеп, босқындардың арыз-арманын айтты. Әр адамға босқын деген белгі қағаз берілсе, бүкіл Үндістан көлемінде жүріп-тұруға рұқсат етілсе, кім қайда барып, қайда орналасады өз еркінде болса деген өтініш-тілек білдірді. Біздің қолымызға бүкіл ел көлемінде жүріп-тұруға рұқсат етілген, уақыт мерзімі көрсетілмеген босқын деген қағаз берілді. Көңілдеріміз көтеріліп, арқамыз кеңігендей болды.
Сонымен, Үндістанның қай бұрышына барамыз десек, осы қағаз арқылы кете беретін болдық. Өстіп жүргенде 1942 жылдың күзі де болып қалды. Күннің ыстығы қайтып, салқын тартты. Ауа райы жанға жайлы болғандықтан ба, өлім саябырлап, ел есін жия бастады.
Осы кезде басқалар секілді мен де емханаға жатып шықтым. Есімнен танып, қатты ауырдым. Он бес күн дегенде әзер тәуірленіп, үйге қайта орлдым. Әйтеуір өлмей тірі қалғаныма қуандым. Қыс түсіп, күн салқындады. Мен сияқты ауырып, от басына қайта оралғандар да бар. Сол беті қайтпас сапарға аттанып кеткендер де көп. Үндістанға өткенде үш мыңнан артық адам едік, әзір соның бір мың екі жүздейі ғана қалды. Мүлде түтіні өшіп қалған отбасылар да болды. Ең азы бір адамынан айырылмаған отбасы жоқ, үлкен-кішілерінің жүзінен қасіреттің қара табы анық байқалады, мына дүниеден түңілген сыңайда тұнжырай түседі. Біздің көргенімізді тағдыр дұшпанымыздың басына да бермей-ақ қойсын.
Хайдарабад – Үндістанның оңтүстігіндегі мұсылман өлкесі. Егер өлке басшысы мұсылман болса «навап» дейді. Ал үнді өлкелерінің басшыларын «ражамаһаража» дейді. Осы Хайдарабад өлкесінің басшысы Осман Әли мен Орталық Үндістандағы Бопал өлкесінің басшысы Хамидуллах біздер жайлы газеттерден оқып білген соң «сол адамдарды қарауымызға алып, бағамыз» деп өкіметке арыз беріпті. Осы адамдар басқарып отырған өлкелерді көріп қайту үшін Құсман, Хамза, Шақпақбай бастаған бірнеше адам пойызбен жүріп кетті. Көп кешікпей барған адамдар екі өлкені де көріп қайта оралды. Бопалдың жері салқындау және орманды, таулы, аң құсы көп екен, тіршілікке қолайлы болуы мүмкін деп келді. Сонымен біраз ауыл Бопалға көшетін болдық. Ахтар Әли деген кісі келіп, көшетін адамдардың тізімін алып кетті. Елісхан бастаған біраз ел Бопалға емес, тау жаққа көшетін болып, ел екіге бөлінді.
Төрт жүзден астам адам Бопалға көшіп, ал жеті жүзден астамы осы жақта қалатын болды. Құсман тәйжі, Хамза залың, Сауытбай, Қожан, Шақпақбай, Мүтәліп, Сүлеймен, Құсман молда, Қабылбектер ақылдаса келіп, Бопалды жөн көрді.
Екінші бір топ Елісхан, Беги, Сәдей, Мардан, Дәуітбай, Қали, Ахмет Қали молда, Рақаділ, Ақзам, Қари Хайдарлар бастаған ауылдар Пәкістанның солтүстігіндегі Пішәуір, Субат, Әбит Абад, Шатрал секілді күні салқындау, таулы жерлерді сағаламақ болды.

Халифа Алтай,
«Алтайдан ауған ел»
кітабынан үзінді

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр