Ұлттық құрамаға намыс керек

08 шiлде 2022, 11:26

Алматының «Қайрат» футбол клубының қақпасын бір мүшел уақыт, яғни 12 жыл табанды түрде қорғаған Құралбек Ордабаевты бұл күнде іздесеңіз, табанының ізі сайрап жатқан Орталық стадионнан табасыз. Балақ бауының бір ұшы жүрегіне ұя салған «Қайрат» клубына әлі де байлаулы.

Кәсіби футболшы ретінде алматылық «Қайраттың» қатарында 200-ге жетеғабыл ойын өткізіп, 11 метрлік айып добын тойтарудың талантына айналған қақпашы. Тіпті «Алтын допты» алған, кезінде КСРО құрамасының қарқарадай ойыншысы атанған Олег Блохиннің өзі Ордабаев қорыған қақпаға гол соға алмай, пұшайман күйге түскенін жария түрде мойындаған да. Бұл жайында аңызға бергісіз әңгіме одаққа тарайтын баспа беттеріне таудың таңқурайындай төгіліп түскенде жетпісінші жылдардың жастары жұтына оқыған болатын.

Газетіміздің оқырмандарына Құралбек аға Ордабаевты сөйлетіп сұхбат алмаққа межелі жерге ертерек бардық, ал ол кісі бізден бұрын келіп алыпты. Уақыттың қадірін білетін жандар ғой.

Jas qazaq: Құралбек аға, қазір қайда жүрсіз деген сұрағымызға жауапты кездескен орнымыздан ұққандаймыз. Өзіңіздің ұяңыз саналатын Алматының «Орталық стадионында» еңбек етіп келесіз.

Құралбек Ордабаев: «Орталық стадионда» мені жарты ғасырдан астам өмірім өтіп келеді екен. 1970 жылы Алматының «Қайрат» клубына шақырту алып, 1971 жылғы маусымнан бастап 12 жыл табан аудармай және ешбір қақпашы алмастырусыз «Қайраттың» қақпасын қорғадым. Осы күнде де клубтың бұқаралық спорт бағыты бойынша басшылық қызметтемін. Еліміздің бірнеше ірі қаласынан бұқаралық спортты дамыту бағытында игілікті істерді жүзеге асырып, орталықтар ашып жатырмыз. Жуырда Түркістан қаласында сондай орталық еңсе көтереді. Мұндағы мақсатымыз – еліміздің әр аймағындағы, шалғай шеттегі ауылдарда жүрген таланттарды тауып, футболға баулу. Келешекте сол балалар маңдайы жарқырап, жұлдызы жанып «Қайраттың», я болмаса басқа да клубтардың қатарында өздерін дәлелдеп, ұлттық құрамаға шақырту алса, ел үмітін ақтайтын футболшы атанса деген мақсатқа ұйып жұмыс істеп жүріп жатырмыз.

Jas qazaq: Атам қазақтың «доп ойнаған тозар» деген ұстанымына қалай қарайсыз, жалпы біз білетін Құралбек Ордабаев 1969 жылы Шымкенттегі халық шаруашылығы институтының кешкі бөліміне оқуға түсті. Ала допқа алабөтен қызықпағаныңызда Ордабаевты басқа саладан көруіміз мүмкін еді ғой.

Құралбек Ордабаев: 12 жасымнан футболға қызықтым. Өзім үйдің үлкені болдым, менен кейін үш інім, екі қарындасым бар. Бауырларым да футбол ойнады. Сөзіңнің жаны бар, халық шаруашылығы институтын бітірген мамандығым бойынша қызмет етсем, мүмкін дәл бүгінгідей дәреже-құрметке кенелмес пе едім. Жаратқанға сансыз шүкіршілік деймін, көрген жерде жұрт жапа-тармағай амандасып, суретке түсіп танып жүреді. Елімізде ғана емес, бұрынғы Кеңестер одағы елдеріне барсам да, байырғы жанкүйерлерім қаумалап қоршап, қошеметін аямайды. Бұдан артық қандай бақытты қажет етесің. Еңбегіңнің өтеуі деген осы шығар деп пайымдаймын. Байлық қумадық, ақшаның артынан ілеспедік, елдік намыс деп атымызды тебіндік.

 

Әйтпесе, Өзбекстанның «Пахтакор» командасының басшылары кең сарайдай үйлерін де ұсынды, астыма қымбат көлік те мінгізуге әзір екенін айтып клубқа шақырды. Дүниені жүрекке жақын ұстасақ, сол кезеңде ұсыныстан бас тартпас едік. Бірақ елімнің, халқымның құрмет-қошеметіне дәл бүгінгідей бөлену-бөленбеуім екіталай еді онда. Ал енді «доп ойнаған тозар» десеңіз, бүгінгі күннің ең бай-бағландары – футболшылар. Қазекем бұл сөзді еңбекті сүйсең, несібесіз болмайсың дегенге сүйеп айтқаны деп пайымдаймын. Әйтпесе, доп ойнаған, ойнағанда да ақылмен ойнаған жандардың жұлдызы жарқырап жанып жатыр.

Jas qazaq: Осы жұрт Ордабаевты пенальти қайтарудың сұңғыла шебері деп біледі. Әсіресе, сіздің ойынды стадионнан тамашалаған, стадионға сыймағандарды көгілдір экран алдына «көгендеп қоятын» сіздің айып добын қайтарудағы шеберлігіңіз дегенді тамсанып айтады.

Құралбек Ордабаев: Жаңылмасам, 1973 жылы болуы керек, КСРО чемпионатында тең нәтиже тіркеу болмасын деген ұйғарым шықты. Ондағы көздегені – алдын ала келісілген ойынның жолын кесіп, тосқауыл қою. Сол жылғы чемпионаттың қай ойыны болмасын, тең аяқталса, пенальтиге жүгінеді. Есіңізде болсын, ойын барысында алаңда жүрген он футболшы қателессе, сүрінсе, көрерменге де, бапкерге де аса байқала бермейді. Ал қақпашының қателесуі, әбжіл қимыл танытпауы, шеберлігі төмен болуы көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрады. Сондықтан да қақпашы қарымды болмай допты өткізіп алса, артында тек қақпаның торы ғана тоқтатады. Бұл дегенің қақпашы үшін орасан ойсырау болып саналады.

Жаңа сөз басында айттым, 12 жыл «Қайраттың» негізгі қақпашысы саналып, ауысымсыз ойнадым. 250-ден астам матчқа қатысқан екем. Менің ұстанымым ба, әлде табиғатым сондай ма, ойын басталар кезде бапкер не айтты, қандай тапсырма берді құлағыма құйып аламын да, алаңға шыққан ойынның аурасына қойып кетем. Басқа әлем, мына дүние ұмыт болғандай әсер етеді. Ал енді пенальти тебер кезде футболшыға 1-1,5 минуттай уақыт беремін, әзірлік жасауына. Сол аралықта мен оның көзіне қарап, ішкі ой арпалысын оқып аламын. Ол қай бұрышты көздейді, қайда тебеді, бәрін-бәрін алдын ала саралап, байыптап аламын. Пенальти тебетін футболшы допты нүктеге қойғанда, көзінің қиығымен қақпаның қай бұрышына тебетінін қарап өтеді. Міне, сол кезде мүлт жібермей көріп алсаң, болды. Допты оң, әлде сол аяғымен тебетінін, доп қандай жылдамдықпен ұшады, соның бәрін математикалық өлшеммен есептеймін. Қақпада ары-бері жүріп, ойыншының аптығын басуына, демін алуына орай туғызамын. Сонда ол сабасына келіп, ентігін басқан соң «гол соға алмай қалсам қайтем» деген үрейге бой алдырып, дұрыс тебе алмай қалуы да мүмкін. Мұның бәрі психология. Анам Ұлбике математикаға жүйрік болған екен. Әкем мал ұстап, семіртіп сойып сататын. Бір жылқының етін 12 жілікке бөлгенде сатып алушылар ақшасы қанша болатынын қағазға жазып есептегенше, анам сақылдатып ауызша бағасын тура шығарып бере салатын көрінеді. Математикаға жүйріктігім сол анамнан дарыған шығар деп санаймын.

Jas qazaq: Осы жылғы маусымда сізге КСРО-ның үздік қақпашысы деген марапат берілді емес пе?

Құралбек Ордабаев: Иә, мәскеулік «Известия» газеті арнайы мақала жариялап, ат басындай кубок берді. Өйткені осы маусымда өткізген матчтардан кейінгі пенальтиде 16 рет допты қайтардым. Ал ойын барысында Мәскеудің «Динамосына» және Карпаттың «Львов» клубына қарсы ойын кезінде екі рет пенальтиден гол соққызғам жоқ. Айтар ауызға жеңіл болғанымен, бұл – үлкен еңбек.

Jas qazaq: Аға, сіз үйдің тұңғыш ұлысыз. Өзіңізден кейін үш ініңіз, екі қарындасыңыз бар. Құралбектің ізін басып, екі бауырыңыз да футбол ойнады. Ал қарындастарыңыз қай саланы таңдады, допқа қызығушылығы бар ма еді?

Құралбек Ордабаев: Өзімнен кейінгі Құрбанбек Ордабаев та футбол ойнады. Бірақ алаңдағы сапарын ертерек аяқтап, төрешілікке бет түзеді. Халықаралық дәрежедегі ФИФА-ның төрешісі деген куәлігі бар. Одан кейінгі інім Тұрғанбек тумысынан футболға қызыққан емес. Үйдің шаруасына епті, шаруашылықты шырқ үйіреді. Кенже інім Рахымбек те футбол ойнады. Қазақстанға белгілі футбол төрешісі. Екі қарындасым спортқа онша бауырласпады, басқа саланы таңдап, жемісті еңбек етті.

Jas qazaq: Естуімізше, үйдегі жеңгеймен де сізді табыстырған спорт екен. «Қайрат» сапында ойнаған жылдары жарыңыз футбол матчтарын стадионға келіп тамашалайтын ба еді?

Құралбек Ордабаев: 1969-1970 жылдары Шымкентте футбол ойнадым. Қалада бір ғана орталық саябақ бар. Сол маңда теннис корты да болды. Жолдастармен келіп арасында теннис ойнаймыз. Сондай күндердің бірінде саябақта отырған екі қызбен танысып, сөйлестік. Осы таныстығымыз қол ұстасып, шаңырақ құруымызға ұласты. Рас, үйдегі жеңгең стадионда өтетін матчтарға баратын. Бірақ көбіне барғысы келмейді. Мүмкін арпалысқан аласапыран шақты көзімен көргісі келмейтін шығар. Үйде тамағын әзірлеп, дастарханының берекесін кіргізе жайнатып күтіп отырады. Біздің отбасымызда жазылмаған заңдылық бар еді. «Қайрат» командасы жеңіске жетсе, балаларды ертіп алып серуендейміз, қыдырамыз. Саябаққа, театрға барамыз, әйтеуір, өзімізше атап өтеміз. Ал біз ойында жеңіліс тапсақ, іштей қынжылыс білдіріп, томаға-тұйық жүретін едік. Футболдағы ырым-жоралғымыз бойынша ойынды бастар кезде аяқ киімді алдымен оң аяққа киетін едік.

Айтпақшы, Алматыдан арнайы келіп, «Қайраттың» сапына шақырғанда әкем маған мынадай талап қойды. «Егер сен бізден ұзап, Алматыға аттансаң, біз сені аяқтандырып, үйлендіріп келінмен бірге жолға саламыз. Осыған тоқтасаң ғана барасың» деді. Әкеңнің сөзі заң, бұлжытпай орындауың керек, «өзім білемге» салыну деген атымен жоқ. Келістім, сөйттім де Дариғаға жағдайды жеткізіп, екеуміз отау құрып, еліміздің сол кездегі бас қаласы Алматыға тартып отырдық. Аллаға шүкіршілік, балалардан немере, немереден шөбере сүйіп, бақуатты ғұмыр кешіп келеміз.

Jas qazaq: Естуімізше, сізді өзбектер «Пахтакорға» да шақырған екен. Жазатайым, жолыңыз түсіп, Ташкентке аттанғаныңызда 1978 жылы әуе апатынан опат болған «Пахтакордың» бірнеше футболшысының ішінде сіз де болуыңыз бек мүмкін еді.

Құралбек Ордабаев: Алматының «Қайратына» келгенге дейін Шымкентте «Металлург» клубында ойнадым. Өзбекстанның командаларымен де тартысқа түсеміз. Атымыз, атағымыз бұл елге де жайыла бастаған. Майда тілімен майдай ерітіп түсіретін өзбектер келіп қолқа салды. Ташкенттің төрінде ханның ұлындай болып жүретініме кепіл болды. Бірақ әкем бәрін шорт кесіп, тыйып тастады. «Сен қазақсың, қазақтың клубында ойнауың керек!» Болды, бітті. Дұрыс айтасың, 1979 жылдың 11 тамызындағы қасіретті әуе апатында опат болып кетуім де мүмкін еді. Осы әуе апатының орын алғанына 40 жыл толуына орай Өзбекстанда үлкен ас беріліп, құран оқылды. Мені де Өзбекстанның Премьер-Министрі арнайы шақырды. Сол аста Төлеген Ысқақов, Бахадүр Әбдірайымов, Вячеслав Солоха деген «Пахтакордың» ұшақтан қалып қойған футболшылармен әңгімелестік. Егер жазым айдап, мен де Өзбекстан құрамасының шақыртуын қабыл алғанда Минск қаласындағы ойынға аттанып, ажалым аспанда келер ме еді. Бірақ кім біледі, бәрі тек ұлы жаратушы бір Аллаға ғана аян. Десе де, әкемнің сұңғылалығы мен болашақты бағдарлай білетін сезімталдығына бас иемін. Егер де «Пахтакорда» ойнасам, менің атағым дәл қазіргідей шарықтамас еді. Ордабаевтың алаңдағы ойынына қызығып, қаншама ата-ана баласының есімін Құралбек деп қойды. Сол баласы есейіп, бұғанасы қатайғанда алдыма ертіп келіп, батамды сұрады. Қазақстан Футбол федерациясын жеті жылдай басқарғанда еліміздің әр аймағында болдым. Сонда «сіздің құрметіңізге, жолыңызды берсін деп баламыздың атын Құралбек деп қойдық» деп алдымнан жиі ұшырасатын. Байлықтың, дүниенің соңынан қусам, мұндайға кенелерім екіталай еді.

Jas qazaq: Қақпашыны ертеректе жарты команда деуші еді, осы күнде жақсы қақпашы бүтіндей бір команда деп те айтып жүр. Бір мүшелден аса «Қайраттың» қақпасын күзеттіңіз. Оған дейін де, кейін де басқа клубтарда ойнадыңыз. Байқап отырмыз, оң қолыңыздың кішкентай бөбегі қисық біткен екен.

Құралбек Ордабаев: «Бас жарылса – бөрік, қол сынса – жең ішінде» деп өскен ұрпақ емеспіз бе. Сол көзіме байыптап қарасаңыз, қабақтан төмен қарай қуалап жанарымның жанында қапталдай тыртық тұр. Ұзынынан осып түскен жарақатты 1974 жылы Алматыдағы матчта алдым. Қазіргі Санкт-Петербург қаласының «Зенит» командасына қарсы ойын еді. Шабуылшы андағайлап екпіндеп келеді. Аяғынан ұзатпаған допты ұстаймын деп ұмар-жұмар құладым. Анау да берісер емес, шірене тепкенде допқа тимей, аяқ киімінің темір шегесі бетімді осып түсті. Олжасы сол, гол соғылған жоқ, көзім де аман екен. Жарақатымды тіктіріп, айыққан соң қатарға қайта қосылдым. Саусағым – қақпаға қарай бірнеше шақырым жылдамдықпен ысылдай ұшқан доптарды қайтарудың әлегі кезіндегі жарақаттың «жемісі». Қазіргі қақпашылардың қолғабы өте ыңғайлы. Ал біз киген қолғаптың алақан тұсы тырнаның терісіндей тым жұқа болды ма, дуылдатқанда саусағыңның ұшына дейін тызылдатып, бебеу қақтыратын. КСРО чемпионатына қатысатын командалардың стадиондары тегіс, табиғи балдырған шөбі де тығыз өскен ыңғайлы болады. Ал ел ішілік жарыстарда кейбір стадиондардың қақпасының алды тақырланып, тасы шығып жатады. Ондай жерге құлағанда сауырыңның терісін сыпырып кетеді. Осындай жарақаттар болды. Ең бастысы, бас жарылса да, көз шыққан жоқ, соған шүкіршілік дейміз.

Jas qazaq: Зейнеткерлікке шықсаңыз да, тізгініңіздің бір ұшы футболға әлі байлаулы. Кезінде Қазақстан Футбол федерациясын басқардыңыз. Қазіргі қазақ футболының аяқ алысы қалай?

Жанкүйерлерді желпінтіп, ұлттық құрама Ұлттар лигасында көш бастап келеді.
Құралбек Ордабаев: Ұлттық құраманың қазіргі жетістігін мақтауға да, мақтамауға да болады. Қуанарлығы, Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын өзіміздің қаракөз қандастарымыз көп. Ұлттық құрама сапына да солардың арасынан суырылып шыққаны ілініп жатыр. Жастарға айтарым – мастанбауға, дүниенің соңынан қуа бермесе екен деймін. Адам өзінің рухани әлеуетін көтергенде ғана дамиды, таным көкжиегі кеңиді. Футболдағы жастардың көпшілігі жоғары білім алуға, білгенін жетілдіруге аса құлықты емес. Оларға одан гөрі келісімшарт жасасқанда, тәуір еңбекақы жаздырып, ақша тапса болды. Нарықтық қоғамда бұл да керек. Бірақ сен өмір бойы футбол ойнап өтпейсің. Жас келгенде жастар ығыстырып шығарады. Сондай кезде күресінде қалғандай болмай, өз мамандығың бойынша жұмыс істеп тамағыңды табуың міндет.
Ұлттық құрама туралы айтқанда, жетістікке қуану керек. Бірақ тым дандайсуға болмайды, сәл де болса, алға ілгерілеу бар. Ұлттық құрамаға намыс керек, намысқа шапқанда ғана нәтижеге жетеді. Жігіттерге айтар ақылымды іркіп қалған емеспін.

Құрамада ойнайтын футболшыларға бас бапкердің айтқанын қалтқысыз орындап, жаттығудан кейін де қалып, өзіңнің кем тұсыңды бүтіндеуге күш сал дегенді жиі айтамын. Еститін құлақ аз, кейбірі тыңдайды, енді біріне менің ақылым онша өтпей ме, қабылдай қоймайды. Дүние, қазына, байлық бүгін бар, ертең басыңнан көшуі мүмкін, Ал елдің құрметі мен қошеметі, қадірімен келген атақ ешуақытта өшпейді.

Сондықтан ұлттық құраманы мақтамау керек дейтінімнің себебі, жастарымыз мастанып, жұлдыз ауруына шалдығуы бек мүмкін. Бүгінгі ұлттар лигасындағы жетістік бұл бір ғана мезеттік жарқ етпе дүние ғана. Біз бұдан да жоғары асудан аса алатынымызды, бұдан да биік белеске жететінімізді дәлелдеуге ұмтылуымыз қажет. Соған жету жолында тынбай еңбектену керек.
Үш жыл бұрын даңқты қақпашы, мәскеулік «Динамоның» және КСРО құрамасының қақпашысы болған Лев Яшиннің туғанына 90 жыл толған мерейтойына Орталық Азиядан мені арнайы қонақ ретінде шақырды. Құрметім артпаса, қадірім болмаса, мұндай беделге қайдан ие боламын. Ресейде «100 үздік спортшы» деген энциклопедияға менің есімімді үздік қақпашы ретінде қосты.

Jas qazaq: Ұлттық құраманың негізгі құрамындағы қақпашы Игорь Шацкийге қандай баға бересіз, кем тұсы қандай?

Құралбек Ордабаев: Бұл жігіт тым кеш ашылған футболшы. Жаңылмасам, жасы отыздан асқанда бойындағы бұла таланты бүрлеп шықты ғой деймін. Сөз жоқ, талантты футболшы. Былтыр ашылып, өзінің шеберлігін көрсетіп келеді. Қазақстан Футбол федерациясы ел біріншілігіндегі үздік қақпашыға жыл сайын Құралбек Ордабаев атындағы марапатты беріп келеді. Былтыр осы сыйлықты мен өзім Игорь Шацкийге табыс еттім. Сол мәртебелі жиында қақпашының арқасынан қағып, жылы лебізімді де білдірдім, масаттанбауға ақылымды да айттым. Қақпашы ойын барысында қақпасына гол жібермесе, алаңдағы ойыншыларға үлкен күш дарытады. Адам өмір бойы ізденумен, өзін-өзі толықтырумен өтуі керек. Бойыңдағы талант 1 пайыз ғана, қалғаны тең ақ адал еңбегіңмен келеді. Елімізде талантты қақпашылар бой көрсетіп, өсіп жатыр. Солардың да арасынан саңлақтар шығатынына сенім білдіремін.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан Қуаныш Нұрданбекұлы

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды