Ұлттық қорымыз сарқылмасын

08 сәуiр 2022, 10:39

Қара теңіздегі Каспий құбыр желісі консорциумының терминалынан мұнай тиелген танкерлер жолға шықты. Олар 9 млн баррель Қазақ елінің мұнайын түрлі елдегі тұтынушыларға апара жатыр. Іскерлік бағыттағы ақпаратқа маманданған eadaily.com сайты күні кеше осындай жағымды жаңалықты жариялады. Газетіміздің өткен санында сұрапыл дауылдың Ресейдегі Новороссийск айлағында қара майды кемелерге тиейтін үш қондырғыны істен шығарғаны туралы жазғанбыз. Оның біреуі көп өтпей жөнделді. Қалған екеуі сәуірдің ортасына дейін қайта іске қосылса, еліміз «қара алтын» қаржысынан қағылмауы тиіс. Қазынаға құйылатын қаржының қомақты бөлігін құрайтын мұнай экспортының үзілмеуі дәл қазір елдегі қаржы тұрақтылығының кепілі боп тұр. Сондай-ақ Ұлттық қордың сарқылмауы да осы «қара алтынға» байланысты.

Қарап отырсақ, аталған қордан алатын қаржы мөлшері көбейіпті. Нақтырақ айтсақ, 1,6 трлн теңгеге. Биылғы меже – 4 триллион. Әу баста кепілдендірілген аударым (трансферт) 2,4 трлн деп белгіленген еді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мұны бюджеттің қос бүйірі – кірісі мен шығысы арасындағы алшақтықты азайту мақсатымен жасалғанын хабарлады. Бұдан, әрине, таразының басы теңеле қоймайды. Министрге жүгінсек, бюджет тапшылығы – 3 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 3,3 пайызы. Жалпы шығыс 18,8 трлн теңге болуы тиіс. Ал мұнайдың жылдық орташа бағасы 60 доллардан 90-ға дейін өсіріліпті. Халықаралық қаржы сарапшылары бір бөшке қара майдың құны 74-105 доллар арасында болады деп топшылайды. Министрлік осыған сүйенген секілді. Осы шикізатты ең көп тұтынатын елдердің бірі АҚШ өзінің стратегиялық қорынан ай сайын 1 млн мұнайды алып, елдегі тұтынушыларға жібермекші. Басқаларды да осындай амалға шақырып жатыр. Нарықта қара майдың көбеюі бағаға әсер етуі де ғажап емес.
Сарапшылар бюджеттегі мұнайдан басқа салалар бойынша тапшылық мөлшері 10 пайыздан асуы мүмкін деген пікірде. Бұл экономиканы әртараптандыру (диверсификация) іске асырылмайынша, шикізат саудасына тәуелділік жалғаса береді дегенді білдірсе керек. Мамандар осыған орай, қиын болса да, белгілі брендпен дәл бүгін бәсекелес бола алмаса да, бірақ табиғи, сапалы отандық өнімді өндіруге көшу керектігін айтады. Ғаламды жайлаған санкция салқыны «шетелден сатып алу арзанға түседі» дейтін таяз түсінік пен оңай жолдың ендігі жерде іске жарамайтынын көрсетіп отыр. Еңбек емес, алыпсатарлыққа апаратын осынау патерналистік пиғылдың кесірінен кезінде қант қызылшасын егіп, қант өндіруден, мақта мен жүн өңдеп, киім тігуден бас тартқанбыз. Енді соның бәрін, тіпті ине мен жіпті, түйме мен тіс шұқығышқа дейін сырттан әкелеміз. Шикізат сатудан түсетін ақшаға. Үкімет төрт-бес жыл бұрын қарапайым заттар шығаруды қолға алатынын жариялаған. Осы бағдарлама қағаз жүзінде қалмай, өтірік есепке сүйенбей, шынымен іске асса, қалада да, ауылда да шағын және орта кәсіпкерлік өркендейді. Жұмыссыз жастарға да кәсіп табылар еді.

Бұған дейін мұнай бағасы күрт төмендегенде Ұлттық қорға жүгінетінбіз. Бұл жолғы шешім әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайды ескере отырып, қабылданса керек. Геосаяси ахуал да тұрақталар. Ең бастысы, Елбасының тікелей мұрындық болуымен құрылған, ертеңгі тұрақтылықтың кепілі болатын, қысылтаяң, қиын сәтте көмекке келетін Ұлттық қорымыз бар. Бүйіріміз ортаймасын!

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады