Үйрек бағушы

21 желтоқсан 2018, 15:30

Әдетте Қытайды 5 мың жылдық тарихы бар ұлы империя деп жатамыз. Тіпті қытайтанушылар шығыстағы көршіміздің әлеуметтік жағдайын, экономикалық, саяси әлеуетін тамсана айтады. Ал руханияты, әдебиеті қай деңгейде? Осыдан 3 жыл бұрын, яғни 2015 жылы Қытай жазушысы Мо Иән Нобель сыйлығын алды. Бұл сыйлық 2000 жылы тұңғыш рет қытай қаламгері Гау Шиңжианға берілген еді. Бүгін біз қаламгердің «Үйрек бағушы» әңгімесін жариялағанды жөн көрдік. Қытайда бір шоғыр қаламгер әйелдер де бар. Солардың бірі – Тан Шау Ляң, эссе жанрының жүйрігі. Оның «Қала мен қасірет» әңгімесін де оқып көріңіз.

Мо Иән,
Қытай жазушысы,
Нобель сыйлығының иегері

Чиіңсау көлінде балық пен шаян жыртылып-айырылады, жалбыз-шөбі де қақала өскен. Бұл құрақты көлдің жағасындағы ел ежелден үйрек бағуды кәсіп еткен. Мұнда өндірілетін үйрек жұмыртқалары үлкен әрі көп, аймақ аумағының жартысына аты мәлім. Ана бір жылдары, «капитализмнің құйрығын кесу»* салдарынан, көлдегі үйректің көзі құрыған. Бертінгі кезде саясат жақсарды, көл бетінде үйір-үйір үйректер ақша бұлттай қалқып жүретін болды.
Ли Лаужуаң – кәсіби үйрек бағушы. Күн сайын кішкене қайығына мініп, үйректерін қуып жүргені. Көл маңына ірге тепкен он сегіз кенттің әрбірінің өз үйрек бағушысы бар. Арасында шал да, қыз да кездеседі. Олар үнемі көл бетінде жүздесіп жүріп, бір-бірімен етене таныс болып кеткен.
Көктем келе, көл бойындағы жасыл талдар өркен жайып, шабдалы ағашы гүл ашады, өрік гүлдері жұпар шашады. Су ішіндегі жалбыздар қайта көктеп, үйрекшілер құстарын тағы айдынға жібереді.
Сол жолы су бетіне тұңғиық** жапырақтарының үп-үшкір ұшы қылтиып, көл суы жасыл жақұттан аумай қалды. Қосақталып, жұп құраған бақалар тынымсыз «ән» салды. Айдын көктем түсіне боялып, жәндік үніне толды.

Лаужуаң көлге түсе сала, көрші ауылдағы үйрекші қарт Уаң тумен жүздесуді ойлады. Бірақ біраз күнге дейін онымен кездесе алмады.
Қайсыбір күні көрші жақтан үйрек баққан қыз көрінді. Өңі үйрек жұмыртқасына ұқсайтын бойжеткеннің көзі қарақаттай екен. Балықшылар әнін сызылта салғанда, су бетіне жақұт моншақтар төгіліп тұрғандай болды.
Екі топ үйрек үйірі жақын келіп, жанаса берген тұста, қайық үстіндегі қыз тіл қатты.
– Ата, сіз қай кенттенсіз?
– Ху Дұңли кентінен, – деді Лаужуаң барылдап. – Өзіңші, қызым?
– Мен Хуши қыстағынанмын.
– Лау Уаң көрінбейді ғой?..
– Ол кісі қартайды… демалысқа шыққан.
Қыз бамбук сырығын көтеріп, бар күшімен итеріп қалғанда, астындағы қайығы бағытын шұғыл өзгертіп, үйректері жапырыла бұрылды.
– Сау болыңыз, ата!
Олар осылай танысқан еді.
Қайсы күні Лаужуаң мен қыз тағы кездесіп қалды. Бір-екі ауыз жай әңгімеден соң бойжеткен:
– Ата, сіздердің кентте Ли Лаужуаң деген адам бар ма? – деп сұрады ықыласпен.
Елең еткен Лаужуаң:
– Бар. Оны қайтейін деп ең? – деді қайыра сұрақ тастап.
Жүзі лып етіп қызарған қыз, үстіңгі ернімен астыңғы ернін жымқырып тұрып:
– Жай. Өзіңше сұрағаным ғой, – деді.
– Өзің жай сұрамаған шығарсың? – деді Лаужуаң көзбен баға, құлағын тігіп.
– Ол отбасының адамдары қалай өзі? – деді қыз артынша.
– Жіп тағу қиын.
– Естуімше, Ли Лаужуаңның қолы таза емес екен. Біраз жылдың алдында кенттің үйрегін ұрлап, ұсталыпқалыпты да, көлдің шығыс жағындағы сегіз кенттің көшелерін аралатыпты.
– Аралатқан, – деді Ли Лаужуаң қайығын бұрып, үйректерін қуып кетіп бара жатып.
Қыз қозғаған жай Ли Лаужуаңның ескі жарасын оңдырмай-ақ тырнап кетті. «Төрттік төбе»*** дәурендеген сол бір жылдары жоғарыдан «жекенің үйрек бағуына болмайды» деген бұйрық түсіп, Ли Лаужуаңның үйіндегі он неше бас үйрек ұжымшар тарапынан «комналанып», қарттың жүрегін қатты сыздатқаны рас еді. Отбасының күндік шай-тұзы сол үйректердің мойнында ғой, қайтсін енді! Ол кезде кенттегі бар шаруа ас ішіп, аяқ бостуды ғана білетін бір кісінің қолында болатын. «Комналанған» үйректер оны мен ұраншыл серіктерінің бір кешкі асынан аспайтыны анық-ты. Соған дейін қой аузынан шөп алмай келген Лаужуаңды шайтан түртті. Үндеместі ашу қысса, ызасын ішіне жұтып, ақымақ істерге ойланбай барады екен. Түнделетіп барып үйректерінен қалған екеуін жаңа қармаған сәтте, соры қайнағаны сол шығар, түнгі шарлауда жүрген жасақшылар тарапынан қолға түсіп қалды.
Бастық оны ұрған жоқ, ұрысқан жоқ, екі үйректі аяғынан қосақтап байлады да, мойнына асып, көлдің шығысындағы сегіз кенттің бірін қалдырмай аралатып шықты. Бастықтың өзі жол бастады, бір адам жез барабан соқты, тағы екі жасақ мылтықпен айдап отырды. Маймыл ойнатқандай, ауылдағы адамдарды түгел шақырып әкеліп, көрсетті. Соның салдарынан Лаужуаң асылып өлуге аз-ақ қалды.
Қыздың өткен істі есіне салуы Лаужуаңның іш құстасын қозғап қана қойған жоқ, содан былай оны жек көруге себеп болды. Кезігуден жалтарып, қашқалақтап жүрді. Дегенмен, жүздеспей де қала алмады, ұшырасқанда сүлесоқ тіл қатып, немкетті сөйлеп жүрді. Қыз сол баяғысындай қызғын, ашық еді. Жолыққан сайын әуелі күлкінің күміс сыңғырына көметін де, сонан соң, бал татыған «атаның» астына алатын. Лаужуаң сырттай ештеңе білдірмегенмен, іштей «сазан балықтың уылдырығына ұқсаған түрің құрсын, өзі сөйлеп, өзі күледі… тегі жетіскен неме емес» деп янаттайтын.
Көзді ашып-жұмғанша көктем өтті де, жаз келді. Көл бетін енді басқа бір түс көмкерді. Тұңғиық гүлдері шешек атып, тынық айдынды тамылжыған қош иіс кернеді. Бір күні ашық аспанды кенет қара бұлт торлады да, аяқ асты найзағай ойнап, дауылды нөсер құйып берді дейсің. Ли Лаужуаң әрең дегенде үйректерін қоғамдап үлгерді, есесіне, өзі суға тоғытылған тауықтай болды. Дауыл өткен соң, аспан айрықша ашылып, судағы шөп қияқтары ерекше көгеріп, тұңғиық гүлдерінің жапырақтары мен қамыс құрақтарына меруерттей мөлдір шық қонды. Бір қопаның шетінен Лаужуаң он неше бас үйрек кезіктірді. Іштей мұның ана қыздың манағы жел айдап әкелген үйректері екенін шамалады. «Тамаша үйректер!» деп тамсанды Лаужуаң өзін тежей алмай. Қардай әппақ оншақты семіз үйректердің су бетінде кішкене қайықтай қалқи сырғыған түрлерінің өзі-ақ көз тойғандай еді. Лаужуаңның есіне кенет Хуши ауылындағы өндіріс техникалар тобында жұмыс істейтін ұлының жақында астана жақтан үйректің жаңа тұқымын әкелгендері туралы әңгімесі түсіп, дәу де болса, осылар болар деп топшылады. Ойлана жүріп бөтен үйректерді айдап, өз үйіріне қосты.
Ертесі күні Лаужуаң көлге шыға сала көрші қыстақтың үйрекші қызымен кездесіп қалды.
– Ата, он неше бас үйрек көрдіңіз бе? Кешегі дауыл менің үйректерімнің ту-талақайын шығарды. Үйге барып санасам, он төрті жоқ болып шықты. Оның бәрі ауылымызға енді әкелген жаңа тұқым еді… соны ойлап, түнімен кірпік ілмедім.
– Қызым, дәл басып сұрадың. – Қыздың уайымдап тұрған түрін көрген Лаужуаң неше күннің алдындағы ренішін ұмытып, қолымен нұсқап, үйректерді көрсетті. – Әне тұрған жоқ па! Бірі де кем емес, бәрі менде…
– Рахмет, ата! Мен барып үйректерді айдап келейін.
– Мен айдайын. – Ли Лаужуаң бамбук сырығын бұлғап, әппақ үйректерді өз үйірінен бөліп шығарды. Қыз «гу-гу» деп шақырып еді, ақ үйректер түгел жүзіп, өз үйіріне барып қосылды.
– Ата, біздің бірге үйрек бағып жүргенімізге жарты жылдан асты, мен әлі сіздің аты-жөніңізді білмеймін. – Қайығын Лаужуаңның қайығына тақау әкелген бойжеткен ән салғандай әсем үнмен осылай деді.
– Тегім – Ли, атым – Лаужуаң!
– О, онда сіз Уилиіңнің, Ли Уилиіңнің… жоқ, Ли инжинердің…
– Дұрыс. Ли Уилиіңнің әкесімін – деді Лаужуаң сақалы тікірейе, ішіндегі ашуын шығарғысы келгендей дік-дік сөйлеп. – Әлгі үйрек ұрлағаны үшін ауыл-ауылды аралаған Ли Лаужуаң мен болам.
Қыздың тағы бір рет таңғалыстан үні шығып кетті. Көзі өрік дәніндей дөңгеленіп, алаулаған жүзі нарт қызыл тұңғиық гүліне ұқсап қалды.
– Ата, көп-көп рахмет!!! – Лаужуаңға асығыс иіліп тағзым жасаған қыз қайығын бұра сала, үйректерін айдап, үн-түнсіз тайып тұрды.
– Қызым, сен біздің Уилиіңді танисың ба? Оған менің сөзімді жеткізе саласың ба… үйге қайтқанда, үйректің жаңа тұқымынан ала келсін! – деп дауыстады Ли Лаужуаң артынан.
Араларын бір қопа қамыс бүркеді.
Ли Лаужуаң терең күрсінді. Өзін жеңілдеп қалғандай сезінді. Артынан өзіне-өзі күбір етіп: Бұл қыздың өң-түсі жаман емес екен. Тәлімі де жақсы. «Тұнық көлдің бойынан сұлу шығар» деген, сірә, бос сөз болмаса керек, деп қойды..

Қытайдағы саяси науқан.
көлде өсетін әдемі гүл.
Маоның әйелі бастаған саяси бүлікшілер

Қытай тілінен аударған
Серік НҰҒЫМАН

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды