Түркінің несібі

18 қараша 2022, 11:49


Таяуда Түркі мемлекеттерінің басшылары Самарқанда бас қосты. Жиында бірқатар құжат қабылданды. Дені экономика төңірегінде. Бұл нені көрсетеді? Сұраққа жауап бермес бұрын Foreing Affairs журналында келтірілген дерекке кезек берейік. Америкадағы ықпалды басылымда жарияланған мақаланы жазған Кевин Радд. Бір кездері Австралияның бұрынғы премьер-министрі. Қазір Нью-Йоркте тұрады. Саясаткер 1992 жылы өткен Қытай компартиясының сьезін еске алады. Сол кезде Дэн Сяопин баяндамасында «экономика» деген сөзді 195 рет ауызға алыпты. Биылғы сьезде Си Зинпиң небәрі 60 рет айтқан көрінеді. Есесіне, ұлттық қауіпсіздікке көбірек тоқталалыпты. Осындай деректі тізіп шыққан ол Аспан асты елі «марксизмге қайта оралмақшы» деп, қисынсыз әрі бір тырнағын ішіне бүккен тұжырымын тықпалайды.
Әрине, дәл қазір Америка мен оның одақтастарынан Бейжіңге арналған жылы пікір есту қиын. Бұған Бейжіңнің нарықтық қатынастарды терең игеріп қана қоймай, Батысты басып озар бәсекелеске айналуы себеп. Ал 30 жыл бұрын саясат емес, экономиканың алға шығуы бекер емес. Еңбекқор халық социалистік жолдан ауытқымай, нарықты терең игеру қажеттігін, тамағы тоқ, көйлегі көк ұлттың өзгелермен терезесі тең бола алатынын жетік түсінді. Батыл реформатор (Дэн Сяопин) «Мысықтың түр-түсі емес, тышқан аулай білуі маңызды» деген халық шаруашылығындағы бөтен жүйені меңзеп. Заман ағымынан туындаған тың көзқарас жемісін берді де. Қытай экономикасы қайсыбір салалар бойынша қазірдің американдықтардың алдын орап тұр. Си Зинпиң былтыр елдің ғасырлар бойы қытайды тұқыртып, еңсесін түсірген кедейлікті жеңгенін жария етті. Ендігі жерде осы биіктен түспей, әлгі мақалада айтылған ұлттық қауіпсіздікті бекем қылу мәртебелі міндет.
Осыған дейін тамырлас мәдениет пен ортақ тарих төңірегінде байланысқа көбірек мән берген бауырлас елдерге экономиканы көбірек күйттеу қажет. Әңгіме басында қойылған сауалға Түркі мемлекеттері ұйымының жоғары деңгейдегі басқосуының берер жауабы осындай. Жаһанданудың қадірі қашып, әлемдегі саяси текетірес өндіріс пен сауда-саттықққа кесірін тигізіп тұр. Оның үстіне бұл мемлекеттер (Түркиядан басқасы) тауар тасымалының негіз құрайтын теңіз жолдарынан жырақта. Самарқандағы мәслихатта сөз сөйлеген президенттердің пікірі де осы мазмұнда. Қазақ елінің көшбасшысы көлік тасымалы мен логистиканың маңызын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған тақырыпқа кеңірек тоқталып, «Біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады. Бауырлас үш ел (Қазақстан, Әзербайжан, Түркия) арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз» деді.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердуан Баку-Тбилиси-Жейһан мұнай құбыры желісінің ғаламдық ауқымдағы энергетикалық жоба екенін, ал Оңтүстік газ дәлізімен «көгілдір отынды» кәрі құрлыққа көптеп жеткізуге болатынын қаперге салды. Оған шикізат та бар. Ол — Каспийдің мол қоры. Әзірбайжан басшысы Илһам Әлиев тағы бір дәліз — Зангезурдың мүмкіндігін баяндады. Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаров жақында Қытай-Қырғызстан — Өзбекстан бағыты бойынша теміржол құрылысы басталатынын хабарлап, осы жоба арқылы Батыс елдеріне жүк жеткізуге арналған Транскаспий бағытының әлеуетін арттыруға болатынын тілге тиек етті.

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиоев Транскаспий халықаралық дәлізі өз жемісін беруі үшін тер төгіп жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Түркі тілдес мемлекеттердің ұйымына бақылаушы ретінде қосылған Мажарстан (Венгрия) премьер-министрі Виктор Орбан санкция кесірінен сауда жолдары жабылып жатқан бүгінгі қиын кезеңде тасымал бағыттарын әртараптандыру (диверсификация) қажеттігіне айрықша тоқталды.
Дәліз демекші, басқосуда Солтүстік-Оңтүстік бағытының бір ттармағы болып табылатын Термез (Өзбекстан) – Мазар-и Шәріп (Ауғанстан) – Қабыл – Пешауар (Пәкістан) шойын жол құрылысы да транзиттік тасымал мен логистика тұрғысынан алғанда аймақ елдері үшін тиімді жоба.
Шетелдік сарапшылар да Саммиттің экономикалық сипатына мән берді. Профессор Женгиз Томар Түркияның мемлекеттік «Анадолу» ақпарат агенттігінің сайтында жарияланған талдау мақаласында лсы жәйтке тоқталған. Ол қабылданған құжатта өзара сауда-саттықты жандандыру мақсатымен кедендік рәсімдерді жеңілдету, шекті мөлшерді (квота) алып тастау көзделгенін, сондай-ақ, Түркістанда арнайы экономикалық аймақ (TURANSEZ) құру және цифрлық экономикаға көшудің маңызды міндеп деп көрсетілгеніне назар аударды.
Ортақ мүмкіндікті, баламалы бағытты пайдаланған жөн. Бұл ретте Қазақстан Президенті айтып жүрген Транскаспий дәлізі бойынша жүк тасымалы жандандыру көкейкесті міндет. Нақты қадам жасалды да. Алдағы жылы Қазақ мұнайы (1,5 млн тонна) теңіз арқылы Әзірбайжанға жеткізіледі. Одан әрі Баку-Тбилиси-Жейһан құбыр желісімен ғаламдық базарларға жөнелтіледі. Болашақта оның көлемін 6 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, бір кездері жүзеге асырылып, содан кейін тоқтап қалған swap әдісімен Иранға «қара алтын» жіберуге де болады. Қара май алмасудың мәнісі мынада. Мұнай Каспий арқылы көмірсутегі тапшы Иранның терістігіне жеткізіледі. Ал ирандықтар оның орнына күнгейдегі кенішінен сол мөлшердегі шикізат Парсы Шығанағындағы айлағы арқылы Таяу Шығыс пен Азиядағы тұтынушыларға жөнелтеді. Келешекте сан тармақты Солтүстік — Оңтүстік дәлізі ашылып жатса, түрікмен жері арқылы ең төте жолмен Иран портына дейін құбыр төсейтін күнге де жетерміз, бәлкім.
«Орта дәліз» деп те аталатын осы бағытты (Транскаспий) күре тамырға айналдыру міндеті елімізде ұлттық өндірістің өрісін кеңейтуге кеп тіреледі. Нақтырақ айтсақ, контейнер, танкер, жүк кемесі өзімізде жасалуы тиіс. Отандық сауда флоты құрылуы қажет. Бұл өз кезегінде адами капиталды, индустриялық һәм ғылыми әлеуетті, қомақты инвестицияны қажет ететін сала. Мығым мемлекет, нарықтағы қатал бәсекеге төтеп бере алатын, басқаның тауарына байланбайтын, өз өнімі өзіне жететін ел боламыз десек, шикізат экспортына тәуелді экономикалық модельді түбегейлі өзгертуге тиіспіз.
Бүгінде ғылымы өндіріспен қабысқан, бәсекеге қабілетті мемлекет, заманауи технологияны меңгерген инженерімен, конструкторымен, IT-маманымен, өнертапқышымен ерекшеленеді. Ұшқышсыз аппаратымен күллі дүниеге танылған Селжүк Байрақтартар сияқты дарындар түркі жұртында көп. Так бұлақ көзін ашу қажет. Қазақ елі де, қаламгер дәл тауып айтқан, өнердің бабын тауып, бағын ашқан, замандас-қатарынан оза шапқан осындай зерделі де зерек жастарға зор үміт артады. Президент Қ. Тоқаевтың осы аптада Алматыда сондай саңлақтармен арнайы жүздесуі пікірімізді қуаттай түседі.
Түркі тілдес елдердің әлеуеті ұлық мұратқа жетуге үлес қосары анық. Ақиық ақын Мағжан «Тамаша Түркістандай жерде туған, Тәңірінің түрікке берген несібі (нәсібі)» деп жырлағанда, мызғымас бауырластықты, көл-көсір байлықты, біріксе, кез-келген істі еңсере білетін ұйымшылдықты меңзесе керек. Қисапсыз қазба байлығымен көз құртына айналған аймақта ықпал жүргізу соғысы, көршілер арасына от тастау әрекеті ешқашан толастаған емес. Оның кесірі кейбір елдердің дамуын тежеді. Осы мақала жазылып жатқанда Қырғыз президенті Садыр Жапаров «Біз айқайлап (митингілеп) жүргенде іргелес Өзбекстан бізден 30 жыл ілгері кетіп қалыпты» деді қынжылып.
Тарихқа жүгінсек, түркі халықтарының ортақ игілік жолында бірігуіне кедергі көп болған. Тау тұлғалы Тұрар Рысқұлов кезінде Орталық Азиядағы халықтарды біріктірген Түркістан Республикасын құруды ұсынғанда «бұратана халықтарға теңдік әпердік» деген большевиктер де мұны құп көрмеген. Шерағаң (Шерхан Мұртаза) бұл жөнінде Лениннің «Аспандағы көп жұлдыздан үлкен бір ай жасаудың қажеті жоқ» деп келіспегенін жазады. 90-шы жылдары тәуелсіз Түркі мемлекеттері басшыларының кездесуі өткен сайын мәскеудегілер тіксініп қалатын. Қызғанышын жасыра алмай, большевиктердің жала жабу құралы — «пантүркизмді» жалаулатып, байбалам салатын. Бұл жолы да әлеуметтік желідегі қайсыбір жазғыштар тырнақ астынан кір іздеуге тырысты.
Бірақ қазіргі геосаяси ахуалдың мазмұны да, сипаты да басқа. «Үлкен аға» болып өктемсудің заманы өтіп барады. Ықпалды интергациялық орталықтар қалыптасып келеді. Түркі мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығы да сондай бірлестікке айналады деген сенім мол.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары