Тумысы бөлек тұлға

01 ақпан, 11:05

Биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. Бұл датаның ел өміріндегі елеулі оқиға екенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында атап өткен болатын.

Батырдың балалық шағы тауқыметке толы болды. Сағадат дүниеге келместен бір ай бұрын әкесі Қожахмет көз жұмады. Алты жасқа толар-толмаста анасы Айса о дүниеге аттанып кете барады. Осылайша бала Сағадат ағасы Сағит пен жеңгесі Құлтайдың қолында тәрбиеленеді.

Сабаққа ынтасы зор, мұғалімдерінің ерекше ықыласына бөленген Сағадат өзі қатарлы сыныптас орыс балаларынан озып, екі сыныпты бір жылда аяқтай жүріп, мектепті де бітіреді. Жастайынан ағасы мен жеңгесіне қолғанат болады.

Комбаттан қолбасшыға дейін

Алайда, сол екі ортада соғыс өрті бұрқ ете түседі. Ағасы Сағит майданға аттанып, көз ұзамай Новгород түбінде қаза табады. Осыдан соң отбасының бар ауыртпашылығы Сағадаттың иығына түскен болатын. «Менің алғы шебім» кітабында өзінің осылайша бала жастан ересектермен қатар тер төгіп, еңбекпен есейгенін жазады.

Ағасының қаза тапқаны туралы қара қағаз келгесін ол майданға сұранып әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырады. Талай рет жасың жетпейді деп кері қайтарған. Алайда қайтпас қайсар бала алған бетінен қайтпайды. Ақыры әскери комиссар оны әскери училищеге оқуға жібереді. Сегіз айдан соң Бірінші Түркістан пулеметшілер училищесін үздік бітіріп майданға аттанады.
Он тоғыз жасар өрімдей лейтенант. Пулеметшілер взводының командирі. Қарамағындағылардың басым көпшілігі ұрыста ысылған, сақа солдаттар, кейбірі әкесі қатарлы. Оларды басқару оңай емесі анық еді. Әйтсе де өмір мектебі ерте есейткен, көргенін қағып алатын қағылез жігіт соғыс өнерін сол солдаттарымен бірге меңгереді. Оның от кешкен майдан жолы Кубаньнан басталып Донбасс, оңтүстік Украина, батыс Белоруссия, Молдавия, Польша арқылы Берлинде аяқталды. Гитлердің рейхсканцеляриясын алғанда атқыштар батальонының командирі, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов жиырма бір жасқа да толмаған болатын!
1945 жылдың сәуірінде оны командование Кеңес Одағы батыры атағына екінші рет ұсынады. Енді 1052-ші атқыштар полкінің командирі, Кеңес Одағы батыры полковник А.Пешков қол қойған құжат сөйлесін: «24 апреля 1945 года батальон майора Нурмагамбетова, сломив упорное сопротивление противника ворвался в Берлин. Мастерски управляя батальоном, в сложных уличных боях с большими группами фаустников и автоматчиков уничтожил 45 и захватил в плен 1560 гитлеровцев и ликвидировал девять опорных пунктов. В этом бою майор Нурмагамбетов был ранен. Достоин награждения второй медалью «Золотая звезда».
Қыр баласына келгенде жоғары жақтың қырсығып қалатын әдеті емес пе, «Алтын жұлдыздың» орнына осыны да қанағат тұтсын дегендей «Қызыл жұлдыз» орденін береді.

1946 жыл. Егер оның тумысынан қайсарлығы болмағанда Фрунзе атындағы әскери академияға түспеуі де мүмкін еді. Емтихандарды сәтті тапсырып болған соң, офицерлерді жеке-жеке мандаттық комиссиясының төрағасы генерал-лейтенант Сухомлинов қабылдайды. Ол сен небәрі жиырма екіде екенсің, әлі жап-жассың, Академияда оқуға ертерек дегенді айтады. Сонда Сағадат жұлып алғандай «Соғысқанда жас болмадым, оқуға келгенде жас болып қалдым ба? Менің қазір түскім келеді, болмаса ешқашан! Әйтпесе әскерден босатыңыз!» дейді. Генерал да азамат екен сөзге тоқтайды. Осылайша бір ауыз сөз бүкіл ғұмырын әскери қызметке арнауға жол ашады.

Академиядан соң әскери қызметтің барлық баспалдақтарынан өтіп, ұзақ жылдар бойы Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Венгриядағы Кеңес армиясы Оңтүстік тобы қолбасшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарады. Кеңес Одағы кезінде мұндай жоғары әскери лауазымда болған қазақ азаматтары некен-саяқ.

Қазақстан тәуелсіздік алған тұста генерал-лейтенант С.Нұрмағамбетов құрметті демалыста болатын. Елдің егемендігін сақтап, оны нығайта түсу үшін шегеге ілген шинелін қайта киюге тура келді.

Қолбасшыдан қорғаныс министріне дейін

1992 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Президент Жарлығы шықты. Сол Жарлық бойынша С.Нұрмағамбетов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалып, оған генерал-полковник әскери атағы берілді.
Ел аумағында орналасқан барлық әскери құрамалар, бөлімдер, мекемелер ресми түрде Қазақстан Республикасының құзырына өтіп, оның жаңадан құрылған Қарулы Күштерінің құрамына енгізілді. Алғашқы күндерден бастап ұлтық әскери кадрлардың тапшылығы байқалды. Қорғаныс мимнистрі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде, ар жағы Германияда бер жағы Түркіменстанда әскери қызмет атқарып жүрген қазақ офицерлерін елге шақырды. Бастарын бір жерге жиып, оларды басшылық қызметке тағайындай бастады. Сонымен қатар, әскери тәжірибесі мол басқа ұлт өкілдерінің де Қазақстанда қалуына жағдай жасады. Қазақ генералдарының алғашқы шоғыры сөз жоқ С.Нұрмағамбетовтің шинелінен шыққан. Олар да ақсақалды ұстаз тұтып, әрдайым ерекше ықыласпен еске алып отырады.

Сол кезгі кезек күттірмес мәселе әскери құрылыстың негізгі міндеттерінің бірі нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, әскерлерді тиімді басқару жүйесін құру болатын. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің мәртебесін, әскери қызметтің түрлерін, мерзімі мен мазмұнын, әскери атақ беруді, қызмет бойынша өсуді, Қазақстан армиясының әскери нышандары мен атрибуттарын айқындау мәселелерін заң аясында шешуді уақыт талап етті.

Алғашқы Әскери доктрина қабылданды. Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы түзілді, ықтимал қауіптер негізінде мемлекеттің әскери географиясы қайта қаралды.

Бір сөзбен айтқанда С.Нұрмағамбетовтың басшылығымен салыстырмалы түрде қысқа мерзімде орасан зор жұмыстар атқарылды. Қазіргі ҚР Қарулы Күштерінің заманауи бейнесінің негізі сол тұста қаланды.
Құрметті демалысқа шыққан соң да Сағадат аға армиямен тығыз байланысты болып, қоғамдық өмірге, әскери-патриоттық тәрбие ісіне белсене араласты.

2005 жылдың 9 мамырында Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 60 жылдығына арналған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеяның салтанатты отырысында сөз алған жалғыз ардагер – Қазақстанның өкілі, Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетов болды. Ол өз сөзінде «Майдан жолдарымен мыңдаған шақырым жүріп өтіп, соғысты Берлинде аяқтаған және Еуропаның бірқатар елдерін фашизмнен азат етуге қатысқан майдангер ретінде бұл барша адамзатқа сансыз құрбандар мен қасірет әкелген жойқын және қанды соғыс болды деп айта аламын», — деді. БҰҰ мінберінде тұрып Екінші дүниежүзілік соғыстың көзі тірі ардагерлері, сол жантүршігерлік және қайғылы оқиғалардың куәгерлері енді қателіктер мен текетірестердің қайталануына жол бермеулері керек, өйткені соғыс тарихының әрбір беті миллиондаған адамдардың қанымен жазылған деп сөзін түйіндеген болатын.
Тұлпардың тұяғы Талғат Нұрмағамбетов те әке жолын қуып әскери қызметті таңдады. Әзірге ол әскери медицина саласындағы қазақтан шыққан жалғыз генерал. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, Чернобль апатын жоюға белсене қатысушы Талғатты ақыры сол апаттың зардабы алып тынды.

Халық жүрегіндегі қаһарман

Көзінің тірісінде аңызға айналған адамның қол астында қызмет ету бақыты бұйырды, батырдың қамқорлығын көрдік, тәрбиесін алдық. Тумысы бөлек тұлға жүзге толып жатқанда жүз жол естелік жазбасақ арымызға — сын. Жеке архивімді ақтарып отырып, сарғайған қағазды — ҚР Қорғаныс министрі, армия генералы С.Нұрмағамбетовтің мені әскер қатарына шақырып, әскери тілші лауазымына тағайындау туралы бұйрығының көшірмесін тауып алдым. Көңілім толқып, көз алдымда өткен күндердің елесі тізбектеле берді.

Тұңғыш қорғаныс министрінің тікелей нұсқауымен «Қазақстан сарбазы» газеті, ҚР ҚМ Телефотостудиясы, ҚР ҚМ Баспасөз қызметі құрылды. Майдангер ретінде ол мылтықтан да мықты қару — әскери баспасөзге қатты мән берді. Ақпарат саласында ақсақал ерекше іш тартқан үш адамның аты-жөнін атап өтпесем болмайды. Олар — қазақ әскери журналистикасының бастауында тұрған, бүгінде отставкадағы полковниктер Сапарғали Жағыпаров, Алтынбай Дәуренбеков және Қайыр Дінбаянов.

2001 жылы ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 10 жыл толуына орай ҚР Президентінің телерадиокешені деректі фильм түсіріп, оған полковник Қ.Дінбаянов екеуміз кеңесшілік жасаған едік. Сол жолы Сағадат ағамен бір жарым сағаттай сұхбат құрдық. Көбісі әрине, кадр сыртында қалды. Майдан жайлы айта келіп «Бізді батыр дейді. Біз батыр емеспіз. Қан майданның алғашқы жылдарында қаншама боздақ опат болды, міне нағыз батырлар солар!» деген еді. Сол сәтте соғыстан оралмаған өзінің ағасы Сағитты да есіне алған шығар, кім білсін…

Соңғы рет 2011 жылы «Қазарнаулыэкспорт» мекемесінің бір жиынында кездесіп, әскерден кеткенімді естігенде «Қайдағы пенсия?! Нағыз қызмет жасайтын кездерің, қылшылдап тұрсыңдар!» деп кейігені бар. Бұл -әскерге түк қатысы жоқ азаматтық тұлғаның басшылыққа келіп, өз тәртібін орната бастаған тұсы еді. Көпшіліктің көзінше ештеңе дей алмадым.

Халық махаббатына да ол кісі түсіністікпен, бірақ биік парасат тұрғысынан қарайтын. «Былтыр Қабанбай батырдың мавзолейінің ашылу салтанатына қатыстым. Сонда көпшілік ішінен бір келіншек «Ата, баламның аузына түкіріп, батаңызды берсеңіз» деп өтініш жасады. Мен болсам «Нәрестенің не жазығы бар, аузына түкірмей-ақ бетінен сүйіп, батамды берейін» дедім. Дәстүрдің де озығы, тозығы бар» дегені есімде.

Қаһарман бейнесі – халық жүрегінде. С.Нұрмағамбетовтің аты ҚР Құрлық әскерлерінің Әскери институтына, ел астанасының бір көшесіне және Әскери колледжге (бұрынғы «Жас ұлан мектебі») берілді. Армия генералының туған ауылында тарихи мұражайы да бар. Онда батырдың жеке заттары – кителі, фуражкасы, қолсағаты, ППШ автоматы мен Максим пулеметі, барлығы екі жүзден астам экспонаттар қойылған.

Жыл бойына ер есімін еске алуға арналған түрлі шаралар жоспарланып отыр. Жақында С.Нұрмағамбетовтің ізбасары — республикалық «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халық Қаһарманы, армия генералы М.Алтынбаев мемлекет басшысының атына хат жазып, даңқты батыр есімін өзі дүниеге келген Ақмола облысы Еңбек ауылына беру туралы ұсыныс жасады. Ұсыныс жерде қалмайды деп үміттенеміз.

Әбубәкір Смайылов,
әскери журналист

Суреттерді түсірген Қайыр Дінбаянов

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады