jasqazaq.kz

Тосқауыл

05 сәуiр 2019, 15:32

Осы аптада қазақ-қырғыз шекарасындағы кеден бекеттерінде жүк тиелген көліктердің тұрып қалғаны жайында ақпарат тарады. Оған 19 наурыздан бастап көрші елден бізге қарай өтетін көліктердегі тауарды тексеру себеп болған. БАҚ-та жарияланған мәліметке сенсек, бүгінгі күні 200-ден астам жүк мәшинесі кептеліп тұр. Осыған орай Қырғызстан экономика министрлігі «мұндай тексеру Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) құқықтық нормаларын бұзу» деп мәлімдеме жасап үлгерді.

Еліміздің қаржы министрлігінің баспасөз қызметі де хабарлама жариялады. Хабарламада ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде үстіміздегі жылғы 30 наурызда Қазақстан және Қырғызстан кеден қызметтері басшыларының жұмыс кездесуі өткені айтылған. Кездесуде екі елдің кедендік әкімшілендіру жай-күйі мен ынтымақтастық мәселелері талқыланған. Сондай-ақ ЕАЭО елдерінің бюджетіне шығын келтіретін, Қытайдан Қырғызстанға импортталатын тауарлардың кедендік құнын төмендетіп көрсету фактілері сөз болған.
«Осыған орай, мемлекеттік кірістер органдарына және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне мемлекеттік шекарада экономикалық мүдделерді қорғау функциясы бекітілгенін назарға ала отырып, Жамбыл облысында орналасқан өткізу бекеттерінде ҚХР-да шығарылған және Қазақстан аумағына әкелінетін, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Ресей Федерациясына баратын тауарларға қатысты тексеру шаралары өткізілуде» делінген. Мұндай тауарларға қатысты тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген ақпараттың, көлік құралдарында тауарлардың нақты болуы сәйкестігіне тексеру жүргізіледі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жалған декларацияны анықтау, тауар құнының дұрыс болуын қамтамасыз ету және импортталатын тауарлар туралы ақпарат алмасу жөнінде шаралар қабылдауға уағдаласты.
Егер де ілеспе құжатта тауар саны немесе атауы сәйкес келмесе (жүк мәшинесінде басқа тауар болса), тасымалдаушы Қазақстан аумағына жіберілмейді. Олар тауарға ілеспе құжатын сәйкестендіру үшін кері қайтарылады.
Тексеру барысында 15 көліктің 14-нің құжаты сәйкес болмай шыққан. Ал бір көлік құралында тасымалданатын тауардың құжаты мүлде жоқ. 69 көлік ерікті түрде тауарға ілеспе құжаттарын ұсынбай-ақ кері қайтқан.
Хабарламада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерінде автокөлік құралдарының жиналып қалуы байқалмайды» делінген.
Ал біздің елімізге және Ресейге транзитпен жеткізілетін қырғыз өндірісінен шыққан тауарлар емін-еркін өтеді. Мәселен, 27 наурыз бен 2 сәуір аралығында елімізге қырғыз тауары тиелген 77 көлік өтті. Ресей аумағына біздің жеріміз арқылы 403 көлік кеткен.
Еске түсірсек, 2017 жылдың қазан айында тура осындай жағдай орын алған болатын. Сол кезде біраз сарапшы одан саяси астар іздеді. Ал шындығында мұндай тексеру елімізге заңсыз әкелінетін контрабандалық тауарды өткізбеу үшін керек.
2017 жылы премьер-министр болып тұрғанда Бақытжан Сағынтаев Қытайдан заңсыз әкелінетін тауарлар ЕАЭО-на орасан зиян тигізіп отырғанын мәлімдеген еді. Оған дейін де бұл жайында бірнеше рет сөз қозғалды. Қырғыз билігі де біраз шараны қолға алынып, бюджетін қампайтып алған болатын. Сарапшылардың дерегінше, контрабандалық тауардың кесірінен қырғыз бюджеті жылына 160 млн доллардан қағылады.
Халықаралық сауда орталығының статистикасы көрсеткендей, соңғы 20 жылдың ішінде қырғыз кедені арқылы Қытайдан 11,64 млрд теңгенің тауары өткен. Ал қытай кедені 61,667 млрд теңгенің тауар өткенін тіркеген. Көрсеткіш айырмашылығы 50 пайыздан да асып түседі.
Қырғызстанның ЕАЭО-на мүше болуы Қытайдан жасырын әкелінетін тауарлардың кеңінен таралуына одан сайын ықпал етті. Мәселен, 2015 жылдың қазан айынан бері Қытайдан осы ел арқылы жетізілетін тауар транзиті 24 есе, автокөлікпен әкелетін тауар 23 есе артқан. Мамандар есептеп шығарғандай, Қырғызстанның әрбір тұрғынына шаққанда, жылына 15 жұп аяқ киім, 1,3 келі киімнен келеді екен. Салыстыру үшін, Қазақстан мен Ресейге жан басына шаққанда екі адамға бір жұп аяқ киім, Ресейге – 0,03 кг киім, Қазақстанға 0,02 кг киім әкелінеді. Сонда қырғыз еліне түрлі елден, әсіресе, Қытайдан Ресейге қарағанда 43 есе, Қазақстанмен салыстырғанда 63 есе көп киім жеткізіледі. Оның бәрін жергілікті тұрғындардың киіп тауыса алмайтыны белгілі.
Тек киім мен аяқ киім емес, ет, сүт өнімдері, темекі, көкөніс т.б. тауарлардың ағыл-тегіл легі толастар емес. Әрине, бұдан отандық кәсіпкер зардап шегеді. Биыл елімізде халық тұтынатын тауарлар өндірісі қолға алынуы тиіс. Өнім өндіргеннен кейін оны өткізу керек. Сол кезде арзан бағамен сатылатын қытай тауарларына жергілікті өнім төтеп бере ала ма? Олай дейтініміз, Қырғызстан аумағына қытай тауарлары ішкі қолданысқа деп әкелінеді. Ал оған төленетін баж ЕАЭО айналымына арналған тауарға қарағанда 70 пайызға кем. Сондықтан да тиімді.
Қазір Алматыда Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекұлы және оның сыбайластарының соты жүріп жатыр. Д.Асылбекұлына «трансұлттық ұйымдасқан топ» құрып, «экономикалық контрабандамен» айналысты деген айып тағылғаны белгілі. Тексеру кезінде бұл топтың 2017 жылдың 1 желтоқсаны мен 2018 жылдың 15 ақпаны аралығында шекара арқылы 407 558 653 теңгеге халық тұтынатын тауарларды заңсыз алып өткенін анықталды. Соның нәтижесінде ЕАЭО бюджеті кеден бажынан түсетін 99 015 094,2 теңгеден қағылған.
Сондықтан контрабандалық тауар тасымалы – ЕАЭО елдеріне ортақ түйткіл. Оған тосқауыл қою үшін бірігіп күресу керек. Кеден бекетіндегі тексеру аз-маз септігін тигізсе де, тосқауыл бола алмайды.

Гүлнар Ахметова

06 мамыр, 13:50
Алматыда Tabiğat Labs-тың жаңа маусымы басталды
05 мамыр, 16:31
Телефон алаяқтарының арбауына түскен 25 жастағы жігіттің оқиғасы: “Бәрі бір қоңыраудан басталды…”
04 мамыр, 21:28
Ғибратты ғұмырдың жетпіс жетінші көктемі
02 мамыр, 15:32
“Эстрада 100 пайыз қазақыланды”. Қыдырәлі Болманов эстрададағы құпиясымен бөлісті (Видео)
30 сәуiр, 13:50
Алмасбек Нұғыман: Парламенттің қуатты болуы – халықтың қолдауынан
28 сәуiр, 14:24
Сары атлас көйлек
24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң