Егемен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, жас мемлекеттің әлемдік қоғамдастыққа толыққанды кіру жолына көз жүгірте отырып, ең алдымен Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы рөлін атап өткен жөн.
1992 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбековаға Ел Басы және бүкіл халық атынан Қазақстан Республикасын еркін, демократиялық мемлекет мәртебесінде беделді ұйымның толық құқықты мүшесі ретінде қабылдаған тарихи отырыста сөз сөйлеу сеніп тапсырылған кезде Қазақстан бұл халықаралық ұйымның 168-мүше мемлекеті еді. Бұл күн ел тарихында маңызды күн болды және болып қала береді.
Қазақстан әлемдегі ең биік мәртебелі ұйымға халықаралық қоғамдастықтың жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның аса өзекті ғаламдық мәселелері бойынша белсенді ұстанымға ие мемлекет ретінде кірді. Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымы ұйым қарайтын мәселелердің бүкіл кешені бойынша мемлекет мүдделерін ескеру негізінде қалыптасуда.
1992 жылы 5 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев БҰҰ-да алғаш рет сөз сөйледі. Еліміздің көптеген халықаралық бастамалары ұйымның жоғары мінберінен ұсынылып бүгінгі күні сәтті жүзеге асырылуда.
Қазақстан сыртқы саясатының ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудағы рөлі жекелеген талдауға лайық. Ядролық сынақтарды тоқтату ісіне қосқан еліміздің үлесі көпшілік тарапынан мойындалғанымен, ел басшылығы өз миссиясын аяқталды деп есептемейді. 29 тамызды БҰҰ Бас Ассамблеясы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялауы халықаралық қоғамдастықтың бұл күннің Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін тарихи маңызы бар екенін тануы болды.
Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуды дәйекті түрде қолдап келеді. БҰҰ БА-ның 76-отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қ-Ж. Тоқаев: «Соңғы отыз жыл ішінде бұл ұмтылыс Қазақстанды жаһандық антиядролық қозғалысқа қатысушы етті. Бұл біздің ұлттық бірегейлігіміздің бірегей бөлігіне айналды», — деп атап өтті.
Еліміз БҰҰ мен оның жүйесіндегі халықаралық ұйымдардың әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесуге бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі мүмкіндіктерін барынша пайдалануға ұмтылады. Мыңжылдық даму мақсаттарын (МДМ) жүзеге асыру мәселесінде Қазақстан кедейшілікті азайтуды, білімге қолжетімділікті қоса алғанда, бірқатар міндеттерді орындады.
Халықаралық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға қосқан үлесін, сондай-ақ БҰҰ-дағы белсенді қызметін ескере отырып, Қазақстан 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. БҰҰ ҚК мүшелігі – қазақстандық дипломаттардың аса маңызды жетістіктерінің бірі. Осы жоғары мәртебеге сайлану процесін ҚР-ның ұйымдағы Тұрақты өкілі Қ.Қ. Әбідрахмановтың басшылығымен қазақстандық дипломаттар командасы дайындады. Қазақстан БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып бекітілгеннен кейін бұл жұмысты ҚР БҰҰ-дағы Тұрақты Өкілі Қ.Е. Омаров жалғастырды.
Қазақстан төрағалығы кезеңінде бүкіл әлемдік қоғамдастыққа сенім шаралары арқылы ядролық қаруды таратпау жөніндегі өзекті мәселелерге назар аудара отырып мазмұнды бағдарлама ұсынды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі шеңберінде мемлекет жеті басымдықты айқындады: ядролық қарудан азат әлем құру; жаһандық соғыс қатерін жою және өңірлік қақтығыстарды реттеу; өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайта отырып Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; лаңкестікке қарсы күрес; Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік; қауіпсіздік пен тұрақты даму арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ету; сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ-ның бүкіл жүйесін XXI ғасырдың өзгерістері мен сын-қатерлеріне бейімдеу.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында халықаралық ұйымның жүйесіне кіретін 18 өкілеттік жұмыс атқаруда. Президент Қ-Ж. Тоқаевтың бастамасы бойынша биыл Қазақстан Ауғанстанға жәрдемдесу бойынша миссиясы (МООНСА) мен БҰҰ-ның Ауғанстандағы басқа бөлімшелерін Алматы қаласына уақытша көшіруді қамтамасыз етті.
Осылайша, Қазақстан БҰҰ мен бүкіл әлемдік қоғамдастық мойындаған өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға нақты және сындарлы үлес қосуда деп толық сеніммен айтуға болады.
Халықаралық процестерге қатысу тәжірибесі бар және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге серпінді әрі барабар жауап беру қабілетін көрсеткен қазақстандық кәсіби дипломаттар корпусы әлемдегі қауіпсіздіктің неғұрлым өзекті сын-қатерлерін шешуге белсенді атсалысуда. Олардың қатарында еліміздің жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері де бар. Олардың бірі Ақмарал Арыстанбекқызы – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш елшісі, БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұңғыш Тұрақты өкілі, ЮНЕСКО жанындағы ҚР Тұрақты өкілі. БҰҰ-дағы ҚР Өкілдігі басшысына жүктелген міндеттерді ҚазҰУ түлектері Қ.Қ. Әбдірахманов, Е.Х. Қазыханов және Қ.Е. Омаров абыроймен орындады. Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдері ретінде Қ.Х. Әбусейітов пен Ж.С. Айтжанова жұмыс істеді және жұмыс атқаруда.
ҚазҰУ еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде БҰҰ-мен қарым-қатынастарды дамытуға өз үлесін қосуда. ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, профессор А.Х. Арыстанбекова бастамасымен университет Орталық Азия жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып 2011 жылы «Академиялық ықпал» (UNAI) бағдарламасына қосылды. Сонымен қатар, ҚазҰУ Орталық Азия аймағында жоғары білім, экономика және әлеуметтік дамуда маңызды рөл атқаратын идеялар мен қағидаттарды ілгерілету бойынша білім беру орталығы болу жауапкершілігін алды. БҰҰ бағдарламасы бойынша алғашқы қадамдар ретінде университет 2012 жылы халықаралық қатынастар факультетінде ұйымның қызметіне қатысты бірқатар іс-шараларды өткізді және БҰҰ-ның жәрдемдесу орталығын құрды.
БҰҰ Экс-Бас хатшысы Пан Ги Мун Тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабқа басшылық етудегі ҚазҰУ қызметіне жоғары баға берді. 17 Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бағытындағы шаралары университеттің білім беру, ғылыми және тәрбиелік қызметтері аясында жүргізілуде. 2018 жылдың мамыр айында Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институтының ашылуы университеттің белсенді қызметінің нәтижесі болды. БҰҰ моделі жобасы табысты әрі тиімді жүзеге асырылуда. Қазақстандағы алғашқы БҰҰ моделін ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультеті БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментімен бірлесіп өткізді. Жоғары оқу орны халықаралық ұйыммен одан әрі жемісті әрекеттесу жоспарлары мен идеяларына толы.
ҚР мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасында Қазақстан БҰҰ мен оған қарасты ұйымдар ұсынған жағымсыз экономикалық және гуманитарлық салдарларды жұмсартуға бағытталған нақты шаралар қабылдау мүмкіндіктерін мақсатты түрде пайдалануға ниетті. Қазақстанның осы мақсаттар мен қағидаттарға қол жеткізу жөніндегі өз міндеттемелеріне бейілділігі біздің еліміздің БҰҰ және оның жүйесіндегі ұйымдармен ынтымақтастығын одан әрі кеңейтудің негізі болып қала береді.
Қауіпсіздік кеңесі мен ұйымның бүкіл жүйесін XXI ғасырда адамзатқа төнген қауіп-қатерлерге бейімдеу міндеті аясында Қазақстан өзінің бірегей тәжірибесі мен арнайы білімін қазіргі уақытта БҰҰ алдында тұрған бірқатар өзекті мәселелерді шешу үшін пайдалана алады.
Байзақова Қ.Е., Кукеева Ф.Т.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорлары