![]()

Ел бойынша ең алғашқы цифрлы тауарлы-сүт фермасы Солтүстік Қазақстан облысында 2004 жылы ашылған болатын. Соңғы жылдары іске қосылып жатқан фермалардың барлығы цифрландырылған. Өңір экономикасының дамуына зор үлес қосып отырған сондай кәсіпорындардың бірі және бірегейі – «Қызылжар Сүт» Қызылжар ауданы аумағында орналасқан. Тауарлы-сүт фермаларын салудан Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр.
Заманауи кәсіпорындардың бірі — 720 басқа шақталған «Қызылжар Сүт» тауарлы-сүт фермасының алғашқы кезеңі әлемді жайлаған жаман тұмауға қарамастан, 2020 жылы іске қосылған болатын. Былтыр 366 миллион теңге субсидия бөлініп, Германиядан симменталь және голштин тұқымды ірі қара жеткізілді. Жалпы немістің қара ала сиырлары мұнда 2020 жылдың қазанынан бастап желтоқсанына дейін жеті кезеңмен тасымалданды. Кәсіпорын басшысы Олжас Бектасов пандемия салдарынан бұл шаруа оңайға түспегенін айтады.
«Коронавирустың кең таралуына байланысты жұмысымыз біз жоспарлағандай жылдам іске аса қойған жоқ. Әсіресе, шетелден мал жеткізу қиынға соқты. Есесіне, «сабақты ине сәтімен» дегендей, ферма құрылысы, оны іске қосу жұмысы ойдағыдай әрі тез жүргізілді. Бүгінде мал шаруашылығы, соның ішінде сүт өндірісі саласына мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп жатқанына ризамыз. Біз тәулігіне 15 тоннаға дейін, жылына 5-6 мың тонна сүт өндіреміз. «Сиырдың сүті — тілінде» дегендей, ол үшін малға жақсы күтім керек. Бұл міндетті ферма жұмысшылары ойдағыдай атқарып отыр», — деді Олжас Болатұлы.
Осы орайда малшыларға цифрлық технологиялар едәуір көмек. Соның арқасында жұмысшылардың еңбегі біршама жеңілдетілген.
«Қызылжар Сүт» кәсіпорнының сауыншысы Оксана Бахуринская: «Әр сиырдың жеке мәліметтерін арнайы бейімделген цифрлық технологиялардың арқасында бақылап отырамыз. Бағдарламашылар мен инженерлер өз жұмыстарын автоматты басқару жүйесінің көмегімен жүргізеді. Бұл әдіс әрі жылдам, әрі ыңғайлы, әрі заманауи. Ірі қара 3 мың шақырым жолды артқа тастап, Чапаев ауылына жеткізілген кезде мал дәрігерлері денсаулық жағдайын қатаң бақылауда ұстады. Абырой болғанда, асыл тұқымды мал жолды жақсы көтеріп, жаңа ортаға тез бейімделіп кетті. Қаңтар айынан бастап сауыла бастады. «Карусель» сиыр сауу қондырғысы 50 орынға шақталған. Оның артықшылығы көп: сиыр саууға жұмсалатын уақытты едәуір үнемдеуге сеп, әрі сүттің сапасына толық кепілдік беріледі. Ұжымымыз тату, кәсіпорын үйдегі малды жемазықпен қамтуға да көмектеседі, жұмысшыларға ақшалай сыйақысы тағы бар», — дейді.
Тауарлы-сүт фермасында 60 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Орташа жалақысы 220 мың теңге шамасында.
Ресми дерек бойынша, елімізде бір адамға шаққанда сүт тұтыну мөлшері жылына 330 литр екен. Ендеше «Қызылжар Сүт» фермасы 10 мың қазақстандықты табиғи әрі пайдалы өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Өткен аптада ферманың сауын цехын және бордақылау алаңын аралап көрген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл ел бойынша отандық сүт өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге толық көшу керектігін қадап айтты.
«Біз мұндай өндірістерді қолдайтынымыз сөзсіз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдетілген несиелеу өзін ақтайды. Қаржыландыру тұрғысынан бұл жерде ешқандай проблема болмайды. Елге сүт өндірісі қажет екені түсінікті. Біз бүкіл ел бойынша отандық сүт өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге толық көшуіміз керек», — деді Мемлекет басшысы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетовтің айтуынша, бүгінде солтүстік өңірде жыл сайын 650 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл — республикада шығарылатын сүттің 10 пайызы. Соңғы 5 жылда Солтүстік Қазақстан облысында 30 сүт фермасы іске қосылды. Ондағы ірі қараның жалпы саны — 16,5 мың. Биылдан бастап 17 тауарлы-сүт фермасын ашу үшін қосымша 17 миллиард теңге бөлінбек. Осындай кәсіпорындардың арқасында сүт, ет өндіру көлемі ұлғайтылып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев: «Ауыл шаруашылығы – негізгі ресурсымыз, оның әлеуетін толық пайдаланудың ішкі мүмкіндіктері мол. Мемлекет те фермерлерге өз өнімдерін ұқсатуға, сыртқа шығарып сатуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізаттан бас тарта отырып, өнім өңдейтін кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдалану – маңызды міндетердің бірі. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары экономиканың өсу қарқынын және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. 4 бағыттан және 87 іс-шарадан тұратын бағдарламаларды жүзеге асыруға 1,8 трлн. теңге, соның ішінде 1,3 трлн. теңге инвестиция қарастырылған. Кешенді жоспар аясында 29,8 мың бас малға арналған 52 тауарлы-сүт фермасы, 3 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, құрамажем зауыты, жылыжай салынуда. Агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі 2,5 есе артып, 1,6 мың жұмыс орындары құрылады. 2025 жылға таман сүт өндірісінің мөлшері 1 млн. тоннаға дейін жеткізілмек», — деді.
Бүгінде өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермаларын іске қосу есебінен Солтүстік Қазақстан облысында сүт өндіру көлемі ұлғайып, сүт зауыттарының қуаттылығы артты, импортқа тәуелділік азайды. Агроөнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен жұмысшыларының айтуынша, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау нәтижесінде өңірде мал шаруашылығы тың серпінмен қарқын алып келеді.
Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы
Сурет – Aqorda.resmi